Азақстанның зейнетақы нарығын қалыптастыру және дамыту

Қазақстанның зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінде халықтың жалпы санындағы қарт азаматтар үлесінің артуына байланысты объективті қиыншылықтар пайда болды. Соның нәтижесінде елдің зейнетақы жүйесін кешіктірмей реформалау­дың қажеттілігі өткір сезілді. Оны жүргізудің негізгі қағидасына мыналар кіреді: ұрпақтар ынтымақтастығы қағидасымен зейнетақыны дербес жинақтау қағидасына өту және 1980 жылдардың басында басталған чилийлік ең озық үлгінің негізін­де мемлекеттік зейнетақы жүйесінен мемлекеттік емес зейнет­ақы жинақтау жүйесіне көшу.

Осыған байланысты 1997 жылдың наурыз айында ҚР Үкі­меті “Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін реформалаудың тұжырымдамасын” мақұлдады жә­не 1997 жылдың 20 маусымында ҚР “Қазақстан Республи­касын­да Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы” Заңы қабылданды.

Қазақстанның зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін дағда­рысқа ұшыратқан негізгі себептер мыналар:

1. Халықтың қартаюы, туудың азаюы, жұмыссыздықтың артуы нәтижесінде зейнетақы жасындағылар мен жұмыс істеу­шілердің арасындағы арақатынастың (арасалмақтың) кемуі.

2. Бюджеттен тыс қорларға аударылатын міндетті ауда­рымдар мөлшерінің жоғары болуы (жиынтық шамасы 32%-ке жетті) және төлемдермен байланыстың болмауы төлеуден бас тарту, бюджеттен тыс қорларға ұсынылатын есеп берулерде табысты азайтып көрсету, белсенді жарғылық қызметін тоқтат­паса да салық органдарына тіркелуден қашу секілді әрекеттердің тұрақты сипат алуына әкеп соқтырды. Зейнетақы қорларына түсетін түсімдердің аз болуы — өз кезегінде төлемдердің азаюына және аз да болса төлеп тұратын төлеушілерді салықты мүлдем төлемеуге итерлемеген табыстың мағлұмдалған бөлігінен өндіріліп алынатын салықтың өсуін тудырады.

3. Зейнетақы жарнасының дербестендірілген есебінің бол­мауы қарттықты қамтамасыздандырудағы жеке жауапкершілік пен мүдделікті жойды.

4. Шаруашылықты дербес жүргізушілерге бақылаудың мүлдем болмауы. Мәселен, 1996 жылдың бірінші жартысында кәсіпорындар жарнасының сомасы 34,7 млрд теңгені құрады, ал шаруашылықты дербес жүргізулерден түскен жарна – 2,4 млрд теңге ғана.

5. Бюджеттен тыс қорлар қаражатының қалай пайдалана­тыны бақыланбады.

6. Облыстардың жергілікті түсімдерден зейнетақыны төлеу бойынша мүмкіндіктері бірдей емес. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсімдерді қайта бөлудің тетігін жасады. Ай сайын жиналған 30% жарна республикалық шотқа бағытталып отырды. Министрлік бұл түсімді тапшылығы бар облыстарға бөліп береді. Облыстар бойынша зейнетақы төлемдеріндегі айырмашылық әділетсіздік болып табылады, бұл халықты әлеуметік тұрғыдан қорғаудың ұлттық ынтымақтас­тығына салқынын тигізеді. Оның үстіне, бұл тиімсіз. Табысы жоғары облыстар барлық жарнаны жинауға аса ынталы болмайды, өйткені олар – әсіресе, сақтап қойған 70% түсімде­рінен өздерінің зейнеткерлеріне төлеуге мүмкіндіктері болса – олардың зейнеткерлерге төлейтін сомасынан асатын түсімдердің көп бөлігінен немесе барлығынан айырылып қалады. Қазақстан зейнеткерлер мен салымшылардың қайда өмір сүретініне қарамастан оларға бірдей қызмет көрсетілетін зейнетақы мен түсімдердің нақты ұлттық жүйесіне көшуі керек.

7. Басқарудың екі жақты әкімшілік құрылымына әкелетін жергілікті жерлердегі үкіметтің орталықсыздандырылуы бір жағынан – аймақтық деңгейдегі операциялар министрліктің бөлімшелерімен жүзеге асырылады, екінші жағынан – барлық аймақтық ұйымдар әкімдерге бағынады.

8. Зейнеткерлерге уақытылы төленбеген зейнетақы төлем­дер ондаған миллиард теңгеге жетті.

