Лекция-5. Саяси субьектілері
Саясат субьектілері. Билік жүйесіндегі олардың орны, рөлі, белгілері және әлеуеті. Саясат субьектілері ретіндегі әлеуметтік қауымдастықтар. Қазіргі замандағы әлеуметтік стратификация. Саясат субъектілері ретіндегі этникалык топтар.
Саяси субъектілік түсінігі және саясат субьектісі ретінде тұлғаның қалыптасу шарттары. Саяси қызмет, әлеуметтік белсенділік, саяси мәдениет пен сана деңгейі.
Адамның саясат субьектісі ретінде калыптасуының көрсеткіштері ретінде азаматтык қасиеттері. Тұлғаның саяси мүдделерін жүзеге асырудың материалдық, әлеуметтік-мәдени және саяси-құқықтық алғышарттары.
Тұлға мен қоғамның саяси мүдделерінің арақатынасы. Адам құкықтары мен еркіндігі. Оларды камтамасыз етудің кепілдігі мен механизмдері. Азаматтың құқықтары мен міндеттерін жүзеге асырудың шарттары. Адамның саяси шеттелу мәселесін шешу. Адам құкықтары саласы бойынша халықаралық ынтымақтастық.
Азақстанның әлеуметтік-саяси құрылымы. Қазақстанда саясаттың жаңа субъектілерінің қалыптасу көздері мен әлеуметтік базалары.
Саясат субъектiлері. Билік жүйесіндегі олардың орны, рөлі, белгілері және әлеуеті. Саясат мемлекеттiк билiк үшiн бәсекелiк күрес саласында әр түрлi субъектiлердiң әрекеттерi мен өзара әрекеттерi жиынтығын бейнелейдi. Көбiнесе, саясат субъектiсiн бөлiп алу өлшемi, оның осы саладағы нақты әрекетi, немесе саяси шешiм қабылдауға ықпалының деңгейi, мемлекттiк саясатты iске асыруы, немесе оны ұйымдастыруы алынады. Нақты айтсақ, саясат субъектiсi деп шешiм қабылауға ықпал ету деңгейiне және мемлекеттiк саясатты тарату сипатына тәуелсiз, мемлекет пен билiктiк өзара қарым-қатынасқа түсушiнi түсiнемiз.
Саясат субъектiлерi үш түрге: жеке (микроактор), топтық (макроактор) және институттық (ұйымдасқан актор) болып бөлiнедi. Бұл үш түрдегi субъектiлердің iштей құрылымдары мен мазмұндары өзіндік ерекшелiктерге ие. Мәселен, топтарға әр түрлi қауымдастықтар мен ұжымдар (бейресмиден ресмиге дейiн, уақытшадан тұрақтыға дейiн, оқшаудан трансұлттық бiрлестiкке дейiн) жатады. Институттарға саяси жүйеде өкiлдiлiк пен атқарушылық қызметтердi атқарушы (партиялар, қозғалыстар, лобби, халықаралық ұйымдар) ұйымдар жатады. Жеке субъектiлер (Д. Розенау) үш түрге бөлінеді: қатардағы азаматтар, саясатқа қатысуы топтық мүддемен сипатталынатын; кәсiби қызметкер, мемлекетте басқару мен бақылау қызметiн атқарушы; жеке индивид, топтық мақсатқа тәуелсiз әрекет етушi және ешбiр кәсiби мiндеттердi орындамаушы. Саясаттың барлық субъектiлерi бiр-бiрiмен иерархиялық қатынаста болады.
Легистердiңөзi (ІV-ІІ ғ.ғ. б.з.д.) адам өмiрiнiң барлық саласын бақылайтын және қатал заңға арқа сүйенетiн, басқарушы мен оның қол астындағылардың арасындағы тұрақты қақтығыстардың болуына жол бермейтiн, күштi деспоттық мемлекет қажет деп санаған. Конфуций да мемлекет басымдылығын дәрiптеген, мемлекет – үлкен патриархалды отбасы, оған аристократтар мен шенеунiктер және қарапайым халық сөзсiз бағынуы тиiс деп тұжырымдаған. Мұнда индивидтің ешбiр құқығы жоқ болып саналады. Мәнi жағынан осындай принциптi Платон да қолдады, мемлекеттiң жалпыәлеуметтiк қызметiн уағыздап, оның индивидке үстемдiгiн ақтады. Аристотель пiкiрiнше мемлекет әлеуметтiк қатынастың жоғары формасы, сөйтiп оның басымдылығын дәлелдеуге тырысты.
