Экономикалық арналымның бюджеттен тыс қорлары

Дамудың мемлекетік институттары ретінде бюджеттен тыс экономикалық қорларды – Инвестициялық, Инновациялық, Ұлттық қорларды құру 2003-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Индустриялық инновациялық даму стратегиясының мақсаттары мен міндеттеріне жетуге бағытталған. Стратегияның мақсаты – шикізаттық бағыттылықтан шығуға жәрдемдесетін салалық экономиканы әртараптандыру арқылы елдің тұрақты дамуына жету, ұзақ мерзімді жоспарда сервистік технологиялық экономикаға өту үшін жағдайлар дайындау. Өңдеуші өнеркәсіп пен қызметтер сферасында бәсекеге қабілетті және экспорттық-бағытталынған тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өндіру мемлекеттік индустриялық-инновациялық саясаттың басты предметі болып табылады.

Әлемдік экономиканы ғаламдандыру жағдайында Қазақстан экономикасы бірқатар проблемалармен қақтығысуда. Негізгі проблемаларға мыналар жатады: шикізаттық бағыттылық, әлемдік экономикамен интеграцияның сәйкессіздіктері, ел ішіндегі әлсіз салааралық және өңіраралық экономикалық интеграция, ішкі рынокта тауарлар мен қызметтерге төмен тұтынушылық сұраным (шағын экономика), өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдардың нашар дамуы, кәсіпорындардың жалпы техникалық және технологиялық артта қалушылығы, ғылымның өндіріспен шынайы байланысының жоқтығы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға шығыстардың аздығы, ғаламдану және сервистік-технологиялық экономикаға көшу үдерістеріне экономиканың бейімделу мақсаттарына менеджменттің сәйкессіздігі.

Проблемаларды шешу және қойылған мақсаттар мен міндеттерге жету үшін Стратегия шеңберінде даму институттары құрылған.

Ұлттық даму институттары – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша акционерлік қоғамдардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, қызметінің басты мақсаты индустриялық-инновациялық даму саласындағы жобаларды және кәсіпкерлікті қолдауды іске асыру болып табылатын қаржылық, консалтингтік, инновациялық, сервистік ұйымдар.

Қазақстанның даму банкін жандандыру, Қазақстан инвестициялық қоры, Ұлттық инновациялық қор, Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі корпорациясы сияқты дамудың арнаулы институттарының жұмыс істеуі болжанады. Бұл институттар жаңа өндірістерді жасауға және жоғары қосымша құны бар жұмыс істеп тұрғандарын дамытуға инвестициялық саясатты және перспективалы салаларды кешенді талдау, олардың неғұрлым маңызды элементтерін анықтау негізінде ғылыми және ғылыми-техникалық зерттеулер мен зерттемелерді қолдауды жүргізеді.

Стратегия елде ғылым мен инновациялық қызметті ынталандыруға бағытталған белсенді мемлекеттік ғылыми және инновациялық саясатты жүргізуді болжайды. Қойылған мақсаттарға жету үшін қаржы рыногын одан ары дамыту және фискалдық , білім беру, монополияға қарсы, инфрақұрылымдық саясатты жетілдіру болжанады. Стандарттау саясаты шеңберінде экономика мен басқарудың барлық салаларында әлемдік стандарттарға көшу қарастырылған.

Стратегияны іске асыру экономика құрылымында сапалы өзгерістер жүргізуге жәрдемдесуі тиіс. Бұл өзгерістер адами, өндірілген және табиғи капиталды тиімді пайдалануға негізделген экономиканың тұрақты өсуіне, Қазақстанды әлеуметтік дамудың және қоғам құрылысының жаңа деңгейіне шығаруға жеткізеді.

Экономикалық арналымның бюджеттен тыс қорлары қоғамдық даму кезеңінің мақсаттары мен міндеттері негізге алына отырып құрылып отырды. Бұрын жұмыс істеген қорлар практикасы мұны растайды: мысалы, әр түрлі уақытта Инвестициялық қор, Экономиканы тұрақтандыру қоры, Экономиканы жаңғырту қоры, Кәсіпкерлікті қолдау және бәсекені дамыту қоры, Жол қоры жұмыс істеді.Экономикалық қорлар қаражаттарды дамудың немесе шешуші салалардың негізгі бағыттарын, сондай-ақ дамудың салааралық бағдарламаларын қаржыландыруға шоғырландыру үшін құрылады. Бұл ретте бүкіл экономиканың баланысты, үйлесімді дамуын қамтамасыз ету міндеті қойылады.

