ІІ. Үй тапсырмасын сұрау: өткен тақырып бойынша үй тапсырмасын тексеру
ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру және сабақ жоспары:
- Өркениет туралы түсінік.
- Шығыс өркениеті.
- Батыс өркениеті.
- Көшпенділер өркениеті.
"Өркениет" ұғымы. Өркениет дегенде, алдымен "мәдениет" ұғымы ойға оралады. Бұлардың мағыналық жағынан бірінің екіншісіне өте жақын болуынан көпшілік жағдайда ғалымдар оларды синоним сөздер ретінде қолданып та келді. Жалпылама мағынада алғанда, мәдениет— айналадағы нағыздықты жаңартуға, адамның мүмкіндігі мен қабілетін айқындауға шыңдауға бағытталған адамзаттың шығармашылық қызметі болып табылады.
Өркениетті дүниежүзілік тарихи үрдіске талдау жасай отырып, мәдениеттен бөле қарастыру жаңа дәуір зерттеушілерінен басталды. Қазіргі замандык әлеуметтанушылар, тарихшылар мен философтар қоғамның өркениеттілігін оның үш айқындаушы өлшемі — техниканың жетістігі, қоғамның әлеуметтік түзілімі және қоғамның ішкі ұйымдасуы мен негізделуі тұрғысынан бағалайды. Осы тұрғыдан алып топшылағанда, өркениет (лат. civilis — азаматтық, мемлекеттік) деп белгілі бір елдер мен халықтардыц тарихи дамудың белгілі бір кезеңіндегі материалдық, рухани және әлеуметтік өмірінің өзіне тән сапалық ерекшеліктерін айтамыз.
Шығыс өркениеті. Өркениеттер арасынан тарихшылар әлемнің әр өңірінде, дамудың түрлі кезеңдерінде өмір сүрген елдерді немесе елдер топтарын бөліп алып қарастырады. Олардың ішінде айрықша маңызы бар өркениеттер тобы ежелгі Үндістанды, Қытайды, Вавилонды (Бабыл), Египетті және Шығыстағы мұсылман мемлекеттерін құрайтын топтар жатады.
Мәдени қызмет саласында Шығыс өркениеті бір кезде іргесі қаланған мәдени үлгілердің, ғұрыптардың, әрекет тәсілдерінің, еңбек машықтарының алдын ала қалыптасқан сүрлеуімен жүрді, шығармашылықтың жеке сипатына жол берілмеді. Адамдарға жеке еркіндік жағдайы жасалмады, оларды сословиелік немесе касталық бекітуге тартатын тұрақты еңбек бөлінісіне қатыстылық орын алды.
Дүние жүзіндегі алғашқы университет Шығыста ашылды. Жаңа тарихқа дейінгі кезеңдегі ғылым мен өндіріс технологиясының теңдесі жоқ жаңалықтарының басым көпшілігі Шығыста пайда болды. Индустриалдық өркениеттің суырылып алға шығуына, кейіннен ғылым мен техниканың қарыштап дамуына кең жол аршып берген төрт ұлы жаңалық — қағаз, компас, оқ-дәрі, әлемнің гелиоцентрлік жүйесі — алдымен Шығыста пайда болды.
Батыс өркениеті. Біздің заманымызға дейінгі VIII— VI ғасырлардағы Грекияда өзгеше ақша айналысы жүйесі, нарық және саяси ұйымдасудың негізгі формасы — полис қалыптасты. Халықтардың егемендігі мен бостандығы, демократиялық формалары туралы идеялар көтерілді.
Ежелгі Рим өркениеті Батыс өркениетінің ішінде ерекше орын алады. Римде қазіргі заманғы құқықтың негізі қаланды және ол бірнеше ғасырға созылған уақыт ішінде орнықты. Римдегі құқық жүйесі мүліктік және шаруашылық қатынастарды реттейтін, меншікпен байланысты құқыктық нормалар жүйесінің шартты міндеткерлік пен жауапкершілікті қамтамасыз ету ережесін, мүлікті мирасқа қалдырудың жетілген нормаларын қамтыды. Римдік заңгерлер құқықты жеке адамдардың пайдасын көздейтін жеке құқық және Рим мемлекетінің жағдаятына қатысты жамиғаттық құқық деп екіге бөлді. Римде императорлардың заң шығарушы қызметі үлкен маңызға ие болды. "Конституция" деген жалпы атпен эдикттер, декреттер жарияланды, рескрипттер, мандаттар таратылды.
Жердегі адамзат қоғамының прогресі үшін теңдесі жоқ ұлы күш пен жаңа серпін бергендері — еркіндік пен теңдік идеяларының көтерілуі болды. Бұл идеялар туралы түсініктер өзін-өзі басқару — коммуна үшін ғасырларға созылған күрес үрдісінде қалыптасты. Парламенттік басқарудың қайнар көзі де осы идеялардан басталды.
Көшпенділер өркениеті. Қазіргі қазақтардың жөне Орталық Азия мен Еуропаның шығысын мекен еткен өзге түркі тілді халықтардың бірқатарының ата-бабалары — қыпшақтардың көшпелі мал шаруашылығымен айналысқаны белгілі. Бұл көсіпті қыпшақтар өздерінен бұрын өмір сүрген сақ, ғүн тайпаларынан, кейін түрлі аттармен түрлі тармақтарға ыдырап, жеке ұлттардың негізін құраған түркі тайпаларынан мұра ретінде қабылдаған.
Көшпенділер өркениетін қоғамда орын алған рухани құндылықтар мен идеялар жүйесі тұрғысынан бағалау нағыз адами қасиеттер молшылығына бастады. Көшпенді халықтардың, соның ішінде қазақтардың өмірлік қызметі, әлеуметтік қатынастары, рухани өмірі ізгілікке, мейірімділікке, парасаттылыққа және басқа адамгершілік нышандарға толы. Оларды көшпенділердің әрбір әрекетінен де, сөзінен де көруге болады.
Көшпенділерде қылмыстың аз болуынан (жесір дауы, жер дауы немесе мүліктік қақтығыстар, барымта, төбелес сияқтылардан басқа, құқықтық жаза қолданылатын қылмыстардың болмауынан) мемлекеттік жазалаушы органдардың жұмысы жетілмеді. Бұқара тұрмысының қанағаттанарлық деңгейден төмен түспеуінен жергілікті билік иелеріне қарсы наразылык актілері — көтерілістер, толқулар, революциялар болмады.
Көшпенділерде қатыгездіктен гөрі мейірімділік, әділетсіздіктен бәрі әділеттілік, ездіктен бәрі ерлік, қайыршылықтан бәрі мырзалық, жұпынылықтан бәрі сәндік, мұңнан бәрі жайдарылық басым болды. Өмір сән-салтанатқа, толып жатқан мерейлі мерекелерге толы болды. Көшпенділер аштық, көтеріліс, сот, абақты, қайыршылық дегенді білген жоқ.
Сабақты қорытындылау: Көшпенділер өркениеті адами құндылықтар тұрғысьшан қарағанда бұқараның әлеуметтік-тұрмыстық мүдделерін бірқатар толығырақ қанағаттандыратын, қоғамда жайлы адамгершілік-моральдық ахуал жасап отыратын болды.