Жұма күні мұсылманға уәжіп істер

1 -Жұмаға қатысуға асығу. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:

﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا نُودِي لِلصَّلَاةِ مِن يَوْمِ الْجُمُعَةِ فَاسْعَوْا إِلَى ذِكْرِ اللَّهِ﴾

«Әй, иман келтіргендер! Жұма күнінің жұма намазына азан айтылғанда дереу Аллаһты еске алуға асығыңдар...»[691].

Асығу дегеніміз - аз уақыт қалғанда аяқтың жүгіруі емес, жүректің асығуы. Яғни, үйден ертерек шығып, саудадан ертерек босап, бірінші сапқа және құтпаның басына үлгеру.

2 - Бірінші азанды естігенде сауданы тастауы. Сол секілді жұмаға және оның құтпасына үлгеруден алаңдататын кез келген істі тастау. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:

﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا نُودِي لِلصَّلَاةِ مِن يَوْمِ الْجُمُعَةِ فَاسْعَوْا إِلَى ذِكْرِ اللَّهِ وَذَرُوا الْبَيْعَ﴾

«Әй, иман келтіргендер! Жұма күнінің жұма намазына азан айтылғанда дереу Аллаһты еске алуға асығыңдар және сауданы тастаңдар!...»[692].

3 - Имам бөлмесінен шыққанда тынышталып, құтпаны тыңдау. Аллаһтың елшісі былай деді:

(خروج الإمام يقطع الصلاة، وكلامه يقطع الكلام)

«Имамның шығуы намазды тоқтатады, құтпасы сөзді тоқтатады»[693].

Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(فإذا خرج الإمام حضرت الملائكة يستمعون الذكر)

«...Имам құтпа айту үшін мінбеге шыққанда періштелер құтпа тыңдауға кіріседі»[694].

Жұманың сүннеттері[695]

1 -Ғұсыл құйыну, әтір себу және ең жақсы киімді кию. Әбу Аюп, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من اغتسل يوم الجمعة و مس من طيب إن كان عنده ولبس من أحسن الثياب ثم خرج و عليه السكينة حتى يأتي المسجد فيركع إن بدا له ولم يؤذ أحدا ثم أنصت إذا خرج إمامه حتى يصلي كانت له كفارة لما بينها و بين الجمعة الأخرى)

«Кім жұма күні ғұсыл құйынып, бар болған әтірінен жақса, сосын киімінің ең жақсысын киініп, тыныш күйде мешітке келсе, сосын нәпіл оқыса және ешкімді ренжітпесе, сосын имамы шыққаннан намаз аяқталғанша тыныш отырса, осы жұма мен басқа жұманың арасындағы күнәсі түгел жуылады»[696]. Ғұсылдың уақыты таң атқаннан күн аспан биігіне жеткенше жалғасады.

2 -Жұмаға ертерек шығу. Жолда Аллаһ тағаланы еске алып, тыныштық күйде болу. Имамға жақын отыру. Самра, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың былай дегенін айтты:

(احضروا الجمعة وادنوا من الإمام فإن الرجل لا يزال يتباعد حتى يؤخر في الجنة و إن دخلها)

«Жұмаға қатысыңдар және имамға жақын отырыңдар! Өйткені имамнан немесе бірінші саптан алыстай беруімен, тіпті жәннатқа кіретін кісінің өзі оған соңғы кіретін болады»[697].

3 - Сырт пішіннің көркем болуы. Әсіресе, шаш пен тырнаққа көңіл бөлу.

4 -Жұманың түнінде не күндізінде «Кәһф» сүресін оқу. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(من قرأ سورة الكهف في يوم الجمعة أضاء له من النور ما بين الجمعتين)

«Кім жұма күні «Кәһф» сүресін оқыса, оған екі жұманың арасындай нұрдан жарық болады»[698].

5 - Жұманың түні мен күндізінде көп дұға жасау.

