Бой дәретсіз орындауға болмайтын құлшылықтар
1. Дәретсіз орындауға болмайтын құлшылықтардың бәрі ғұсылсыз атқаруға тиым салынады. Олар: намаз және оған ұқсайтын тиләуат сәждесі, шүкір сәждесі, жаназа намазы, Қағбаны тауап ету. Сонымен қатар дәретсіз ұстауға болмайтын нәрселерді ғұсылсыз ұстауға тиым салынады. Олар: Құран кітабы, құран аяттары жазылған нәрсені, құран аяттарымен безендірілген қабырға мен жиектеме.
2. Құран оқу. Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يقرأ القرآن على كل حال ليس الجنابة)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Құранды бой дәретсіз болған кезде ғана оқымайтын»[232].
Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін жеткізді:
(لا يقرأ الجُنب والحائض شيئاً من القرآن)
«Жүніп және етеккір күйдегі адамға құраннан ешнәрсе оқуына болмайды»[233].
3. Мешітке кіру. Умму Салама, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін жеткізді:
)إن المسجد لا يحل لجنب ولا لحائض)
«Расында, жүніп және етеккір күйдегі адамға мешітке кіруге болмайды»[234].
Мешітке қатысты үкімдер[235]
1.Жүніп кісіге және етеккір мен нифас күйдегі әйелге мешітке кіру харам.
2. Мешітте ұйықтаған кісіден шәует бөлінсе, дереу мешіттен шығуы уәжіп.
3. Кіші дәретсіз кісіге мешітте отыруына болады.
4. Жолаушы мен иътикафтағы кісіден басқаларға мешітте ұйықтау мәкрүһ.
5. Ораза ұстаған кісіге мешітте ауыз ашуына болады.
6. Пияз бен сарымсақ жеген кісіге мешітке кіруі мәкрүһ тахриман. Өйткені Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:
(من أكل من هذه الشجرة - يعني الثوم - فلا يقربن مساجدنا)
«Кім мына өсімдіктен жесе, - яғни сарымсақтан, - мешіттерімізге жуымасын»[236].
7. Мешітте түкіру мәкрүһ. Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(البصاق في المسجد خطيئة و كفارتها دفنها)
«Мешітте түкіру - күнә және кінәсінің жуылу - көміп тасталуында»[237].
8.Мешітте түзге отыру және қан алдыру харам. Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إن هذه المساجد لا تصلح لشئ من هذا البول و لا القذر. إنما هي لذكر الله و قراءة القرآن)
«Расында, бұл мешіттердің зәр немесе нәжіс секілді нәрселермен былғануы дұрыс емес. Расында, олар Аллаһты еске алу мен Құран оқу үшін ғана арналған»[238].
9.Мешітте ағаш егу және құдық қазу мәкрүһ.
10. Мешітте жанжал шығару, дауласау және дауыс көтеру, бір заттың жоғалғанын жариялау, сауда жүргізу мәкрүһ тахриман. Өйткені Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:
(إذا رأيتم من يبيع أو يبتاع في المسجد فقولوا: لا أربح الله تجارتك وإذا رأيتم من ينشد ضالة فقولوا: لا ردها الله عليك)
«Кімнің мешітте (бір нәрсені) сатқанын немесе сатып алғанын көрсеңдер, оған: «Аллаһ саудаңды пайдасыз етсін»-деңдер. Жоғалған нәрсесін мешітте жариялаған кісіні көрсеңдер, оған: «Аллаһ оны саған қайтара көрмесін»-деңдер»[239].
11.Мешітте садақа сұрау харам, ал садақа беру мәкрүһ.
12. Сәбиді мешітке кіргізу мәкрүһ. Өйткені сәби білместіктен мешітті былғауы мүмкін.
13. Мешітте тәлім отырыстарын ұйымдастыру және уағыз айтып имандасу мустахап.
14. Мешіттің тазалығын қадағалау сүннет. Мешітте түкірік немесе нәжіс байқаған кісіге оны өздігінен алып тастау сүннет. Өйткені Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) мешітте кеуіп қалған түкірікті өз қолымен қырып кетірген[240].
15.Сапардан оралған кісіге алдымен мешітке соғып, екі рәкат намаз оқуы сүннет. Каъб ибн Мәлик, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول الله صلى الله عليه و سلم إذا قدم من سفر بدأ بالمسجد فصلى ركعتين)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) сапардан оралғанда мешіттен бастап, екі рәкат намаз оқыды»[241].
16.Мешітте отырған кісі келесі намазды күтуі, онда Құран жаттап немесе оқып отыруы, сондай-ақ басқа да құлшылық түрлерімен шұғылданып отыруы қажет.
17. Ұрлықтың кесірінен парыз намаздары арасында мешіттің жабылуы күнә емес.
18. Жұманың құтпасы айтылып жатқан уақыттан басқа уақыттарда мешітке кірген кісі екі рәкат намаз оқымай отыруы мәкрүһ.
