Бап. Монополияға қарсы орган мен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы

1. Монополияға қарсы орган өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды мынадай нысандарда жүзеге асырады:
1) құқық қорғау органдарына бәсекелестікті қорғау саласындағы құқық бұзушылықтардың анықталған фактілері туралы хабарлайды;
2) тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі туралы талдамалық ақпаратты және мониторинг деректерін береді;
3) құқық қорғау органдарының сұрау салулары бойынша өз құзыреті шегінде зерттеулер, сараптамалар жүргізеді және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының мәселелері бойынша қорытындылар береді;
4) құқық қорғау органдарының, олардың аумақтық бөлімшелерінің қаулылары мен сұрау салулары бойынша өз қызметкерлерін Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеру жөніндегі процестік әрекеттер мен іс-шараларға қатысу үшін сарапшылар ретінде жібереді.
2. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары өз өкілеттіктері шегінде монополияға қарсы органмен өзара іс-қимылды мынадай нысандарда жүзеге асырады:
1) монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы аясындағы анықталған құқық бұзушылықтар туралы хабарлайды;
2) монополияға қарсы органның және оның аумақтық органдарының сұрау салулары мен өтініштері бойынша:
Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеру жөніндегі бірлескен іс-шараларды жүргізу, сондай-ақ монополияға қарсы орган қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіретін құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесу үшін қызметкерлерін жібереді;
Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылардың тұрған жерін анықтау және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен монополияға қарсы органның жазбаша сұрау салуларына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін оларды монополияға қарсы органға жеткізу бойынша шаралар қолданады;
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тәртіппен монополияға қарсы орган ұсынатын, қылмыстық жазаланатын бәсекелестікке қарсы әрекет белгілері бар материалдар бойынша қылмыстық істер қозғау туралы шешімдер қабылдайды, бұл жөнінде монополияға қарсы органға хабарлайды;
монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың дәлелдемелерін табуға және бекітуге практикалық көмек көрсетеді.

Бап. Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің құқықтары

Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқару, оның ішінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы туралы өтініштерді қарау, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы туралы істерді тергеп-тексеру, экономикалық шоғырлануға бақылауды жүзеге асыру және бәсекелестік деңгейінің жай-күйін айқындау кезінде, өздеріне жүктелген өкілеттіктерге сәйкес қызметтік куәліктерін және монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының сақталуына тергеп-тексеру жүргізу туралы шешімдерін көрсеткен кезінде:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік органдар мен нарық субъектілерінің үй-жайлары мен аумақтарына кедергісіз кіруге;
2) монополияға қарсы орган белгілеген, бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде мемлекеттік органдардан, жергілікті атқарушы органдардан, нарық субъектілерінен, лауазымды адамдардан және өзге де жеке және заңды тұлғалардан жазбаша ақпарат, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының жол берілген бұзушылық фактілері бойынша жазбаша және (немесе) ауызша түсініктемелер сұратуға және алуға құқығы бар.

Бап. Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің коммерциялық, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау жөніндегі міндеті

1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, монополияға қарсы орган өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпарат жария етуге жатпайды.
2. Монополияға қарсы орган қызметкерлері коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
3. Монополияға қарсы органның не оның лауазымды адамдарының коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етуі нәтижесінде жеке немесе заңды тұлғаға келтірілген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.

20-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ
САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫН АНЫҚТАУ

Бап. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеруді бастау үшін негіздер

1. Монополияға қарсы орган өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексереді және тергеп-тексеру нәтижелері бойынша шешім қабылдайды.
Тергеп-тексеру деп монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтың жасалғанын растайтын немесе жоққа шығаратын нақты деректерді осы Кодексте көзделген тәртіппен жинауға бағытталған іс-шаралары түсініледі.
2. Монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы туралы мәліметтердің келіп түсуі тергеп-тексеруді бастау үшін негіз болып табылады, олар:
1) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы көрсетіле отырып, мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдар;
2) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу белгілерін көрсететін жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтініші;
3) монополияға қарсы органның өз қызметін жүзеге асыруы кезінде нарық субъектісінің, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың әрекеттерінен Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу белгілерін анықтауы;
4) монополияға қарсы органға келіп түскен, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу белгілерінің бар екендігі туралы бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауы болып табылады.
3. Тергеп-тексерудiң басталуы тергеп-тексеруді жүргізу туралы бұйрықпен ресiмделедi.
4. Әрекеттерінде картель белгілері қарастырылатын тергеп-тексеру объектілерін қоспағанда, тергеп-тексерудi жүргізу туралы бұйрықтың көшiрмесi қол қойылған күнiнен бастап үш жұмыс күнінен кешiктiрiлмей өтiнiш берушiге және тергеп-тексеру объектiсiне жiберiледi.
Әрекеттерінде картель белгілері қарастырылатын тергеп-тексеру объектілеріне тергеп-тексерудi жүргізу туралы бұйрықтың көшiрмесi тергеп-тексеруді жүргізу кезінде тапсырылады.

Бап. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеруге қатысатын тұлғалар

1. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеруге қатысатын тұлғалар:
1) өтініш беруші – монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылғаны туралы мәліметтерді жіберген жеке немесе заңды тұлға;
2) тергеп-тексеру объектісі – өзінің әрекетіне қатысты тергеп-тексеру жүргізілетін жеке немесе заңды тұлға. Аталған тұлғалар тергеп-тексеру жүргізу туралы бұйрық шығарылған кезден бастап тергеп-тексеру объектісі деп танылады;
3) мүдделі тұлғалар – Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы туралы істі қарауға байланысты құқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын жеке немесе заңды тұлғалар;
4) монополияға қарсы органның лауазымды адамы – монополияға қарсы органның тергеп-тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген қызметкері;
5) куә – тергеп-тексеру үшін маңызы бар қандай да бір мән-жайлар өзіне белгілі болуы мүмкін кез келген жеке тұлға;
6) сарапшы – арнайы ғылыми немесе практикалық білімі бар, іске мүдделі емес жеке тұлға болып табылады.
2. Тергеп-тексеру жүргізу кезінде іске қатысатын тұлғалар өз құқықтары мен міндеттерін өзі немесе өкілі арқылы жүзеге асыруға құқылы.
3. Егер тергеп-тексеру барысында тергеп-тексеру объектісінің емес, өзге тұлғаның әрекетінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілері бар екендігі анықталса, монополияға қарсы орган мұндай тұлғаны осы Кодекстің 216-бабында көзделген тәртіппен тергеп-тексеру объектісі ретінде тартады.

Наши рекомендации