Аристотель мен Платонныңмемлекетке қарым қатынасы мемлекеттiң тұрақтылығы мен тыныштығын бұзатын қажетсiздерден, варварлардан, мемлекет өмiрiне лайықсыздардан тазарту сияқты идеялармен толықтырып отырды. Бұл мемлекет туралы идеялар адамның саяси құқығы мен бостандығын, индивидтi азамат және мемлекеттiң толық әрiптесi ретiнде тану мүмкiндiгiн жойды. Мемлекет, адам құқығы мен статусын толық және оның саяси белсендiлiк каналдарын анықтап отыруы тиiс.
Адам саясат субъектiсi ретiнде. Субъектдегенiмiз (субъект латын тiлiнде жату деген сөзден шыққан) белсендi iс-әрекет жасаушы, сана мен жiгерi бар жеке адам немесе әлеуметтiк топ.
Объект дегенiмiз (объект – латынның қарсы қою деген сөзiнен шыққан) субъектiнiң танымдық және басқа да iс-әрекетi неге бағытталса соны айтады. Басқаша айтқанда, объект зерттелетiн нәрсе.
Адамның саяси өмiрдегi орны мен рөлiне саясаттану ғылымы ерекше назар аудару қажет. Себебi, бiрiншiден, адамзат тарихының бүгiнгi кезеңiнде саясат қоғам дамуында шешушi рөлдердiң бiрiне ие болып отыр. Екiншiден, саясаттың тиiмдi және нәтижелi жүруi адам арқылы өлшенедi. Демек, бүгiнгi күнгi саясатқа баға, адам саясат үшiн емес, саясат адам үшiн қызмет етуi тұрғысынан қарастырылуы тиiс. Үшiншiден, бүгiнгi әлеуметтiк-саяси философияда адам мәселесi өзектi, әрi басты мәселелердiң бiрiне айналуда. Мұнда адамның қоғамдық қатынастардың өзгеруi механизмiндегi рөлiн түсiну қажеттiлiгi туып отыр. Басқаша айтқанда, барлық мәселелердiң тоғысар нүктесi адам. Бiрiншiден, қоғамға ерiктi, адал, ақылды, iскер адамдар қажет. Екiншiден, адам жалпы қоғамдық прогрестiң негiзгi қозғаушы күшi ретiнде өз мүмкiндiгiнiң, жiгерiн-қайратының, әлеуметтiк-саяси еңбегiнiң қоғамға қажеттiлiгiн сезiнуi қажет.
Саяси ғылымда саясат субъектiлерiн жiктеудiң бiрнеше түрлерi тараған. Соның iшiндегi ең көп тарағаны мына:
· саясатқа қатысушыларды әлеуметтiк құрылымдарға бiрiгуi деңгейiндегi субъектiлерге (демографиялық, кәсiби, этникалық топтар) бөлу – кәсiби топтар, таптар, ұлттар, көсемдер, элита мен бюрократия, жеке адам т.б.;
· белгiлi бiр институттық құрылымға бiрiгу деңгейiндегi субъектiлерге: мемлекет, партиялар, кәсiподақтар, қоғамдық ұйымдар, саяси қозғалыстар жатады;
· «қызметтiк» деңгейдегi саяси субъектiл, оларға: дiни мекемелер, университеттер, кооперациялар, әр түрлi мәдени-спорттық ассоциациялар жатады.
Барлық адамдардың конституциялық құқықтары мен мүмкiндiктерi бiрдей болғанымен, iс жүзiнде олар тең емес, олар физикалық-биологиялық, интелектi, еркi мен басқа да психологиялық қасиеттерi жағынан қабiлетi. Әлеуметтiк жағдайы жағынан әртүрлi. Осының бәрi олардың саясаттағы орны мен рөлiнiң әртүрлiлiгiне, оған ықпал ету дәрежесi мен деңгейiнiң әрқилылығына негiз болады.
