Параграф 7. көлік саласында заңдардың қолданылуын қадағалау
81. Көлік прокурорлары:
1)көліктегі уәкілетті мемлекеттік органдардың тарапынан;
2)теміржол, су, әуе, құбыр (суағардан басқа) көліктеріндегі, метрополитендегі, ғарыш қызметі саласындағы шаруашылық субъектілерінің, халықаралық автомобильмен жолаушыларды, багажды, жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автомобиль, қалалық электрлі көлік, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы объектілерін салу мен пайдалануды жүргізетін ұйымдардың заңдарды қолдануын қадағаласын.
82.Көліктегі қадағалаудың негізгі міндеттері:
1)мемлекет пен ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қорғау, соның ішінде терроризм, есірткі заттарын тасымалдау, заңсыз көші-қон фактілеріне жол бермеу;
2)теміржол, су, әуе, құбыр көліктері мен метрополитендегі, көлік инфрақұрылымы объектілеріндегі қауіпсіздік;
3)табиғи ортаның көліктің барлық түрдегі қызметінен, әсіресе қауіпті, разрядтық және басқа да жүк тасымалдау кезінде экологиялық қорғалуы;
4)тасымалданатын стратегиялық маңызды жүктердің (мұнай, мұнай өнімдері, астық, әскери жабдықтар) сақталуы.
Жолаушыларға қызмет көрсету және тұтынушыларға көлік қызметін көрсету кезінде прокурорлық қадағалаудың құқық қорғау функцияларына баса назар аударылсын.
83.Көлікте жүру қауіпсіздігі мәселелері бойынша тексерулер қажеттілігіне байланысты жоспарлансын, бірақ мұндай тексерулер жылына екі мәртеден кем болмай, ал су көлігінде – навигациялық кезеңде ұйымдастырылсын.
84.Көлік прокурорлары жарты жылда кемінде бір рет темір жол, әуе және су көлігі мен метрополитендегі жүру қауіпсіздігі бойынша заңдылық жағдайын және көліктегі төтенше оқиғалардың себеп-салдарларын жинақтап қорытсын. Жинақтап қорыту нәтижелері бойынша ақпарат жарты жылдықтан кейінгі айдың 5-ші жұлдызына дейін Бас прокуратураға жолдансын.
85.Темір жол, әуе, кеме және құбыр көліктері мен метрополитендегі қозғалыс қауіпсіздігіне шынайы қатер туғызатын, жаппай жанжалдың туындауы туралы сигналдарға дереу шара қолданылсын. Көлік прокурорлары мұндай жағдайда оқиға орындарына қызметкерлердің баруын қамтамасыз етіп, тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізсін, ал заңдылықтың бұзылуы анықталса, тиісті ықпал ету шараларын қолдансын.
86.Көлік прокурорлары аумақтық прокурорлармен бірлесіп шара қабылдау мәселелерін шешуді қарастыра отырып, хабарландырудың әзірленген нобайларына сәйкес апат, авария және көліктегі басқа да түрлі дәрежедегі төтенше оқиғалар орын алған жерлерге дереу жетсін.
Мұндай оқиғалардың әрбір фактісі бойынша 24 сағаттың ішінде Бас прокуратураға арнайы хабарлама жолдансын.
Төтенше оқиғалар болған жерлерден көлік прокуратуралары елеулі алыс болса, жақын тұрған аумақтық прокурорлар оқиға орнына барып, ол туралы Бас прокуратураға хабарласын және жиналған барлық тексеру материалдарын көлік прокурорына берсін.
87.Әлеуметтік-экономикалық саладағы және қадағалауындағы объектілер мен аумақтарды қамтитын мәселелер бойынша қадағалау осы Нұсқаулықтың талаптарын ескере отырып жүргізілсін.
Параграф 8. Қоршаған ортаны қорғау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы заңдардың қолданылуын қадағалау
88. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы заңдылықты қамтамасыз ету табиғатты қорғау заңнамасын қолдануды қадағалау саласындағы басымдықты мақсат болып саналсын.
