Тапсырма. сұхбатты тыңдаңыздар.
Тілші: - «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мақсаты туралы айтып берсеңіз. Қашан қабылданып еді?
Басшы: - «Дипломмен ауылға» бағдарламасын мемлекет басшысының жастарға көрсетіп отырған қолдауы деп түсінуге болады. Бағдарлама 2009 жылдың шілде айында басталды. Негізгі идея 2008 жылы көтерілген болатын. Сол жылы 14 мамырда Елбасының қатысуымен «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының І съезі өтті. Съезде Елбасы бірнеше мәселені алға тартты. Атап айтқанда, жалпыұлттық ауыл жастарына арналған бағдарлама жасау керектігі туралы ұсынысты ортаға салды. Тәуелсіздік алғаннан кейін «экономикамыз дұрысталсын, жағдайымыз жақсарсын, кәсіпкерлікті жандандырайық» деп жүргеніміз жасырын емес. Осындай елең-алаң шақта көбі ауылдан қалаға үдере көшіп жатты. Ал енді білімді, бәсекеге қабілетті жастарды ауылда тұрақтандыру мәселесі алдымыздан шықты. Сондықтан Елбасы съезде бүкіл жастардың алдындағы осы міндет туралы айтты. Сөйтіп, Үкіметке тапсырма беріп, 2009 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы дүниеге келді. Ол кезде медицина, мәдениет, білім, дене шынықтыру және әлеуметтік салалар бойынша бес мамандыққа квота берілді. Ауылға қажетті мамандықтар деп алғашында осыларды дайындады. Себебі бұл мамандықтар кез келген ауылға қажет. Квота, міне, осындай критерийлерге сәйкес берілді.
Тілші:- Ауылға барып, жұмыс істейтін мамандарға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі?
Басшы:- Ауылға барған мамандарға мемлекет тарапынан қайтарымсыз үстеме ақы берілді. Сонымен қатар үй алуға 0,001 пайызбен несие беріліп келді. Осындай қолдауды иеленген жастар шарт бойынша ауылда бес жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істеуге міндеттелді. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан мамандар жаппай ауылға бара бастады. Бірақ өзіндік проблемалар болды. Соның бірі – үй алуға берілетін несие сомасының аздығы. 1 миллион теңге шамасындағы қаржы аудан орталықтары мен көптеген ауылдық жерлерде үй алуға жеткіліксіз еді. Уақыт өте келе, 2011-2012 жылдары несиенің көлемі артты. Қазір ол 2 миллион 268 мың теңгеге жетті. Яғни ауылға келген мамандардың баспаналы болуына мүмкіндік бар. Әрине, кез келген бағдарламаның нәтижесін көру үшін уақыт керек. Оның қабылданған бойдан бірден алға басуы оңай емес.
Тапсырма. Сұхбатты рөлдерге бөліп оқыңыздар. Төменде берілген сұрақтар бойынша әңгімелесіңіздер.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы білесіз бе?
Бағдарламаның мақсаты не?
Ауылға қандай мамандықтар өте қажет?
Жас мамандарға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілуде?
Ауылға келген мамандардың баспана мәселесі қалай шешілген?
Ауылдағы тұрғын үй мәселесі туралы не айтасыз?
Тапсырма. Сұхбатты монологке айналдырыңыздар.