Адамның саясатқа қатынасы ертедегi ойшылдардың iлiмдерiнде қарастырылған. Мәселен, Конфуций мемлекеттiң патерналистiк концепциясын жасады. Бұл концепция адамдардың саяси статусы жағынан тең еместiгiне негiзделдi. Жеке адам саясат субъектi бола алу құқына ие бола алмайды. Бұл концепция әлi де болса дамушы елдерде өз көрiнiсiн берiп отыр. Сондай-ақ, тоталитарлы, авторитарлы режімдер осы концепцияға жақын бағыт ұстанады.
Платон өзiнiң идеалды, өркениеттi мемлекет концепциясында адам үстiнен мемлекеттiң үстемлiгiн күшейттi, адамды мемлекеттi басқарып отырған ақылды, дарынды аристократтарға тәуелдi нысана ретiнде түсiндiрдi. Яғни, мемлекет өз заңы арқылы адамның бүкiл өмiрiн өз реттеп отыратын болған. Платон өзiнiң «Заңдар» атты еңбегiнде «мемлекет өзiне қолайсыз адамдарды өлiм жазасымен, мемлекеттен қуу арқылы тазартып отырғаны дұрыс» – деп жазады. Демек, Платон адамды саясат субъектiсi ретiнде санамады, әрi тоталитарлы үрдістің қалыптасуына негiз жасады.
Аристотельөзiнiң мемлекет туралы iлiмiн саясаттың антропологиялық табиғатына негiздеп жасады. Оның ойынша, адамға жаратылысынан қауымдастық, ұжымдық қасиет тән, сондықтан да басынан-ақ адам саяси сипатқа ие болған. Аристотельдiң пiкiрiнше адам тек басқа адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы ғана өмiр сүредi. Бұл қатынастың алғашқы түрi отбасы немесе адамдардың шоғырланған жерi. Осының негiзiнде дамудың белгiлi бiр деңгейiнде мемлекет пайда болады. Демек, ол мемлекет ерiктi және тең құқықты азаматтарға негiзделедi деп санаған. Мемлекет шеңберiнде адамның бүкiл табиғаты көрiнедi және жеке адам саяси өмiрдiң органикалық бөлiгi болып есептелiнедi деп айтқан. Аристотельдiң Платоннан айырмашылығы белгiлi бiр мөлшерде автономиялық қажет деп есептеуiнде болып отыр. Дегенмен, Аристотель де адамды мемлекеттен толық ажыратып көрсете алмады.
Адамның саяси құқығына либералистер көп көңiл бөлдi. Либерализм әлеуметтiк-саяси ойлар тарихында алғаш рет жеке адам мен қоғамның, мемлекеттiң ара жiгiн ажыратып, адамға тән құқықты берiп, оны саяси жүйенiң элементi ретiнде бекiттi. Либерализм концепциясы бойынша адам саяси билiктiң көзi. Ал, мемлекет ерiктi адамдардың келiсiмiнiң нәтижесi болып табылады. Мемлекеттің негiзгi қызметi – халықтың қауiпсiздiгi мен бостандығын қорғау, қоғамдық тәртiптi сақтау. Либерализм адамды билiктен жоғары қойғанымен, олар адамның саяси белсендiлiгiнiң ауқымын шектеп отырған. Классикалық либерализм теориясында адам саяси өмiрдiң тiкелей қатысушысы болудан гөрi, бақылаушысы ретiнде көрсетiлгiн.
Қазiргi кезде Батыс Еуропада адам мен саясат қарым-қатынасы туралы либералистiк iлiмдер саяси ой-пiкiрлермен одан әрi толықтырылуда. Бұнда мемлекеттiк қамқорлықты күшейту идеясы басымдылық танытып отыр.
Маркстiк теорияда жеке адамның саясатқа қатыстылығы таптық тұрғыда қарастырылған. Яғни, адам белгiлi бiр әлеуметтiк тап, топ мүшесi, өкiлi ретiнде алынады. Сондықтан да жеке адамның саясаттағы орны мен рөлi, оның қай тап, топ, ұлт өкiлi болуына тәуелдi құбылыс ретiнде танылады. Демек, жеке адамның саясат субъектiсi болуына шек қойылған.
