Бап. Тексерудi ресiмдеу тәртiбi
1. Бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы тексерудiң нәтижелерi бойынша екi данада тексеру нәтижелерi туралы акт жасайды.
Тексеру нәтижелерi туралы актiде:
1) актiнiң жасалған күнi, уақыты және орны;
2) бақылау және қадағалау органының атауы;
3) негiзге алынып тексеру жүргiзiлген тексерудi тағайындау туралы актінің жасалған күнi мен нөмiрi;
4) тексеру жүргiзген адамның (адамдардың) тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
5) тексерiлетiн субъектiнiң атауы немесе тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тексерудi жүргiзу кезiнде қатысқан жеке немесе заңды тұлға өкiлiнiң лауазымы;
6) тексерудiң жүргiзiлген күнi, орны және кезеңi;
7) тексерудiң нәтижелерi туралы, оның iшiнде анықталған бұзушылықтар, олардың сипаты туралы мәлiметтер;
8) тексеру парағының атауы және бұзушылық анықталған талаптардың тармақтары;
9) тексерiлетiн субъект өкiлiнiң, сондай-ақ тексерудi жүргiзу кезiнде қатысқан адамардың актiмен танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәлiметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартуы;
10) тексерудi жүргiзген лауазымды адамның (адамдардың) қолтаңбасы көрсетiледi.
Тексерудiң нәтижелерi туралы актiге өнiм үлгiлерiн (сынамаларын) iрiктеу, қоршаған орта объектiлерiн зерттеп-қарау туралы актiлер, жүргiзiлген зерттеулердiң (сынақтардың) және сараптамалардың хаттамалары (қорытындылары) және тексеру нәтижелерiмен байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшiрмелерi, олар болған кезде қоса берiледi.
2. Тексерудiң нәтижелерi бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, заңды тұлғаның басшысы немесе жеке тұлға не олардың өкiлдерi ескертулерді және (немесе) қарсылықтарды жазбаша түрде баяндайды.
Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргiзудiң нәтижелерi туралы актiге қоса берiледi, бұл туралы тиiстi белгi жасалады.
3. Тексерiлетiн субъектiде түпнұсқа ретiнде болатын құжаттардың көшiрмелерiн қоспағанда, қосымшаларының көшiрмелерiмен бірге тексерудiң нәтижелерi туралы актiнiң бiр данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнiнде шаралар қабылдау және басқа да iс-қимылдар үшiн заңды тұлғаның басшысына немесе жеке тұлғаға не олардың өкiлдерiне тапсырылады.
4. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, тексеру нәтижесiнде анықталған бұзушылықтар бойынша қосымша уақыт және (немесе) қаржы шығындары қажет болған жағдайда, қарсылықтар болмаған кезде тексерiлетін субъект тексерудi жүргiзген мемлекеттiк органның басшысымен келiсiлетін мерзiмдердi көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөнiнде қабылданатын шаралар туралы ақпаратты үш жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынуға құқылы.
5. Тексерiлетiн субъектiлердiң келушiлер мен тексерулердi есепке алу кiтабын жүргiзуге құқығы бар. Бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдары тексерiлетiн субъектiлердiң келушiлер мен тексерулердi есепке алу кiтабында тегiн, лауазымдарын және актiде баяндалған деректердi көрсете отырып, жүргiзiлетін әрекеттер туралы жазба жасауға мiндеттi.
6. Бухгалтерлiк және өзге де төлнұсқа құжаттарды алып қоюға және алуға тыйым салынады.
Төлнұсқа құжаттарды алып қою және алу Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексiнiң нормаларына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде көзделген жағдайларда жүргiзiледi.
7. Тексеру жүргiзiлген кезде осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды бұзушылық болмаған жағдайда, тексеру нәтижелерi жөнiндегi актiге тиiстi жазба жасалады.
8. Тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлген тексерудi аяқтау мерзiмiнен кешiктiрiлмей тексеру нәтижелерi туралы акт тексерiлетiн субъектiге тапсырылған күн тексеру мерзiмiнiң аяқталуы деп есептеледi.
