Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағы.
Қазақ мемлекетiнде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есiм ханның ескi жолы», Тәуке ханның «Жетi жарғысы» деп аталатын заңдар жүйесi болған. «Жетi жарғы» тек құқықтық қалыптар жинағы емес. Онда әртүрлi дiни, тәлiмдiк, әдептiлiк, қарым-қатынастық мәселелер, яғни қоғамның барлық мәдени-әлеуметтiк өмiрi қарастырылған. Оған қоса айтарымыз бұл тарихи құжатта алғашқы рет қазақтардың саяси құндылықтары стандартталынды, жүйелендi, қалыптандырылды. Бұл өркениеттiлiкке қарай жасалынған бiршама қадам болатын. Бiрнеше ғасырлар бойы хандық билiкте болған қазақ жерi «дала демократиясының» өзiндiк тәжiрибесiнен өтті, бұл өте құнды рухани-саяси мұра болып табылады.
Бірқатар зерттеуші ғалымдар «Жеті жарғы» заңдар жинағына «дала конституциясы», «бірінші қазақ конституциясы» деп баға бергені белгілі. Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында: «Жеті жарғыға XVII ғасырдағы қазақ қоғамының саяси және әлеуметтік өмір қажеттерінен туған қаулылар енді. Осынау құқықтық ескерткіштер қазақ халқының дербес мемлекеттік алып, бірлесуге құлшынған сан ғасырлық арманын айқын көрсетті» – деп жазады. Жалпы «Жеті жарғының» қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихындағы орны мен рөлі зор екендігі сөзсіз.
«Жеті жарғы» заңдар жинағы бойынша мемлекеттік билік ханның қолында болды. Ал ел басқару сұлтандар мен ру-тайпа көсемдері арқылы жүргізілді. Хандықтың маңызды мәселелері халық жиналыстары – Құрылтайда талқыланды. Бұл көшпелі қазақ қоғамындағы өкілділік биліктің бір формасы болатын. «Құрылтай» әр түрлі формада өтетін болған, мәселен тұтас халық пен ұрпаққа қатысты мәселені талдауда ол сейм формасына енген. Формасына қарап қатысатын адамдар да әр түрлі болған. Тағы бір ерекшелігі мәселеге қатысты тұрғындар пікірін сұрап, келесі күнге жаңа дәлелдер мен мәліметтер жинақталып отырылған. Яғни, көпшілік халық мәселеге қатысты өз пікірін білдіру мүмкіндігіне ие болған. Бұл шешім қабылдау процесінде ашықтық қағидасы болғандығын дәлелдей түседі.
Тәуке хан билердің көмегімен өзінің үстемдігін нығайтуға тырысты. Билер кеңесін құрып, оның мәжілісінде аса маңызды мәселелерді талқылап шешкен. Ол билер съезі өтетін жер мен уақытты белгіледі. Ханның маңызды билік жүйесі болып табылатын Билер кеңесі Тәуке ханның белгілі бір ордасында: Түркістан қаласы жанындағы Битөбеде, Сайрам қаласы маңындағы Мартөбеде және Сырдария облысының Ангрен қаласына жақын жердегі Күлтөбеде өткізілген. Зерттеуші ғалымдар билер мен билер кеңесі билігіне қатысты әртүрлі пікірлер білдірген. Мәселен, мына пікірлер: билердің сот билігі басқару жүйесіндегі биліктің жетекші формасы; билер кеңесі билікті «жекешелендіруге» ұмтылушы мұрагер ақсүйектер билігіне қарама-қарсы қою үшін құрылған; билер кеңесі биліктік қатынаста тікелей және кері байланысты жүзеге асыратын маңызды мемлекеттік ұйым.
Билер Кеңесі:
біріншіден, кеңесші ұйым болды, ханмен бірге жалпы мемлекеттік мәселелерді шешу үшін құрылтай шақырып, оның жұмысына қатысты;
екіншіден, халықтың мемлекеттік биліктегі өкілі, билік құрылымындағы қара халық арасынан шыққан, әрі оның мүддесін билікті қорғаушы ұйым;
үшіншіден, заң талқылайтын ұйым, қазақтың әдет-ғұрып құқығы жүйесінің негізін салушы.