Жеке адам мен билік қарым-қатынастарының моделдері. Индивид пен билiк қарым-қатынасының төрт тәсiлi мүмкiн: тоталитарлы, партиархалды, жеке, партицитарлы.
Бiрiншi, тоталитарлы модель бойынша мемлекетке толық бағыну жүзеге асырылады, яғни мемлекет басымдылығы сөзсiз. Мұнда адам құқығы проблемасы күн тәртiбiнен алынып тасталынады, индивид тұтастың бiр бөлiгi, органикалық ретiнде қарастырылады, әрi күрделi мемлекеттiк механизмдегi орталықтан басқарылатын құрал ретiнде саналады.
Екiншi, индивид пен билiк қарым-қатынасының патриархалды моделi адамдардың құқығының күрделi иерархиясын ұсынады. Ол қоғамды әр түрлi сословие мен топтарға бөледi, оның ең төменi саяси құқықсыз, ал жоғарысы жоғарғы билiк өкiлеттiгiне ие, билiктiң негiзгi көзi мен бөлушiсi, авторитарлы монарх болады.
Үшiншi, жеке адам мен билiк қарым-қатынасының жекетәсiлi, ол индивидтiң мемлекетке қатынасындағы басымдылығына негiзделген. Ол ашық көрiнiстi либерализмде бередi, ерiктi тұлға қоғамдағы барлық билiктiң, сонымен бiрге мемлекеттiң де негiзгi көзi. Мемлекет ерiктi индивидтер келiсiмi мен қолдауының нәтижесi. Ол халық бақылауында және қатал шек қойылған қызметтердi – азаматтардың қауiпсiздiгі мен бостандығын, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету т.б. орындауға ғана құқылы.
Төртiншiсi, партиципаторлы жеке адамды қоғамнан оқшауланған, тәуелсiз индивид, сондықтан да мемлекеттi құруға, оған кейбiр мәселелер бойынша бағынуға тиiс деген түсiнiктен ажыратады. Ол жеке адамның қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастары қарама-қайшылықты және бөлiнбейдi деген пiкiрдi қолдайды. Бұнда адам құқығы проблемасы индивидтi мемлекет араласуынан қорғау емес, қайта мемлекеттi адамның ерiктi өмiр сүруi мен дамуына жағдай жасауға пайдалану қажеттiгiн ұсынады.
Бұл жоғарыда айтылған барлық төрт тәсiл де адамзат тарихында кездестi. Олар белгiлi бiр саяси жүйенiң формасына сай болды.
Қазақстандық ғалымдар қарапайым адамның мемлекеттiк саясатты анықтаудағы рөлi туралы саяси iлiмдер тарихында екi түрлi концепция қалыптасқан деп есептейдi: элитарлық және демократиялық. Элитарлықты жақтаушылар халықтың жаппай саясатқа, билiкке араласуы қоғамдағы еңбек бөлiнiсiне қайшы келедi деп есептейдi. Адамдардың барлығы басқару iсiне араласқан жағдайда басқару iсiнiң тиiмдiлiгi төмендейдi, басқарушы адамдарда жауапсыздық күшейiп, оларда белсендiлiк қабiлет төмендейдi деген қорытындыға келедi. Сонымен бiрге, олар халық өзiдерiнiң басқару қабiлеттерi мен сауатылығы төмендiгiнен және көп жағдайда әр түрлi көңіл-күйге берiлуі, саясатты реттеуде, жүргiзуде қиындықтар тудырады деп санайды. Олар мемлекеттi арнайы кәсiби элита басқару керек дегенге саяды. Ал, халық саясаткерлердiң, партиялардың, бюрократияның саяси iс-әрекетiн тек сайлау жүйесi арқылы бақылап, қадағалап отыруы мүмкiн.
