Жаназаны көтергенде атқарылатын сүннеттер
1 -Ханафи мен ханбали мәзһаптарында жаназаны төрт адам көтеруі сүннет. Жол бойында басқа төртеуімен ауысып отырады. Әбу Убайда ибн Абдулла ибн Масъуд әкесінің, Аллаһ тағала оларға разы болсын, былай дегенін айтты:
(من اتبع جنازة فليحمل بجوانب السرير كلها فإنها من السنة ثم إن شاء فليتطوع و إن شاء فليدع)
«Кім жаназаны көтерсе, табытты барлық қырынан көтеріп үлгерсін. Бұлай істеу - сүннет. Сосын қаласа, көтеруін жалғастырсын, қаласа, басқаға берсін»[815].
Оң қадам сайын бір қырынан басқа қырына ауысып отыруымен жаназаның барлық қырынан көтеріп үлгереді. Алдымен, жаназаны бас жағының сол қырынан оң иығымен көтереді. Сосын аяқ жағының сол қырынан оң иығымен көтереді. Сосын бас жағының оң қырынан сол иығымен көтереді. Сосын аяқ жағының оң қырынан сол иығымен көтереді. Сосын басқа кісіге орнын береді.
2 - Белсенді жүріспен жүру. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегеінін айтты:
(أسرعوا بالجنازة، فإنها إن تك صالحة فخير تقدمونها، وإن تك سوى ذلك فشرّ تضعونه عن رقابكم)
«Жаназаны тезірек апарыңдыр! Егер салиқалы болса, ілгері жіберетін жақсылық болды. Егер салиқалы болмаса, тезірек мойындарыңнан түсіретін жамандық болды»[816].
3 - Жаназаға еру. Әл-Барра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
()
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) бізге жаназаға еруімізді, науқастың көңілін сұрауымызды, түшкірген кісіге рахым тілеуімізді, шақырушыға жауап беруімізді, жәбір көрушіге жәрдем көрсетуімізді бұйырды»[817].
Қабір басына барушылар жаназаның алдында емес, артынан жүреді. Ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(الجنازة متبوعة ولا تتبع. ليس منا من تقدمها)
«Жаназаның алдынан емес, артынан жүріледі. Алдында жүрген кісі бізден емес»[818].
Мағлұмат: Бұл хадиске қайшы мәтінді хадистер де бар. Сондықтан ханафи мәзһабіндағы кісі қажылыққа немесе умраға барғанда жаназаның алдынан жүрген кісілерді көріп теріс түсінбеуі қажет. Өйткені шафиғи және ханбали мәзһаптарында көліктегі кісі болмаса, жаяу кісіге жаназаның алдында жүруіне рұқсат етіледі.
Әйел кісілердің жаназаға еруі мәкрүһ. Үмму Атийа, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(نهينا عن اتباع الجنائز ولم يُعزم علينا)
«Жаназаға еруімізге тыйым салынды, бірақ тыйымы қатты емес»[819].
4 -Жаназаға жолшыбай кездескен кісі: «Субхан ал-хаййил-ләзи лә йамут»-деп айтады. Төрт мәзһап бойынша жаназаны көрген кісі отырса, орнынан тұрмайды. Өйткені бұл күші жойылған сүннет. Ъибада ибн Ас-Самит, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول الله صلى الله عليه وسلم يقوم في الجنازة حتى توضع في اللحد. فمر حبر(عالم) من اليهود فقال: هكذا نفعل فجلس رسول الله صلى الله عليه وسلم وقال: اجلسوا خالفوهم)
«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) жаназа көрсе, орнынан тұрып, мәйіт лақатқа қойылғанша түрегеп тұратын. Бір күні солай істегенде қасынан яһудилердің бір ғалымы өтеді. Ол пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Біз де осылай істейміз»-дейді. Сонда Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) қайта отырып: «Бұларға ұқсамаңдар!»-дейді[820].
5 - Жаназаға ерушілер жаназа иықтардан түсірілгенше отырмайды. Әбу Саъид Әл-Хұдри, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إذا اتبعتم جنازة فلا تجلسوا حتى توضع)
«Жаназаға ерсеңдер, мәйіт қабіріне қойылғанша отырмаңдар!»[821].
Жаназаның мәкрүһтәрі
1 -Жаназа намазы мен жерлеу рәсімін себепсіз кешіктіру.
