Халықаралық сипаттағы шарттық міндеттемелердің түсінігі
Шарттық міндеттемелерді құқықтық реттеу кез келген мемлекеттің азаматтық құқығында елеулі орынды алады. Шарттық міндеттемелерді реттейтін нормалар халықаралық жеке құқықта да маңызды орынды алады. Бұл нормалардың көмегімен шетел элементімен шиеленіскен мынандай азаматтық құқықтық қатынастар реттеледі: халықаралық сатып алу-сату, мүлікті жалға беру, шетелде өндіріс және басқа объектілерді құру, халықаралық жүктер мен жолаушыларды және олардың қол жүгін тасымалдау, халықаралық несие беру, шетел ғылыми туындыларын, әдебиеттерін пайдалану және тағы басқалар.
Халықаралық жеке құқық нормаларында және ғалымдардың пікірлерінде ( доктрина ) шарттық міндеттемелерді белгілеу үшін екі термин қолданылады: шарттар және мәмілелер. Заңнамада сыртқы экономикалық мәміленің немесе сыртқы экономикалық шарттың анықтамасы жоқ. Тек қана олардың атауы Азаматтық кодекстің 2-ші бабында аталған. Азаматтық кодекстің 153-бабының 3-тармағында «сыртқы экономикалық мәміленің жай жазбаша түрін сақтамау мәміленің жарамсыз қалуына әкеліп соғады» деп жазылған. Азаматтық кодекстің 1104-бабының 2-тармағына сәйкес «қатысушыларының кем дегенде біреуі Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы немесе Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын сыртқы экономикалық мәміле мәміленің жасалған жеріне қарамастан, жазбаша нысанда жасалады. Өзінің табиғаты бойынша сыртқы экономикалық мәміленің жай азаматтық-құқықтық мәміледен ешқандай айырмашылығы жоқ. Кез-келген азаматтық құқықтық шарт сыртқы экономикалық мәміле болуы мүмкін. Соңғысының бір ғана айырмашылығы бар – оның тараптары әр түрлі мемлекеттерде орналасқан. Сыртқы экономи-калық мәмілені былай анықтауға болады – ол құқықтық қатынастарды бекітетін, өзгертетін немесе тоқтататын азаматтық – құқықтық мәміле және оның субъектілері әр түрлі мемлекеттерде орналасқан. Сыртқы экономикалық шарт – бұл тараптары әр түрлі мемлекеттерде орналасқан азаматтық – құқықтық шарт.
Азаматтық құқықтың жалпы бөліміне сәйкес (Азаматтық кодекстің 148-бабы) сыртқы экономикалық мәміленің келесі түрлерін бөліп көрсетуге болады:
1) Біржақты (мысалы, шетел заңды тұлғасына сенімхатты беру; мұрагерлер басқа мемлекетте тұрған жағдайда мұрагерлік).
2) Екіжақты (мысалы, тауарларды халықаралық сатып алу-сату шар-
ты, халықаралық мердігерлік шарты, коммисиялар және басқалар).
3)Көпжақты (мысалы, бірлескен қызмет туралы шарт). Мысал ретінде консорциумдарды келтіруге болады: Қазақстан Каспий шельф, Каспий құбырлық консорциумы (КТК).
Сыртқы экономикалық мәміленің басқа мәмілелерден айырмашылығы – ол халықаралық шаруашылық аясында кәсіпкерлік, комерциялық қызметті білдіреді. Бірақ халықаралық практикада «сыртқы экономикалық» термині қолданылмайды, оның орнына «халықаралық шарт» немесе «халықаралық мәміле» термині қолданады. Мысал ретінде Римдегі жеке құқықты унифика–циялау институты 1994 жылы дайындаған және де тәжірибеде үлкен ықпалға ие болған құжатты ( халықаралық коллизиялық шарттар қағидалары – УНИДРУА қағидалары) келтіруге болады. Екі термин де бір мағынаны білді-реді, бірақ кішкене болса да айырмашылығы бар. «Сыртқы экономикалық мәміле» бір мемлекеттің ұстанымын (позициясын) білдіреді: Қазақстан Республикасының, оның азаматтары мен заңды тұлғаларының халықаралық экономикалық байланысқа қатысуы, олардың сыртқы қызметі болып табылады. Екі немесе одан да көп мемлекеттің қатысуымен дәл сол қызмет халықаралық шаруашылық қызмет болып табылады, ал оларды білдіретін мәмілелер – халықаралық комерциялық мәмілелер болады.
