Имамның ғылыми дәрежесі және сүйенген негіздері
Имам Әбу Ханифа - тәуелсіз фақиһ. Фиқһ ілімінде имам ешкімге еліктемейтін тәуелсіз жолды ұстанып, оны терең меңгереді. Имаммен араласқан ғұламалардың бірінің былай дегені бар: «Әбу Һанифаның қасында бес жыл болдым. Көп сөйлемей, ұзақ үнсіздік сақтайтын кісі еді. Ал, енді фиқһтан бір мәселе сұралса болды, әңгімеге ашылып, өзен арнасындай ағатын. Даусы күшейіп, дауыстап сөйлейтін». Замандасы Абдулла ибн Ал-Мүбарак имамды «Ілім көзі»-деп сипаттайтын. Имамның ақыл-ойы, көзқарастары мен білімі ғасырына үлкен әсерін тигізді. Философтармен және түрлі ағым өкілдерімен пікір таластырып, оларды қате көзқарастарынан қайтаратын. Имам фиқһ саласында, хадистерді түсінуде, айтқан үкімдерінің дәлелдерін баяндауда ерекше парасатты болатын. Замандастары ол жайында былай дейді: «Өз кезімізде хадисті одан артығырақ түсінетін ешкімді білмедік».
Бұл білім имам Әбу Ханифаға қайдан келді? Сүйенген негіздері қандай? Ислам әлемі тарихында имамның мәртебесін не көтерді?
Әбу Ханифаның ғылыми көркем бейнесінің қалыптасуы төрт факторға негізделеді. Олар: 1) сипаттары; 2) ұстаздары; 3) жеке ізденісі мен тәжірибесі; 4) ғасыры.
1) Сипаттары.Әбу Ханифаны көрген ғұламалар оның бойынан болашақ ғалымның бейнесін байқайтын. Имам бастаған ісіне табандылықпен берілетін. Шешіміне сенімді болатын. Алысқа қарап ойлайтын. Дауға билік айтарда, алдымен, істің жәйттерін анықтайтын. Сезімдеріне ұстамды болып, нәпсісін бақылауынан шығармайтын. Қарсы сөзді әрдайым жеңіл қабылдап, ақиқаттан ауытқымайтын. Қарсыласының қатты сөзін «Аллаһым! Бізді күндеген адамдарға жүрегіміз әрдайым ашық»-деп қабылдайтын. Пәтуа беруінде ешкімнің көңіліне ермейтін. Құран мен сүннеттің мәтіндеріне ғана, сондай-ақ сахабалардың пәтуаларына сүйенетін. Мәселені зерттегенде мәтін мен істің де сыртқы мағыналарымен шектелмей, жәйттерді есепке алып, алысқа қарап ойлайтын. Ақиқатқа жетуде ықыласты болатын. Пікір таластырғанда ақиқатқа жетуден басқаны көздемейтін. Өз пәтуасын ұстануды ешкімге міндеттемейтін және оны ойлардың ең дұрысы деп пайымдамайтын. Керісінше, адамдарға былай дейтін: «Біздің бұл сөзіміз - ойымыз ғана. Қол жеткізген ойларымыздың жақсырағы осы болды. Кім бұл сөзімізден жақсырағын әкелсе, онда оның сөзін ұстану лайықтырақ болады». Міне, осы аталған сипаттар Әбу Ханифадан үлкен фақиһты жасап шығарды.
2) Ұстаздары.Имам Әбу Ханифаның кішкентай күнінде біраз сахабалармен кездескені рас. Олар: Анас ибн Мәлик, Абдулла ибн Әбу Ауфа, Саһіл ибн Сағд, Аллаһ тағала оларға разы болсын. Бірақ кішкентай болғандықтан, олардан ешнәрсе жеткізбеген. Тарихшы ғалымдардың жеткізген нақты деректер бойынша имам үлкен табиғундармен кездесіп, олардан дәріс алған. Табиғундардың сахабалардан алған фиқһын үйреніп, біраз хадистер мен сахабалардың сөздерін жеткізгені бар. Мұны имамның өз сөзі бекітеді: «Білім мен фиқһ бұлағында болдым және оның басындағы ғұламалармен отырдым. Нәтижесінде, Аллаһқа шүкір, сол бұлақтан сусынданған фақиһтардың біріне айналуым нәсіп болды».
Әбу Ханифаның үлкен ұстаздары: Шейх Ата ибн Әбу Рабах пен Шейх Нафиъ. Ата ибн Әбу Рабах фиқһты Икримадан, ал Икрима Ибн Аббастан үйренген.
Ал Нафиғ фиқһты Ибн Омардан үйренген. Осылайша, имам Әбу Ханифа табиғундар арқылы Омардың, Әлидің, Ибн Аббастың, Ибн Масғудтың және Ибн Омардың білімдерін мұраланады, Аллаһ тағала оларға разы болсын. Сонымен қатар имам Әбу Ханифа пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) әулетінен болған Зайд ибн Әли, Мұхаммед Ал-Бақир, Жағфар Ас-Садық, Абдулла ибн Хасан ибн Хасан секілді тұлғалардың білімінен де хабардар еді.
Имам өз ғасырында бой көтерген түрлі ағымдардың өкілдерімен кездесіп, олардың да көзқарастарымен, сөздерімен, келтірген дәлелдерімен таныс еді. Олардың сөздерінде дұрыс болғанын алып, қате болғанын түзететін.
3) Жеке ізденісі мен тәжірибесі.Имам Әбу Ханифаның өмірлік бағыты, білім ізденісі және мол тәжірибесі оның фақиһ ғалым болуына зор ықпалын тигізді. Білім іздеуімен қатар саудасын тастамаған еді. Ерте кезден саудамен айналысқандықтан бұл кәсіптің егжей-тегжейін және онымен байланысты ғұрыптар мен мәселелерді жақсы білетін. Бұл тәжірибе оның муамалат (қарым-қатынастар) саласындағы үкімдерді айтуына зор пайдасын тигізді. Ол Құран мен сүннет мәтіндерінен, сахабалардың пәтуаларынан, «қияс», «ғұрып», «истихсан», «жағдайларды есепке алу», «екі зиянның ең жаманын қақпайлау» секілді тәсілдерді қолданып, үкім шығара алатын мужтаһид дәрежесіне жетті. Осы ыждағаттың негізінде адамдарға фиқһты үйрететін жаңа мәзһабтың негізі салынды.
Имамның тәлім беруде арнайы тәсілі болатын. Бұл тәсіл ұстаз бен шәкірттің ойлау жүйесін қоса арттыратын. Мәселенің үкімін бекітуде имам, алдымен, ол мәселені шәкірттерімен отырғанда ортаға салып талқылайтын. Шәкірттерінің ойларын тыңдап, кейін өз ойын айтатын. Сөйтіп, осы талқылаудан барлығы келіскен түйінді ойды шығаратын. Осы тәсілдің рухымен имамның және шәкірттерінің ілімі мен ойы үздіксіз дамуда болатын.
4) Ғасыры. Имам Әбу Ханифа Үмауия мемлекетінің қуатты кезеңін де, құлдыраған кезеңін де, ал Аббасия мемлекетінің қуатты кезеңін ғана көрді. Үмауия мемлекеті кезінде елу екі жыл өмір сүріп, ғылыми дәрежесі кемеліне жетті. Ғұмырының қалған он сегіз жылын Аббасия мемлекетінде өткізді.