Мәселен, Инвестициялық қордың қаражаттары негізгі капиталдың ұдайы толықтырылуының қол жеткен ауқымын қолдау, әлеуметтік сфераны одан ары дамыту үшін пайдаланылды. Күрделі қаржы жұмсалымын қаржыландыру өнеркәсіп кәсіпорындарын рентабелді өнім шағаруға қайта бейіндеу үшін, оларды қайта құру (жаңғырту) үшін мүмкіндіктер жасауға Үкімет бекіткен жоспарлар мен лимиттер бойынша жүргізілді.

Экономиканы жаңғырту қоры өнім (жұмыс, қызметтер) құнының 5% мөлшеріндегі міндетті аударымдар есебінен қалыптасты, бұл аударымдар өндіріс шығындарына (залалды кәсіпорындарды шығарып тастағанда) кіріктірілді.

Кәсіпкерлікті қолдау және бәсекені дамыту қоры рыноктық қатынастарды дамыту және баламалы экономикалық құрылымдарды қалыптастыру, меншіктің әр түрлі нысандарының кәсіпорындары мен ұйымдарына қолдау көрсету, кәсіпкерлікті, бәсекені дамыту және монополиялық қызметті шектеу бойынша шараларды кредиттеудің прогрессивті нысандары мен бюджеттік қаржыландыруды тиімді үйлестіру мақсаттарында ұйымдастырылған болатын.

Жол қоры жалпы арналымдағы автомобиль жолдарын салумен, жаңғыртумен және ұсынумен байланысты ақшалай қаражаттарды шоғырландырды, яғни қаржы жүйесінде айрықшалықты шаруашылық қызметпен байланысты тар мамандандырылған буын болып табылды.

Акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық ұйым болып табылатын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған жалғыз құрылтайшысы ұлттық компания болған Инвестициялық қорға 2003-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыруда маңызды орын берілді. Қазақстанның инвестициялық қоры ұлттық даму институты болып есептелді. Қор қызметінің мақсаты перспективалық ұйымдардың жобаларына инвестицияларды жүзеге асыру және тарту арқылы, экономиканың шикізаттық емес секторындағы жекеше сектордың бастамаларын қаржылық қолдау арқылы Қазақстанның индустриялық-инновациялық саясатын іске асыруға жәрдемдесу болып айқындалды.

Қор акцияларды және ұйымдардың жарғылық капиталына қатысу үлестерін сатудан алынған капиталды кейін қайта инвестициялай отырып, ұйымдардың жарғылық капиталдарына, басқа ұйымдарға инвестициялауды жүзеге асырды.

Қордың уақытша бос ақшалары Қор мағлұмдамасымен анықталатын шектерде және тәртіппен ішкі және сыртқы рыноктарда мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды қоса, өтімді активтерге орналастырылды.

Инвестициялық қор қызметі «Самрұқ-Қазына әл-ауқат ұлттық қоры туралы» заңның қабылдануымен және «Акционерлік қоғамдар туралы» заңға сәйкес келешекте жалпы құқықтық өріс шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

Қазақстан Республикасында ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды атқару үшін 2008 жылы «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы құрылды, оның жалғыз құрылтайшысы және акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады. «Самрұқ» мемлекет активтерін басқару жөніндегі «Қазақстандық холдинг және «Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамдары «Самрұқ- Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына қосылу жолымен қайта ұйымдастырылды.

«Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын арттыру және әлемдік рыноктардағы өзгерістердің елдегі экономикалық өсуге мүмкін жағымсыз әсерінің факторларын төмендету үшін құрылған ұлттық басқарушы холдинг болып табылады.

Қордың тобына тікелей Қор, дауыс беретін акциялардың (қатысу үлестерінің) 50%-дан астамы компанияларға тиесілі олардың еншілес ұйымдары, сондай-ақ дауыс беретін акциялардың (қатысу үлестерінің) 50%-дан астамы компаниялардың көрсетілген еншілес ұйымдарына тиесілі, заңмен өздеріне қатысты арнаулы құқықтық қағида белгіленетін заңи тұлғалар кіреді.

