ТМД елдерінің Еуразиялық ықпалдасу үрдісі
ТМД елдерінің Еуразиялық ықпалдасу үрдісі жағдайына да әсер етіп отыр. Әсіресе, бұл үрдіс ТМД елдерінің даму жағдайына ықпал етіп отырғаны айқын. Осы орайда бұрынғы одақтас республикалар арасында қалыптасқан ықпалдастық үрдісіне ерекше тоқталу қажет. КСРО ыдырағаннан кейін посткеңестік мемлекеттер арасындағы жан-жақты қарым-қатынас үрдісі еуразиялық ықпалдасу бағытында қалыптасып, дамыды. Дегенмен, Украина, Грузия, Молдова еуразиялық ықпалдасудан гөрі еуропалық векторға көп көңіл бөледі. Беларусь болса, посткеңестік республикалар арасында болып жатқан ықпалдасу үрдісінің ең белсенді қатысушы-мемлекеті болып табылады. Ол ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ қатарындағы елдердің бірі. Ал, Өзбекстан мен Түрікменстан сияқты Орта Азия елдері еуразиялық кеңістіктегі ықпалдасу үрдісіне арласулары Беларусь Республикасындай емес. Бұған аталған мемлекеттердің сыртқы саясатындағы ұстанатын бағыттарының өзгешелігі әсер етті. Еуразиялық жобаға Қырғызстан мен Тәжікстан тарапынан қолдау көрсетілді. Кейбір посткеңестік елдер әлі де еуразиялық ықпалдасуға онша назар қоймай келеді. Мәселен, Армения мен Әзірбайжан осындай «күту» жағдайындағы мемлекеттер.
ТМД елдерінің аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын (ҰҚШҰ) құру болды. Бұл ұйым 1992 жылы ТМД шеңберінде Достастық елдерінің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әскери-саяси ынтымақтастықты нығайту мақсатында құрылды.Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа ресми түрде 1992 жылы 15 мамырда Ташкент қаласында қол қойылды. Келісімге ТМД-ның алты мемлекеті: Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан қол қойды. Кейіннен Беларусь қосылды. Ұйымның жоғарғы органы – Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі. Сонымен бірге, өкілетті өкілдерден тұратын Тұрақты Кеңес, Сыртқы істер министрлері кеңесі, Қорғаныс министрлері кеңесі, Қауіпсіздік кеңестер хатшылық комитеті, ұйымның бас хатшысы, ұйым хатшылығы қызмет жасайды. Аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруда ҰҚШҰ-ның маңызы зор. Қазақстан тек Орталық Азия аймағында ғана емес, Еуразия аймағында да ықпалдастыққа ұмтылуда. Әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымының алатын орны ерекше. Ол бүгінгі күні қол жеткізген нәтижелерімен ерекшеленеді. Олар: аумақтық мәселені шешу; лаңкестікке қарсы күрестегі жетістіктер; әскери саладағы тығыз ынтымақтастық; басқа халықаралық ұйымдармен байланыс орнату; экономикалық ынтымақтастықты тереңдету жолындағы нақты жобалар.
1996 жылы 26 сәуірде Шанхайда бес мемлекет – Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан «Шекара аймағында әскери салада сенімді бекіту туралы келісім шартқа» қол қойып, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) негізін қалады. Сол кезде ұйым «Шанхай бестігі» деп аталғанымен, кейін 2001 жылғы саммитте «Шанхай бестігіне» Өзбекстанның қабылдануымен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы деп аталды. Саммиттен кейін «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының құру туралы» Декларация жарияланды. Сонымен бірге «Лаңкестік, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы» деп аталатын тағы бір маңызды құжат қабылданды. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (бұдан әрі – АӨСШК) құру туралы идеяны ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 1992 жылы 5 қазандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында ұсынды. Ұйымның негізгі мақсаты – Азия аймағындағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты көп жақты қарым-қатынастарды орнату және осы мәселелерді шешу барысында ынтымақтастықты нығайту. І Саммитте екі маңызды құжатқа: Алматы актісі мен АӨСШК Терроризмді жою және өркениеттер арасындағы диалогқа қолдау көрсету туралы Декларацияға қол қойылды. Осы құжаттар негізінде АӨСШК Азиядағы дау-жанжалдар мен қақтығыстарды реттеу мақсатындағы форумға айналды. 2004 жылы қазан айындағы АӨСШК мүше елдерінің ІІ кездесуінде Сенім шаралар каталогы қабылданды. Бұл әскери-саяси, экономикалық, гуманитарлық және басқа салалардағы шаралар жиынтығынан тұрды. АӨСШК-ке мүше мемлекеттер басшыларының шешімімен Қазақстан Респу-бликасы Президентінің 1992 жылы БҰҰ 47-сессиясында кеңесті құру туралы идеясын қолдау ретінде 5 қазан Азия кеңесі күні болып жарияланды. АӨСШК аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторына айналды.