Азақ халқының Кенесары Қасымұлы бастаған отаршылдыққа қарсы күрес.
Орта жүз қазақтарының отаршылдыққа қарсы бағытталған бас көтерулері 1822 жылы «Сібір қырғыздары туралы жарғыдан» басталады. Осы күрес 1837 жылы жазда Абылай ханның немересі, Қасымның баласы Кенесары бастаған жаңа, қуатты бас көтеруге ұласты.Кенесары күресті екі майданда – патшалық Ресей мен Ортаазиялық хандықтарға қарсы, әсіресе қазақ халқының бір бөлігін құлдықта ұстап отырған Қоқанға қарсы жүргізуге шешім қабылдайды. Қарулы көтерілістің алдында Қасым мен Кенесары тарапынан Орта жүз жерлеріндегі бекіністер жүйесін алып тастауды талап етіп, Сібір басшыларының атына хаттар жазылған еді, бірақ олар жауапсыз қалды.1837жылдың көктемінде Кенесары азғана жасағымен Ақмола округінің шекарасына келіп жетті. Қазақтар оның туының астына жаппай ағыла бастады. Жекеленген жасақтардың басында Кенесарының жақын туыстары Наурызбай, Әбілғазы, Бопай ханымдармен бірге халық батырлары – Ағыбай, Жанайдар, Иман, Жоламан, Бұқарбай тұрды. Көтерілістің алғашқы сатысында өздерінің мүдделерін көздеген, Кенесарыдан қорыққан орыс қызметіндегі сұлтандар мен билердің бір бөлігі де қосылды.Кенесары 1837 жылы жазда Чириковтың жазалаушы отрядын талқандады, сөйтіп қол астына Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы және Баянауыл округтерінің аумақтарын қаратты. 1838 жылдың басында бытыраған қазақ жасақтары Кенесарының қол астына бірігеді. Көктемде ол Батыс Сібірдің губернаторы Горчаковқа Ресей өкіметінің саясатына қарсы арнайы қарсылық хатымен елшілік жібереді, қазақ жеріндегі бекініс пункттерін жоюды, тартып алынған жайылымдарды қайтаруды талап етеді. Сұлтанның жіберген өкілдерін жазалаушылар орта жолда ұстап алады, бұдан кейін Кенесары Ресейге қарсы белсенді қимылдарын қайта жалғастырады.1838 жылдың жазында көтерілісшілер әскер старшинасы Симоновтың отрядын талқандайды. Кенесарының жасағы Ақмола бекінісінің түбінде шоғырланады. 7 тамызда бекініске қиян-кескі тіке шабуыл басталады, барлық құрылыстар өртеліп жіберіледі. Бұдан кейін күз бойы қазақтар партизан күресін жалғастырады, Ресейге жақтас сұлтандардың ауылдарын тонап және байланыс тораптарын үзіп приказдарға, пикеттерге және разъездерге жүйелі шабуыл жасайды. Күзде Кенесарының ауылдары Жоламан батыр бастаған Кіші жүздің жасақтарымен бірігу мақсатында Торғай мен Ырғыз өзендерінің бойына өте бастайды.1841 жылы қазақ мемлекеттігінің қайта жаңғыруына байланысты азаттық күрестің жаңа сатысы басталады. Ұлытаудағы қазақ рулары өкілдерінің кеңесі 1841 жылы жазда Кенесарыны хан етіп сайлады. Кенесары хан орталық үкіметті нығайтуға және күресті жалғастыру үшін мықты тылды құруға бағытталған бірқатар әкімшілік пен сот реформаларын жүргізді. Хан маңында оның жақтастары кірген кеңесші орган – Хан кеңесі құрылады. Салық жинауға, әскери дайындыққа, мәмілегерлік істерге жауап беретін қызметтер ұйымдастырылады. Даладағы әскери қимылдар 1843 жылы қайта жанданды. Полковник Бизановтың басшылығымен 5000 адамнан тұратын отряд Сахарная бекінісінен, басқа отрядтар Омбыдан, Қызылжардан (Петропавловск) және Қарқаралыдан шықты. Тобыл өзені жағынан патша үкіметіне берілген сұлтан Ахмет Жантөриннің қазақ жасағы да шықты. Кенесары шайқастарда Бизановтың отрядын әбден титықтатып барып, 1843 жылдың қыркүйегінде оны Орскіге шегінуге мәжбүр етті. 1847 жылы Кенесары жасақтары қырғыз шекарасына жақындады. Мұнда олар орасан зор қиындықтарға кездесті. Жергілікті жерді білмеу, қырғыздармен арадағы жаугершілік, қырғыз, қоқан және орыс отрядтарының біріккен әрекеттері жеңіліске себеп болды. Кенесарының соңғы шайқасы Пішпекке таяу жердегі Кекілі тауында өтті. Тау ішінде қазақтарды қоқан және қырғыз әскері қоршап алады. Кенесары тұтқынға түседі. Өлім алдында ол тағы бір рет қырғыз манаптарына жаулықты тоқтатып, ортақ жауға қарсы бірігіп күресу үшін күштерді біріктіруді ұсынады, алайда бұл жолы да қырғыз манаптары оның ұсынысын қабылдамайды.
50. Орал, Торғай облыстарындағы көтеріліс (1868–1869 жж.)