Қор меншік құқығында олардың ұзақ мерзімді құндылығын барынша көбейту және әлемдік рыноктарда бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін дамудың ұлттық институттарының, ұлттық компаниялардың және басқа заңи тұлғалардың оған қарасты акциялар пакеттерін (қатысу үлестерін) басқарады.

Қор қызметінің негізгі мақсаттары:

1) ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз етуге

жәрдемдесу;

2) экономиканы жаңғырту мен әртараптандыруға жәрдемдесу;

3) компаниялар қызметінің тиімділігін арттыру болып табылады.

Қор және компаниялар қызметінің негізгі бағыттары Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауларын, 2003-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму стратегиясын, «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшылары» бағдарламасын, компаниялар алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру шеңберінде ұлттық экономиканы жаңғырту және әртараптандыру болып табылады.

Осы бағыт шеңберінде Қазақстан экономикасында жүйелі сипаттағы проблемалық мәселелер шешілетін болады, олардың қатарына мыналарды жатқызуға болады: экономиканың шикізаттық бағыттылығы; өңдеу өнеркәсібінің төмен өнімділігі; өндірістік инфрақұрылым (темір жол инфрақұрылымы, электр энергетикасы және электр берісінің желілері, телекоммуникациялар қызметтері және өзге инфрақұрылым) дамуының әлсіз деңгейі; отандық өнімнің бәсекеге нашар қабілеттілігі, өндірістік компаниялардың негізгі капиталдарының жоғары тозымы; ел ішіндегі болмашы экономикалық интеграция, яғни Қазақстан экономикасындағы салааралық және өңіраралық байланыстардың жеткіліксіз дамуы; отандық кәсіпорындардың меншікті ақшалай қаражаттарының жетімсіздігі, соның ішінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін және т.б.

Қор экономиканың нақты секторына инвестицияларды тарту бойынша мәселелерді тез және жедел шеше отырып және қолда бар артықшылықтар мен мүмкіндіктерді барынша пайдалана отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметіне өңірлерде жұмысты жандандыруға, салааралық және өңіраралық байланыстарды нығайтуға барынша көп көмек көрсетуі тиіс. Ұлттық экономиканы тиімді әртараптандыру және жаңғырту белсенді экономикалық қызметті, әсіресе экономиканың мұнай-газ секторы, электр энергетикасы, металлургия, химия мұнай-химия және инфрақұрылым сияқты басым секторларда іске асыру жолымен жүзеге асырылады.

Қордың қызметі мынадай қағидаттарға:

1) Қордың жалғыз акционері ретіндегі мемлекеттің мүдделерін сақтауға;

2) Қор мен компаниялар қызметінің ашықтығына, тиімділігіне және икемділігіне;

3) шешімдерді қабылдау мен оларды іске асырудағы жүйелілік пен жеделдікке;

4) жауапкершілік пен есеп берушілікке;

5) заңдылыққа негізделеді;

Қалыптасып отырған жағдаятта Қор алдында экономиканың тұрақты дамуы үшін тұрақтандыру және ескерту шараларын іске асыру міндеті тұр.

Қаралып отырған міндет шектерінде Қор мынадай функцияларды орындайтын болады:

1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақтандыру бағдарламаларын қатысу;

2) екінші деңгей банктерінің жарияланған дауыс беретін акцияларын сатып алу;

3) әлеуметтік-экономикалық дамуды, соның ішінде құрылыс объектілерін аяқтауды, шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қаржыландыруды қолдау мақсаттарында екінші деңгей банктерінде шарттасылған қаражаттарды орналастыру;

4) ипотекалық кредиттеу рыногы мен тұрғын үй құрылысының жинақақшалары жүйесін дамытуға жәрдемдесу;

5) қазақстандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерін қор мен компаниялардың сатып алуларында отандық мазмұнды көбейту бойынша, шетелдік жабдықты компаниялардың оны ірі сатып алулары кезінде Қазақстанда өндіруді, құрастыруды, жөндеу мен оған қызмет көрсету бойынша жұмыстарды оқшауландыруды қамтамасыз ету бойынша механизмдерді қарастыратын қор және компаниялардың сатып алуларының тәртібі мониторингін анықтау, бекіту және жүзеге асыру және басқалары.