Төмендегі мәселелерге баса назар аударылсын:
1)су қорғау аймақтарында құрылысты жүргізу кезінде заңдылықты қамтамасыз ету;
2)табиғи ресурстарды пайдалану құқығын заңсыз беру фактілерін анықтау және тосқауыл қою;
3)құқыққа қайшы әрекеттердің нәтижесінде қоршаған ортаға келтірілген залалдың өтелуі;
4)табиғатты қорғау заңнамасының осы саладағы басымды қадағалау бағыттары бойынша тексеру ұйымдастыруға және жүргізуге (шаруашылық қызметтің субъектілеріне арнайы табиғатты пайдалану құқығын беру; Қазақстан Республикасының жануарлар, өсімдіктер әлемін, орман және су ресурстарын пайдалану құқығын беру; өкілетті мемлекеттік органдардың қызметі мен әрекеттерінің заңдылығы);
5)табиғатты қорғау іс-шараларына арнап бөлінген қаражаттарды жұмсау, сондай-ақ табиғи ресурстарды пайдаланғаны және қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемақыны алу кезінде заңдылықтың сақталуы;
6)ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, сирек және жоғалып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктердің сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ тіршілік әрекеті үшін аса қолайлы экологиялық жағдайларды қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар.
89.Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар қоршаған ортаға кері әсер ету, сирек кездесетін, эндемиктік және жойылып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктердің олжалануы, орман ағаштарының шабылуы, жердің құнарсыздануы мен бүлінуі, атмосфера мен табиғат ресурстарының ластануымен байланысты құқық бұзушылық пен қылмыстық істер бойынша өндіріс заңдылығының бұлжытпай сақталуын қамтамасыз етсін.
90.Орталық атқарушы органдарынан жер қойнауын пайдалану құқығын алған жер қойнауын пайдаланушылардың қызметі Бас прокуратураның тапсырмалары немесе келісіміне сай тексерілсін.
91.Жер қойнауын пайдаланушылар қызметінің заңдылығын тексеру барысында міндетті түрде қоршаған ортаны қорғау, әсіресе оны ластау мәселелері тексерілсін.
Сонымен қатар, төмендегі мәселелерге баса назар аударылсын:
1)келісім-шарттық міндеттерді орындау барысында мемлекеттің экономикалық мүдделерінің сақталуы, соның ішінде салық және бюджетке төлемдердің төленуі;
2)аймақты әлеуметтік-экономикалық тұрғыда және инфрақұрылымын дамытуға қатысу;
3)қазақстандық кадрларды тарту мен қазақстандық тауар, жұмыс және қызметтерді алу бойынша міндеттерді орындау.
92.Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар өз құзырындағы қадағалау аумағында төтенше жағдайдың туындағаны туралы 24 сағат ішінде Бас прокуратураға хабарласын.
93.Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды алдын алу және жою саласында занаманың қолданылуын қадағалауда төмендегі мәселелерге баса назар аударылсын:
1)төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша шаралардың уақтылығы, толықтығы мен тиімділігі және оның себептерін жоюға бөлінген бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуы;
2)төтенше жағдайлар аймағының одан әрі таралмауына бағытталған құтқару, авариялық-қалпына келтіру жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстардың уақтылығы мен толықтығы;
3)төтенше жағдайлардың пайда болуына әкеп соққан аварияны, зілзала мен басқа да оқиғаларды тексерудің, кінәлі тұлғаларды заңмен белгіленген жауапкершілікке тартудың жан-жақтылығы мен объективтілігі;
4)халықты және зардап шеккен қызметкерлерді әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар салдарынан азаматтардың денсаулығы мен мүлкіне, қоршаған ортаға келген зиянды өтеу бойынша шаралардың жүзеге асырылуы;
5)табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың зардаптарын жою үшін бөлінген мемлекет қаражаттарын пайдаланудың заңдылығы мен мақсаттылығы.
Экологиялық және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды алдын алу және жою, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы заңдардың қолданылуы саласындағы заңдылық пен прокурорлық қадағалаудың жағдайы туралы ақпарат облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлармен жарты жылда бір рет, есептік кезеңнен кейінгі айдың 5-ші жұлдызынан кешіктірілмей Бас прокуратураға жолдансын.
Параграф 9. Қоғамдық және бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау
94. Аталған қадағалау саласында төмендегі мәселелерге баса назар аударылсын:
1)қадағалау аумағындағы қоғамдық, діни бірлестіктердің, басқа үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіндегі заңдылықты жүйелі талдау;
2)адамның денсаулығы мен өміріне залал келтірумен, азаматтардың бостандығын шектеу мен одан айыру, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты алаяқтық жасаумен, соның ішінде жалған діни тәжірибе мен халықтық медицина әдістерін пайдаланушы қоғамдық және діни бірлестіктер мен өзге де топтардың әрекетін болдырмау.
95.Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, қоғам мен мемлекет мүдделерінің бұзылу белгілері бар материалдар бойынша дереу тексеру жүргізіліп, олар бойынша аталған ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін тоқтата тұру немесе тоқтату туралы мәселелер қоя отырып тиісті қадағалау актілері қабылдансын, қажет болған жағдайда, материалдар құқық қорғау органдарына тиісті сараптама тағайындау және процессуалдық шешім қабылдау үшін жолдансын.
