Шінші бөлім: Зекет берілетін адамдар
Аллаһ тағала «Тәуба» сүресінің 60-шы аятында зекетке лайықты адамдардың сегіз түрін белгіледі:
﴿إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاء وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ اللّهِ وَابْنِ السَّبِيلِ فَرِيضَةً مِّنَ اللّهِ وَاللّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ﴾
«Расында, садақалар тек пақырларға, міскіндерге, оны жинап үлестірушілерге, жүректері келісімге келгендерге, құлдарға, қарызға батқандарға, Аллаһ жолындағыларға және жолда қалғандарға ғана беріледі. Бұл - Аллаһтың парыз еткен үкімі. Сондай-ақ Аллаһ - бәрін білуші және өте дана».
Бұл аяттың бұйрығымен зекеттер, кәффарат садақалар, пітір садақасы, нәпіл садақалар тек қана осы адамдарға беріледі.
1 - Пақыр. Ханафи мен мәлики мәзһаптарында пақыр дегеніміз - кәсібі мен денсаулығы бола тұра иелігіндегі малы өз қажетінен аспайтын кісі. Оның табысы нисапқа жетуі де мүмкін, алайда тапқаны пәтерақысы мен күнделікті тіршілік қажеттіліктерін ғана көтереді. Шафиғи мен ханбали мәзһаптарында мұндай кісіні міскін деп атайды.
2 - Міскін. Ханафи мен мәлики мәзһаптарында міскін дегеніміз - ешнәрсесіз жарлы адам. Шафиғи мен ханбали мәзһаптарында мұндай кісіні пақыр деп атайды. Имам Әбу Ханифаның көзқарасында пақыр дегеніміз - сұрамайтын адам, ал міскін - сұрайтын адам.
Мағлұмат:Ханафи мен мәлики мәзһаптарында міскіннің жағдайы пақырдан төмен саналса, шафиғи мен ханбали мәзһаптарында пақырдың жағдайы міскіннен төмен саналады.
3 - Зекетті жинаушы және үлестіруші. Бұл - имам тарапынан зекеттерді жинауға тағайындалған адам. Оның сенімді және зекет фиқһін білген болуы шарт. Оның міндеті - ауқаттылардан зекеттерді жинау және тиісті адамдарға үлестіру. Олардың құрамына зекет жинаушы, оны жазушы, оны сақтаушы және оны тиісті адамдарға үлестіруші тұлғалар кіреді. Сондай-ақ зекетті жинау мен үлестіру ісіне қажетті әркім осы сыныпқа кіреді. Бұл адам бай болуы да мүмкін. Оған зекет мұқтаждығы үшін емес, өзін осы іске арнағаны үшін еңбегін ақтайтындай мөлшерде беріледі.
4 - Жүректері келісімге келгендер.Бұл сынып, жалпы, мұсылмандар және кәпірлер болып екіге бөлінеді:
Бірінші:Мұсылмандар.
а) Исламды қабылдағанымен оны толық ұстану ниеті әлсіз мұсылман. Материалдық жағдайының әлсіздігінен дінін тастап қоймауы үшін, және қашан дінде бекігенінше оған зекет беруге болады.
б) Өз қауымында қадірі мен беделі бар мұсылманға. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) қарсыластарының жүрегін исламға шақыру үшін, Әбу Суфиянға және тағы да басқа өз қауымында беделі бар тұлғаларға зекеттен үлес берген еді.
в) Кәпірлердің жерімен шекаралас жатқан жердегі жаңа мұсылмандар. Кәпірлердің жамандығын тосулары үшін, оларға зекеттен үлес берілетін.
Амру ибн Тағлиб, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) өзіне әкелінген олжаға түскен малды бір адамдарға бөліп берді. Өздеріне ешнәрсе берілмегендердің оны айыптағандары туралы хабар жеткенде Аллаһты мақтап және пәктеп, былай деді: «Бұдан әрі айтарым, Аллаһпен ант етемін. Расында, мен біреулерге беремін және біреулерге бермеймін. Бермеген адамым берген адамыма қарағанда маған сүйкімдірек. Алайда менің бір адамдарға беруім - олардың жүректерінде маза жоқтығын және қорқыныш байқауымның себебінен. Ал енді бір адамдарға бермейтінім - оларды жүректеріндегі қанағат пен жақсылыққа тапсырамын. Олардың бірі - Амру ибн Тағлиб». Сонда мен: «Аллаһпен ант етемін, Алаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) сөзінде айтылуым мен үшін бағалы қызыл түйелерден де сүйкімдірек»[1030].
