Иырдан келсе қандастар

Біз – тығырықты тар заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын

Атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің біріміз.

Тәуелсіздік тізгіні қолға тиді. Бұл күнді Қазақстанда ғұмыр кешіп жатқан халқымыз ғана емес, қиырда жүрген, екі көзі боталап, туған елге алыстан жанының жанарын салған қандас бауырларымыз да аңсай күткен. Тірлікті тарының қауызына сыйғызып жіберген кеңестік идеология жоқ, қабағын түйген компартия құлаған, өз қолымыз өз аузымызға жеткен кезде ең алдымен ойлағанымыз – шет елдерде жүрген ағайынды елге оралтып қуанту, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру болатын.

Аналарымыз алысқа кеткен туған-туыстарын іс тігіп отырғанда, жұмыс жасап жатқанда сыңсып салған әнімен еске алып, көз жастарын бір сығып алушы еді. Балаң кезімде оның себебін сұрағанымда: «балам, ержетерсің, сонда білерсің мұның мәнісін» деп сөз аяғын жұмбақтап жіберетін. Бірақ бала кезгі адам жады мықты болады ғой. Кейін, есейе келе мұның мәнін де, көз жасына булыққан әнін де біліп, көкейге түйіп өстік. Тәуелсіздік таңы атқанда ойда жүрген осынау аса маңызды іс-әрекетті жүзеге асырудың жолын тапқандай болдық.

Осылайша, 1992 жылдың 27 тамызы күні шет елдерде тұрып жатқан қандас бауырларымызды Отанға оралту мақсатындағы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің арнайы қаулысын шығардық. Қарқынды, қызу жұмыстар басталды. Уақыт тым қауырт еді. Шұғыл кірісіп, тез шешім қабылдадық. Осынау тарихи басқосуды ел өміріндегі маңызды іс-шара ретінде атап өту туралы мәселе нақты қойылды. Сол істің басы-қасында болып, оның жүру барысын күнбе-күн қадағалап отырдық. Тапсырылған жұмысқа кіріскен азаматтар да табандылық пен ыждағаттылықтың үлгісін көрсетті. Қайраткерліктің қуатын байқатты. Тынымсыз тірлік зая кеткен жоқ. Ойдағыны атқарып, ортамызды толтырдық.

Біздің тарихымыз үш мың жылдық кезеңнің арғы жағын да қамтиды. Оны қазақ жерінен, оның төрт құбыласынан табылып жатқан тарихи-мәдени ескерткіштер, кешенді кесенелер, көне қорған­дар, алтынмен апталған адамдар, тіпті, алтынмен көмке­рілген жылқылар даусыз дәлелдеп жатыр. Жалпы, тарихымызда біз бес бұрышты жұлдыз бен крест таңбасын да өзге елдің мұрасы, жаттың дүниесі деп қабылдап келдік. Даламыздың әр жерінен табылып жатқан көне жәдігерлер мұның алды сегіз мың, берісі бес мың жыл бұрын осы далада болғандығын, болып қана қоймай, оны бағзы бабаларымыз алтынмен аптаудың, күміспен күптеудің, темірден түйін түюдің кәнігі шеберлері, ұлы ұсталары болғанын дәлелдеуде.

Азия тарихының атақты білгірі, ғалым Н.А.Аристовтың халық санағы туралы сипаттамалық-статистикалық еңбегінде 1897 жылы қазақтардың саны өз аумағында 4 миллион болғаны анық жазылған. Жай ғана арифметикалық есепке жүгінсек, бұл сан демографиялық даму үрдісі бойынша қазір кем дегенде 30 миллионның шамасында болар еді. Өкінішке қарай, зұлым саясат бізді бұған жеткізбеді.

Сол кездің өзінде ғалымның есебі бойынша шет елдерде 100 мың қазақ өмір сүріп жатыпты. Қазақ халқының даму үрдісінен, оның рухани өркендеу процесінен, халық санының жедел өсуінен секем алған сұрқия көсемдер жиырмасыншы ғасырдың ішінде небір зымиян айла-шарғыларды ойлап тауып, жұртымыздың көз жасын көл етті, қырғынға ұшыратты. Бұл – ұмытылмас тарих. Ұмытуға хақымыз жоқ тарих. Біздің тарихымыздың ең маңызды беттері де осында жатыр.

1991 жылғы 31 желтоқсанда Қазақ радиосынан шет ел қазақтарына арнап сөз сөйледім. Ол сөз жан жүрегімнен қайнап шыққан еді. Сол сөз әлемнің әр елінде ғұмыр кешіп жатқан бауырларымызды дүр сілкіндірді. Қазақстанға келемін деп ат басын бұрып, ұлы көштің теңін буып, тізгінін қаққан бауырлар сол кезден бастап Отанға оралудың қам-қарекетіне кірісті. 1992 жылғы Дүние жүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын өткізуге дайындықтың рухани жоспарын осылайша тәуелсіздік жариялағаннан кейін он бес күн ішінде бастап кеткенбіз. Бұл күн желтоқсанның жазға айналғандай жайсаң күні еді. Елдегі бауырларымыздың да елеңдеп күткен күні болатын. Алапат күндерде ажырап кеткен ағайын құшағы қайта қауышуға ұмтылып келе жатты.

