Тіл бар жерде ұлт бар, ұлт бар жерде мәдениет бар. Қазақ тілі бәріміздің басымызды қосатын тілге айналуы тиіс.
Сөз жоқ, бүкіл Азияға тартылған инвестицияның 78 процентін біздің ел иеленеді, себебі, тыныштық пен тұрақтылық болған соң. Нұрсұлтан Назарбаев ұлтты ұйыстыруға зиялы қауымды да бел шешіп, білек сыбана кірісуге шақырды. Әлемдік трансформацияға қазірден бастап төтеп беруіміз қажет. Олай болса барды бағалай білу де өзімізге сын.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті, ҚХА Төрағасы:
Солтүстік Африка, Сирия мемлекеттерін қараңыз не болып жатыр. Ауғанстан. Ондағы халық 30 жыл бойы қолына күрек емес, қару ұсытап келеді. Сондықтан елдегі тыныштықты бағалай білуіміз керек.
Жиын барысында еліміздің әр түкпірінен келген делегат мүшелері де ой-пікірлерімен бөлісіп, көкейіндегісін айтты. Әдеттегі көпірме сөзден гөрі нақты көзбен көріп, көңілге түйгенін жеткізді. Бірі патриоттық тәрбие беру туралы айтса, енді бірі қазаққа келін бола отырып, «енелер институтын» әлсіретіп алмауды айтты.
Ким Серікбаев, Әскери ғылымдарының докторы:
Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз тәуелсіздігімізді әперіп,шегарамызды шегендеп бердіңіз. Боламыз ба, бордай тозамыз ба деген шақта басымызды қостыңыз. Меніңше бұл да патриотизм.
Наталия Тягай, ұстаз:
Мен қазаққа келін атандым. Қазақтың тамаша енелер мектебі жоғалып барады. Қазақ тәрбиесін насихаттауда сол дәстүрді қайта жандандыруымыз керек. Бұл мәселеге үстіртін қарауға болмайды.
Бұл жиында мінберден жалынды жаттанды сөзден өзге жайды жеткізуге бел буған жандар да кездесті. Мысалы жетімдерге жебеу болып отырған талдықорғандық Тұяқ Есхожинаны Нұрсұлтан Назарбаев отырған жерінен төрге шақырып алды. Осыдан 15 жыл бұрын үйін сатып, жетімдер үйін ашқан ананың еңбегі міне, нағыз үлкен жүректің үлгісі.
Тұяқ Есхожина, "Нұр" қайырымдылық үйінің директоры:
Азір осы арада жылағым да келіп тұр өкіріп. Біз ешқашан жетімді жалғыз қалдырмаймыз.
Жесірін зарлатпай, жетімін жылатпай өсірген қазақтың ежелден бергі қасиетін осы киелі жерді атамекенім деп білетін өзге әрбір ұлттың өкілі қайталап жатса, қазақстандық бірліктің бір белгісі осы. Сессия барысында президент өткен жиырма жыл жүзінде елдегі ұлтаралық татулықты дамытуға қосқан үлесі үшін ассамблеяның бірқатар мүшесіне «Алтын бірлік» төсбелгісін тақты. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы бекітіліп, төрағаның жаңадан екі орынбасары сайланды.
Жігер Сәрсенов, "Хабар", ПТК.