Сыртқы экономикалық мәмілелерді (шарттарды) құқықтық реттеудің өзіне тән ерекшелігі бар. Біріншіден, мұндай ерекшелік мәміленің нысанымен байланысты. Азаматтық кодекс міндетті түрде сыртқы экономикалық мәміленің жазбаша нысанын талап етеді, ол үшін арнайы коллизиялық норма бар, 1104-баптың 2-тармағы, онда: «Қатысушыларының кем дегенде біреуі Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы немесе Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын сыртқы экономикалық мәміле мәміленің жасалған жеріне қарамастан, жазбаша нысанда жасалады».
Екіншіден, халықаралық комерциялық шарттарды (сыртқы экономикалық мәмілелерді) реттеуде үлкен орынды халықаралық шарттар унификациялайтын коллизиялық және материалдық нормалар алады. Мысалы, халықаралық сатып алу-сату туралы 1980 жылғы Вена конвенциясында орын алған унификацияланған материалдық-құқықтық нормалар барлық трансшекаралық сатып алу-сату шарттарға қолданылмайды, тек қана кәсіпкерлік, комерциялық қызметті рәсімдейтін шарттарға қолданады. Өзі үшін, отбасы немесе үйдегі пайдалану үшін тауарларды сатып алу-сатумен байланысты қатынастарға Конвенция қолданылмайды деп конвенцияда тікелей бекітілген.
Дәл сондай қатынастар 1974 жылғы тауарларды халықаралық сатып алу-сатуда талап мерзімі туралы Нью-Йорк конвенциясында, 1986 жылғы тауар-ларды халықаралық сатып алу-сату шарттарға қатысты қолданатын құқық ту-ралы Гаага конвенциясы, 1988 жылғы халықаралық лизинг туралы Оттава конвенциясында бар.
Үшіншіден, халықаралық коммерциялық шарттар аясында кеңінен халықаралық сауда әдеттері қолданады немесе аса кең терминді қолдансақ – халықаралық іскерлік айналым әдеттері, олар жиі бір атаумен біріктіріледі «Lex merkatoria». Кеңінен қолданатын әдеттер ресми емес кодификацияға байланысты әр түрлі халықаралық актілерде жарияланып, қазір әлемдік практикада кеңінен белгілі.
Төртіншіден, халықаралық коммерциялық шарттардың міндеттемелері-нен туындайтын дауларды шешудің әлемдік тәжірибиесінде ерекше меха-низмі қалыптасты. Бұнда сөз халықаралық коммерциялық арбитраждар туралы болып отыр, олар институционалды ( тұрақты жұмыс істейтін) және ad hoc (нақты бір дауды қарау үшін құрылады). Бұл механизмнің ерекшелігі, даудың тараптарының өздері дау қаралатын арбитражды, қандай мемлекетте, қай тілде жүргізілетінін таңдайды.
Осылайша, халықаралық сипаттағы мәмілелер екі топқа бөлінеді: халықаралық кәсіпкерлік қызметті білдіретін халықаралық сипаттағы мәмілелер және кәсіпкерлік сипаты жоқ, өзінің мақсаты ретінде пайда табуды көздемейтін мәмілелер.
Сыртқы экономикалық (халықаралық комерциялық) мәміле кез-келген азаматтық-құқықтық мәміле сияқты бір жақты бола алады, егер оны орындау үшін бір тараптың еркі жеткілікті болса (мысалы сенімхат) және екіжақты немесе көпжақты, егер оны орындау үшін екі немесе одан да көп тараптардың еркі қажет болса. Соңғысы шарт (контракт) болып табылады. Екі жақты шартқа мысал ретінде халықаралық сатып алу-сату шартын, бартер, коммисияны және тағы басқаларды келтіруге болады; көпжақты шартқа мысал ретінде қаржылық лизинг, факторинг шарттарын, бірлескен қызмет туралы шарттар, кооперация туралы және тағы басқаларын келтіруге болады.
Халықаралық коммерциялық мәмілелердің ішінен орталық орынды халықаралық сатып алу-сату шарты алады. Өз кезінде осы шарт саудаға әкелетін халықаралық шаруашылық байланыстарды білдіретін бірден-бір нысаны болды. Қазіргі уақытта да ол кеңінен қолданады. Сондықтан да тәжірибиеде де, доктринада да «халықаралық сауда мәмілесі» термині халы-қаралық коммерциялық мәмілелердің барлық түрлерін қамтиды және біріктіреді.