Қордың компаниялармен өзара қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қор мен компаниялардың құжаттарына сәйкес корпоративтік басқару шектерінде жүзеге асырылады.

«Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы қызметінің негізгі қағидаттары туралы меморандумы белгілеген міндеттерді іске асыру акционердің (қатысушының) функцияларын және компаниялар директорларының кеңестеріндегі (қадағалау кеңестеріндегі) өкілдік арқылы жүзеге асыру сондай-ақ өңірлік, ұлттық және халықаралық ауқымдардың инвестициялық жобаларын өзінше және (немесе) компаниялармен және (немесе) шетелдік және (немесе) отандық инвесторлармен бірлесіп қаржыландыру арқылы қордың компанияларды басқаруға белсенді қатысуы жолымен жүзеге асырылады.

Компаниялардың директорлары кеңестерінің құрамына Қор өкілдері, тәуелсіз директорлар және заңнамамен белгіленген тәртіппен байланысты өзге тұлғалар кіреді.

Шетелдік юрисдикциялардағы компаниялармен өзара қарым-қатынастар осы компаниялар тіркелімі елдерінің заңнамасының талаптарын ескере отырып жүзеге асырылады.

Қор құрамына кіретін компаниялар ұлттық экономиканың, оның инфрақұрылымының негізін құрайды және мемлекеттің стратегиялық міндеттерін орындауға жәрдемдеседі.

Макроэкономикалық деңгейде компаниялардың міндеті қазақстандық экономиканың халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және шетелдік инвестициялардың ағынын көбейту болып табылады. Қор компанияларды тиімді басқару жолымен экономиканы әртараптандыруды, оның секторларында өнімділікті арттыруды қамтамасыз етіп, шикізаттық ресурстарға тәуелділікті төмендетуі және өңірлердің экономикалық дамуын ынталандыруы тиіс.

Әлемдік практика мемлекеттің қатысуындағы компаниялардың тиімділігін арттырудың ең шынайы амалы корпоративтік басқаруды жақсарту болып табылады. Бұл акционер ретінде өзінің тиімділігін арттыруда ынталы болып отырған Үкіметке басқару сапасы мен берілген компаниялардың қызметін бақылауды жақсарту бойынша шынайы құрал алуына мүмкіндік туғызады. Ұлттық басқарушы холдингте корпоративтік басқарудың жоғары деңгейі Қазақстан үшін маңызды стратегиялық міндеттердің шеңберінде мемлекет берген активтерді тиімді басқарудың маңызды шарты болып табылады.

Компанияларды басқару Қорға жүйелі үйлестірілген тәсілдемені және қаржы ағындарын бақылаудың айқын механизмін қамтамасыз етуге, ішкі корпоративтік үдерістер мен рәсімдерді жетелдіріп отыруға, сондай-ақ практикада корпоративтік басқарудың негізгі қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік туғызады.

Компаниялар қызметінің тиімділігін арттыру бойынша бағыттарды іске асыру шеңберлерінде Қорға мынадай міндеттерді орындау жүктеледі:

1) компаниялардың ұзақ мерзімді экономикалық құндылығын барынша көбейту және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

2) корпоративтік басқарудың жақсы әлемдік практикасын ендіру.

Қойылған міндеттер шеңберінде Қор мынадай функцияларды жүзеге асыратын болады:

1) компаниялар қызметінің тиімділігін арттыру және жаңа активтерді жасау;

2) бәсекеге қабілеттілікті арттыру және халықаралық рыноктарға компаниялардың шығуына жәрдемдесу;

3) елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының міндеттерін ескере отырып компаниялар үшін қабылданған мақсаттар қою;

4) компаниялар қызметінің өзекті көрсеткіштерін анықтау;

5) компаниялардың қызметі нәтижелерінің мониторингі, компаниялардың қойылған міндеттерді және қызметтің өзекті көрсеткіштерін орындамаған жағдайда түзету шараларын қабылдауды қамтамасыз ету;

6) компаниялардың басшы қызметкерлерінің біліктілігін арттырудағы іріктеу, уәждеме және жәрдемдесу;

7) компанияларда ғылыми және өндірістік әлуетті сақтау мен дамытуды қамтамасыз ету;

8) аудитті және компаниялардың ішкі аудитін ұйымдық қамтамасыз ету;

9) компанияларда тәуекелдерді басқарудың бірыңғай әдістерін, амалдарын және тәсілдемелерін ендіру жолымен тәуекелдерді басқарудың тиімді жүйесін жасау;

10) компанияларға қатысты белсенді дивидендтік саясат жүргізу;

11) компанияларда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің қағидаттарын енгізу.