KZ» арнасы. 24 сәуір 2013 жыл
Елордада Ассамблея қамқорлығымен Шығармашылық зиялы қауым үйі салынады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясында Елбасы осындай тапсырма берді. Бұдан басқа, еліміздегі 100-ден астам ұлт пен ұлыстын басын біріктіріп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына алда жүктелетін міндеттер қандай болмақ? Осы сұраққа жиналғандар жауап іздеді. «Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек». Осылай деп жиынды ашқан Елбасы енді жаңа патриотизмнің түпқазығы ретінде ел бірлігі алынсын деді. Ассамблея кемелденіп, біртұтас ұлттың жалпыазаматтық маңызды институтына айналғанына биыл 18 жыл толды. Қазақстан этникалық кикілжеңдерден таза аумақ болып қалыптасты. Этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі ел бірлігінің тиімді құралына айналды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ассамблеяның ең басты міндеті – еліміздегі қоғамдық келісім болып саналады. Ал ұлтаралық татулық мәселесі – Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде алдымен қазаққа керек. Біздің облыста түгел қазақтар тұрады. Ассамблеяның керегі не деген мәселелер айтылып жүр. Ассамблея қазаққа керек. Елдің бірлігі, тыныштығы, өсіп-өркендеуі үшін, болашағымыз үшін керек.
Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс нәсібі мол болмақ. Мұны әрбір қазақстандық жақсы түсінеді. Халық бүгінде бірлігіне бекем. Ел иесі қазақ халқы ешкімге шетқақпайлық көрсеткен жоқ. Қиын қыстау заманда қазақ құшағына алған өзге этнос өкілдері өз бауырларымыз атанып, бір халыққа айналды. Ұлтына, тілі мен дініне қарамай, барша ұлт, ұлыс өкілдерінің теңдігін Ата заңымызда айқындап алдық.
Асылы ОСМАН, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы:
Айдынның аққуы кетіп, қазы қалды, өмірдің көбі кетіп, азы қалды, көңілдің кірі кетіп, назы қалды, барша қазақстандыққа, барша Ассамблеяға наз ретінде айтатыным – қазақтың тілі мемлекеттік тіл ретінде Қазақстанда ұлтаралық тіл болсын.
Наталья ТЕГАЙ, Семей қалалық мектеп директоры:
Менің ұлтым кәріс. Өзім қазақтың келінімін. Мен ене тәрбиесінің арқасында нағыз қазақтың келініне айналдым. Балаларыма да дана қазақтың дара тәрбиесін беріп келемін.
«Тар жерде табысқан, кең жерде келіседі» деген осы болар. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттік тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес болашақта. Елбасы Ассамблея отырысында осылай деп қадап айтты. Президент сондай-ақ жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, аймақтық ҚХА-ны дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді, қоғамдық келісім мен әлеуметтік бастамалар орталығы іспетті Достық үйлері жұмысының тиімділігін арттыруды және Достық үйлерінің республикалық әдістемелік директорлар Кеңесін құруды тапсырды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Бүгінде этносаралық салада да қандай болжамдар болатынын айтып өтуге әбден болады. «Қазақстан-2050» жылы қандай мемлекет болады? 2050 жылы Қазақстан бірлігі жарасқан халық, ұлттық мемлекетке негізделген ел болады дегенге мен толықтай сенемін.
Сессия барысында Мемлекет басшысы «Қазақстан халқы Ассамблеясының дамуына үлес қосқандарға» қоғамдық «Бiрлiк» алтын медалiн табыстады. Ассамблеяның ХХ сессиясында Үндеу қабылдап, онда Ассамблеяны қоғамдық келісім, мемлекеттік кемелдік, жауапкершілік пен ұлттық патриотизм ордасына айналдыруға, ізгілік пен ашықтық дәстүрлерін сақтауға, әр азаматтың елді гүлдендіруге белсенді үлес қосуын қамтамасыз етуге шақырды.
Әлемнің кейбір елдерінің берекесі қашып экономикасы тұрақсыз болып тұрған тұста, қазақ елі ізгілікпен сенімге негізделген парасатты саясатының арқасында бүгінде көпшілікке үлгі болып отыр. Бірлікті ту еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл ретте еңбегі ұшан-теңіз. Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев ұлттарды ұйыстыру жолында Ассамблея алдына бірқатар жаңа міндеттер қойып, әр азаматтың елді гүлдендіруіне белсенді үлес қосуын қамтамассыз етуге шақырды. Еңсесі биік еліміздің алдына ұлан асу биік белестерді бағындыру межесі қойылды.