«Уақытша ереженің» енгізілуі Орта жүзде қарсылыққа кездеспеді, сөйтіп көтеріліс негізінен Кіші жүзді қамтыды. Зерттеуші Н. А. Середа Орал облысындағы ашу-ызаның себебі «халық пен реформаларда» емес, қазақтарды сұлтандар арқылы басқару әдісінде деп білді. Көшпелі халықтың ашу-ызасын туғызған факторлардың бірі үкіметтің фискалдық саясатының қатайтылуы еді. Оның үстіне қатардағы көшпелілер мен ауқатты отбасылар бірдей міндеткерлік атқарды. Мұның өзі патша өкіметінің қазақ қоғамының артықшылықтары, топтары жөніндегі қамқоршылық саясатының көрінісі болды; салықтар мен басқа да міндеткерліктердің күрт көбейтілуі Орал, Торғай облыстарында халықтық бой көрсетулердің басталуына түрткі болды.Патша «Уақытша ережені» мақұлдағаннан кейін үкіметтің бірден дерлік жүзеге асырыла бастаған салық саясатына қазақтардың наразылығы 1868 жылғы қарашаның аяғына қарай қарулы қарсылыққа ұласты. Нашар қаруланған, бірақ жер жағдайын тамаша білген көтерілісшілерге қарсы қимылдаған шағын казак шолғыншылары олардың тегеурінін әлсірете алмады.Қарулы бой көрсетулер шектес екі облыстың бірқатар аудандарында бір мезгілде дерлік болуы себепті тұрақты бөлімдер аз болған кезде қазақтардың нақты күштерін ұтымды бөлу қиын болды. Оның үстіне көтерілісшілер өздерінің бытыраңқы жасақтарын үкіметтің өзін-өзі қорғайтын күштерімен жеткілікті қамтамасыз етілген ірі әскери-тірек бекеттеріне қарсы емес, қайта қазақ ауылдарына казак отрядтарының қорғауымен жасырынып жүрген жеккөрінішті старшындарға, болыстарға қарсы бағыттады.Көтеріліс Орал облысының солтүстік-батыс аудандарын, атап айтқанда, бұрынғы халық көтерілістері бойынша да отаршылдыққа қарсы қозғалыстарға белсене қатысқаны аңғарылған жауынгер табын, шекті руларының қоныстарын кең қамтыған. Бұл жолы да табындар реформадан кейінгі кезеңдегі отаршылдыққа қарсы күреске елеулі үлес қосты. Отаршылдық өкімет орындары көтерілістің шектес екі далалық облыс аумағына қанат жаюының шын мәніне бойлап жатпай, мұның себебін барлық уақытта хиуалықтардың ықпалы деп білді.
XIX ғасырдың 60-жылдарына дейін Хиуа үкіметі Ресейге барынша адалдық көрсетіп, онымен ең алдымен өзара тиімді сауда қатынастарын жасап отырды.
Маңғыстаудағы көтеріліс (1870 ж.)«Уақытша ереже» Маңғыстауда 1870 жылы енгізілді. Патша әкімшілігі Маңғыстаудың негізгі халқы – адай руы «Уақытша ережені» күрессіз қабылдамайды деп қауіптенді және оны жүзеге асыру үшін неғұрлым қолайлы жағдайларды күтті.Маңғыстау приставы подполковник Рукин дала тұрғындарының қиын жағдайымен санаспай, адайлардан 1869–1870 жылдар үшін шаңырақ алымын жаңа тарифке сәйкес дереу енгізуді талап етті; көптеген жергілікті тұрғындар, соның ішінде Бозашы түбегінің балықшы жатақтары Рукиннің талабын орындаудан бас тартты. Адайлардың жайлауға көшуін күштеп тоқтатуға тырысқан Рукиннің ойланбай жасаған әрекеттері жер-жерде көтерілістің басталуына себеп болды. Көтерілісшілердің жетекшісі Иса Тіленбаев қалың бұқараға басшылық етуде шеберлік және жазалаушылармен келіссөздерде дипломатиялық әдептілік танытты. Көтерілісшілер сәуір айының басында Николаев станицасына, Александровск фортына шабуыл жасады, алайда олар сәтсіздікке ұшырады. Патшалық өкімет орындарын көшпелілердің батылдығы қорқытты, мұның өзі оларды қосымша әскери көмек сұрауға мәжбүр етті; Кавказдан тың күштердің келуі күштердің арақатынасын өзгертті. Қозғалысты басуға басшылық жасау қолына шоғырландырылған граф Кутаисов «ең жабайы, дөрекі және жауынгер қазақтарды» тыныштандырудың өз жоспарын ұсынды. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші – қазақ шаруалары өз қатарларын берік біріктіруге қол жеткізе алмады, мұның өзі саны жөнінен болмашы жазалаушы отрядтардың халық қарсылығының негізгі ошақтарын тұншықтыруына мүмкіндік берді; қазақ шаруаларының рулық тар өрістері мүдделері отаршыл империяның әскери құрамаларының өзінің ұйымдасуы жағынан едәуір кем түскен көтерілісшілер жасақтарындағы тұрақтамаушылықты туғызды. Көтеріліс шағын сипатта болғанымен, оның географиялық шеңбері тым ауқымды болды – бүкіл дерлік Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстанның бір бөлігі қазақ шаруаларының бой көрсетулерімен қамтылып, «Уақытша ереженің» жүзеге асырылуын қиындатты.