Иътикаф жасаушыға қатысты шарттар
1 - Мұсылман болу.
2 - Ақыл есі дұрыс болу.
3 - Бойдәретті болу.
Иътикафтің мәкрүһтәрі
1 -Сауда жасау немесе дүние ісімен шұғылдану.
2 -Мүлде сөйлеспеу.
3 -Дүниелік және бос сөз сөйлеу.
Иътикафті бұзатын нәрселер
1 -Мешіттен себепсіз немесе ұмытып бір сағатқа шығу. Алайда білім отырысына қатысу үшін, науқастың көңілін сұрау үшін, жаназаға қатысу үшін, қазының шақыруымен куә болу үшін, кенеттен ауырып қалғандықтан шығуға болады. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(وإن كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم ليدخل عليّ رأسه وهو في المسجد فأرجله، وكان لا يدخل البيت إلا لحاجة إذا كان معتكفاً)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) басын бөлмеме кіргізгенімен, аяқтары мешітте болатын. Иътикаф кезінде қажетсіз үйге мүлде кірмейтін»[984].
2 -Себеп аяқталғанда мешітке оралмауы.
3 -Әйел кісі үшін хайыз бен нифастың келуі.
4 - Төсектік қатынасқа түсу немесе құшақтап аймалау.
Зекет
Төртінші тарау: Зекет
Бірінші бөлім: Зекет бөліміне кіріспе
Анықтамасы
Зекет сөзінің арап тіліндегі атауы – " الزكاة ".Оныңтілдік мағынасы: тазару, өсу, өну, арту және береке.
Зекеттің шариғаттық мағынасы: Аллаһ тағалаға ықыласпен бағыну ниетімен мұсылманның өз малынан шариғат белгілеген мөлшердегі бөлігін шығарып, оны пақыр мұсылманның иелігіне беруі. Берілетін мал да зекет деп аталады. Оның пақырға берілуі арқылы мұсылманның жалпы малына береке қонады.
Зекет арқылы мұсылман күнәләрінан және сараңдық қасиетінен тазарады. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:
﴿ خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا ﴾
«Ей пайғамбар! Олардың малдарынан садақа ал. Бұл - олардың күнәләрін кетіріп, жан дүниелерін тазарту үшін..»[985].
Зекеттің үкімі
Зекет - ислам тіректерінің бірі. Зекет төлеуге шамасы келетін әрбір мұсылманның зекет беруі парыз айн.
Құраннан дәлел:
﴿ وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ ﴾
«Намазды орындаңдар және зекет беріңдер!»[986].
Сүннеттен дәлел:
(بني الإسلام على خمس: شهادة أن لا إله إلا اللّه، وأن محمداً رسول اللّه، وإقام الصلاة، وإيتاء الزكاة، والحج، وصوم رمضان)
«Ислам бес нәрсеге негізделген: Аллаһтан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Оның елшісі екендігіне куәлік беруге, намазды орындауға, зекет төлеуге, шамасы келген кісіге Аллаһтың үйіне қажылық қылуына, рамазан оразасын ұстауға»[987].
Аллаһ тағала ислам үмметі үшін зекеттің парыздығын шариғатқа һижраның екінші жылында шәууәл айында рамазан оразасы мен пітір садақасынан кейін Мәдинада енгізді. Оның парыздығы Құранның 82 жерінде намазбен қоса айтылған. Бұл аяттар намаз бен зекеттің бір-бірінен еш ажырамайтын берік байланыста екенін білдіреді. Шариғат үкімі орнаған елде зекеттің парыздығын жоққа шығарушы кісі кәпір саналады.
Зекеттің сыры[988]
Аллаһ тағала құлдарының арасына ризық пен қабілеттілік тұрғысынан өзгешелік жасады. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай деді:
﴿ وَاللّهُ فَضَّلَ بَعْضَكُمْ عَلَى بَعْضٍ فِي الْرِّزْقِ ﴾
«Аллаһ ризықта біреулеріңді екіншілеріңнен артық етті»[989].
Қоғамдағы мұсылмандар арасында өзара қарайласуды аяғына тұрғызуда және пақырлар мәселесін шешуде зекеттің рөлі өте зор. Байлардың малдарында пақырлардың қақылары бар. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай деді:
﴿ وَفِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ لِّلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ ﴾
«Сондай-ақ олардың малдарында сұраушыға да, жоқ-жітікке де лайықты үлес бар»[990].
Дәулетке бөлеген құлдарын малға қатысты сынау үшін, Аллаһ тағала шариғатқа зекетті парыз етіп, садақаны ерікті етіп енгізді.
Зекеттің сырына келетін болсақ, біріншіден, ол мал-мүлікті арам көздерден, ұрлықшылардан қорғайды. Ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(حصنوا أموالكم بالزكاة وداووا مرضاكم بالصدقة وأعدوا للبلاء الدعاء)
«Мал-мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар және ауруларыңды садақамен емдеңдер, сондай-ақ бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер»[991].
Екіншіден, зекет пақырлар мен мұқтаждарға қолғабыс. Өздеріне берілген зекет малымен олар шаруаларын аяғына тұрғызады. Қоғам қайыршылық дертінен аман болады. Қоғамдағы дәулетті кісілер пақырлар үшін жауап береді. Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ويل للأغنياء من الفقراء يوم القيامة يقولون: ربنا ظلمونا حقوقنا التي فرضت لنا عليهم فيقول الله تعالى: وعزتي وجلالي لأدنينكم و لأباعدنكم)
Қиямет күні байларға пақырлар тарапынан қайғы жетеді. Олар: «Раббымыз! Мыналар өздеріне берулері парыз етілген лайықты қақымызға әділетсіздік жасады. Сонда Аллаһ тағала: «Үстемдігіме және Ұлылығыма серт! Әлбетте, оларды төмен түсіріп, алыстатамын»-дейді[992]. Бұл хадис әлсіз дәрежеде болғанымен мағынасын мына аят қуаттайды: «Сондай-ақ олардың малдарында сұраушыға да, жоқ-жітікке де лайықты үлес бар»[993].
Үшіншіден, зекет мұсылман адамның жан дүниесін сараңдық пен ашкөздіктен тазартып, басқалардың жағдайына қарайласуға, тек зекет берумен шектелмей, өзінде бар жақсылықты жоқ-жітіктермен бөлісе алуға дағдыландырады. Өзінің қоғамдық бұл міндетін атқаруымен, ол тіпті, мемлекетті дұшпаннан қорғау қажеттілігі туғанда кідірмей мал-мүлкімен демеу көрсетуге дайын тұрады. Жаңадан дамып келе жатқан мұсылман қоғамында имани бағытта тәлім-тәрбие беретін қажетті оқу орындар мен бала-бақшалар салу мәселесі де осы дәулетті мұсылмандардың демеуімен ғана шешіледі.
Төртіншіден, зекет беру мал-мүлік нығметі үшін шүкір ету саналады.