Билер кеңесіне өкілділік билік ретінде мынандай өкілеттіліктер берілді:
- сыртқы саясатта, яғни көрші елдермен тиімді дипломатиялық қатынасты қалыптастыру, елшілік қызметті жетілдіру;
- ішкі саясатта қоғамда тұрақтылықты орнату, яғни жүздер, рулар арасындағы дау-жанжалды тоқтату, әкімшілік-шаруашылық жұмыстар мен қоғамның құқықтық жүйесін реттеу;
- ұлттық қауіпсіздігін сақтауға байланысты өкілеттіліктері болды, атап айтсақ, сұлтандар сепаратизміне жол бермеу, трайбализмге қарсы шешімдер қабылдау, қоғамның жікке бөлінуіне жол бермеу, ел қорғау жүйесін жетілдіру.
Билер шешімді қабылдау және таратудың өзіндік ұлттық негіздегі механизмін де қалыптастырған. Билердің қабылдаған шешімдері дәстүрге, көрегендікке, келісім мен сабырлыққа, ыждағаттыққа негізделген және таңдаған әрекеттерінің орындалу жауапкершілігі де жоғары. Оған негіз болған себептер:
- би шешімінің мақсатқа сай келуі. Өз мүддесінен халық мүддесін жоғары қоя білу;
- уакыт талабына сай келуі, шешімнің уақытында орындалу мүмкіндігін көре білу;
- сәйкестілік, яғни қоғамда әрекет етуші дәстүрлі құқықтың нормаларға шешімнің сай келуі;
- шешімді халықтың түсінуі, мойындауы, яғни шешімді ашық сұхбаттасу және еркін пікірталас арқылы қабылдау;
- шешім қабылдау процесінде өз шешендігін, өнері мен өнегесін, білгірлігін т.б. халық алдында паш ету.
Билер кеңесіне ең беделді қазақ билері кірді, олардың пікірімен әрбір билеуші хан санасуға мәжбүр болды. Беделді билер сөздері қазақ билеушілері үшін маңызды және өтімді болды.
XIX ғасырдағы қазақ ағартушыларының саяси көзқарастары (Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев).Қазақ зиялылары туралы сөздi XIX ғасырда өмiр сүрген қазақтың ағартушыларынан бастаған жөн сияқты. Өйткенi, олар өздерiнiң шығармашылығын әлемдiк деңгейдегi мәдениет көздерiнен сусындап отырып өрбiткен, iс-әрекеттерiн әлеуметтiк, саяси дамудың принциптерiне, үрдiстерiне сай екшеп отырған. Өз заманының керемет саясаткерi, этнограф-ғалым Ш. Уәлиханов қазақ елiнiң саяси өмiрiндегi кейбiр мәселелердiң шешiмi ұлттық-этникалық жетiлуде екенiн пайымдаған. Сондықтан сол халықтың iшкi мүмкiндiктерiн ашудың бiрi этносаралық қатынастарды, ұлттық мәдениеттердi жақындату екенiн байқайды. Ш. Уәлиханов «Сот реформасы жайында хат» атты саяси тұрғыда жазылған еңбегiнде қазақтың ел билеу тәжiрибесiндегi маңыздылықтар қатарына мыналарды жатқызды: қазақтың әдет-ғұрып заңын; билер институтын; халықтық сайлауды әдiлеттi өткiзу. Жетiлмеген саяси жүйенiң қозғаушы күшi сол халықтың белсендiлiгiн, бiлiмдiлiгiн арттыруда екенiне де баса назар аударады. Бұл идеяны өзiнiң шығармашылығы арқылы дәлелдеуге тырысады. Ы. Алтынсарин көтерген бастама (оқудың, бiлiмнiң қадiрiн көтеру) өз заманындағы ұлттық идеямен парапар болатын. Өйткенi ол саяси күреске, тәуелсiздiк алуға дайын емес халықты алдымен сауаттандыру керек екендiгiн түсiнген едi. Мiне, соның арқасында келесi ғасырларда қазақтар бiлiмдiлiгi жоғары, сауатты халықтардың қатарына қосылды. А. Құнанбаевтың «Қара сөздерi» түркi халықтарының даналығының бiр биiгi болатын. Өз халқының әлеуметтiк, саяси жағдайына жаны ашыған көреген ақын өз шығармашылығында көп мәселенi шешудi мәдениеттен, руханилықтан бастауды тұжырымдайды. Еркiндiктiң қайнар көзi халықтың дүниетанымында екенiне назар аударады.