Зейнетақы реформасын жүзеге асырудың нәтижесінде зей­нетақыға кететін шығындардың үлес салмағы кеміп, әлеуметтік сақтандыру бюджетінде қаржылық ресурстардың жинақталуын қамтамасыз ететін табыс өсті.

Бұл ресурстарды мемлекеттік тұрғыдан қорландырылған зейнетақы сызбаларын нақты әрекетке енгізу үшін пайдала­нуға болады. Зейнетақы шығындарының үлес салмағының кемуіне нақты зейнетақы жасын ұзарту, сондай-ақ әлеуметтік сақтанды­рылған тұлғалардың үлес салмағын арттыру өз әсерін тигізуі керек. Бұл арада зейнетақы реформасы әлеуметтік сақтанды­рудың жүйесіне белсенді қосылуға, өз табыстарын толық ашып көрсетуге және өзінің еңбек ететін жылдарын ұзар­туға халықты ынталандыруы қажет.

Оның жүзеге асырылуы мемлекеттің макроэкономикалық жағдайына жағымды әсерін тигізеді деп болжанған болатын, мемлекеттік тұрғыдан қорландырылған зейнетақы мен жеке зейнетақы қорларының енгізілуі Қазақстанның капитал нарығын дамытуға ықпалын тигізетін ауқымды да, ұзақ мерзімді қаржы­лық капиталдың қалыптасуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жұмыс берушілерге арналған әлеуметтік сақтандырудың мөлшермесін кеміту және осы жүйеге кіруге мүдделік таныту­шылардың көбеюі көлеңкелі экономиканың үлес салмағын азайтады.

Бұл себептер мемлекеттің зейнетақы жүйесін реформалауға әкеп соқтырады. Онда халықаралық ұйымдардың сарапшылары мынадай принциптерді, атап айтқанда, табанды, тұрақты болуды, ең аз шамадағы әкімшілік құнмен әрекет етуді және т.б. ұсынды. Ал, зейнетақы бәріне бірдей әділ төленуі керек. Бұл арада зейнетақы реформасын жүзеге асыруда Қазақстан азамат­тарының санасын өзгертудің маңызы зор.

Жаңа реформаға сәйкес зейнетақы жасы ұзартылды: ерлер – 63 жас, әйелдер – 58 жас. Зейнетақы жасының ұзартылуы бір мезгілде емес, біртіндеп жүзеге асырылады:

1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ерлер – 61 жасында, әйелдер – 55 жасында;

1998 жылдың 1 шілдесінен бастап, ерлер – 61,5 жасында, әйелдер – 56,5 жасында;

1999 жылдың 1 шілдесінен бастап, ерлер – 62 жасында, әйелдер – 57 жасында;

2000 жылдың 1 шілдесінен бастап, ерлер – 62,5 жасында, әйелдер – 57,5 жасында;

2001 жылдың 1 шілдесінен бастап, ерлер – 63 жасында, әйелдер – 58 жасында зейнетақыға шыға алатын болды.

1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық артықшылықты зейнетақы жойылып, зейнетақыға шығудың талаптары бірдей болды. Зейнетақымен қамтамасыз етудің ынтымақтастық жүйесі кезінде экономика секторларының барлық субъектілері мемле­кеттің зейнетақы қорына еңбекақы қорынан (ЕҚ) 25% төлеп отырды. Бұл 25% екі ағымға бөлінді: оның біріншісі 15% мөлшерінде мемлекеттік зейнетақы қорына зейнетақы жарнасы ретінде түсе бастады. Қазіргі уақытта мемлекеттік зей­нетақы қоры зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталыққа (ЗТМО) айналып, мүмкіндіктері артты. ЗТМО осы 15%-тен 1998 жыл­дың 1 қаңтарына дейінгі зейнетақы алушыларға ағымдағы зей­нетақысын төледі және алдағы кезеңнің зейнеткерлеріне
1998 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнетақыға шыққан азамат­тардың еңбек стажының жылдар мөлшеріне пропорционалды мөлшерде төлене бастады. 10% мөлшеріндегі екінші ағым салымшының өз қалауы бойынша бекіткен зейнетақы келісім­шартына сәйкес мемлекеттік немесе мемлекеттік емес зейнет­ақы қорындағы жеке зейнетақы шотына міндетті зейнетақы жарнасы ретінде түсе бастады. Мұнда салымшы жылына 2 мәрте зейнетақы қорын себебін түсіндірмей ауыстыруға құ­қылы. Мемлекеттік емес зейнетақы жинақтаушы қорлар жабық акционерлік қоғамдар түрінде құрылды.

Билет

Наши рекомендации