2 -Дауыс көтерілу. Ешкімге дауыстап зікір жасауына және дауыстап Құран оқуына болмайды. Бұл уақытта әркім өлімді және өлімге не дайындағанын еске алуы керек.
3 -Әйел кісілердің жаназаға еруі мәкрүһ тахриман.
4 - Жаназа қабіріне қойылмай отыру.
5 - Ойбайлап жылау. Ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ليس منا من ضرب الخدود، وشقّ الجيوب، ودعا بدعوى الجاهلية)
«Беттерін ұрғылаушылар, киімдерін жыртушылар және надандық заманнан қалған дұғаларды айтушылар бізден емес»[822].
Үмму Атийя, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أخذ علينا رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم مع البيعة ألا ننوح)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) бізден бой ұсынуға серт алғанда жоқтау айтып жыламауымызға да серт алды»[823].
Абдулла ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын,Аллаһтың елшісінің(саллаллаһу алайһи уа саллам)былай дегенін айтты:
(إن اللّه لا يعذب بدمع العين، ولا بحزن القلب، ولكن يعذب بهذا - وأشار إلى لسانه - أو يرحم)
«Негізінде, көзімізден жас шыққан үшін, жүрегіміздің қайғырғаны үшін, Аллаһ азапқа бұйырмайды. Алайда мынау үшін не азаптайды, не рахым етеді»-деп тіліне нұсқады[824].
Бесінші: Жерлеу
1 -Қабір неғұрлым ұзын, кең әрі терең қазылса, жақсы болады. Ухудтың шаһидтерін жерлеу кезінде Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам):
(احفروا وأوسعوا وأعمقوا)
«Қазыңдар! Кең қылыңдар және терең етіңдер»-дейді. Қабірдің ұзындығы мен тереңдігі мәйіттің бойындай, ал ені соның жартысындай болғаны жақсы.
2 - Қабірдің құбылаға қараған іргесі түбінен мәйіт қойылатын лақат ойып жасау. Мәйіт қойылған соң, лақат аузы қышпен жабылады. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(اللحد لنا والشقّ لغيرنا)
«Лақат - біздікі, ал шұңқыр - басқалардікі»[825].
Жер қатты болса, лақат жасаған абзал. Жер жұмсақ болса, қабірдің еденінен шұңқыр қазылып, мәйіт соның ішіне қойылады. Аузы тақтайлармен, күйдірілмеген қыш тақтамен (плитамен) жабылады. Сосын қабір көміледі.
Мәйіттің құбылаға қарап жатқызылуы сүннет.
3 - Қабір басындағы кісілерге қабір көмілуден бұрын үш уыс топырақ тастау сүннет. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم صلى على جنازة ثم أتى قبر الميت فحثى عليه من قبل رأسه ثلاثا)
Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) бір жаназаға намаз оқыды. Кейін қабіріне келіп, мәйіттің бас жағына үш уыс топырақ шашты[826].
Әбу Үмама, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(لما وضعت أم كلثوم بنت رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم في القبر قال رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم: (منها خلقناكم وفيها نعيدكم ومنها نخرجكم تارة أخرى، بسم اللّه وفي سبيل اللّه وعلى ملة رسول اللّه)
Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) қызы Үмму Күлсім, Аллаһ тағала оған разы болсын, қабірге қойылғанда Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді: «Сендерді одан жараттық. Және оған қайтарамыз. Және одан қайта тірілтіп шығарамыз. Аллаһтың атымен. Аллаһтың жолында және Аллаһтың елшісінің дініне сай»[827].
4 -Қабір көмілген соң, қабір екені білінуі үшін, бір шибр[828] биіктікке көтеріледі. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) қабірі бір шибр көтерілген еді[829]. Ханафи, мәлики және ханбали мәзһаптарында қабірдің бетіндегі топырақты төрт бұрышын шығарып тегістемей, түйенің өркешіндей етіп үйген абзал. Суфйан Әт-Тәммар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(رأيت قبر النبي صلى اللّه عليه وسلم مسَنَّماً)
«Пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) қабірін түйенің өркешіндей бейнеде көрдім»[830]. Сахабалардың қабірлері де осындай болатын.
5 - Мәйіт қабірге құбыла тарапынан «Бисмилләһи уа ъала суннати расулуллаһи»-деп түсіріледі. Абдулла ибн Омар, Аллаһ тағала оларға разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إذا وضعتم موتاكم في قبورهم فقولوا: بسم اللّه وعلى سنة رسول اللّه)
«Мәйіттеріңді қабірлеріне қойған кездеріңде: «Бисмилләһи уа ъала суннати расулуллаһи»-деңдер[831]. Яғни «Аллаһтың атымен және Аллаһтың елшісінің сүннетіне сай»-деу.