Бұл ретте конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге, Республика тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, заңсыз қарулы құрылымдарды құруға, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік, және рушылдық араздықты қоздыруға бағытталған ұрандар мен іс-әрекеттер батыл түрде тыйылсын.
Осы қызмет аясында қадағалау аумақтарында ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің жай-күйіне, әлеуметтік қауырттылықтың бар-жоқтығына және оның дәрежесіне құқықтық талдау тұрақты түрде жүргізіліп, жанжал жағдайларын шешу бойынша заңды шаралар әзірленсін.
96.Қоғамдық, діни бірлестіктер, басқа да үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау мен тиісті өкілетті органдардың күші аталған субъектілердің тарапынан есеп-тіркеу, қаржы және салық тәртібі мәселелерінде заңдылықтың сақталуына, оларды заңмен тиым салынған қаржы көздері арқылы қаржыландыру фактілерін болдырмауға, заңсыз түрде наразылық жиындарын өткізудің алдын алу үшін оларды ұйымдастырушыларға ұйғарым енгізу, заң талаптарын түсіндіруге және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартуға бағытталсын.
97.Қоғамдық және діни бірлестіктердің қызметіндегі заңдылықтың сақталуын тексерген кезде, еліміздегі қоғамдық-саяси және діни ахуалдың тұрақсыздануына бағытталған қоғам мүддесіне қайшы мазмұндағы әдебиет пен өзге де ақпарат тасымалдаушылардың Қазақстан Республикасына заңсыз әкеліп, тарату фактілеріне назар аударылсын.
Аталған жағдайларда дереу тиісті сараптамаларды тағайындап, 24 сағаттың ішінде Бас прокуратураға хабарлама және заңсыз мазмұндағы басылымның бір данасы немесе оның көшірмесі жолдансын.
98.«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңы талаптарының сақталу мәселелері бойынша тексеру қадағалау аумағындағы басылымдарда жарияланатын, таратылатын, телерадиокомпаниялармен шығарылатын және Интернет - ресурстарында орналастырылатын материалдарды үнемі зерделеу негізінде жоспарланып, жүргізілсін.
99.Уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнаманың сақталуын және аталған саладағы құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесуді қамтамасыз ету жөніндегі бақылау функцияларының тәжірибесіне, жеткіліктілігіне талдау жүргізілсін.
Әркімнің сөз бен шығармашылық еркіндігіне, өз көзқарастары мен сенімдерін баспа арқылы және өзге де нысанда білдіру, заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясымен белгіленген құқығының қорғалуына бағытталған қадағалауға баса назар аударылсын.
100.Экстремизм немесе терроризмді, сондай-ақ қатыгездікке, зорлық-зомбылыққа бас ұруды, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық басымдықты насихаттауға және ақтауға бағытталған заңдылықты бұзуды болдырмау бойынша шаралар қабылдансын.
101.Бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты талап енгізу қажеттілігі пайда болатын кезде, Бас прокуратурамен алдын ала келісілсін. БАҚ-пен, үкіметтік емес ұйымдармен байланысты не оның қатысуымен өтетін барлық азаматтық даулар, әкімшілік және қылмыстық өндірістер туралы ақпарат, кімнің іс бойынша тарап болуына қарамастан, міндетті түрде Бас прокуратураға дереу хабарлансын.
102.Қарастырылып отырған мәселелер бойынша әкімшілік, қылмыстық және азаматтық істер бойынша қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдары үкіметтік емес ұйымдардың қызметінің тоқтатылуы мен қысқартылуы туралы талап арыздар материалдарымен қабылданған шешімдер, олардың соттарда заңды және уақтылы қаралуы, заңда көрсетілген жауапкершілік шараларының қолданылу заңдылығы туралы мәліметтер жинастырылып отырсын.
103.Бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдардың туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау жөніндегі жұмыстың нәтижелері жарты жылда кемінде бір рет жинақтап қорытылсын.
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар жинақтап қорыту нәтижелері, оның ішінде сот-тергеу, прокурорлық практика нәтижелерін, заңнаманы жетілдіру бойынша дәлелді ұсыныстар келтірумен, қадағалау аумағында тіркелген (жұмыс істеп жатқан және жұмыс істемейтін) бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық бірлестіктердің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың саны туралы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына, олардың меншік иелеріне не журналистерге қатысты азаматтық, қылмыстық не әкімшілік істердің болуы туралы мәліметтер көрсетілген ақпаратты Бас прокуратураға жолдасын.