Бап. Жер учаскесiне құқық беру тәртiбi
1. Осы Кодекстің 44, 44-1 және 45-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі жерден, сондай-ақ 48-бабына сәйкес сауда-саттыққа (конкурстарға, аукциондарға) шығарылатын жерден жер учаскесіне құқық беру мынадай тәртіппен жүргiзiледi:
1) жер учаскесiне тиiстi құқық беру туралы өтінішті қарауға қабылдау;
2) сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау;
3) жер учаскесін алдын ала таңдау (елді мекен шегінде объектілер салуды қоспағанда, объектілер салу үшін жер учаскесі сұралған кезде);
4) тиісті жергілікті атқарушы органдар құратын комиссияның жер учаскесін беру туралы қорытындысын дайындауы;
5) жерге орналастыру жобасын әзiрлеу және бекiту;
6) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесiне құқық беру туралы шешiм қабылдауы;
7) сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасу;
8) жергілікті жердегi жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу;
9) елді мекен шегінде объектілер салуға арналған жер учаскесін қоспағанда, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру.
1-1. Елді мекен шегінде объектілер салу үшін жер учаскесі сұралған кезде жер учаскесіне құқық беру тәртібі осы Кодекстің 44-1-бабымен реттеледі.
Нысаналы мақсатына қарай жер учаскелерін беру ерекшеліктері осы Кодекстің 44 және 45-баптарына сәйкес айқындалады.
1-2. Су объектісінің жағалау жиегінен бес жүз метр шекте орналасқан жер учаскелерін беру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қорының жерлерін қоспағанда, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын айқындағаннан, сондай-ақ олардың шаруашылық пайдаланылу режимін белгілегеннен кейін жүзеге асырылады.
Жағалау жиегін айқындау тәртібі су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті орган бекіткен су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қағидаларында айқындалады.
2. Жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi осы Кодексте белгiленген өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
Жер учаскесін беру туралы шешім комиссияның оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады.
Жер учаскесiн беруден бас тарту туралы шешiм комиссияның қорытындысы шығарылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде комиссияның теріс қорытындысы негiзiнде қабылданады.
Жер учаскесін беруден бас тарту уәжделген болуға тиіс.
Комиссияны облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары жергілікті өкілді органының депутаттары, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органының, тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының (олар болған кезде) өкілдері қатарынан құрады.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана деңгейінде құрылатын комиссиялардың құрамына қоршаған ортаны қорғау, ауыл және орман шаруашылығы, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің өкілдері де міндетті түрде енгізіледі. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының қалауы бойынша комиссияның құрамына басқа адамдар да енгізілуі мүмкін.
Аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкiмдерiнiң жер учаскесiн беру туралы шешiмi ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдары құратын комиссияның оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негiзiнде қабылданады.
Аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкiмдерiнiң жер учаскесiн беруден бас тарту туралы шешiмi комиссияның теріс қорытындысы негiзiнде комиссия қорытындысы шығарылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданады. Жер учаскесін беруден бас тарту уәжделген болуға тиіс.
Комиссия қорытындысы сұралып отырған жер учаскесiн аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлiмделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану немесе жер учаскесiн алдын ала таңдауды ұсыну (елді мекен шегінде объектілер салуды қоспағанда, объектiлер салу үшiн жер учаскесi сұралған кезде) мүмкiндiгi туралы ұсыныстарды уәкілетті орган комиссияға берген кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде екi данада хаттамалық шешiм нысанында жасалады.
Комиссияның оң қорытындысының бір данасы бес жұмыс күні ішінде жерге орналастыру жобасын дайындау үшін өтініш берушіге жіберіледі.
3. Жер учаскелерiне меншiк және (немесе) жер пайдалану құқықтарының өздеріне берілуіне мүдделi жеке және заңды тұлғалар өтініш берушіге өтініштің берілгенін растайтын құжатты беретін, жер учаскесi орналасқан жер бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкiмiне өтiнiш бередi.
Өтiнiште: жер учаскесiн пайдалану мақсаты; оның болжамды көлемi; орналасқан жерi; сұралып отырған пайдалану құқығы; басқа жер учаскесiнiң (осы Кодекстiң 50-бабының 2-тармағында көрсетілген жер учаскелерi бойынша) болуы (болмауы) көрсетiлуге тиiс.
Пайдалы қазбалар шығарылатын жағдайда өтiнiшке жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттың көшiрмесi қоса берiледi.
Сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау үшін жер учаскесiне құқық беру туралы өтiнiш жер учаскесі орналасқан жер бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдарына үш жұмыс күні ішінде келіп түседі.
Жер учаскесіне құқық беру туралы өтінішті қараудың жалпы мерзімі ол түскен кезден бастап екі айға дейінгі мерзімді құрайды.
Егер өтініш беруші жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың тізілімінде тұрған немесе өтініш беруші жер учаскесіне құқық беру туралы не оны беруден бас тарту туралы шешім қабылдау үшін қажетті құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайларда, жер учаскесі орналасқан жер бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдары екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге өтінішті қараудан бас тартуды жазбаша түрде береді.
Көрсетілген мерзiмге:
осы Кодекстің 44-бабының 3-тармағына сәйкес дайындалатын жерге орналастыру жобасын жасау;
осы Кодекстің 44-бабының 6-тармағында белгіленген келісу;
жергілікті жердегі жер учаскесінің шекарасын белгілеу кезеңдері кірмейді.
