Елбасы еңбектеріндегі еуразияшылдық идеясы
1995 жылдың басында, баспасөз толық негізде, Н.Ә. Назарбаевты «еуразиялықтың идеологы» және жаңа заман еуразисі, яғни өткенге емес, болашаққа – XXI ғасырға назар аударушы деп атады. Н.Ә. Назарбаев 1995 жылы еуразиялықты рухани зияткерлік тұрғысынан тиянақтауға үлкен мән берді. «Россия» газетіне (1995 жылдың қазаны) берген тұжырымдамалық сұхбатында Президент былай деген болатын: «Еуразияда бірқатар елдер бар – «Солтүстікте Ресейден бастап, оңтүстікте Үндістанға дейін», әзірге олар «Шығысқа да, Батысқа да жатпайды» дей келе, бұл кеңістікті «аңдысын аңду белбеуі» деп атады. Еуропаның, әсіресе Азияның болашағы едәуір дәрежеде осы геосаяси белбеу елдерінің өз бағытын қалай анықтауына тәуелді болмақ. Оларға Ресеймен бірлесе отырып, «қауіпсіздіктің жаңа жүйесін» құруға болар еді. Көрініп тұрғандай, Н.Ә. Назарбаевтың пікірінше, тек Еуразиялық жоба ғана осы аймақты геосаяси «аңдысын аңду» саясаты жағдайынан алып шығатын сындарлы күшке ие.
Ықпалдастық проблемаларын жинақтап, қорытуда Н.Ә. Назарбаевтың 1996 жылдың қаңтарында жазылып біткен «Ғасырлар тоғысында» атты кітабының маңызы зор. Онда ТМД елдерінің қарым-қатынастары неғұрлым шиеленісті «ықпалдастық және ыдыраушылық» үрдістерімен айқындалған. Бірақ, «ықпалдастықтағы жаңа импульстың өзектілігі мен мүмкіндігін бұл жоққа шығара ма?» – деп Қазақстан Президенті сұрақ қояды да, өзі жауап береді: «Сенімдімін, олай емес». Бірақта жаңа болмыс, өзгерген ахуал жобаға түзету енгізуді, «ықпалдастықтың жаңа стратегиясын» құруды талап етеді.
Қазақстан Президенті жаңа үлгідегі университетті Астана (ол кезде әлі Ақмола) қаласында құруды дұрыс деп тапты. Ол кезде қала әлі астаналық мәртебеге ие болмаса да, болашақ астананың тәуелсіз Қазақстанның болашақ аймақтық стратегиясында алар орны
зор екенін байқатқандай еді. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің құрылуы туралы Жарлыққа 1996 жылы мамырдың 23 күні қол қойылды. Бұл бірегей шешім олқылықтың орнын толтырды (ТМД елдерінің ғылыми қауымдастығында көпшілік үшін тосын жағдай еді) және Қазақстанға келген шет елдік оқымыстыларға үлкен әсер етті. Шындап келгенде Еуразия университеті Астананың рухани зияткерлік қара шаңырағына, ғылым мен білімнің ордасына айналды.
Еуразиялық ұлттық университеттің құрылуы көп салалы мәнге ие. Біріншіден, жаңа астанада аса ірі университет құрылды, мұның өзі өсу үстіндегі мемлекет үшін төтенше маңызы бар. Екіншіден, жаңа университет тұжырымдамалық атауға ие болды. «Еуразиялық» - XX ғасырдағы аса көрнекті еуразия тарихшысы Лев Николаевич Гумилевтің есімі берілді. Ғалымның 90 – жылдығына орай, 2002 жылы ЕҰУ – де Л.Н. Гумилевтің мұражай кабинеті ашылды, оған әйелі Наталья Викторовна Гумилева Лев Николаевичтің Мәскеудегі түпнұсқа жұмыс кабинетін түгелдей әкеп берді. Атап айту керек, мұндай университетті құру абсолюттік жаңашылдық болды және ТМД кеңістігінде теңдесі жоқ. Үшіншіден, Қазақстан университеттік дәрежеде қазіргі заманғы еуразияшылдықтың ғылыми талдамасына негіз қаланды (2002–2007 жылдары ЕҰУ–нің қабырғасында алты рет халықаралық «Еуразиялық ғылыми форумдар» өткізілді, оларды әртүрлі елдердің ғалымдары қазіргі заманғы еуразияшылдықтың өзекті мәселелерін талқылады). Төртіншіден, ЕҰУ – нің құрылуы еуразиялық идеяны білім беру саласына енгізудің, қолданудың іс – жүзіндегі қадамы болды. Бесіншіден, тек ЕҰУ-нің негізінде М.В. Ломоносов атындағы ММУ-нің Қазақстандық бөлімшесі табысты жұмыс атқаруда. Бұл Қазақстан Президентінің ынтасымен құрылып, еуразияшылдықтың іс-жүзіндегі бір көрінісі болып табылады.
Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» Жолдауында көрсетілгеніндей: еліміздің мүмкіндіктерін пайдалануымыз қажет, сондай мүмкіндіктердің бірі «біздің еуразия аймағындағы тоғыз жолдың торабында орналасқан жағрафиялық жағдайымыздан шығады», және бұны «ғаламдану үдерісі... шешуші факторлардың бірі ретінде алға шығарды». Еуропа мен Азия елдерінің арасындағы сауда-саттық Жібек Жолы арқылы жүргізілген болса, тағы бір басы ашық мәселе, «болашақта да сауда, қаржы ағымы жүйелері және Еуропа мен Азия арасындағы көші-қон барған сайын күшейе түспек. Тек осы себепке байланысты, - деп атап көрсетті Қазақстан Президенті, – басқа да көптеген саяси тұрақтандырушы факторларды айтпағанда, мен еуразия идеясын алға шығардым, оның стратегиялық болашағына сенімдімін».
Елдің нышаны ретінде қар барысын таңдай келе, Н.Ә. Назарбаев былай дейді: Азиялық жолбарыс тұқымдас бола тұра, Қазақстан Барысының «өзіндік ерекшелігі бар» - ол ең үздік ұлттық, батыстық және шығыстық сапаларға ие болуы тиіс. Қазақстан Барысының мұндай сапалық үйлесімі, Қазақстанның «еуразиялық ел» ретіндегі қасиетті нышандардың тоғыстырылуы еді. Сонымен, Еуразиялық жоба және кең мағынадағы еуразиялық – доктриналық (ілімдік) деңгейге тұжырымды көтерді.