Демократиялықконцепцияның қолдаушылары халық тек қана өз өкiлдiрiн өкiмет орындарына сайлау процесiне қатысып қоймай, сонымен бiрге, олар саяси өмiрге, процестерге тiкелей қатысуы тиiс деген көзқарасты жақтайды. Демек, әрбiр адам сайлаудан бастап, өкiмет басшыларының шешiмдерiн және оны iске асыруға дейiнгi iстерге араласуы тиiс делiнген. Бұл көзқарасты әсiресе Батыс елдерiнiң көптеген социал-демократиялық және либералдық партиялары жақтайды. Олардың ойынша, жеке азаматтардың мұндай билiкке араласуы билiкте жеке басқа табынушылық туына, мемлекеттiк басқару жүйесiнiң бюрократиялық сипат алуына жол бермейдi.
Жалпы адам теориясына тоқталсақ, оған берiлген анықтамалар көп. Оны қорытындылай келгенде, адамды қоғамдық жаратылыс ретiнде қарастырады. Негiзiнен адам үш өлшемдiк тұрғыдан қарастырылады: биологиялық, психологиялық, әлеуметтiк.
Ең алдымен,биологиялықұғым яғни, ол ата тектiк жаратылыс.Ал, әлеуметтiктұрғыдан алсақ, бұл үлкен қоғамдық мәнге ие болатын күрделi процесс. Марксизм адамды материалистiк тұрғыда, оны нақтылы тарихи жағдай шеңберiнде қарастырады. Осы тұрғыдан алғанда, марксизм бойынша адамды тек табиғат жаратылысы деп қана түсiнуiмiз керек. Сонымен бiрге, адам ұзақ уақыт тарихи дамудың, қоғамдық қатынастардың жиынтығы деп түсiнемiз. Бұдан келiп алдамға тән қасиет – еңбек екендiгi белгiлi болады. В.И. Ленин «Философия дәптерлерi» деген еңбегiнде «адам деген ұғым – өзiн жүзеге асыруға тырысқандық» – деп көрсеттi. Демек, әрекетшiлдiк, белсендiлiк, еңбек адамға тән негiзгi қажеттiлiк. В.И. Лениннiң «тарих адамдар әрекетiнен құрылады» деген сөзi де бар.
Адам құқығы.Адам құқығысаяси қатынастар жүйесiн бекiтетiн, индивидке белгiлi бiр бостандықтар мен әлеуметтiк игiлiктердi беруге кепiлдiк беретiн қалыптар мен қағидалар жиынтығы.
Қазақстан Республикасының 1995 жылы 30-тамызда қабылдаған Конституциясының 1-бабында мемлекетімізді құқықтық және әлеуметтiк мемлекет деп жариялады. Осы баптың өзiнде мемлекеттiң ең қымбат қазынасы – адам мен адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айтылған. Осы нормаға байланысты Қазақстан Республикасында адамның құқықтық мәртебесi анықталынады.
Адам құқығы деп демократиялық қоғаммен кепiлденген, әрбiр жеке индивид немесе қауымдастықтың жақсы өмiр сүруі, халықаралық, ұлттық стандарттарға сәйкес келетiн тиiмдi әлеуметтiк жүйенi айтамыз. Адам құқықтарының проблемалары мәңгiлiк тақырыптар қатарына жатады. Ежелгi дүниеден қазiргi уақыттағы азаматтық қоғамда адам – ең жоғарғы құндылық ретiнде мемлекеттiк билiктiң үстемдiгiнен қорғауды талап етедi. Адам құқықтарын мемлекет тараптарынан қорғау немесе адамның құқықтары туралы көзқарас алғашқы рет заң түрiнде АҚШ-тың Вирджиния штатында 1776 жылы қабылдаған Конституцияда, одан кейiн 1781 жылы қабылдаған АҚШ-тың Конституциясында және 1789 жылы Францияда қабылданған адам мен азаматтың құқықтары туралы Декларацияларда көрiнiс тапты.
Қазiргi уақытта құқықтық, әлеуметтiк мемлекеттiң қоғамдағы атқаратын қызметтi, ол – адам құқықтары мен бостандықтарын мойындау және оның жүзеге асыруды қамтамасыз ету болып саналады. Әрине адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде, әр мемлекет өзiнiң саяси бағытына байланысты, осы актiлердiң күшiн ұлттық құқықтық актiлерден жоғары санайды. Оған дәлел ҚР Конституциясының 4 және 8 баптарын айтуға болады.
