Тапсырма. Рөлдерге бөлініп ойнаңыздар.

Тапсырма. Рөлдерге бөлініп ойнаңыздар. - student2.ru Сіз қонақты қалай шақырасыз? Достарыңызды, туыстарыңызды қонаққа шақырыңыз.

Сіз білесіз бе?

· Көршіңіз жаңадан көшіп келсе, сіз танысуға қонаққа шақырасыз. Оны “ерулік” дейді.

· “Соғым” сойғанда, көршілерді, туыстарды, достарды қонаққа шақырасыз. Оны “соғым басы” дейді.

· Жұмысқа көмектесуге жолдастарыңызды, туыстарыңызды, көршілеріңізді шақырасыз. Оны “асар” дейді.

Тапсырма. Бата қандай жағдайда берiлетiнiн еске түсiрiңiздер.

Бата-тілек білеміз бе? Өздеріңізге ұнаған батаны жаттап алыңыздар.

1.

Бастарыңа бақ берсін,

Не берсе де нақ берсін!

Қырда жүрген Қызырды

Үйлеріңе ап келсін!

Қарындарың тоқ болсын,

Қайғыларың жоқ болсын,

Шүпірлеген үйіңде

Балаларың көп болсын!

Әумин.

2.

Әумин десең маған,

Құдай берсін саған!

Оң жағыңа қарасаң,

Алтыннан терек орнасын,

Сол жағыңа қарасаң,

Күмістен терек орнасын!

Еш жамандық болмасын,

Аман болсын мал-басың!

Қызыр болсын жолдасың!

Дастарқан байлығын берсін,

Деніңнің саулығын берсін!

Әумин.

Артық болмас бiлгенiң

Үйлену тойының мерейтойлары мен оларға қатысты әдет-ғұрыптар

Отау тiккен 1 жылдан кейiн шыт той тойланады, жастар бiр-бiрiне мақта маталы қолорамалдар сыйлайды.

Үйлену тойы өткен соң 2 жылдан кейiн қағаз той тойлауға болады.

3 жылдан соң терi той.

5 жылдан кейiн ағаш той тойланады. Бұл күнi жұбайлар бiр-бiрiне ағаштан жасалған үй бұйымдарын сыйлайды.

7 жыл – мыс той, ерлi-зайыптылар мыстан жасалған сақиналармен алмасады. Сондай-ақ баянды бақыттың белгiсi ретiнде мыс тиындар, мыс әшекейлер сыйлыққа ұсынылады. Мыс мықты зат болғандықтан, бұл салттың астарында неке де мыстан мықты, мызғымас болсын деген ниет жатады.

Отау тiккен өмiрдiң 10 жылдығы раушан гүлi күнiмен атап өтiледi. Бұл күнi той иелерiне алқызыл раушан ұсынған дұрыс.

Некенiң 15 жылдығы – әйнек той. Бұдан кейiн де жұбайлық өмiр таза, ашық болуы үшiн бұл күнгi сыйлықтар мөлдiр әйнектен болғаны дұрыс.

20 жылдан кейiн – фарфор той, той дастарқанының мәзiрi жаңа фарфор ыдыстарға салынады.

Үйлену тойының 25 жылдығы – күмiс той. Ерлi-зайыптылар алтын неке сақиналарының қасына күмiс сақиналар тағады.

Отбасылық өмiрдiң 30 жылдығы – маржан той, әйелi ерiнен маржан моншақ сырға, сақина сияқты әшекейлi сыйлық алады.

35 жыл – кенеп той, қонақтар той иелерiне кенептен тiгiлген төсек-орын жаймаларын сыйға тартады.

Шаңырақтың 40 жылдық мерейтойы рубин той деп аталады. Ерi зайыбына мәңгiлiк махаббат белгiсi ретiнде асыл тасты сақина сыйлайды.

Жұбайлық өмiрдiң 50-iншi жылы – алтын той, тозығы жеткен неке сақиналарын жаңа алтын сақиналармен айырбастайды.