4. Жер учаскесi орналасқан жер бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкiлеттi органы және тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелері сұралып отырған жер учаскесiн аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлiмделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкiндiгiн айқындайды.
Сұралып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныстарды әзірлеу мерзімі өтініш келіп түскен кезден бастап он жұмыс күніне дейінгі мерзімді құрайды.
5. Алып тасталды - ҚР 02.07.2014 № 225-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
6. Осы Кодекстiң 84-бабына сәйкес жер учаскелерiн алып қою, соның iшiнде мемлекет мұқтажы үшiн алып қою жағдайларын қоспағанда, жер учаскесiне құқық беруден бас тарту облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң шешiмiмен ресiмделедi және оның дәлелдi себептерi көрсетiлуге тиіс, ал көшiрмесi өтiнiш берушiге комиссия қорытындысы шығарылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде тапсырылуға тиiс.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң жер учаскесiне құқық беруден бас тарту туралы шешiмi комиссияның тиiстi қорытындысы шығарылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданады.
7. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскелерiне тиiстi құқықтар беру не оларды беруден бас тарту туралы шешімінің көшірмесі шешім қабылданған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тапсырылады (жіберіледі).
Жер учаскелерiн беру жоғары тұрған атқарушы органның құзыретiне кiретiн жағдайларда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың, ауылдық округтiң әкiмi жерге орналастыру iсiн өз шешiмiмен бiрге жоғары тұрған органға түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн жiбередi.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң жер учаскесiне құқық беру туралы шешiмi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиiстi уәкiлеттi органы бекiткен жерге орналастыру жобасы келiп түскен кезден бастап жеті жұмыс күніне дейiнгi мерзiмде қабылданады.
Жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінен кеш емес мерзімде, сол шешімнің негізінде сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасады.
Жергілікті жердегі жер учаскесінің шекарасын белгілеу өтініш берушінің Қазақстан Республикасының заңнамасындабелгіленген тәртіппен өтініш беруі негізінде жүзеге асырылады.
Жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындауды және беруді мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін Мемлекеттік корпорация Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен алты жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырады.
8. Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерi және сол жер учаскелерiн жалдау құқығы осы Кодекстiң 48-бабында белгiленген ережелер ескерiле отырып, сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сату объектiлерi болуы мүмкiн.
9. Мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін Мемлекеттік корпорация беретін мынадай құжаттар:
жер учаскесi жеке меншiкте болған кезде - жер учаскесiне жеке меншiк құқығы актici;
тұрақты жер пайдалану кезiнде - тұрақты жер пайдалану құқығы актiсi;
уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) кезiнде – уақытша өтеулi (ұзақ мерзiмдi, қысқа мерзiмдi) жер пайдалану (жалдау) құқығы актiсi;
уақытша өтеусiз жер пайдалану кезiнде - уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы актiсi жер учаскесiне сәйкестендiру құжаттары болып табылады.
Жер учаскесiне құқықтар ауысқан кезде сәйкестендiру құжаты сатып алушыға немесе өзге де құқық иеленушiге берiледi. Жер учаскесiнiң сәйкестендiру сипаттамаларында өзгерiстер болмаған жағдайда, мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзудi жүзеге асыратын орган жаңа сәйкестендiру құжатын бермейдi, жер-кадастр кітабына және жердің бірыңғай мемлекеттік тізіліміне жер учаскесіне құқықтардың ауысуы туралы мәліметтер енгізіледі.
Жер учаскесіне құқықтардың ауысуы туралы мәліметтерді енгізу жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган ұсынатын материалдар негізінде жүргізіледі.
10. Егер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң жер учаскесiн беру туралы шешiмiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi. Осы норманы сақтамау жер учаскесiн өз бетiнше иеленiп алу деп бағаланады және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылықты көздейдi.
Құқық белгiлейтiн құжаттары ресiмделмеген жер учаскелерiне қатысты мәмiлелер жасасуға жол берiлмейдi.
11. Осы Кодекс қолданысқа енгiзiлгенге дейiн азаматтар мен заңды тұлғаларға бұрын қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiлген жер учаскелерiне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгiленген жер учаскелерiне құқықтардың өзгеруi ескерiле отырып, заңдық күшiн сақтайды.
Осы Кодекске сәйкес мұндай құжаттарды жер учаскелерiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын куәландыратын құжаттарға ауыстыру құқық иеленушілердiң қалауы бойынша жүзеге асырылады.
12. Жер учаскелерiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мұрагерлiк тәртiбiмен алған кәмелетке толмағандарға жер учаскелерiне құқықты ресiмдеу жағдайларын қоспағанда, жер учаскелерiне құқық кәмелетке толған адамдарға беріледі. Кәмелетке толмағандардың заңды өкiлдерi бұл жер учаскелерiн мұрагерлер кәмелетке толғанға дейiн жалға беруге құқылы.
13. Қазақстан Республикасының мүлiктi жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы заңнамалық актiсiне сәйкес жария етiлген жер учаскелерiне құқық беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.
14. Жергілікті атқарушы органдар жер учаскесін алған адамдардың тізімдері бар ақпаратты тұрғындар үшін қолжетімді орындарда арнайы ақпараттық стендтерде тоқсанына кемінде бір рет орналастырып отыруға міндетті.
Ескерту. 43-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.21 № 470-IV (2012.04.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2013.01.08 N 64-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 130-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2014 № 225-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқаенгізіледі); 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.