Адам құқықтарын бекiткен алғашқы құжаттарда адамның құқықтары мен бостандықтары екi тұрғыдан қарастырыла бастады:
· бiрiншiсi, адамның өзiне туа бiтетiн құқықтар мен бостандықтары. Бұл құқықтар адамнан ажырамайды, оның табиғи болмысына байланысты пайда болады және бұл құқықтардың орындалуы мемлекетке байланысты.
· екiншiсi, ол мемлекеттiк билiк бекiтетiн құқықтар.
Бiрақ қоғамдағы болып жатқан өзгерiстерге сай адам құқықтары мен бостандықтары қоғамдық өмiрдiң әр түрлi салаларға бөлiнуiне байланысты топтастырылады, яғни адамның құқықтары мен бостандықтарын әлеуметтiк белгiлерiне байланысты бөлу. Осы негiзге байланысты адам құқықтары төрт топқа бөлiп қарастырылады: жеке немесе табиғи құқықтар, саяси, әлеуметтiк-экономикалық және мәдени құқықтар. Адам құқықтары мен бостандықтарының маңызды тобы әлеуметтiк-экономикалық құқықтар мен бостандықтар. Бұл құқықтар мен бостандықтар адамның басқа категориядағы құқықтары мен бостандықтарының негiзiн қалап, олардың жүзеге асырылуына мүмкiндiк тудырады. Осы құқықтар адамдар өмiрiнiң маңызды салалары – меншiкке, еңбек қатынастарына байланысты пайда болып, адамдардың материалдық, табиғи-денелік, рухани сияқты әлеуметтiк сұраныстар мен мүдделерiн бiлдiрiп отырады. Әлеуметтiк-экономикалық құқықтар мен бостандықтардың нақты жүзеге асуы қандай да мемлекеттiң әлеуметтiк сипатын ашып көрсетедi.
Әлеуметтiк-экономикалық құқықтар мен бостандықтарды бекiткенде әр мемлекет өзiне тән жолды таңдайды. Мысалға, ҚР-ның Конституциясында осы топтағы құқықтарға ерекше көңiл бөлсе, Францияның Конституциясында саяси құқықтар мен бостандықтардың үстемдiгi байқалады. Сонымен қатар, әлеуметтiк-экономикалық құқықтар мен бостандықтар экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы Халықаралық пактiде бекiтiлген. Осы пактiге сәйкес өркениеттi мемлекет белгiленген құқықтар шегiнен төмендемеуге тиiс.
Адам құқықтары мен бостандықтарының бекiтiлуi барысында мемлекет тарапынан оның жүзеге асуын қамтамасыз ету мiндеттi туындайды. Әрбiр құқықтың маңыздылығы, тек оның жүзеге асырылуына немесе сақталуына кепiлдiлік қамтамасыз етілгенде ғана артады. Бiз Кеңестер Одағы Конституцияларына тоқталатын болсақ, онда адам құқықтар мен бостандықтарының негiзгi түрлерi бекiтiлген, бiрақ кепiлденбеген, сондықтан бұл құқықтардың жүзеге асуы көптеген қиыншылықтарға ұшыраған болатын. Сондықтан қазiргi уақыттағы мемлекеттер құқықтар мен бостандықтарды қамтамсыз етудiң негiзгi механизмдерiн конституция деңгейiнде бекiтуге тырысады.
Әлеуметтiк мемлекеттегi адамдардың құқықтарының қамтамасыз етiлуi негiзiнен әлеуметтiк саясатты жүргiзу арқылы жүзеге асырылады. Мемлекетте жүргiзiлетiн әлеуметтiк саясаттың конституциялық негiздерiне келесi элементтер жатады:
· адамның денсаулығы мен еңбеген қорғау;
· кепiлдiк берiлген еңбек ақы төлеудiң ең төменгi шегiн белгiлеу және оны төлеу;
· отбасыға, ана мен балаларға, мүгедектер мен қария адамдарға мемлекеттiк көмек көрсету;
· әлеуметтiк қызмет жүйелерiн дамыту;
· мемлекеттiк зейнетақы мен жәрдемақыларды бекiту.
