Азақстанда адами капиталдың сапалы өсуі
Бұл, ең алдымен, білім беру мен денсаулық сақтау.
Білім беру жүйесін жаңғырту барысында біз үшін келесі іс-шараларды жүзеге асырудың маңызы зор.
Біріншіден, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу.
Бүгінде халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептер табысты жұмыс істеуде.
Кәсіптік-техникалық білім берудің озық мекемелерінің желісі дамып келеді.
Олардың тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет.
Екіншіден, педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор.
Арқаулық педагогтік білім берудің үлгі-қалыптарын, мектептер мен жобалар оқытушыларының біліктілігін арттыруға талаптарды күшейту қажет.
Әр өңірде педагогтардың біліктілігін арттыратын интеграцияланған орталықтар жұмыс істеуі тиіс.
Үшіншіден, біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру қажет.
Мемлекет бір мезгілде білім беру қызметтерін көрсетуге әрі олардың сапасына баға беруге тиіс емес.
Медицина институтын бітірген түлек бірден дәрігер болып шыға алмайды. Политехникалық жоо-ны тәмамдаған түлек әлі де болса инженер емес. Оған өзінің маман екенін дәлелдеуге тура келеді. Бүкіл әлемдегі тәртіп осындай.
Үкіметке үстіміздегі жылы қанатқақты режімде салалық ассоциациялар арқауында 1-2 салаларда тәуелсіз Біліктілікті бекіту орталықтарын құруды тапсырамын.
Төртіншіден, мемлекет-жеке меншік әріптестігі, ауылдық жерлерден және аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан жастардың жол жүруі мен өмір сүруін субсидиялау, жатақханалар желісін дамыту тетіктері арқылы білім берудің қолжетімділігін кеңейту қажет.
Жұмыс істейтін жастар үшін жұмыстан қол үзбей арнаулы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету – маңызды мәселе.
Бүгінде көптеген адамдар ауылдан қалаға қоныс аударуда. Олардың жұмысқа орналасуы қиын. Әрбір жастың жұмыстан қол үзбестен мамандық пен білім алу мүмкіндігі болуы керек. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені ойластыруы тиіс.
Бесіншіден, оқу жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге де үйретуі тиіс.
Үкіметке мектеп оқушыларының функциялық сауаттылығын дамыту жөнінен бесжылдық Ұлттық іс-қимылдар жоспарын қабылдауды тапсырамын.
Алтыншыдан, оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет.
Олар – патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық.
Бұл құндылықтар, меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан, барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс.
Көп ұлттылық пен көп тілділік осы құндылықтардың бірі және біздің еліміздің басты артықшылығы болып табылады. Қазақ тілі, біздің Конституциямызға сәйкес, мемлекеттік тіл болып табылады. Онымен бірдей мемлекеттік органдарда ресми түрде орыс тілі пайдаланылады.
Бұл біздің Конституцияның нормасы, оны бұзуға ешкімге жол берілмейді.
Қазақ тілінің жоспарлы түрде дамуы орыс тіліне нұқсан келмейтіндей жағдайда жүзеге асады.
Бізге мемлекеттің келешегі, болашақ дамуы не үшін керек? Ол үшін мемлекеттің ең негізгі сыртқы саясаты – көршілермен тату болуымыз керек. Онсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады.
Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады.
Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үрдісі жүріп жатыр. Осының бәріне депутаттар мен мемлекеттік қызметтегілер өз үлестерін қосулары керек. Мәселені осылай шешу қажет.
Үкіметке барлық білім беру мекемелерінде жастардың осы құндылықтарды білуін қамтамасыз ету жөнінен типтік кешенді жоспар әзірлеуді тапсырамын.
Бізде тіпті ондай оқулықтар, жастармен дәл осы мәселелер бойынша жұмыс жүргізетін оқытушылар жоқ.
Біздің жастарымыз үшін бұл өмірлік қажеттілік.
Медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, саламатты өмір салтын алға бастыру адами әлеуеттің деңгейін арттырудың келесі бір маңызды бағыты болып табылады.
Бүгінде «Саламатты Қазақстан-2015» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Денсаулық сақтау жүйесі сапалы дамып келеді. Халық денсаулығы көрсеткіштерінің жақсы серпінділігіне қол жеткізілді.
Бала туу өсіп, өмір сүру ұзақтығы ұлғайды.
Қан айналу жүйесі ауруларынан болатын өлім көрсеткіші 1,7 есеге төмендеді.
Біз онымен жүйелі түрде айналысып келеміз. Бүгінде жүрек-қан тамырлары жүйесіне операциялар тек Астанада ғана емес, сонымен бірге іс жүзінде Қазақстанның барлық облыстарында да жасалады.
Елде озық емдеу-диагностикалық кешендер, медицинаның негізгі бағыттары, оның ішінде ең жаңа бағыттар бойынша ондаған орталықтар құрылды, көліктік медицина дамытылуда. Бізде медициналық пойыздар, автокөлік, медициналық авиация пайдаланылады.
Астанадағы Болашақ госпиталі қазақстандық денсаулық сақтауды жаңғыртудың локомотивіне айналмақ.
Ендігі жерде онкологиядан болатын ауру мен өлімді төмендету мәселесі бірінші кезекке шықпақ.
Үкіметке екі ай мерзім ішінде Қазақстанда, біз жүрек-қан тамырлары аурулары мәселесі бойынша жасағандай, Онкологиялық жәрдемді дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.
Сол сияқты Ұлттық медициналық холдинг арқауында Астанада қуатты Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру мәселесін де қарастыру қажет.
Үкімет үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін азаматтардың өз денсаулығы үшін ынтымақтастығы тетігін енгізуді ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстар енгізуі тиіс.
Адам науқастану оның өзіне тиімсіз екенін түсінуі керек. Бізде денсаулық сақтау ісі тегін, бірақ, бүгінде зейнетақы қорларында жасалып жатқандай, болашақ – медицинадағы сақтандыруда. Адамның өзі, оған жұмыс беруші және мемлекет жауапкершілікте болады. Адамның денсаулығы неғұрлым нашар болса, ол соғұрлым аз сақтандырылады, неғұрлым жақсы болса, сақтандыру сомасы да соғұрлым көп болмақ. Қазір адамдар жақсы медициналық қызмет көрсетілетін емдеу мекемелерін таңдайды. Олар бұл мәселені анықтап алды, енді одан әрі қозғалу қажет.
Әкімдерге халықтың дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту туралы мәселені шешуді тапсырамын.