Уәжіп болуындағы сыры

Пітір садақасы рамазан айында ұсталған оразадағы ақаулықты (кемшілікті) жөндеу үшін, оның орнын толтыру үшін уәжіп етілді. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(فرض رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم زكاة الفِطر طُهرة للصائم من اللَّغو والرَّفَث وطعمة للمساكين)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) пітір садақасын мұсылманның оразасын айтып қойған бос сөзі мен жаман сөзінен тазарту үшін, сондай-ақ міскіндерге азық болуы үшін парыз етті»[1041].

Сондай-ақ пітір садақасы айт күні пақырлар мен міскіндерді қайыр тілеуден құтқарып, олардың көңілдерін көтереді. Уакиъ ибн Жаррах былай деді: «Рамазан айының пітір садақасы - намаздағы сәһу сәждесі секілді. Сәһу сәждесі намаздың кемшілігін жөндесе, пітір садақасы оразаның кемшілігін жөндейді»[1042].

Пітір садақасының уәжіп болуы келесі шарттарды қажет етеді:

1 - Мұсылман болу. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(فرض رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم زكاة الفطر من رمضان على الناس صاعاً من تمر أو صاعاً من شعير على كل حر أو عبد ذكر أو أنثى من المسلمين)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) мұсылманнан болған әрбір ер кісіге де, әйел кісіге де, мейлі азат, мейлі құл болсын құрмадан бір сағ немесе арпадан бір сағ көлемде рамазанның пітір садақасын беруін парыз етті»[1043].

2 - Азат болу. Негізінде, аталмыш хадисте: «..мейлі азат, мейлі құл болсын құрмадан бір сағ немесе арпадан бір сағ...»-делінген. Бұл хадистің жалпы мағынасына негізделуші тек ханбали мәзһабі. Ал ханафи, шафиғи және мәлики мәзһаптарында құлдың иелігінде ешнәрсе болмағандықтан, ол пітір садақасын төлемейді.

3 - Күнделікті тіршілік қажеттіліктерінен тыс және қарыздан аман нисап көлеміне ие болу. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(لا صدقة إلا عن ظهر غنى)

«Садақа тек мұқтаж емес жағдайда беріледі»[1044].

Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(خير الصدقة ما كان عن ظهر غنى)

«Садақалардың ең жақсысы - мұқтаж емес жағдайда берілгені»[1045].

Құлаққағыс: Есті болуы, кәмелетке толуы шарт емес. Сәбидің де, жындының да малынан пітір садақасын төлеу уәжіп. Егер ол екеуінің қамқоршысы пітір садақасын шығармаса күнәқар болады. Қашан жынды кісінің есі оралса және сәби кәмелетке толса өздерінің төлеулері уәжіп болады.

Пітір садақасы кім үшін төленеді?

Ханафи мәзһабында мұсылман кімді өз қарамағына толық қамқорлыққа және толық асырауға алса, ол үшін пітір садақасын шығарады.

Мұсылман пітір садақасын, алдымен, өзі үшін, сосын қарамағында асырап отырған әркім үшін төлейді, әрине, егер олардың ешқандай табысы болмаса. Мысалы, отағасы өзі үшін, кәсіппен шұғылдануға жасы жетпеген балалары үшін, құлы үшін (тіпті кәпір болса да) төлейді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(ليس على المسلم في عبده صدقة إلا صدقة الفطر)

«Мұсылман иелігіндегі құлы үшін пітір садақасын ғана болмаса, басқа садақа төлемейді»[1046].

Отағасы жеке табысы бар әйелі үшін және қарамағында тұрып жатқан аға-інілері, әпке-қарындастары және туыстары үшін пітір садақасын шығармайды. Сондай-ақ кәсіппен шұғылдануға шамасы келгенімен үйде отырған үлкен балалары үшін және жеке табыстары бар әке-шешесі үшін пітір садақасын төлеу отағасына уәжіп емес.

Әкелерінен айырылған ұл балалалар үшін кәмелетке толғанша пітір садақасын аталары төлейді. Бай әйелге пітір садақасын өзі үшін ғана төлеуі уәжіп. Ол балалары мен күйеуі үшін ешнәрсе төлемейді.

Берілетін мөлшер

Ханафи мәзһабінда пітір садақасы төрт нәрседен беріледі: бидай, арпа, құрма және мейіз. Саълаба ибн Саъир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) бізге құтпа айтып, былай деді:

(أدوا عن كل حر و عبد نصف صاع من بر أو صاعا من تمر أو صاعا من شعير)

«Әр азат үшін және әр құл үшін жарты сағ бидай, немесе бір сағ құрма, немесе бір сағ арпа беріңдер»[1047].

Пітір садақасы берілетін нәрсе Берілетін мөлшер
Бидай 0,5 сағ = 1кг 900г
Арпа 1 сағ = 3 кг 800г
Құрма 1 сағ = 3 кг 800г
Мейіз 1 сағ = 3 кг 800г

Ханафи мәзһабінда пітір садақасын бұл нәрселердің өзімен де, құнымен де беруге болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) айтқандай:

(أغنوهم عن المسألة في مثل هذا اليوم)

«Мұндай күндері оларды қайыр тілеуден құтқарыңдар!», пітір садақасының мақсаты - пақырды мұқтаждықтан құтқару. Ал мұқтаждықтан құтқару заттың өзін емес, құнын берумен жүзеге асады[1048]. Сол себептен молшылық уақытта заттың құнын, ал таршылық уақытта заттың өзін берген абзал.

Мағлұмат:Басқа мәзһаптарда бидайдан да бір сағ беріледі. Сондай-ақ оларда аталмыш нәрселердің құны емес, өздері берілуі қажет.

Берілетін уақыты

Пітір садақасы берілетін уәжіп уақыт - айт күнінің таңғы уақыты. Пітір садақасын алдын-ала төлеу, мейлі рамазан айы кіргенде болсын, мейлі айт күнінен бұрын болсын, мәкрүһ емес. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كانوا يعطونها قبل الفطر بيوم أو يومين)

«Сахабалар пітір садақасын Ораза айтынан бір не екі күн алдын беретін»[1049].

Алайда айт күнінен кешіктіріп беру мәкрүһ. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(فرض رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم زكاة الفِطر طُهرة للصائم من اللَّغو والرَّفَث وطعمة للمساكين فمن أداها قبل الصلاة فهي زكاة مقبولة و من أداها بعد الصلاة فهي صدقة من الصدقات)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) пітір садақасын мұсылманның оразасын айтып қойған бос сөзі мен жаман сөзінен тазарту үшін, сондай-ақ міскіндерге азық болуы үшін парыз етті. Кім оны намаздан бұрын төлесе, онда ол - пітір садақасы. Ал кім намаздан кейін төлесе, онда ол - жай садақалардың бірі»[1050].

Дегенмен пітір садақасының айт күнінен кешігуімен оның уәжіптілігі мұсылманның мойнынан мүлде түспейді. Ол оны кешіктірсе де беруі қажет. Әйтпесе мұсылманның мойнында қарыз болып қала береді.

Пітір садақасы айт күнінің таңынан айт намазына жеткізбей берілуі мустахап.

Наши рекомендации