Бап. Бақылау және қадағалау органдары лауазымды адамдарының тексеру жүргiзу кезiнде анықталған бұзушылық фактiлерi бойынша қолданатын шаралары
Егер тексеру жүргiзу нәтижесiнде тексерiлетiн субъектiнiң осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды бұзу фактiсi анықталған болса, бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы (адамдары) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өкiлеттiктер шегiнде анықталған бұзушылықтарды жою, олардың алдын алу, адамдардың өмiрiне, денсаулығына және қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделерiне ықтимал зиян келтiрудi болғызбау жөнiнде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қабылдауға, сондай-ақ бұзушылыққа жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа тарту жөнiнде шараларды қолдануға мiндеттi.
Тексерiлетiн субъектiге қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қолданылған кезде бақылау және қадағалау органы Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын жағдайларда және тәртiппен прокурорды хабардар етедi.
Бап. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi
1. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының тексерiлетiн субъектiлерге бақылау және қадағалау жүргiзу кезiнде:
1) осы Кодекстің 147-бабының 3-тармағында көрсетiлген құжаттарды көрсеткен кезде тексерiлетiн объектiнiң аумағына және үй-жайына кедергiсiз кiруге;
2) қағаз және электрондық жеткiзгiштердегi құжаттарды (мәлiметтердi) не олардың көшiрмелерiн тексеру нәтижелерi туралы актiге қоса тіркеу үшiн алуға, сондай-ақ тексерудiң мiндеттерi мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорға (ақпараттық жүйелерге) қол жеткiзуге;
3) мемлекеттiк органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандарын, консультанттарын және сарапшыларын тартуға құқығы бар.
2. Бақылау және қадағалау органдарының тексерудi жүзеге асыратын лауазымды адамдарына тексеру нысанасына жатпайтын талаптар қоюға және өтiнiш жасауға тыйым салынады.
3. Бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдары бақылау және қадағалау жүргiзу кезiнде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, тексерiлетiн субъектiлердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтауға;
2) тексерудi осы Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген негiзде және тәртiппен қатаң сәйкестiкте жүргiзуге;
3) тексерiлетiн субъектiлердiң белгiленген жұмыс режимiне тексеру жүргiзу кезеңiнде кедергi келтірмеуге;
4) осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген өкiлеттiктердi уақтылы және толық көлемде орындауға;
5) тексеру жүргiзу кезiнде тексерiлетiн субъектiнiң қатысуына кедергi келтiрмеуге, тексеру нысанасына жатқызылған мәселелер бойынша түсiнiктер беруге;
6) тексерiлетiн субъектiге тексеру жүргiзу кезiнде оның нысанасына қатысты қажеттi ақпарат беруге;
7) тексеру аяқталған күнi не «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы» Қазақстан Республикасының Заңындабелгiленген тәртiппен және мерзiмдерде жүргiзiлген тексерудiң нәтижелерi туралы актiнi тексерiлетiн субъектiге тапсыруға;
8) тексеру жүргiзу нәтижесiнде алынған құжаттардың және мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
Бап. Тексерiлетiн субъектiнiң не оның уәкілетті өкілінің бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi
1. Бақылау және қадағалау жүзеге асырылу кезiндегі тексерiлетiн субъектiлер не олардың уәкілеттік берілген өкілдері:
1) тексеру жүргiзу үшiн келген бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарын объектiге тексеруге жiбермеуге:
Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінде көрсетілген, осы Кодекстің 141-бабына сәйкес бекітілген тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі бойынша тексерулер және ішінара тексерулер жүргізу мерзімділігі сақталмаған;