Қордың міндеттері:

1) қазақстандық экономиканы әртараптандыру бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

2) ұлттық, салааралық және өңірлік ауқымдағы инвестициялық стратегиялық жобаларды әзірлеу және іске асыру;

3) Қазақстан Республикасының экономикасына инвестицияларды тартуға жәрдемдесу;

4) кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолайлы жағдайларды мемлекеттік және жекеше мүдделерді шоғырландыру арқылы қамтамасыз етуге қатысу, сондай-ақ тиісті өңірдің әлеуметтік жобаларын іске асыру есебінен халықтың өмір сүру деңгейін өсіруге жәрдемдесу және өңірлердегі іскерлік және инвестициялық белсенділікті өсіруге жәрдемдесу;

5) бәсекелестікке қабілетті қазақстандық тауар өндірушілерді құруға және дамытуға жәрдемдесу;

6) тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілермен өзара іс-қимыл жасау арқылы қазақстандық үлесті қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

7) компаниялардың бәсекелестікке қабілеттілігін оларды корпоративтік басқаруды жетілдіру арқылы арттыру болып табылады.

Белгіленген мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін қордың мынадай айрықша өкілеттіктері бар:

1) меншік иелері иеліктен шығаратын стратегиялық объектілерді Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша сатып алудың басым құқығы;

2) акциялардың пакеттері (қатысу үлестері) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылған ұйымдардың немесе республика экономикасы үшін маңызды стратегиялық мәні бар ұйымдардың банкроттығы кезінде конкурстық массаны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша сатып алудың басым құқығы;

3) Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген тәртіппен банктердің акцияларын сатып алу құқығы.

Қаралатын міндеттер шектерінде қор мынадай функцияларды орындайтын болады:

1) өңірлік, ұлттық және салааралық ауқымдардың, соның ішінде экономиканың нақты секторында инвестициялық жобаларды өзінше және (немесе) компаниялардың қатысуымен, сондай-ақ стратегиялық шетелдік және (немесе) отандық инвесторлармен жарғылық капиталдарда және қарыздар беруге жолымен әзірлеу және (немесе) өткізу және (немесе) қаржыландыру жайында;

2) «Қазақстанның 30 корпортативтік көшбасшылары» бағдарламасын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің өзге бағдарламалары мен жоспарларын іске асыру жөніндегі оператордың функциясын орындау;

3) экономиканың жаңа секторларын игеру және елде де, сондай-ақ шетелде де экономикалық тартымды активтерді сатып алу;

4) негізгі басымдығы Қазақстан аумағында жобаларды іске асыру болып табылатын инвестициялық және инновациялық жобаларды компаниялар іске асыру кезінде үйлестірілген және белсенді инвестициялық саясатты қамтамасыз ету;

5) отандық және шетелдік мемлекеттік және жекеше инвестицияларды тарту және экономиканың әр түрлі салаларына инновацияларды ендіру;

6) капиталдың әлемдік және отандық рыноктарында капиталдың балансталынған қарыз алуын жүзеге асыру;

7) шағын және орта бизнесті қаржыландыру;

8) компаниялар тобының шектерінде қаржылық-инновациялық құралдардың тиімді кешендік жүйесін жасау;

9) өңіраралық экономикалық байланыстарды, соның ішінде Қазақстан Республикасы аумағында жобаларды іске асыру жолымен дамыту;

10) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы өңірлердің сілкіністі дамуын қамтамасыз ету.

Ұлттық экономиканың дағдарысты орнықтығын арттыру мақсаттарында елдің экономикалық өсуіне сыртқы өзгерістердің тіршіліктегі және әлуетті мүмкін болатын ұнамсыз әсерінің факторларын ескеру үшін іс-шаралар қабылдаудың қажеттігі туады.

