Тақырып 9 Еңбек құқығы негіздері.

Еңбек құқығының пәніне өндірістік қызметте жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдаланудан туған қоғамдық қатынастар., яғни еңбек қатынастары мен олармен тығыз байланысты еңбектік емес қатынастар жатады, соңғыларына а) ұйымдық басқару қатынастары; ә) қызметке орналасу мен қызметті қамтамасыз ету қатынастары; б) өндірісте мамандарды тікелей дайындау; в) зиян орнын толтыру; г) еңбек дауларын қарау бойынша процесуальдық қатынастар; д) еңбекті қорғау және еңбек заңын сақтау бойынша қатынастар жатады.

Еңбек құқығының қағидалары:

1. Еңбек шартының бостандығы;

2. Жұмысқа негізсіз қабылдамаудан және жұмыстан заңсыз шығарудан қорғау;

3. Еңбектің саламатты және қауіпсіз талаптарын қамтамассыз ету.

4. Мемлекетпен белгіленген ең төменгі жалақы мөлшеріне құқық;

5. Еңбек күнін заңдық шектеу, демалыспен қамтамасыз ету;

6. Заңмен бекітілген жеңілдіктермен еңбекті біріктіру;

7. Еңбек тәртібін жұмысшылардың сақтауы, мекеме мүлкін сақтау;

8. Ауыру, мүгедектікке шығу, қамқоршысынан айырылу кезінде әлеуметтк қамтамасыз ету. Жас бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру;

9. Өндіріс басқаруында еңбек ұжымының және жұмысшылардың қатысуы;

Еңбек құқығының қайнар көздеріне Конституция, ҚР «Еңбек туралы» заң және еңбек шарттары, т.б. актілер жатады. Еңбек шарты (контракт) – жұмыс беруші (мекеме) мен еңбекші арасындағы шарт. Ол бойынша жұмысшы еңбек етуге, еңбек тәртібіне бағынуға тиіс, ал жұмыс беруші (мекеме) еңбекақы төлеуге, еңбек жағдайын қамтамасыз етуге міндетті. Еңбек шартының талаптары; 1) қажетті талаптар, яғни, а) қабылдану бойынша өзара келісім мен жұмыс орны туралы келісім; ә) жұмысының еңбек функциясы туралы талап; б) жұмыстың басталу сәті, ал қысқа мерзімділер үшін жұмыстың аяқталу сәті де; в) еңбекақы төлеу шарттары туралы талаптар. 2) факультативті (қосымша, толықтырма) талаптар – бұлар еңбек шартын жасау фактісіне әсер етпейді. Тағайындалуы бойынша әртүрлі болады. Мысалы, жұмысты орындау тәртібін қосымша регламентациялау, міндеттер көлемін нақтылау, мамандық пен лауазымды сәйкестендіру, сынау мерзімі және т.б.

Еңбек шарты тек жазбаша жасалуы тиіс. Еңбек шартының тоқтатылу негіздері; 1) жақтардың өзара еркі арқылы (мысалы, тараптар келісімі басқа жұмысқа жұмысшы келісімімен ауыстыру, сайланбалы лауазымға ауысу) 2) әкімшіліктің инициативасы бойынша; 3) жұмысшы өтініші бойынша; 4) өзгенің инициативасы бойынша (әскерге шақыру, кәсіподақ органының талабымен жұмыстан босату, сотталғанда заң үкімінің күшіне енуі).

Жұмыс уақыты еңбектің экстенсивті мөлшері болып табылады. Оның мынадай түрлері бар:

1) қалыпты жұмыс уақыты (заңмен бекітілген ортақ, жалпы жұмыс уақыты) – аптасына 40 сағат;

2) қысқартылған (заңмен қарастырылған жағдайда тағайындалады) – аптасына 36 сағаттан аспау керек. Бұл уақыт кәмелетке толмағандарға, зиянды, ауыр жағдайда жұмыс істейтіндерге, жекелеген жұмысшылар категориясына (мұғалімдер, дәрігерлер және т.б);

3) толық емес, яғни тараптар келісімі бойынша жүктеме бекітілетін және еңбекақы істеген уақытқа пропорционалды түрде төленетін жұмыс уақыты;

4) нормаланбаған жұмыс күні – қызметтің ерекше қажеттілік жағдайында атқарылатын уақыты. Ол қалыпты және қысқартылған жұмыс уақытымен істейтіндерге қолданылуы мүмкін.

Жұмысты уақыттық жағынан шектеу – еңбек құқығының қағидасы. Оған сәйкес мынадай жалпыға ортақ демалыс түрлері бар: а) жұмыс уақытындағы үзілістер; ә) күнаралық үзілістер; б) апта аралық демалыс күндері; в) мейрам күндері; г) жыл сайынғы демалыс.

