Менің елім – тәуелсіз Қазақстан

Қазақстан – көпұлтты егеменді мемлекет. Халқының саны 17 миллионнан асады. Археологтердің айтуы бойынша, Қазақстан жерін алғашқы адамдар бұдан 300 мың жыл бұрын мекендеген. Қазіргі Қазақстанда 130-дан астам ұлттың өкілдері тұрады.

Қазақстан батысында Каспий ойпаты, шығысында Алтай тауларына дейін үш мың шақырымға, солтүстігінде Батыс Сібір, оңтүстігінде Тянь – Шань шыңдарына дейін бір мың бес жүз шақырымға созылып жатыр.

Жер көлемі 2,7 миллион шаршы шақырымнан асады. Республика жерінің үлкендігі соншалық – оның оңтүстігі мен солтүстігі, батысы мен шығысындағы табиғаты бір-біріне ұқсамайды. Оңтүстігінде жемістер гүлдеп, жер бетін астық жапқанда, солтүстігінде әлі қар жатады.

Республиканың оңтүстік аудандарында күріш, қант қызылшасы, мақта, жүзім, алма, қарбыз, қауын, әртүрлі дәрілік шөптер мен толып жатқан өсімдіктер өсіріледі. Бұл аймақта жаңбыр өте аз жауады, жазы ыстық және құрғақ болады. Оның үстіне бұлардың барлығы да суды өте көп қажет етеді. Іле, Шу, Сырдария өзендерінің мол суы – бұл аймақтың байлығы. Республиканың солтүстігінде астық пен көкөністер жақсы өседі. Бұл өсімдіктерге су көп қажет емес. Мұнда күн ыстық емес, жаңбыр да жиі жауып тұрады. Қазақстан жері пайдалы кендерге өте бай, жер шарында кездесетін кен байлықтарының бәрі бар. Олар: темір рудасы, түсті және асыл металдар (мыс, қорғасын, қалайы, күміс, алтын және басқалары), көмір, мұнай, фосфориттер. Осыларды игеру барысында жаңа қалалар пайда болды. Олар: Арқалық, Балқаш, Жезқазған, Қарағанды, Қаратау, Теміртау, Ақтау, Кентау т.б.

Қазақстан бұрын көшпенді ел болып, мал шаруашылығымен айналысқан. Бүгінгі Қазақстан ауыр индустриясы мен ауыл шаруашылығы дамыған, жоғары мәдениетті де білімді елге айналды.

Қазақстан – егеменді тәуелсіз мемлекет. 1991 жылы 1желтоқсанда Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып сайланды.

(Ш.К.Бектұров)

Сөздік   егеменді – суверенный түсті – цветной асыл – драгоценный табиғат – природа қалайы – олово астық – зерно мұнай – нефть пайда болу – появиться байлық – богатства көшпенді – кочевой мақта – хлопок   алғашқы – первый мекендеу – населять қорғасын – свинец өкіл – представитель аймақ - регион өсімдік – растения сайлану - избираться пайдалы кен – полезное ископаемое тәуелсіз – независимый жоғары мәдениетті – высоко-культурный мал шаруашылығы – скотоводство

Тапсырма. Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіздер.

1.Қазақстан қандай мемлекет?

2.Қазақстан халқының саны қанша?

3.Қазақстанда қанша ұлт өкілдері тұрады?

4.Қазақстанның географиялық орналасуы қандай?

Тапсырма. Мәтін бойынша бірнеше сұрақтар дайындаңыздар.

Тапсырма. Мәтінді абзацтарға бөліп, тақырып беріңіздер.

Тапсырма. Сөздердiң синонимдерiн есте сақтаңыздар. Сөйлемдер құрастырыңыздар.

Тәуелсiз халық бұрын мекендеген

Егемендi ел,жұрт ерте кезде қоныстанған

Тұңғыш Президент

алғашқы,бiрiншi Елбасы

Жалпы және жалқы есімдер
Жалпы есім Біртектес заттардың жалпы атауы Мыс: қала, өзен, тау Жалқы есім Біртектес заттардың өз ішіндегі жекелеген атауы Мыс: Алматы, Қаратау

Тапсырма. Мәтіннен жалпы есім мен жалқы есімдерді тауып, бөліп жазыңыздар.

Біріккен сөздер Екі немесе одан көп сөз бірігіп, бір ұғымды білдіреді, бір сұраққа жауап береді. Мыс: Талдықорған, Екібастұз

Тапсырма. Мәтіннен бірігіп жазылған жер-су атауларын табыңыздар. Олардың мағынасын түсіндіріңіздер.

Тапсырма. Біріккен сөздер мен қос сөздерді ажыратып, екі топқа бөліп жазыңдар.

Елбасы, Елтаңба, ел-жұрт, Әнұран, шекара, мыңжылдық, ой-қыр, ата-ана, жалпыхалықтық, Ақтөбе, Солтүстік, күнде-күнде, бірте-бірте, Ақмола, Сарыарқа, Жезқазған, Өскемен, Марқакөл, Қызылорда, мың-мыңдап, үш-үштеп, Алатау, Қаратау, Сырдария, Арыстанбаб, дүниежүзі, Көкшетау, Баянауыл, жылда-жылда, топ-тобымен, он-ондап.

Тапсырма. Берілген сөз тіркестерімен сөйлемдер құрастырыңыздар.

Үлгі: Қазақстан – көп ұлттымемлекет.

Егеменді ел, көп ұлтты мемлекет, ұлт өкілдері, пайдалы кендер, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, географиялық орналасу, табиғаты ұқсамайды, астық пен көкөністер, жаңа қалалар, тәуелсіз мемлекет, тұңғыш Президент.

Наши рекомендации