Биыл ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толады. Халқымыз өзінің сан ғасырлық тарихында талай күрес пен шайқасты, нәубет пен зұлматты көрудей-ақ көрді, күресудей-ақ күресті. «Қаратаудың басынан құлаған» қаралы көштің өзі қаралы заман болып, тарихымызға кірді. Сол арқылы ұлттық танымымыздың өшпейтін беті болып, жүрекке сіңді. Одан кейінгі, кешегі кеңестік зорлық пен зобалаң кезінде «қазақтар шілдің қиындай шашырап», атамекеннен ауып, балапан басына, тұрымтай тұсына бас сауғалап кетті. Қолдан келер дәрмен жоқ, қынадай қырып бара жатқан қызыл империяның қанды тырнағынан ұрпағын аман алып қалудың бір қарекеті осы болатын. Түн жамылып, тау асты, тосқауылға ұшырап, тоз-тозы шықты. Әйтеуір өлдім-талдым дегенде жатқа қоныс аударып, жан сауғалады.

Әлемнің әр қиырында өмір сүріп жатқан бауыр­лары­мызды атажұртқа оралту бағытында көптен ойымда жүрген арманымды орындаған сәтімді менің өз өмірімдегі ең бақытты кезеңім деп есептеймін. Бұл бір жүрекжарды қуаныш, сезімге толы салтанат, аза­­мат­тық парыздың салмағын сезінудің шынайы көрі­ні­сі болды. Осындай ерекше сәттер оңаша қал­ған кезде кейде өлең болып оралып, қолыңа қалам алғызады.

Тыңдай білу заманыңның тынысын,

Төрге оздыру қазағымды –

Ұлы сын.

Мойындатсаң мұратыңды жаһанға,

Сонда ғана…

Пенде емес,

Ұлысың!

Сонда ғана

Ұлықтайды ұлысың!

Елімізде дүние жүзі қазақтарының бес құрылтайы өтті. Олардың кейінгілері жаңа елорда төрінде – Астанада өтті. Осы кезеңнің өзі жаңа елордаға қоныс аудару тұсындағы тарихи оқиғаларға куә болу, көзайым болу тұрғысында ел тарихындағы елеулі күндер, ерекше сәттер болды. Дүние жүзі қазақтарының басын қосу науқандық іс-шара емес, мемлекеттік саясаттың мерейлі де мәртебелі көрінісі болып, халықаралық қауымдастықтан, әлемдік өркениеттен өз бағаларын алды. Әлемде өз қандастарын атажұртқа жинап, мемлекеттік тұрғыдан арнайы бағдарламалар қабылдаған, келгендердің жаңа ортада жатсынбай, бірден сіңіп, жайлы ғұмыр кешіп кетуіне барлық жағдайларын жасап жатқан дүние жүзіндегі үш елдің бірі – Қазақстан.

Бұл тұрғыдан келгенде, Германия мен Израиль мемлекеттерінің өзі бізге қызыға қарайды десек, артық айтқандық емес.

Әрине, жаңадан жерсіну, бейтаныс ортаға бірден бейімделу оңай болмас. Кейде қиырдан келген қандастарымызды жайлы орналастыруда жекелеген жауапты адамдардың тарапынан болып жататын бойкүйездік пен тоғышарлық, жаны ашымастық пен жағдайды бағалай алмаушылық кездесіп қалатынын жасыруға болмайды. Мұндағы түйткілдер – мемлекеттің қатесі емес, кейбір шенеуніктердің төрешілдігіне байланысты жағдайлар. Біз бұлардың бәріне сын көзімен қарап, түзетіп, көңілге түскен қаяуды жоюға күш салатын боламыз.

Ағайынға арнап көп нәрсені айтқым-ақ келеді. Алайда, іштегінің бәрі сыртқа шыға бермейді ғой. Ел тірлігі, көпұлтты Қазақстанның бірлігі мен тыныштығы жатсам-тұрсам көкейімнен кетпейтін маған жалғасып жатқан қазақ көшінің тағдыры тіпті де оңай сезіліп тұрмағанын айтқым келеді. Жырақтағы жұртың туған жерге жаутаңдап қарап отырса, кісінің жаны қалай жай табады?!

Көші-қон мәселесі шынында да біздің ел үшін ең басты проблемалардың біріне айналғаны шындық. Жер-жердегі жеке дара жағдайларды ескерсек, әр елдердегі диаспораға қамқорлық жасау – өркениет ісі екені айдан анық. Демек, біздің де көші-қон шараларын мемлекеттік деңгейге көтеруіміз әбден заңды. Сондықтан да қандастарымыздың туған жерге төрт­күл дүниенің түкпір-түкпірінен қарлығаштай ұшып келгендеріне – кіршіксіз көңілдері үшін, ал әртүрлі жағдайларға байланысты жете алмай жүргендеріне – қай қиырда жүрсе де, Атамекенге деген сағыныш пен сүйіспеншілікке толы перзенттік пәк пейілдерін сарқымай сақтағандары үшін ризашылық білдіреміз. Жер бетіндегі барша шаңырақтарымыздың бәрінің де бақыты асып, ырыздығы тасысын дейміз!