60 жылдық мерейтой – бриллиант той, 65 – темiр, 75 – тәждi, 100 - қызыл той деп аталады.

БӨЖ тапсырмалары (ІІ апта)

Мәтіндерді оқып, қазақ халқының дәстүрлері туралы ой бөлісіңіздер.

Отбасы және ұлттық дәстүрлер

Шілдехана

Нәрестенің дүниеге келген құрметіне арналған дәстүрдің бірі – шілдехана. Нәресте дүниеге келген күні оған құрмет көрсету үшін әйелдер мен қыз-келіншектер өлең айтып, ән-жыр, күй-бимен, ойын-сауық өткізген. Шілдехана дастарқанына арнап сойылған қойдың он екі омыртқасының етін жеп, мойын сүйегін үйдің жоғары жағына іліп қойған. Бұл – нәрестенің мойны тез бекісін деген ырым.

Балаға ат қою

Бала дүниеге келгеннен кейін атасы мен әжесі немесе ауыл ақсақалы балаға ат қояды. Ат қоюшы адам баланың құлағына: «Сенің атың…» деп үш рет қайталайды.

Бесікке салу

Шілдехана тойынан кейін баланың әке-шешесі бесік тойын жасайды. Баланың қарын шашын алып, бесікке салады. Ағаштан жасалған бесікті баланың нағашылары немесе жасы үлкен қадірлі аналардың бірі сыйға береді. Ең алдымен, бесікке салушы әйел бесіктің өзін жын-шайтандарды қуу үшін, түрлі иістерден арылту үшін, отпен аластап шығады. Содан кейін бесікке көрпешелер мен жастықшаларды ретімен салады. Баланы бесікке жатқызып, бөлейді. Қолбау, белбеу және аяқбаумен тартып байлап қояды. Алдымен бесіктің үстіне жеті түрлі зат жабады. Бала «халықшыл болсын» деп тон, шапан жабады, «ат жалын тартып мінсін» деп қамшы іледі, «көз тимесін» деп тұмар тағады, «қырандай көреген болсын» деп бүркіттің тұяғын байлайды.

Ырқынан шығару

Туғанына қырық күн толғанда, баланы қырқынан шығарады. Қырқынан шығаруға жиналған әйелдер баланы теңге, сақиналар салынған ыдысқа шомылдырады. Келесі кезекте баланың шашын, тырнағын алады. Шашын шүберекке түйіп, киімінің иығына қадайды. Тырнағын адам баспайтын жерге көмеді. Бала қырқынан шыққанға дейін киген итжейдесіне тәттілерді түйіп, иттің мойнына байлап қоя береді.

Тұсау кесу

Тұсау кесу – сәби қаз тұрғаннан кейін, тәй-тәй басып жүрген кезде жасалатын салт-дәстүр. Арнайы дайындалған ала жіппен баланың аяғын тұсап байлайды. Жіпті қадірлі, ісі алға басып тұрған, әрі жылдам жүретін адам кеседі. Бұл – бала осы адамға тартсын деген тілектен туған рәсім.
Сүндеттой

Баланы сүндетке отырғызып, қуанышын елмен бөлісу ата-ананың парызы болып есептеледі. Кез келген ұл баланың арманы – жігіт болу, азамат болу, сол себепті ол да іштей бұл күнді күтеді, асығады. Осы күні баланың үстіне жаңа киім кидіріп, екі иығына үкі қадайтын болған. Содан кейін өзіне нағашылары сыйлаған тайға мінгізген, ал оның үстіне қоржын салған. Тойға келген туған-туыстар, жекжат-жұрағаттар балаға міндетті түрде сый алып келген. Баланы тақ жаста – үш, бес, жеті жаста сүндетке отырғызған. Қазақ халқы көктем мен күз айларында сүндеттеу қолайлы деп есептеген. Сүндетке отырғызған балаға арнайы «сүндетжейде» мен «сүндеткөрпе» тігіледі. «Сүндетжейде» – кең әрі ұзын етіп тігілетін жейде.

Наши рекомендации