Тапсырма. Даналық сөздерді оқып, талқылаңыздар.

Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.

(Әлихан Бөкейханов)

Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді.

(Шортанбай Қанайұлы)

Мінезі жаман адамға енді қайтып жуыспа,

Тәуір көрер адаммен жалған намыс қуыспа.

(Асан қайғы)

Мінез – жанның айнасы.

(Әбу Нәсір әл-Фараби)

Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады.

(Әбу Нәсір әл-Фараби)

Тапсырма. Мәтінді тыңдаңыздар.

Адам бойындағы жағымсыз қасиеттер

Кейбір адамдардың мінез-құлықтарында жағымсыз қасиеттер болады. Мысалы, біреуді-біреу көре алмаушылық, іштарлық, екіжүзділік, тәкаппарлық, жағымпаздық, пайдакүнемдік, қызғанушылық, өзімшілдік, жемқорлық, жалақорлық, бұзақылық және т.б.

Атаққұмарлық пен мансапқорлық жайлы Р.Шеридан: «Ең құдіретті құштарлық – атаққұмарлық. Міне, осы құштарлықтан құтқарар болса, қалғандарынан мен өзім-ақ құтылар едім» – депті. Атаққұмарлар мен мансапқорлар атақ пен даңққа және мансапқа қызыққыш, айлакер, өркөкіректеу және өзімшіл болып келеді. Ондай адамдардың алдарына қойған басты мақсаты – шен-шекпенге, сый-құрметке бөлену, оңай даңққа, жеңіл атаққа және мол табысқа қол жеткізу, сондай-ақ лауазымды қызметке көтерілу. Олар өз бойындағы іскерлік пен білімділік, парасаттылық қабілеттерінің бар-жоғына қарамай атақ пен мансапқа қарай ұмтылады, ал қоғамдық жұмыстарға немқұрайды, атүсті қарайды және халықтың мұң-мұқтажымен санаспайды. Қоғамдық жұмыстарға қабілеті аз, білімі мен талабы жоқ, бірақ қалталылар мен сүйеніші мықтылар көздеген мақсаттарына, аңсаған армандарына жетіп жатыр. Мұндай атаққұмарлық мен мансапқорлық адамдар арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың қалыптасуына кері әсер етіп және қоғамның ілгері басуына кедергі келтіреді. Көлгірлік (екіжүзділік) адам бойындағы ең жаман жағымсыз қасиет. В.А.Сухомлинский былай деген екен: «Жамандықтың зоры – екіжүзділік, жағымпаздық ырқына жүру. Осынау сан құбылып тұратын жамандықты тани біл, оған төзбейтін, ымырасыз адам бол». Екіжүзді адамдар өзгелермен қарым-қатынас жасағанда өз бас пайдасын ойлап қулық, айлакерлік, зымияндық сияқты жаман қасиеттерге барады. Мысалы, қызметі жоғары кісіге бас пайдасын ойлап жағымпаздану, оған бағынышты болу. Ондай адамдарға бастық қалағанын тауып беріп, жұмысын оң шешіп берсе, жағымпаздығын жалғастыра береді. Ал көңілін таппаса, бетін ары бұрып, теріс айналып кетеді де, неше түрлі құйтұрқы әрекеттерге барады. Көлгірсіген жандар өз бойындағы жаман қасиеттерді бүркемелеп, өзін өнегелі, көргенді етіп көрсеткісі келеді. Олар өз пайдасын ғана ойлап, біреуге жалған айтып жағынып, өтірік айтып көлгірсіп, өсек тасып жамандап, біреуді шағыстырып, ұрыстырып жүреді. Ал өз шаруасын тындырып алғаннан кейін, бұрынғы таныстары, қызметтестерін танымай кетеді. Міне, осындай адамдардың бет-пердесін тану, ондай жандардан аулақ жүру кімге де үлкен олжа екенін ескере жүру қажет.

(Қ. Өрісбаев. «Адам бойындағы жағымсыз қасиеттер», «Қазақстан-Заман» газеті, 27 желтоқсан, 2007ж.).

Тапсырма. Мәтінді оқып, жағымсыз қасиеттерді теріп жазыңыздар, мағынасын айтып беріңіздер.

Тапсырма. Берілген сөздерді пайдаланып, өз таныстарыңыздың мінез-құлқын сипаттап жазыңыздар.

Қатал-жұмсақ, көңілді-көңілсіз, ашық-тұйық, сабырлы-салмақты, сабырсыз, ұшқалақ, жеңілтек, ақылды-ақымақ.

Тапсырма. Мәтіндегі мына жолдарға өз көзқарастарыңызды білдіріңіздер.

«Қоғамдық жұмыстарға қабілеті аз, білімі мен талабы жоқ, бірақ қалталылар мен сүйеніші мықтылар көздеген мақсаттарына, аңсаған армандарына жетіп жатыр. Мұндай атаққұмарлық мен мансапқорлық адамдар арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың қалыптасуына кері әсер етіп және қоғамның ілгері басуына кедергі келтіреді».

Тапсырма. Сіздің бойыңызда жаман қасиеттер бар ма? Өз бойыңыздағы жаман қасиеттерді қалай мойындайсыз?

Тапсырма. Адам бойындағы жақсы қасиеттерді санамалап көріңіздер және айтқандарыңызды мысалдар арқылы дәлелдеңіздер.

Тапсырма. Адам бойындағы жағымды қасиеттерді оң бағанаға, жағымсыз қасиеттерді сол бағанаға жазып шығыңыздар.

Жағымды қасиеттер   Жағымсыз қасиеттер  
     

Үшінші сабақ

Наши рекомендации