Еңбекақы төлеу ешқандай кемсітусіз болуы тиіс. Еңбекақы төлеуді реттеу негізінде еңбекақы төлеу тарифтері жатады. Тәртіп бойынша еңбекақы тарифтік жүйе негізінде төленеді. Бірақ, тарифсіз жүйелер де пайдаланылуы мүмкін. Мысалы, шартты коэфиценттер: 1) еңбектік қатысу коэфиценті; 2) еңбектік үлес коэфиценті; 3) еңбек тиімділігі коэфиценті; қолданылуы мүмкін. Басшылардың, мамандардың , қызметкерлердің еңбегін төлеу лауазымдық кесімді қызметақы негізінде жүргізіледі.

Бюджеттік ұйымдар жұмысшыларына еңбекақы төлеу негізінде біріңғай тарифтік тор жатыр. Ол 18 категориялардан тұрады. Әрбір категорияға тарифтік коэфицент сәйкес келеді. Мұнда жұмысшының атқаратын қызметі, лауазымы , жұмыс стажы есепке алынады.

Еңбек қауіпсіздік және гигиена талаптарына сәйкес жүзеге асуға тиісті.

Кең мағнасында еңбекті қорғау бүкіл еңбек құқығының барлығы саналады, өйткені олардың бүкіл нормалары барлық жұмысшылардың мүдделерін қамтамасыз етеді.

Ал тар мағнасында еңбекті қорғау еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге тікелей бағытталған нормалардан тұратын еңбек құқығының құқықтық институтын білдіреді. Ол келесі нормалар тобынан тұрады:

- техника қауіпсіздігі мен өндірістік санитарий ережелері;

- ауыр, зиянды және қауіпті өндірістік жағдайларда жұмыс істейтін тұлғалардың еңбегін қорғайтын арнайы нормалардан;

- әйелдердің, кәмелетке толмағандардың және еңбекқабілеттігі төмен тұлғалардың еңбегін қорғау бойынша нормалардан;

- еңбекті қорғау туралы заңдарды бұзғандық үшін жауапкершілік жүктейтін және мемлекеттік қадағалау мен қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын органдардың қызметінің ұйымдасуын реттейтін нормалардан.

Бұл нормалар орталықтандырылған тәртіпте немесе жергілікті деңгейде қолданылуы мүмкін.

Еңбекті қорғау туралы талаптар жұмысшылармен сақталуы үшін, олармен инструктаж жүргізіледі. Инструктаж кіріспе, қайталама, жоспардан тыс (ағымдық) болып үшке бөлінеді. Кіріспе инструктаж жұмысқа қабылданған кезде жүргізіледі. Қайталама инструктаж бекітілген мерзімдерде, периодикалық түрде жүргізіліп отырады. Ағымдық инструктаж технологиялық үрдіс өзгергенде (немесе)құрал , еңбекті қорғау ережелері бұзылғанда жүргізіледі.

Еңбек тәртібі – бұл кәсіпорында, мекемеде және ұйымдарда бекітілген белгілі бір тәртіпке жұмысшылардың саналы, ерікті бағынуы, өндіріс үрдісі қатысушыларының өзара қатынас тәртібі. Оны сақтамағандар үшін тәртіптік және қоғамдық әсер ету шаралары қолданылуы мүмкін. Еңбек тәртібін реттейтін жалпы нормалар «ҚР еңбек туралы» заңда көрсетілген. Мұнымен қатар еңбек тәртібі жарғымен, шаруашылықтың жекелеген салаларындағы тәртіп туралы ережелермен, техникалық ережелермен, лауазымдық инструкциялармен және т.б. нормативті ережелермен реттеледі.

Еңбек тәртібінің негізгі бекітілімдері ішкі еңбек тәртібі ережелерінде мазмұндалады. Ол жұмысшылардың жалпы жиналысымен қабылданады. негізгі бекітілімдерді әкімшілік ұсынады. онда әкімшіліктің, ұжымның және жұмысшылардың негізгі құқықтары мен міндеттері көрсетілген.

Жұмысшылардың негізгі міндеттері:

1) шынайы және адал ниетпен жұмыс істеу;

2) еңбек тәртібін сақтау;

3) әкімшіліктің үкімдерін өз уақытында және нақты орындау;

4) еңбек өнімділігін өсіру;

5) өнім сапасын жақсарту;

6) техникалық тәртіпті, еңбек қорғау талаптарын, еңбек қауіпсіздігі және өндірістік санитарий ережелерін сақтау;

7) кәсіпорынның, мекеменің, ұйымның мүлкіне күтіммен қарау.

Әкімшіліктің міндеттері: 1) жұмысшылардың еңбегін дұрыс ұйымдастыру; 2) еңбектік және өндірістік тәртіпті қамтамасыз ету; 3) еңбек заңы мен өндірістік тәртіпті бұлжытпай сақтау; 4)жұмысшылардың қажеттіліктері мен сұраныстарына назар аудару, олардың еңбектік, тұрмыстық жағдайын жақсарту.