Қорды басқаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы Қордың жалғыз акционері болып табылатын мемлекет жүзеге асырады. Үкімет Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіппен Қордың Директорлар кеңесінің құрамын айқындайды. Қордың Директорлар кеңесінің Төрағасы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып табылады. Қордың Директорлар кеңесінің құрамына Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы, Энергетика және минералдық ресурстар, Индустрия және сауда министрліктерінің бірінші басшылары, тәуелсіз директорлар, Қор басқармасының Төрағасы және өзге тұлғалар кіреді. Атқарушы орган – Қор басқармасы.

Қордың даму стратегиясы елдің әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттары мен ұзақ мерзімді басымдықтарына сәйкес он жылға әзірленеді.

Даму стратегиясы Қордың қызметі бағаланатын негізгі көрсеткіштерді, сондай-ақ олар бойынша мақсатты мәндерді қамтиды.

Қордың даму стратегиясының негізгі көрсеткіштерінің орындалуын бағалау Қордың директорлар кеңесі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

Қор қызметін қаржыландыру жарғылық капитал қаражаттары есебінен және компаниялардан түскен табыстар мен Қазақстан Республикасы заңнамасымен тыйым салынбаған өзге көздер есебінен жүзеге асырылады.

Компаниялар акцияларын (қатысу үлесін) өткізу туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысын қабылдау жолымен Қордың жалғыз акционері қабылдайды.

Қордың міндеттер мен оған жүктелген функцияларды орындауына тиісті бақылауды (мониторингті) қамтамасыз ету үшін Қордың даму стратегиясында Қордың тиісті сандық және сапалық шешуші көрсеткіштері бейнелеп көрсетіледі.

Қор барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі заңи тұлғалардың ақшасын басқару бойынша Қордың директорлар кеңесі бекітетін бірыңғай саясатты іске асырады.

Қордың тобына кіретін ұйымдар өзге ұйымдарға, оның ішінде Қордың тобына кіретін ұйымдарға ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен ақшалай нысанда кредиттер (қарыздар) беруге құқылы. Мұнда көрсетілген кредиттерді (қарыздарды) беру тәртібі мен шарттары Қордың директорлар кеңесі бекіткен ішкі кредиттік саясат туралы қағидаларда айқындалады.

Ұлттық инновациялық қор Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған акционерлік қоғам нысанындағы коммерциялық ұйым болып табылады, оның жалғыз акционері ұлттық басқарушы компания болады. Ұлттық инновациялық қор дамудың ұлттық институты болып табылады.

Ұлттық инновациялық қор қызметінің мақсаты елде жалпы инновациялық белсенділікті арттыру болып табылады, соның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өндірісті дамытуға жәрдемдесу.

Ұлттық инновациялық қордың міндеттері мыналар болып табылады:

1) инновацияларды жасау және енгізуді қаржыландыруды жүзеге асыратын инновациялық қорлар мен инвестициялық қорлардың жарғылық капиталына бақыланбайтын қатысу;

2) инвестициялайтын компаниялардың және (немесе) қаржылық лизингтің жарғылық капиталында үлестік бақыланбайтын қатысу жолымен инновацияларды жасауды және ендіруді қаржыландыру;

3) инновациялық инфрақұрылымды дамыту;

4) сыртқы рыноктарға отандық инновацияларды жылжыту;

5) инновациялық технологияларды қарызға алуды және дамытуды ауыстыру, оларды коммерциялау мен енгізу саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

Ұлттық инновациялық қордың:

1) Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық саясаты туралы меморандумға сәйкес инвестициялық саясатты жүзеге асыруға;

2) ғылыми-техникалық экономикалық сараптамалар мен патенттік зерттелімдердің нәтижелері бойынша инновациялық жобаларды инвестициялаудың мақсатқа сәйкестігін анықтауға;

3) келісімшарттық негізде сарапшылар мен кеңесшілерді тартуға;

4) Қордың инвестициялық саясаты туралы меморандум айқындаған шектерде және тәртіппен өтімділігі жоғары қаржылық құралдардың ішкі рыногында еркін қаражаттарды орналастыруға;