А. Құнанбаев 41-шi қара сөзiнде ұлттың iшкi бiрлiгiн, тұтастығын нығайту үшiн мықты үкiмет құрылуы керек екендiгiн және сол үкiмет халықты бiлiмге, ғылымға, өнерге, еңбекке тартуға мiндеттi екенi айтады. Сонымен қатар, үкiмет, билiк басындағы адамның материалдық жағдайының жақсы болғанын қалады. Өйткенi, бұл тұжырым билiктегi адам күнделiктi күйкi тiрлiктiң мәселелерi деңгейiнде алаңдамауы қажет деген ойдан туындаса керек.
XX ғасырдағы Қазақстандағы саяси ой мен ағарту идеологиясының шығармашылық дамуы (М.Дулатов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, Ш. Құдайбердиев., М.Шоқай, М. Тынышпаев, X. Досмұхамедов., Т. Рысқұлов, Е. Садуақасов, Е. Торайғыров., С.Сейфуллин және т.б).
ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына қазақтың ұлттық зиялыларының үлкен бiр тобы келедi. Бұл топ кейiн «Алаш» қозғалысын ұйымдастырып, халықтың саяси мүддесiн жаңа заман туғызған саяси құндылықтар ауқымында тұжырымдай бастайды. Олардың арасынан iрi тұлғалар Ә. Бөкейхановты, А. Байтұрсыновты, Х. Досмұхамедовты, М. Дулатовты, М. Тынышпаевты, М. Шоқайды және т.б. атап көрсетуге болады. Бұл ұлттың алдыңғы қатарлы өкiлдерiнiң көзқарастары сол тарихи кезеңдегi саяси ахуалға сәйкес қайшылықтардан бастау алады. Қазақ жерiндегi қалыптасқан саяси санада екi, бiр-бiрiнен сапалы түрде айырмашылығы бар саяси бағдар қалыптасады. Бiрiншiсi, ұлттық-дiни құндылықтарға бет бұрып, мұсылмандық шарттарға арқа сүйеу арқылы дамуды көксесе, екiншiсi, ұлттық-либералдық құндылықтарды қолдайды, яғни батыстық бағдарды ұстанады (екiншi бағыттағылар Ресейдегi демократтарға жақын болуға тырысады және соны жақтайды). Сол кезеңнiң саяси элитасы өздерiнiң бағдарламаларында төмендегiдей саяси құндылықтардың маңыздылығын атағаны жөнiнде «Қазақ» газетiнде материал жарық көредi.
· тең құқылық (дiнiне, шығу тегiне және жынысына қармастан адамдар тең құқылы);
· жеке бастың еркiндiгi (мемлекет шенеунiктерi кiмдi болса да заңсыз жолмен тұтқындай алмайды);
· сөз, ұждан бостандығы (жиналыстар өткiзу, бiрлестiктер өткiзу, бiрлестiктер құру, сөз сөйлеу, газеттер шығару, кiтаптар басу бостандығы);
· сот әдiлдiгi (соттың талқылауынсыз және шешiмiнсiз бас бостандықтан айыруға болмайды) және т.б. демократиялық елдерге тән либералдық құндылықтарды саяси өмiрге ендiруге талпынады. Бұл қазақ даласындағы әрбiр азаматтың тұлғалық қадiрiн, абыройын қорғауға деген нақты қадамдар болатын. Осындай құқықтық тұрғыдан қорғауға деген талпыныс қазақ зиялыларының саяси мәдениетi деңгейiнiң бiршама жоғары болғанын танытады. Сонымен қатар, отарлық жағдай қазақ жерiнiң көптеген саяси-азаматтық проблемаларының болғанын бiлдiредi.