Азақстанның әлеуметтік-саяси құрылымы. Қазақстанда саясаттың жаңа субъектілерінің қалыптасу көздері мен әлеуметтік базалары.
Әлеуметтік құрылымның болу мен даму механизмдері адамның іс-әрекеті жүйесінде жасырулы. Адамдар тіршілік ету үшін белгілі бір қоғамдық, ең алдымен өндірістік қатынастарға түседі, топтарға бөлінеді, кооперацияланады, функцияларын бөледі. Топтардың қалыптасу процесі үшін әлеуметтік айырмашылықтардың терең көзі ретіндегі еңбектің қоғамдық бөлінуі маңызды болып табылады. әлеуметтік құрылым – бұл адамдардың беделіндегі, өмір сүру жағдайындағы және өмір сүру тәсілдері ретінде бейнеленген жүйе.
Қоғамның келесі әлеуметтік жіктелуі кең таралған:
· адамдардың бөлінуі нәтижесінде қалыптасатын әлеуметтік–таптық құрылым (таптар, касталар, сословиелер, әлеуметтік топтар, олардың қабаттары);
· әлеуметтік–этникалық құрылым, яғни адамдардың белгілі бір территорияға, экономикаға, мәдениетке, дәстүрлерге, психологиялық ерекшіліктері және т.б. арқылы бірігуі негізінде пайда болған адамдардың тарихи қауымы – тайпа, ру, халық, ұлт, этностар.
· мекендердің негізгі түрлерін құрайтын (қала, макрополис, агломерация, ауыл, т.б.) территориялық құрылым;
· жаспен, жыныспен белгіленетін (ерлер, әйелдер, жастар, балалар, «жұмыс жасындағы» адамдар, зейнеткерлер) демографиялық құрылым;
· отбасылық-тұрмыстық құрылым, көрші қауымдастықтар, ата-аналар мен балалар, сондай-ақ, некелік пен некесіз байланыстар мен қатынастар. Сондай-ақ, әлеуметтік-кәсіби, білім беру, діни және т.б. құрылымдарды бөлуге болады.
Қазіргі Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік құрылымның дамуы кездейсоқтылығымен, анықсыздығымен, аморфтілігімен сипатталады. Алғы шетке меншіктік және әлеуметтік теңсіздік мәселесі қойылады. Ол таптық қарама-қайшылық және қақтығыстармен сипатталады.
Экономиканың тұрақтануы және экономикалық заңдылықтар еркіндігін заңдастыру, әлемдік нарыққа өту негізгі әлеуметтік қауымдастар арасындағы қатынастар құрамы мен сипатына маңызды өзгерістер әкеледі. Қазіргі қоғамның негізгі сипаттамасы болып оның әлеуметтік поляризациясы, кедейлер мен байларға бөлінуі табылады.
Дәстүрлі әлеуметтік топтардың жойылуы, меншік, табыс, билік құрылымына ену, перспектива сезімі, топтық әлеуметтік мобильділік формаларына байланысты жаңа топшылык интеграция жүріп жатыр. Жаңа әлеуметтік құрылымды қалыптастыру үрдісі үш жол бойынша жүргізілуде:
Жеке меншік формаларының плюрализациясы негізінде жаңа әлеуметтік қауымдастықтардың қалыптасуы;
Мемлекеттік меншік формаларының трансформациясы және дәстүрлі кластық-топтық қауымдастықтардың жағдайының, шекараларының, сандық-сапалық сипаттамаларының өзгеруі мен шекаралық, маргианалдық қабаттардың қалыптасуы;
Әртүрлі жеке меншік формаларының өзара қатынасы негізінде қабаттар мен страталардың қалыптасуы.
Қазір жаңа қабаттар өзінің құрамы, іс-әрекет түрлері, даму перспективасы тұрғысынан әртүрлі. Олардың болашақтағы дамуы, мінез-құлқы, өмір сүру салты меншіктің жаңа формаларын заңдастыруға байланысты болады.