Екінші: Кәпірлер. Мұсылмандарға зиян тигізуі мүмкін болған кәпірлердің зияны мен жамандығын қайтару үшін және жүректерін исламға жақындату үшін, Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) оларға зекеттен үлес беретін. Бұл жайында Мүслімнің сахихында айтылған[1031].
Ескерту:Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) дүниеден озып, Әбу Бәкр, Аллаһ тағала оған разы болсын, халифа болғанда сахабалардың шешімімен бұл үкімнің күші жойылды: «Аллаһ Тағала исламды үстем етті. Енді жүректерді келісімге тарту қажет емес. Қаласаңдар, исламға кіріңдер. Бізге зиян тигізуді қаласаңдар, онда біз бен сендердің арамызда қылыштан басқа нәрсе болмайды». Бұдан түсінетінміз, ислам діні үстем болған заманда бұл сыныпқа зекет берілмейді. Ал әлсіз болғанда кәпірлердің зиянын қайтарып, жүректерін жақсылыққа бұру үшін, жағдай қажеттілікке сай оларға зекеттен беруге болады.
5 - Құл. Құлдар деп, бұл жерде мукатабтар айтылуда. Мукатаб дегеніміз - белгілі бір сомаға өз азаттығын сатып алу үшін, қожайынымен келісімге отырып, ақша іздеп жүрген адам. Әлем бойынша құлдық жойылғандықтан, бүгінгі заманда бұл сынып зекет алушылар қатарынан мүлде түсуде.
6 - Қарыздар адам. Бұл - қарызға алған ақшасын иесіне қайтарып беруге шамасы келмей жүрген адам. Қарыз басқандықтан, бұл адамға зекет беру пақырға беруден абзалырақ. Бұл адамға берілетін зекет мөлшері қарызын толық жабатындай болуы қажет.
7 - Аллаһтың жолына. Бұл сыныпқа ислам дінін дұшпан ықпалынан қорғау мен үстем ету жолында күресушілер жатады. Ханафи мәзһабінда күресуші кедей болса ғана беріледі. Ал басқа мәзһаптардың көзқарасында бай болса да беріледі. Ханафи мен ханбали мәзһаптарында қажылық парызын атқару да Аллаһ жолына шығуға жатады. Қажылыққа барғысы келеген кісі пақыр болса, оған зекеттен беруге болады. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن رجلا جعل ناقة في سبيل الله فأرادت امرأته الحج فقال له النبي صلى الله عليه وسلم: اركبيها فإن الحج من سبيل الله)
«Бір кісі Аллаһ жолына бір түйесін жұмсайды. Оның әйелі қажылыққа барғысы келеді. Мұны байқаған пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) оның әйеліне: «Сен осы түйеге мін! Расында, қажылық Аллаһ жолына жатады»-дейді[1032].
8 - Жолда қалған адам.Еліне, үйіне, жанұясына жетуге шамасы келмей тұрған жолаушы. Мұндай жағдайда пақыр да, бай да қалуы мүмкін. Бұл адамға үйіне жетуіне жетерліктей зекеттен мал беріледі.
Зекет берілмейтін адамдар
1 - Һашим руының ұрпақтарына. Оларға пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) және оның әулеті кіреді. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) әулетіне: Аббастың, Әлидің, Ақилдің, Жағфардың және Харис ибн Абдул-Мутталлибтің әулеттері кіреді. Аллаһтың көрсеткен құрметі бойынша пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) мен әулетіне садақа арам етіліп, олжадан ғана беріледі. Олжаның бестен бірінің бесінші бөлігі беріледі. Әбу Рафиъ, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إن هذه الصدقات إنما هي أوساخ الناس، وإنها لا تحل لمحمد ولا لآل محمد)
«Расында, бұл садақалар - адамдардың кірлері. Әрі олар Мұхаммедке және Мұхаммедтің әулетіне арам етілді»[1033].