Ресей оқу орындарында бiлiм алған қазақ зиялылары ұлт мәдениетiнiң дамуындағы қайшылықтарды терең түсiнiп, оның тұптамырын ұлттың тәуелсiздiгiмен байланыстырады. «Ұлттық тәуелсiздiк» – саяси құндылық ретiнде XX ғасырдың басында саяси сананың басты iргетасына айнала бастады. Бұл қазақтың қоғамдық-саяси болмысындағы Ақпан және Қазан революциясына дейiнгi өзiндiк дүмпуi болатын. Ресей империясы үшiн де, кейiн келген Кеңес үкiметi үшiн де бұл әрекеттер ұнамды үрдiстер ретiнде қабылданған жоқ. Большевиктердiң ұсынған саяси құндылықтары қоғамдық санада бiркелкi қолданыс алмаған болатын. Бұл жағдай революцияларға дейiн қалыптаса бастаған болатын. Оны Ә. Бөкейхановтың, М. Дулатовтың, М. Тынышпаевтың және т.б. қазақ зиялыларының саяси көзқарастарынан байқауға болады.
1913 жылы қазақ қоғамының саяси, мәдени мүдделерiн жоқтайтын жалпы ұлттық саяси басылым «Қазақ» газетi ұйымдастырылады. Бұл халықтың шынайы саяси, мәдени құндылықтарды, бағдарларды ресми анықтау мақсатындағы үлкен қадам болды. Өйткенi, бұл басылым тек қана жаңалықтарды жеткiзушi орган емес, сонымен қатар ұлт-азаттық қозғалысы идеологиясының негiзiн салушы орталыққа айналады. Сөйтiп, саяси аномияда өмiр сүрiп жатқан қалың қазақтың саяси құндылықтар жүйесiне жаңа ұғымдар, түсiнiктер ене бастайды, ұлттың өзiн-өзi етенелестiру талпыныстарында бiршама өзгерiстер пайда болады. Әрине, феодалдық бытыраңқылық ондаған жылдар бойы қалыптасқан отарлану дәстүрi өз әсерiн тигiзбей қоймайды. Сондықтан да болар М. Дулатов өзiнiң өлеңдер жинағын «Оян қазақ!» деп атайды. Бұл оятушы рөлдi қазақ зиялылары атқарғанына шүбә келтiрмеймiз. Себебi, сол азаматтардың саяси белсендiлiгiнiң арқасында халықтың тарихи зердесiнде жаңа саяси ұстанымдар мен нұсқалар орныға бастады. Бұл ұлттық идеяның жүзеге асуына көп кедергiлер болған кезең болса да, келешектегi ұрпақтар үшiн қажеттi үлкен саяси-рухани мұра болатын. Кеңес үкiметi билiкке келгеннен кейiн М. Шоқай бастаған қазақ зиялылары «Түркiстан ұлттық тәуелсiз мемлекетiн» құру әрекетiне кiрiседi. М. Шоқай қазақтың алғашқы саяси эммигранты ретiнде ерекше тұлға. Ол көптеген еңбегiн «бөлiнбейтiн бiртұтас Түркiстан» идеясына арнайды. Алашордалық зиялылармен үндес болған М. Шоқай кеңестiк-жетекшi билiктi ұстанған алдыңғы қатарлы тұлғалар Т. Рысқұлов, С. Асфендияров, С. Садуақасов сынды азаматтардың ой-пiкiрлерiнiң құнды жақтарын көре бiлдi.
Сөйтiп, жаңа заман өзгерiстерi қазақ зиялылар арасында, жалпы саяси таңдауды қажет еткiздi. Көптеген алашордашылдар «пантюркизм», «панисламизм» идеясында деп айыпталды, қуғынға ұшырады. Бұл да тарихи кезеңнiң өзiндiк сипаты болатын. А. Байтұрсынов пен М. Дулатовтың пiкiрлерi бойынша, «автономиялы тәуелсiз қазақ мемлекетiн құру» идеясы дұрыс делiнсе, Ә. Бөкейханов «Ресей республикасының құрамындағы федеративтi, демократиялық, парламенттiк қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы» құрылғанын қалады.
Қазақ жерi «теңдiк пен әдiлдiктi әкелетiн социализмнiң» орнына ұлттық келбетiн, өмiр салтын жаншитын қоғамның келгенiн сезiндi. Үлкен зұлмат 1937-1938 жылдары келiп, халықтың бетке ұстар қаймағы болып есептелетiн М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, Б. Майлин, I. Жансүгiровсияқты қазақ әдебиетiндегi iрi тұлғалар тоталитарлық жүйенiң құрбаны болды. Олардың шығармашылығында әдеби көркем образ бен саяси идеялар астасып жататын.