осы Кодексте белгiленген мерзiмдерге сәйкес келмейтін тексеру тағайындау туралы актiде көрсетiлген мерзiмдер асып кеткен не өтiп кеткен;
осы Кодекстің 144-бабы 3-тармағының 2), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, бақылау және қадағалау органы сол бiр кезеңде сол бiр мәселе бойынша бұрын тексеру жүргiзiлген тексерiлетiн субъектiге (объектіге) тексеру тағайындаған;
егер алдыңғы тексеру кезiнде бұзушылықтар анықталмаған болса, осы Кодекстің 144-бабы 3-тармағының 1) тармақшасынасәйкес жоспардан тыс тексеру тағайындалған;
осы Кодекстің 141, 143-баптарында және 146-бабының 1-тармағында көзделген ақпарат пен құжаттар болмаған;
егер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) өзгеше көзделмесе, жасалған не әзірленіп жатқан қылмыстық бұзушылықтар туралы арызда немесе хабарда, жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiнің бұзылуы туралы өзге де өтiнiштерде көрсетiлген уақыт аралығы шеңберiнен шығатын кезеңде тексеру тағайындалған;
тиiстi өкiлеттiктерi жоқ адамдарға тексеру жүргiзу тапсырылған;
осы Кодекстің 144-бабының 2-тармағында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, тексерудi тағайындау туралы бiр актiде тексеруге тартылатын бiрнеше тексерiлетiн субъект көрсетiлген;
тексеру мерзiмдерi осы Кодексте белгiленген мерзiмнен асырып ұзартылған;
осы Кодекстің 156-бабының 2-тармағына сәйкес осы Кодекстің талаптары өрескел бұзылған жағдайларда;
2) егер жүргiзiлетiн тексерудiң нысанасына жатқызылмаған немесе актiде көрсетiлген кезеңге жатқызылмаған болса, мәлiметтер бермеуге;
3) тексерудi тағайындау туралы актiге, тексерудiң нәтижелерi туралы актiге және мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасауға;
4) бақылау және қадағалау органдарының немесе лауазымды адамдардың тексерiлетiн субъектiлердiң қызметiн шектейтiн, заңға негiзделмеген тыйым салуларын орындамауға;
5) тексерудi жүзеге асыру процесiн, сондай-ақ лауазымды адамның қызметiне кедергi келтiрместен, аудио- және бейнетехника құралдарының көмегiмен лауазымды адамның тексеру шеңберiнде жүргізген жекелеген әрекеттерiн тiркеуге;
6) өз мүдделерi мен құқықтарын бiлдiруі, сондай-ақ үшiншi тұлғалардың осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген әрекеттердi жүзеге асыруы мақсатында үшiншi тұлғаларды тексеруге қатысуға тартуға құқылы.
2. Бақылау және қадағалау органдары тексерулер немесе тексерілетін объектіге бару арқылы бақылаудың және қадағалаудың өзге нысандарын жүргiзген кезде тексерiлетiн субъектiлер не олардың уәкілетті өкілдері:
1) осы Кодекстің 146-бабы 1-тармағының талаптары сақталған кезде, тексерiлетiн субъектiнiң аумағына және үй-жайына бақылау және қадағалау органдары лауазымды адамдарының кедергiсiз кiруiн қамтамасыз етуге;
2) коммерциялық, салықтық не өзге де құпияны қорғау талаптарын сақтай отырып, бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына қағаз және электрондық жеткiзгiштердегi құжаттарды (мәлiметтердi) не тексерудiң нәтижелерi туралы актiге қоса тiркеу үшiн олардың көшiрмелерiн ұсынуға, сондай-ақ тексерудiң мiндеттерi мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік беруге;
3) тексерудi тағайындау туралы актiнiң екiншi данасында алғаны туралы белгi қоюға;
4) жүргiзiлген тексерудің нәтижелерi туралы актiнiң екiншi данасында ол аяқталған күні алғаны туралы белгi қоюға;
5) егер осы Кодексте не Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, тексерудi жүзеге асыру кезеңiнде тексерiлетiн құжаттарға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге жол бермеуге;
6) объектiге тексеру жүргiзу үшiн келген адамдардың осы объект үшiн белгiленген нормативтерге сәйкес зиянды және қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерiнен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;
7) хабарлама алған жағдайда, тексеру тағайындалған мерзімде тексерілетін объект тұрған жерде болуға мiндеттi.