Айтыстың өзіне тән ерекшеліктері

Ақындар айтысында «аттама (трафарет) өлеңдер аз болады» (С.Мұқанов). Олар өлеңді табан астында шығарады, тосыннан айтысады. Айтыс үстінде талай күтпеген жайлар кездеседі. Айтысар тақырыбы белгісіз, тосын сұрауларға тап болады. Екі ақын да бірін-бірі тығырыққа қамау үшін, бірін-бірі сүріндіру үшін, өмір құбылыстарын жұмбақ етіп те тартады. Соның бәріне ақындар жөпелдемеде жауап беруге, дәлел айтуға әзір болуы керек. Мұның бәрі ақындардан сөзге жүйріктікті, білгірлікті, тапқырлықты, ұсталықты қажет етеді. Сонымен қатар ақындар ел-елдің шежіресін, тарихын, жер жайын, этнографиялық ерекшеліктерін білуі керек.

Ақындар айтысының тағы бір ерекшелігі «ойында өрелік жоқ» дегендей, айтысқа үлкен де, кіші де, еркек те, әйел де қатынаса береді. Тек талант-дарыны болса, бәйгеге түсер шамасы болса болғаны. Сонымен қатар айтысып отырғанда, ақын өзінің жеңілгенін білу де айтыстың негізгі шартының бірі болып саналады. Сөзге сөз табу, орынды жерінде ұтымды сөз айту сияқты өзінің, жеңілгендігін білу де жоғары бағаланады. Жеңілгеніне қарамай, құр босқа төпей беруді көпшілік дарындылық, ақындық деп танымайды.

Ақындар айтысының ендігі бір ерекшелігі – онда «Халық театрының анық, дәл ұрығы бар» (М.Әуезов), айтыс әсерлі болуы үшін ақындар домбыраның не сырнайдың, қобыздың сүйемелдеуімен, әнмен айтады. Театр актерлеріндей олар сан алуан құбылыс жасайды.

(https://kk.wikipedia.org/wiki/Айтыс)

Тапсырма. Мәтін бойынша айтыстың ерекшеліктерін жазыңыздар.

Айтыстың 1-ші ерекшелігі Айтыстың 2-ші ерекшелігі Айтыстың 3-ші ерекшелігі
     

Тапсырма. Мәтіннен фразеологизмдерді теріп жазыңыздар.

Тапсырма. Мәтіннен айтыс ақындарының бойындағы қасиеттерді теріп жазыңыздар.

Тапсырма. Жұптық жұмыс. Айтыс ақындары қандай болу керек? Сұхбат құрыңыздар.

Үшінші сабақ

Тапсырма. Айтысты рөлдерге бөліп оқыңыздар.

Бекарыс Шойбеков:

Әсем-ау, төксең маған шуақты арай,

Жаныңа жақындар-ем жырақтамай.

Астананың суығы жаман деуші еді,

Аязды көрген қызсың бірақ талай.

Бірде Семей, ал бірде Астанада,

Аман-есен жүрсің бе құлап қалмай?

Бекарыс түзде жортқан көк бөрі еді,

Көкбөрі тек өзіне серт береді.

Қазақтың бір мақалын білесің бе,

Біздерге байланысты боп келеді.

Құдашадан құр қалған сорлыларды,

Біздің халық тым қатты жек көреді.

Әсемжан, қазынаңнан айналайын,

Бұл жолы құр қалдырып кетпе мені.

Әсем Ережеқызы:

Семейден кетіп қалдың неге сен деп,

Айтқанын қара мына жақсы ағаның.

Ауылда туып, сыртта өмірі өткен,

Қазақта бар қаншама қасқа дарын.

Солардың қайсыбірін көріп едің,

Ұмыт қып туған жерін тастағанын.

Туылған Алатауда Елбасыңыз,

Арқаның төрінде отыр Астананың.

Көз көрген жақсылықтан үлгі тұтып,

Ойымды дұрыс шығар қостағаның.

Еліме мәртебе ғой туын ұстап,

Төрінен қоныс тепсем Астананың.

Қонақ боп кеп жатқанда Қаратауға,

Бұлбұлдай елді аузыма қаратам ба?

Алдыңа екінші күн келіп тұрмын,

Жұп болып Бекарыстай кәрі атаңға.

Кәрі атаң құдаша деп қырындайды,

Мен мұны маңайыма жолатам ба?!

«Құралақан қалдырып кетпе» дейді,

Мен сыйлық әкелгендей кәрі атаңға.

Қолдарың құр бекерге қайтпау үшін,

Не салу керек екен алақанға?

Бекарыс Шойбеков:

Айтыста ақын деген бар атағым,

Сөзімді қажетіме жаратамын.

Қолыма өзі келген құдашаны,

Қалайша басқаларға таратамын.

Алақанға не салу керек дейді,

Сен оған қам жемеші балапаным.

Қолыммен бұрымыңнан бір сыйпасам,

Ар жағын өлеңмен-ақ қаратамын.

Әсем Ережеқызы:

Шығады сұғанақтық міні қайдан,

Жақсы ғой боп кетпесе ұлы майдан.

Жарқыннан кеше әрең құтылып-ем,

Басында бір тал шаш жоқ мыжырайған.

Қысық көз мына бәле қайдан шықты,

Шүйіріп мұрнын көкке тыжырайған?

Тапсырма. Айтыста не туралы айтылған? Қыз бен жігіттің әдемі әзілінен не түсіндіңіз? Әңгімелеп беріңіздер.

Тапсырма. «Айтыс әдебі» жайлы не айтар едіңіз? Сұхбат құрыңыздар.

Тапсырма. Пікірталас ұйымдастырыңыздар.

Бүгінгі таңда айтыс көпшіліктің көңілінен шықпай тұр. Неге?

21-тапсырма.«Ақын орындығы». Ұйқас бойынша өлең құрап көріңіздер.

............... домбыра.

............... сен ғана.

Құрманғазы атамнан,

............... сен ғана.

Тапсырма. Нені үйрендім? Кестені толтырыңыздар.

Білетінім Үйренгенім Нені білгім келеді?  
Айтыс – қазақ сөз өнерінің үздік үлгісі, айтыс – сөз барымтасы, ұлттық өнер.      

БӨЖ тапсырмалары (ХІҮ апта)

1. «Қазіргі айтыс және ұлттық идеология». Реферат дайындау.

Айтыс ақындары» тақырыбына альбом жасау.

ОН БЕСІНШІ АПТА

Наши рекомендации