Соңғы кездерде халықаралық сауда құқығын унификациялайтын халық-аралық-құқықтық актілерде, көп жағдайларда, әр түрлі мемлекеттердің аумақтарында орналасқан тараптардың коммерциялық мекемелері крите-рийін қолданады. Осылайша, ББҰ-ның 1980 жылғы «халықаралық сатып алу-сату шарттары туралы» конвенцияның 1-бабына сәйкес халықаралық сатып алу-сату шартын былай түсіну керек: «мекемелері әр түрлі мемлекеттерде орналасқан тараптар арасындағы тауарларды сатып алу-сату шарты». Дәл сондай ережелер 1974 жылғы халықаралық тауарларды сатып алу-сатудағы талап мерзімі туралы Нью-Йорк конвенциясында, 1986 жылғы халықаралық тауарларды сатып алу-сатуда қолданатын құқық туралы Гаага конвенциясын-да, 1988 жылғы халықаралық қаржылық лизинг және халықаралық факторинг туралы Оттава конвенцияларына және басқаларында. Осындай бірыңғайлықтың болуы бұл критерийді әлемдік тәжірибеде жалпы жұрт танығандығын көрсетеді. Сонымен халықаралық коммерциялық мәмілелерге (немесе сыртқы экономикалық мәмілелерге), коммерциялық мекемелері әр түрлі мемлекеттердің аумақтарында орналасқан тараптардың арасында жасалатын халықаралық сыртқы экономикалық қатынастар аясындағы кәсіпкерлік қызметті жатқызуға болады. Осындай қорытынды халықаралық тәжірибеге сәйкес және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейді.
Коммерциялық мекемелердің әр түрлі мемлекеттердің аумақтарында орналасуы, тек қана тараптардың әр түрлі мемлекеттерде жатқанын ғана білдірмейді, сонымен қатар олардың әр түрлі құқықтық жүйелермен байла-нысты екендігін көрсетеді. Бұл жағдай мәмілелерді бекіту мен оларды жүзеге асыруды қиындатады. Нәтижесінде арнайы толықтырушы шарттар пайда болады. Олар сыртқы экономикалық мәмілелерді ішкі азаматтық – құқықтық мәмілелерден ажыратуға көмектеседі. Себебі мұндай шарттар ішкі мәмілеле-лерде мүлде жоқ болады немесе мағынасы (шарттардың) аздау болады.
Негізгілерін атап көрейік:
1. халықаралық шаруашылық операцияларда төлемдерді алу мүмкіндігі қиындайды. Сатушы сатып алушының ұлттық-құқықтық жүйесіне сәйкес төлемдерді алу тәртібі туралы, көп жағдайда бейхабар болады. Осыдан халықаралық мәмілеге төлемдермен байланысты, нақты дайындалған шарттарды кіргізуге тура келеді. Бұнда әлемдік тәжіри-беде қалыптасқан іскерлік айналым әдеттері қолданады.
2. Төлемдер мен валюталық шарттар тығыз байланысты. Бұны халықаралық мәмлеге енгізу кем дегенде бір тарап үшін өзара міндеттерде қолданылатын валют шетел болып табылады. Осыған орай мәмлеге келесі қалыптарды енгізу керек болады: валютаның бағасын анықтау, яғни тауардың, қызметтің бағасы көрініс тапқан валюта; төлем валютасы; егер валюта бағасы және валюта төлемі сәйкес келмесе бір валютаның екінші валютаға аудару шарттары, валюталық тәуекелдерді болдырмау шаралары.
3. Қалыптасқан ережеге сәйкес тауар бір немесе одан да көп мемлекеттердің территориясы арқылы тасымалдануы керек, сондықтан да халықаралық коммерциялық мәміледе тасымалдау шарттары маңызды орынды алады.
4. Халықаралық коммерциялық мәміле әртүрлі мемлекеттредің құқығы әрекет ететін аяда жатқандықтан, оған қолданылатын құқық туралы шарттарды енгізу дұрыс болады және тағы басқа жағдайлар.
Өзіміз көріп отырғандай халықаралық коммерциялық мәмілелер «Ішкі» мәмілелерден өзгеше болады. Алайда мәміледе ерекше шарттардың болуы мәміленің «Халықаралықтығын» сипаттайтын болып табылмайды. Керісінше, арнайы шарттардың болуы мәміленің халықаралық сипатының салдары болады. Сондықтан мәмілені халықаралық деп тану үшін бір критерий жеткілікті тараптардың коммерциялық мекемелерінің әр түрлі мемлкеттердің аумақтарында орналасуы.