5) инновациялық жобаларды іріктеуді және Қордың инвестициялық саясаты туралы меморандум белгілеген шектеулерді ескере отырып инновациялық жобаларды іріктеуді және оларды инвестициялауды жүзеге асыруға;

6) инвестициялық қызметтің мамандандырылған субъектілерін жасауға қатысуға;

7) коммерциялық нәтиже және экономиканың технологиялық дамуы тұрғысынан әлуетті перспективалық болып табылатын жаңа технологияларды, тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) жасауға бағытталған қолданбалы ғылыми зерттелімдерге, тәжірибелік-конструктуралық әзірленімдерге меншікті қаражаттардан гранттар беруге;

8) шетелдік инновациялық немесе инвестициялық қорларға инвестициялауды жүзеге асыруға құқығы бар.

Инвестицияларды жүзеге асыру үшін мына көздер пайдаланылады:

1) Ұлттық инновациялық қордың жарғылық капиталы;

2) Ұлттық инновациялық қордың кірістері;

3) халықаралық қаржы ұйымдары, шетел мемлекеттері мен қаржы институттары беретін гранттар.

Ұлттық инновациялық қордың табыстарын алудың негізгі нысаны қор инвестицияларының бастапқы құны мен шығу кезіндегі олардың өткізу құны арасындағы айырма болып келетін оның қаржыландырылатын жобалардан шығып қалу кезіндегі табыстар болып табылады.

Басқа табыстар Ұлттық инновациялық қордың уақытша бос ақшаларын басқарудан түсетін табыс, дивидендтер нысанындағы табыстар, көрсетілетін консультациялық қызметтерден түсетін табыстар, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық талдамалардың нәтижелеріне мүліктік құқықтарды өткізуден түсетін табыстар болып табылады.

Қордың жылдық есебін бекітудің жиыны бойынша Ұлттық инновациялық қордың таза табысы резервтік капиталды қалыптастыруға бағытталады. Ұлттық инновациялық қордың таза табысын бөлудің тәртібін ұлттық басқарушы компания анықтайды.

Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық қызметінде негізгі құжат Қордың инвестициялық саясаты туралы меморандум болып табылады.

Меморандум Қор инвестициялық саясатының негізгі басымдықтарын анықтайды, инвестициялық қызметті жүзеге асыру бойынша, қаржыландырылатын жобалардың, инвестицияланатын компаниялардың қаржылық жай-күйінің мониторингі және өткізуге талдау бойынша;

Ұлттық инновациялық қордың инвестицияланатын компаниялардан шығуы туралы шешім қабылдау бойынша негізгі қағидаларды ұстайды;

сандық және сапалық параметрлерді және Ұлттық инновациялық қордың инвестициялық қызметін шектеуді белгілейді.

Меморандумды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

Ұлттық инновациялық қордың:

1) акциялардан басқа бағалы қағаздардың өзге түрлерін шығаруға;

2) қарыздар беруге;

3) кепілдеме мен үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша кепілгерлік беруге;

4) өзіне міндеттемелер қабылдаудың шарттары мен тәртібі, сондай-ақ оларды жүзеге асыру мақсаттары Қазақстан Республикасының заңнамасына, Ұлттық инновациялық қордың меморандумына қайшы келетін міндеттемелер қабылдауға құқытары жоқ.

Ұлттық инновациялық қор алкоголь және темекі өнімдерін шығаруға инвестицияларды жүзеге асырмайды.

Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық инновациялық қордың жалғыз акционері болып табылады.

Уәкілетті орган:

1) Қор акцияларының мемлекеттік пакетін басқару функцияларын жүзеге асырады;

2) Қор есептемесін берудің құрамын, нысандарын және мезгілділігін бекітеді;

3) Қор қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасының, жарғының және Қордың инвестициялық саясаты туралы меморандумның талаптарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы заңымен қарастырылған жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымдық тұлғаларының Ұлттық инновациялық қордың қызметіне араласуына тыйым салынады.

Қазақстан Республикасы заңдарымен қарастырылған негіздемелер бойынша, тәртіппен өзінің міндеттемелерін атқармағаны немесе жете атқармағаны үшін Ұлттық инновациялық қордың жауапкершілігі болады.

Наши рекомендации