6 -Пайғамбарымызға (саллаллаһу алайһи уа саллам) көп салауат тілеу. Салауат дегеніміз - Аллаһтың рахымы мен есендігін тілеу. Оның қысқаша бейнесі: «Аллаһумма солли уа саллим ъала Мухаммад». Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(إن من أفضل أيامكم يوم الجمعة فأكثروا عليّ من الصلاة فيه فإن صلاتكم معروضة عليّ)

«Негізінде, күндеріңнің ең абзалы - жұма күні. Сол күні маған көп салауат тілеңдер. Әлбетте, салауаттарың маған көрсетіледі»[699]. Тағы бір хадисте былай деді:

(أكثروا عليّ من الصلاة ليلة الجمعة و يوم الجمعة فمن صلى علي صلاة صلى الله عليه بها عشرا)

«Жұма түні және жұма күні маған көп салауат тілеңдер! Кім маған бір мәрте салауат тілесе, Аллаһ тағала оған он мәрте салауат тілейді»[700].

7 - Мүслімнен жеткен хадистер бойынша жұма намазының бірінші рәкәтінда «Жұма» сүресін, екінші рәкәтінда «Мұнафиқун» сүресін оқу сүннет. Немесе бірінші рәкәтта «Аъла» сүресін, екінші рәкәтта «Ғашия» сүресін оқу.

8 - Мүслімнен жеткен хадис бойынша жұма күнгі таң намазының бірінші рәкәтінда «Сәжде» сүресін, екінші рәкәтінда «Инсан» сүресін оқу сүннет.

9 - Жұма намазының алдында төрт рәкат және артында төрт рәкат сүннет оқу төрт мәзһапта да мустахап.

Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من كان مصليا بعد الجمعة فليصل أربعا)

«Кім жұмадан кейін намаз оқыса, төрт рәкәт оқысын!»[701].

(كان النبي صلى الله عليه وسلم يركع من قبل الجمعة أربعا)

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) жұма намазының алдында төрт рәкат намаз оқитын»[702]. Сахабалар да осылай істейтін[703].

(كان ابن مسعود يصلي قبل الجمعة أربع ركعات و بعدها أربع ركعات)

Ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, жұма намазының алдында төрт рәкат және артында төрт рәкат оқитын[704].

Әбу Дәудтен жеткен сахих хадисте Ибн Аббастың, Аллаһ тағала оған разы болсын, жұмадан кейін мешітте төрт рәкәт оқығаны айтылған және ол: «Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) осылай істейтін»-деген.

10 - Құтпа кезінде ұйқы қысқан кісіге қасындағы көршісімен орын ауыстыруы. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін естіді:

(إذا نعس أحدكم يوم الجمعة في مجلسه فليتحول إلى غيره)

«Жұма күні кімді отырған жерінде ұйқы қысса, басқа орынға ауыссын»[705].

Екі айт намазы

«Айт» сөзі қазақ тіліне араптың "العيد"сөзінен енген. Айт намазы шариғат тарапынан мұсылмандарға уәжіп етіліп һижраның бірінші жылында енгізілді. Анастың айтуынша, Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Мәдинаға келгенде мәдиналықтар тойлайтын екі күн болатын. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Бұлар не қылған екі күн?»-деп сұрайды. Олар: «Исламнан бұрын осы екі күнде ойнап, көңіл көтеретінбіз»-дейді. Сонда Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Расында, Аллаһ ол екеуін одан да жақсырақ мерекелерге: Құрбан айты мен Ораза айтына айырбастады»-дейді[706].

Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:

﴿ فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ ﴾

«Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал!»[707].

Бұл аяттың тәпсірінде Құрбан айт намазы мен құрбан шалу айтылады.

Ораза айт намазы һижраның екінші жылында енгізілді. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(شهدت صلاة الفطر مع رسول الله صلى الله عليه وسلم وأبي بكر وعمر. فكلهم يصليها قبل الخطبة)

«Ораза айт намазына Аллаһтың елшісімен де (саллаллаһу алайһи уа саллам), Әбу Бәкірмен де, Омармен де қатыстым. Олардың барлығы оны құтпадан бұрын оқитын», тағы бір сөзінде: «Пайғамбар айт намазын азансыз және қаматсыз оқитын»-деді[708].

Жұма намазы парыз болған әр мұсылманға айт намазын оқу уәжіп. Сол секілді жұма намазын дұрыс етуші шарттар айт намазына да ортақ. Айырмашылығы, айт намазының құтпасы сүннет.

Наши рекомендации