19.Азан айтылған соң қажет қыспаған кісіден басқаларға намаз аяқталмай мешіттен шығу мәкрүһ. Әбу Шаъсә, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كنا قعودا مع أبي هريرة رضي الله عنه في المسجد فأذن المؤذن فقام رجل من المسجد يمشي فأتبعه أبي هريرة بصره حتى خرج من المسجد فقال أبي هريرة: أما هذا فقد عصى أبا القاسم صلى الله عليه و سلم)
Әбу Һурайрамен, Аллаһ тағала оған разы болсын, бірге мешітте отырған едік. Азаншы азан айтты. Бір кісі орнынан тұрып, мешіттен шығуға бет алды. Ол мешіттен шыққанша Әбу Һурайра одан көзін алмады. Сосын Әбу Һурайра былай деді: «Мынау кісі, расында да, Әбу Қасимнің, (саллаллаһу алайһи уа саллам) тілін алмаған болды»[242].
20. Мешітке кірерде мына дұғаны айту:
(أعوذ بالله العظيم و وجهه الكريم و سلطانه القديم من الشيطان الرجيم. باسم الله و الحمد الله اللهم صل على سيدنا محمد و على آل محمد و سلم. اللهم اغفر لي ذنوبي وافتح لي أبواب رحمتك)
«Рахымнан қуылған шайтаннан Ұлы Аллаһпен, Оның Ардақты жүзімен және Мәңгі үстемділігімен қорғанамын. Аллаһтың атымен және Аллаһқа мақтау. Аллаһым, жетекшіміз Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне рахымың мен есендігің болсын. Аллаһым, менің күнәләрімді кешіре гөрші және маған рахым есіктеріңді аша гөрші».
21.Мешіт салу және мешіт жөндеу сүннет. Осман ибн Ъаффан, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من بنى لله مسجدا بنى الله له مثله في الجنة)
«Кім Аллаһ үшін мешіт салса, Аллаһ оған жәннатта соған ұқсасын салады»[243].
Моншаларға қатысты үкімдер[244]
1. Жалпы моншаға түсудің үкімі мубах. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің былай дегенін айтты:
(ستفتح عليكم أرض العجم و ستجدون فيها بيوتا يقال لها الحمامات فلا يدخلنها الرجال إلا بالإزار وامنعوها النساء)
«Әлі сендерге басқа халықтардың жерлері ашылады және онда моншалар деп аталатын үйлерді байқайсыңдар. Ер кісілер оған іштік киімсіз[245]кіруші болмасын! Сондай-ақ әйелдердің оған кіруіне тиым салыңдар!..»[246].
2.Көпшілікпен моншаға түсу ер кісілерге болады. Ал әйел кісіге жалғыз болмаса, көпшілікпен моншаға түсуі харам. Әйел кісі өз үйіндегі жеке моншаға жалғыз түсуі қажет. Өйткені шариғатта ер кісімен салыстырғанда әйел денесінің көп бөлігі әурет саналады. Сол себептен ер кісіге көпшілікке арналған моншаға іштік киімсіз жалаңаш кіруі, ал әйел кісіге жалпы кіруі харам. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من كان يؤمن بالله واليوم الآخر من ذكور أمتي فلا يدخل الحمام إلا بمئزر و من كانت تؤمن بالله واليوم الآخر فلا تدخل الحمام)
«Менің үмметімнен Аллаһқа және ақирет күніне иман келтіруші ер кісілер моншаға іштік киімсіз кірмесін! Сондай-ақ Аллаһқа және ақирет күніне иман келтіруші әйел кісі мүлде моншаға кірмесін»[247].
3. Ер кісі әйелімен бірге моншаға түсуіне болады. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:
(احفظ عورتك إلا من زوجتك)
«Әйеліңді есепке алмағанда, басқалардан әуретіңді сақта!..»[248].
4.Моншаға түсудің әдептері:
- Моншаға көңіл көтеру ниетімен емес, тазалану ниетімен кіру.
- Монша ақысын кірер алдын төлеу.
- Кірерде: «Бисмиллә» мен «Әъузу»-ді айту.
- Сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу.
- Буланатын бөлмедегі ыстықты сезуімен тозақ отын еске алу.
- Ішінде жалаңаш кісі жүрген моншаға кірмеу. Ең абзалы моншаны жеке өзіне жалдау.
- Буланатын бөлмеге кірер алдын бірінші бөлмеде тер шығарып алу. Бұл денсаулыққа пайдалы.
- Көп сөйлемеу және жан-жаққа қарай бермеу. Өйткені монша шайтандардың орны.
- Моншадан шыққан соң Аллаһ тағаладан кешірім сұрап, екі рәкат намаз оқу. Өйткені әуелгі мұсылмандар моншаға түскен күндерін «күнәлі күн» деп санайтын.
- Ораза ұстаған кісіге моншаға түсу мәкрүһ. Өйткені моншаға түсуімен ол әлсіздігіне әлсіздік қосады.
- Моншадан шығарда аяқты салқын сумен жуу. Бұл денсаулыққа пайдалы.