2 - Байларға. Абдулла ибн Амру, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(لا تَحِلّ الصدقة لغني)
«Байдың садақа алуына болмайды..»[1034].
Шариғатта бай үш түрлі:
а) Күнделікті азығы мен киімі бар кісі. Мұндай кісіге зекет алуға болғанымен, қайыр тілеуге мүлде болмайды.
Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:
(من سأل وعنده ما يغنيه، فإنما يستكثر من النار. فقالوا: يا رسول اللّه وما يغنيه؟ قال: قدر ما يغديه ويعشيه)
«Кім өзінде байлығы бола тұра адамдардан қайыр сұраса, онда ол өзі үшін көбірек от сұрауда».Сонда сахабалар: «Әй, Аллаһтың елшісі!«Байлығы бола тұра»-деген сөзіңіздің мағынасы не?-дейді.Ол:«Таңғы және кешкі азығы бола тұра»- деп жауап береді[1035].
б) Иелігіндегі мал-мүлкі нисапты құрағанымен күнделікті тіршілік қажеттілігіне жұмсалуымен артпайды да, кемімейді де. Оған сұрауға да, алуға да болмайды. Мұндай кісі пітір садақасын беруі және құрбан шалуы уәжіп.
в) Иелігіндегі мал-мүлкі нисапты құрайды және артуда. Мұндай кісі зекет пен пітір садақасын береді және құрбан шалады.
3 -Мұсылман еместерге мүлде зекет беруге болмайды. Алайда зимми үкіміндегі кісілерге нәпіл садақаларын беруге болады. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:
﴿ لَا يَنْهَاكُمُ اللَّهُ عَنِ الَّذِينَ لَمْ يُقَاتِلُوكُمْ فِي الدِّينِ وَلَمْ يُخْرِجُوكُم مِّن دِيَارِكُمْ أَن تَبَرُّوهُمْ ﴾
«Сендермен дін үшін соғыспаған және үйлеріңнен қуып шығармаған адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуларыңа Аллаһ тиым салмайды..»[1036].
4 - Әке мен атаға, ана мен әжеге, бала мен немереге зекет берілмейді. Ал аға мен ініге, әпке мен қарындасқа, әке мен шешенің ағалары мен әпкелеріне беруге болады. Бұлар, тіпті туысқан еместерге қарағанда тым лайықтырақ.
5 -Әйеліне зекет беруге болмайды. Әйеліне зекет берген кісі өзіне пайда тигізуде. Күйеуі оны зекетсіз-ақ асырауға міндетті.
Ханафи мен ханбали мәзһаптарында бай әйел күйеуіне зекет беруіне болмайды. Өйткені күйеуі асырау міндетін атқаруы арқылы бұл зекетті әйеліне жұмсайды. Сонда әйелі берген зекет әйелінің өзіне тиетін пайда болады[1037].
Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің көзқарасында әйелі күйеуіне де, балаларына да зекет беруіне болады. Өйткені шариғат әйел кісіге күйеуін асырауды міндеттемейді.
Ибн Масъудтің әйелі, Аллаһ тағала оларға разы болсын, пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп зекет бергісі келетіндігі туралы айтады:
(يا نبي اللّه، إنك أمرت اليوم بالصدقة، وكان عندي حلي لي، فأردت أن أتصدق به، فزعم ابن مسعود: أنه وولده أحق من تصدقت به عليهم، فقال النبي صلى اللّه عليه وسلم: صدق ابن مسعود، زوجك وولدك أحق من تصدقتِ به عليهم)
«Ей пайғамбар! Сен бүгін зекет беруге бұйырдың. Менде бағалы әшекейлер бар. Солардан зекет төлеуді қалаған кезімде Ибн Масъуд: «Оны алуға күйеуің мен балаң басқаларға қарағанда лайықтырақ»-деп пайымдады. Сонда пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Ибн Масъуд дұрыс айтты. Оны алуға күйеуің мен балаң басқаларға қарағанда лайықтырақ»-деді[1038].