Тәртіптік жауапкершілік – жұмысшылардың тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік өндіріп алу жолымен жүзеге асырылатын әкімшілік алдындағы жауап беру міндеті.

Тәртіптік теріс қылық – құқық бұзушылықтың ерекше түрі – бұл жұмысшының еңбек міндеттерін құқыққа қайшы, кінәлі орындамауы немесе дұрыс орындамауы.

Тәртіптік жауапкершілік түрлері жалпы және арнайы болып бөлінеді. Жалпы түрлері « ҚР еңбек туралы» ҚР заңының 94 – бабында көрсетілген. Оларға: 1) ескерту; 2) сөгіс; 3) жұмыстан шығару (осы заңның 26 –б, 9 – 12 тармағына сәйкес). Бұл санақ толық болып саналады. Тәртіптік жауапкершілік шарасын қолданғанға дейін жұмысшы жазбаша түсініктеме береді. Одан бас тарту тәртіптік жауапкершілікті қолдануға кедергі болмайды. Әрбір тәртіптік теріс қылық үшін бір тәртіптік жауапкершілік қолданылады. Қолданған соң 6 ай ішінде қайталанбаса, тәртіптік жауапкершілігі жоқ деп есептелінеді. Тәртіптік жауапкершілік мерзімі өткенше алынып тасталуы мүмкін. Еңбек заңдылығын бұзғандық үшін жауапкершілік – еңбек құқығының нормасын бұзған тұлғаның мекеме, ұйым алдында жауап беруі және еңбек нормасының санкциясында мазмұндалған жағымсыз салдарды басынан кешуі. Оған: 1) еңбектік тәртіп жауапкершілік (алдында қарастырылды); 2) жұмысшының материалдық жауапкершілігі; 3) ұйымның мүліктік жауапкершілігі жатады.

Жұмысшының материалдық жауапкершілігін төрт шарт құрады: а) жұмысшымен тікелей келтірілген зиян; ә) жұмысшы әрекетінің құқыққа қайшылығы; б) жұмысшының келтірген зияны мен әрекеті арасындағы себептік байланыс болуы; в) жұмысшының кінәсінің болуы. Еңбек заңы мұның екі түрін ажыратады: 1) шектелген, яғни еңбекақы көлемінде және 2) толық.

Ұйымның жұмысшы алдындағы жауапкершілігі «ҚР еңбек туралы» ҚР заңына сәйкес ұйым әкімшілігі еңбектің саламатты және қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз етуі тиіс (аталған заңның 8 – б.). Бұл ережені сақтамау ұйым жауапкершілігіне әкеледі. Дау туған жағдайда тараптар келісімімен немесе соттық тәртіппен қарастырылады.

Әлеуметтік қамтамасыз етудің құқықтық негіздері мынадай нысандарда жүзеге асырылады: а) зейнетақы; ә) әртүрлі көмекақылар; б) қамтамасыз етудің натуралды түрлері мен әртүрлі қызмет көрсету (медиктік - әлеуметтік сарапшылық алқада куәландыру, арнайы көлік беру, санатории – курорттық емдеу, лагерлер, жол жүруде жеңілдік беру, коммуналдық қызметті төлеудегі жеңілдіктер).

Зейнетақы түрлері: 1) еңбектік; 2) кәрілік; 3) мүгедектік; 4) қамқоршысынан айырылуға байланысты; 4) жылдар қызметі үшін.

Көмекақы түрлері: 1) уақытша еңбекқабілетсіздігі үшін; 2) бала туғанға дейін және туғандығы үшін; 3) айаралық; 4) біріңғай уақыттық: туу кезінде, қаза – жаназа кезінде.

Еңбек стажының түрлері: а) жалпы; ә) арнайы; б) үзіліссіз.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасы Конституциясы. Алматы, 1998.
  2. Қазақстан Республикасының заңы «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы». Алматы, 2002.
  3. Қазақстан Республикасының заңы «Еңбекті қорғау туралы» 22 қаңтар 1993 жыл // Егемен Қазақстан, 25 ақпан 1993 жыл.
  4. Қазақстан Республикасы заңы «Қазақстан Республикасындағы бала құқығы туралы» 8 тамыз 2002 жыл // Егемен Қазақстан, 13 тамыз 2002 жыл.
  5. Қазақстан Республикасының заңы «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Алматы:Жеті Жарғы, 1996.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Айымханова Н.М. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы. Алматы, 2002.
  2. Абуярова Н.А. Еңбек құқығы. Алматы:Юрист, 2002.
  3. Қағазов О. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы. Алматы, 2000.
  4. Нарықтық экономикада дамыған елдер өнеркәсібіндегі салыстырмалы еңбек құқығы мен өндірістік қатынастар. Алматы: Дәнекер, 1999.

Наши рекомендации