Айда асығып барамыз?
Кеден одағы 2011 жылдың шілдесінен бастап іске кірісті, арада жарты жыл өтпей жатып 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол Бірыңғай экономикалық кеңістікке ұласты, ал 2015 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа жеткізілетін көрінеді. Қайда асығып барамыз? Барлық фактілерге қарағанда біз егемендігімізден айрылуға, ал Ресей бізді қайтадан қосып алуға асығып бара жатқан сияқты. Ресейліктер қазірдің өзінде Еуразиялық экономикалық одақ дегенді «Еуразиялық одақ» деп танып, «экономика» деген сөзді алып тастап, КСРО-ның жаңаланған формасы түрінде танитынын жасырмайды. Өзге емес Путиннің өзі 2011 жылы «Известия» газетіне берген мақаласында осылай деді. Міне, осындай жағдайда Назарбаев Путинге 2025 жылға арналған экономикалық әріптестіктің стратегиясын әзірлейік деген ұсыныс айтты. Бұл не деген дедектеу? Басып алғысы келген елге бата береміз бе? Әлде Путин асықтырып бара ма?
Еуроодақ елдері өздерінің экономикалық тұрғыдан одақтасуына 40 жылдық дайындықтан кейін ғана қол жеткізді. Ондағы мемлекет басшылары Назарбаевтан ақымақ емес, керісінше әлдеқайда ақылды адамдар. Еуроодақтың бюджетін құрайтын гранттың жалпы сомасы 105 млрд. еуро болса, соның 21,1 пайыздық жарнасын ең үлкен экономика – Германия төлейді. Одан кейінгі Франция –16,4., Италия –13,6., Ұлыбритания–13,05., Испания–8,5., Нидерланды – 5,3 пайыз және т.б. солай экономикалық қуаттарына сәйкес жарна төлейді. Ешкімнің ешқандай артықшылығы жоқ.
Ал біздің Кеден одағының негізгі жарнасы, тіпті барлығы деуге болады – Ресейдің мойнында. Еуропалықтарға еліктеп одақтың атқару органын бұлар да комиссия («еурокомиссия» деген сияқты) деп атады. Сол комиссияны 87,97 пайызға Ресей, 7,33 пайызға Қазақстан және 4,7 пайызға Беларусь қаржыландырады. Ұлтүстілік (наднациональный) парламент, министрліктер т.б. да қаржыландыратын Ресей. Адамзат тарихында барлық мәселені ақша шешетіні белгілі, «кто платит – тот и заказывает музыку» дейді орыс мақалы да. Ендеше барлық шығынының 90 пайызға жуығын Ресей төлеп отырса ол одақ кімнің мүддесін ойлайды, ең алдымен кімге бүйрегі бұрады, соны ойлап көрдік пе? Әлемнің еш түкпірінде мұндай «одақ» көрмейсің, бұл тең елдердің өз еріктерімен бірігуі (тіпті экономикалық болса да) емес, іс жүзінде Ресейге Қазақстан мен Беларусьтің қосылуы болып табылады. (Егер, барлық шығындарды Қазақстан, Ресей, Беларусь – үшеуі – 33,3 пайыздан өтейтін болса, онда бәлки, тең елдердің экономикалық одағы деп ойлануға болар еді). Сондықтан да Ресейлік истеблишмент «экономикалық одақ» дегенді айналыстан шығарып, Еуразиялық одақ дегенді ашықтан ашық қолданатын болды. Олар бұл одақты де-факто Ресей билігіндегі жаңа КСРО деп қабылдауға толық құқы бар. Мұндай жағдайда біздің тәуелсіздік туралы үніміз жақын болашақта өшеді. Одақтың тілі, ділі, саясаты, экономикасы, тәрбиесі, қалпы – бәр-бәрі қайтадан «ұлы орыстікі» болады. Путиннің асығуы тегін емес, шындық Назарбаевтың басына жеткенше – ол өзіне қажетті одақты тезірек құрып алмақшы.
Еуроодақтың білікті сарапшыларының айтуына қарағанда Путиннің Кеден одағын құру мақсаты – Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалына қарсы тұруға бағыталған. Дұрыс. Ол өзінен экономикалық жағынан қуатты, даму перспективасы жоғары, прогрессивті елдің болашақ экспансиясынан қорқады. Біздің президентіміз экономиканы дамытуға алып рынок («170 млн-дық рынок») керек дегенді аузынан тастамайды. Егер оның сөзі шындық болса, Ресей Еуразиялық одаққа Қытайды да тартып алар еді ғой. Өйткені Қытаймен қосылса 170 млн түгіл 1,5 млрд-тық рынок туар еді ғой. Бұған Қытай жағы еш қарсылық та білдірмес еді. Бірақ Ресей оған ешқашан баспайды. Неге? Өйткені мұндай одақта оның жұтылып кету қаупі бар. Ондай одақ бола қалса жетекші рөлді Қытай алып кетеді және қытай өндірісшілеріне қарсы орыстар бәсекелесуге дәрменсіз.
Ал біз неге жұтылып кетуді ойламайсыз, өзіміздің өндірушілеріміздің, экономикалық потенциалымыздың Ресейден әлдеқайда әлсіз екенін неге көре алмаймыз, тәуелсіздігімізден айрылып қалу қаупінен неге жасқанбаймыз? Одақшыл болсақ өзімізбен терезесі тең мемлекеттермен біріксек керек еді ғой. Рас, бір кезде Орталық-Азиялық одақ (ЦАС) бола жаздаған, бірақ оны көршілеріміз керек қылмады. Олардың басшылары Назарбаевтан ақылсыз емес еді, әрқайсысы алдымен өздерінің экономикасын дамытуды, өздерінің мүддесінің орындалуын қалады.
Одақ деген идеяны Назарбаевтың басына сіңіріп жүрген Машкевич, Шодиев және т.б. сияқты Қазақстанды теспей сорып, көмір, темір, мұнай, мыс, мырыш т.б. ресурстарын сыртқа тасымалдаумен ғана айналысып, байлыққа шүйгіп жүргендер. Оларға Ресеймен бір одақта болу өте тиімді, өйткені, біздің елден Ресейге шығарғандағы Қазақстанның қоржынына түсетін баж салығынан босатылады. Ал бұл жылына бәлен млрд-таған доллар. Әйтпесе, «170 млн-дық рынок» іздеп, біздің тауарларымыз қамбамызға сыймай жатқан жоқ, өндірісіміз қалт-құлт етіп, жаңа ғана дамып келе жатқан. Авто, вагон және т.б. құрастырушыларымыз да ішкі рыноктан аса алмайтын.
Ал Беларуссияға Кеден одағының керек себебі, еуродақ сарапшыларының айтуына қарағанда, (нақты айтқанда О.Шумило-Топиола): «для Лукашенко, Таможенный союз является способом, чтобы обеспечить выживание своего режима». Шын мәнінде солай екені даусыз.