Лақатттың ішіне қойылғанда мәйіттің жүзі құбылаға қаратылады. Ъабид ибн Умайр әкесінен, Аллаһ тағала оларға разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегені айтылады:
(البيت الحرام قبلتكم أحياء وأمواتاً)
«Байтул-Харам - тірілеріңнің де, өлілеріңнің де құбыласы»[832].
Қабірге түсетін мұсылмандар сенімді, күшті әрі салиқалы тұлғалар болуы шарт.
Әйел кісіні қабірге түсіріп, лақатқа қоюға күйеуі және ең жақын туыстары лайықты. Жахыш қызы Зейнеп, Аллаһ тағала оған разы болсын, көз жұмғанда Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, оған жаназа намазын оқиды. Сосын пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) әйелдеріне кісі жібертіп, оны қабіріне кім қоюға лайықты екенін сұратады. Сонда пайғамбардың әйелдері, Аллаһ тағала оларға разы болсын, былай дейді:
(من كان يدخل عليها في حياتها)
«Тірі кезінде үйіне кіргендер (жақын туыстары)»[833].
Ханафи, мәлики және ханбали мәзһаптарында әйел кісі қабірге түсірілгенде қабірдің беті пердемен бүркелуі мустахап. Лақатқа қойылғанша перде алынбайды. Бұл мәйіттің денесі ашылып қалған жағдайда басқалардың көзіне көрінбеуі үшін. Омар, Әли және т.б. сахабалар осылай істеген[834].
6 - Қабір көмілген соң, жамағаттың оған дұға жасауы, кешірім сұрауы, Құраннан бір нәрсе оқуы және оған Аллаһ тағаладан беріктік сұрауы сүннет. Осман ибн Аффан, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(استغفروا لميتكم وسلوا له التثبيت، فإنه الآن يُسْأَل)
Мәйіт жерленген соң, пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дейтін: «Мәйіттерің үшін кешірім тілеңдер және оған Аллаһтан беріктік сұраңдар. Рас, ол қазір сұралуда»[835].
Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, лақаттың аузы қышпен бекітіле бастағанда былай дұға жасайтын: «Аллаһым, оны шайтаннан және қабір азабынан сақтай гөрші. Аллаһым, екі жамбасынан жерді ажыратып, рухын көтере гөр. Сондай-ақ разылығыңа жолықтыра гөр»[836].
7 - Қабір басына көк бұтақша кіргізіп қою сүннет. Өйткені ол курап қалғанша мәйітке кешірім тілейді. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم أخذ جريدة رطبة فشقها نصفين ثم غرز في قبر كل واحدة. فقالوا يا رسول اللّه لِمَ صنعت هذا؟ فقال: لعلهما أن يخفف عنهما ما لم ييبسا)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) көк бұтақшаны алып, оны екіге бөлді. Сосын екі қабірге кіргізіп қойды. Қасындағылар: «Әй, Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам)! Мұны неге істедіңіз?»-деп сұрағанда ол: «Мүмкін, бұл бұтақшалар қурап қалғанша мына екеуінен (біраз нәрсені) жеңілдетер»-деп жауап берді»[837].
8 -Мәйіт көз жұмған жеріндегі қабірстанда жерленгені абзал. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) отбасы мен сахабаларының денелерін «Әл-Бақиъ» қабірстанында жерлейтін.
Мұсылманның денесі кәпірлердің қабірстанына жерленуіне болмайды. Сол секілді кәпірдің денесі мұсылмандар қабірстанына жерленуіне болмайды[838].
Кемеде қайтыс болған мұсылман кісі жуындырылып, кебінделіп, намазы оқылады. Сосын құрлық жақын болса, оған жеткенше күтеді. Құрлық алыс болып, оған жеткенше денесі бұзылатын қауіп туса, қаттырақ байланып, табытқа салынған бойы теңіздің құбылаға қараған жағына қоя береді[839]. Хасан Әл-Басри, Аллаһ тағала оны рахымына бөлесін, былай деді:
(يغسل ويكفن ويصلى عليه ويطرح في البحر)
«Жуындырылады, кебінделеді, жаназа намазы оқылады. Сосын теңізге тасталады»[840].