Біз – талай-талай оқиғалардың куәсі болған ұлан-ғайыр дала мен мұзарт шыңды асқар таулар түлегіміз. Бұл – біздің сан буын бабаларымыздың кір жуып, кіндік кескен жері. Атадан қалған байтақ мұрамыз, баға жетпес байлығымыз, алтын босағамыз. Қазақ – тамырын жеті қабат жер астына жіберген бәйтеректей, өзегін тарихтың тереңіне тартып, осынау қасіретті де қасиетті дархан даласынан табан аудармай, дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан жаужүрек те жасампаз халық.

Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндіріп, текті төл тарихын тасқа жазған көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы. Олар – үлкен үйдің қара шаңырағын Атажұртта сақтап қалған өркенді өрендер.

Бүгінгі бостандық – тұғырлы тәуелсіздік те өзінен өзі келіп, бекерден-бекер басымызға қона қалған жоқ. Аңсарлы арман – азаттық үшін миллиондаған адамдардың қаны төгіліп, жаны қиылды, жазықсыз зардап көріп, жапа шекті. Қыруар құрбандыққа душар болдық. Бұл да – ешқашан ұмытылмауға тиісті, мәңгілік тағзым етер тарихымыз бен тағдыр-тәлейіміз. Демек, біз де ата-бабаларымыздың аруағы алдында, мәрт мінезі мен өр болмысының үлгі-өнегесімен бүгінгі ұрпақтың ұлт болып ұйысуы, жұрт болып жұмылуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге тиіспіз.

Атажұртқа оралудың да күрмеулі мәселесі көп. Оның заңдық-құқықтық, әлеуметтік-қоғамдық түйткілдері бар. Олардың бәрін заман талабына сай толық реттеп отыру үшін уақыт керек, жан-жақты жұмыс қажет. Сондай кезде өкпелеуге бейім тұратын, күтудің соңын күдер үзудің алды деп қабылдайтын азаматтар да табылып қалып жатады. Біз әрбір бау­ырымызды Атамекенін аңсап келген ағайын деп қана қарамай, бір туған бауыр, елге қосылған елеулі қазына деп қабылдаймыз. Осы халықтық іске қызмет етіп жүрген жауапты жандардың бәрі де биік межеден көрінсе, олардың азаматтықтарына берілген баға да оң болады.

Ұлы әл-Фарабидің: «Адам мақсатына өзін өзі жетілдіру арқылы жетеді», деген сөзі бар. Қоғам да сондай, өзін өзі дамытып, жетілдіріп отыратын мемлекет қана өз мақсатына қиналмай жетеді, батыл алға басады.

Біз елге ел, басқа бас қосып, Қазақстан халқының саны мен сапасын арттыру арқылы ұлттық-демографиялық саясаттың ең маңызды бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Халық санын өсірудің тарихи жолын қалыптастыру тұрғысында біз жасаған қадамның жемісі де, жеңісі де көріне бастады. Бұл – жалғаса берер жарқын жол. Осынау жылдарда елімізге 1 миллионға жуық бауы­рымыз оралды. Қазақ елінің шаңырағы биіктеп, керегесі кеңейе түсті. Көш әлі де тоқтаған жоқ. Тоқтамайды да.

Шет елдердегі қандастарымыз туралы айтар болсақ, қазіргі кезде өзге елде өмір сүріп жатқан қазақтардың жалпы саны ұлтымыздың үштен бірін, яғни 5 миллионнан астам адамды құрайды. Олар әлемнің 40-тан астам елінде өмір сүріп жатыр. Тәуелсіз мемлекеттің тізгінін қолымызға ұстаған алғашқы күннен бастап халқымыздың ежелгі асыл мұраларын, қадір-қасиетін қайта жаңғыртып, ұлт ретінде түлетіп, жаңа деңгейге көтеруге бар күшті салумен қатар, шет елдердегі бауырларымыздың өнерін, әдеби мұрасын, халықтық қол өнерін, ата кәсібін дамытуда арнайы жұмыстар жүргізіп келеміз. Бұл – адами капиталды Отанға оралтудың оң қадамдарының бірі. Бұл қадам жаңылмайды, шекара жабылмайды. Ұлы көш жалғаса береді. Өйткені, әлемдегі бар қазақ – бір қазақ.

Біздің дәуірімізге дейінгі қадым заманда ғұмыр кешіп, өзінің даналық дара қасиетімен көне гректің құрметіне бөленген сақ ғұламасы, біздің бағзы бабамыз Анахарсис (б.д.д. 620-555 жылдар) кейінгі жұртына: «Менің сенгенім – садақ пен жебе», деген тұжырымды сөз қалдырған. Осы бір ауыз сөзден оның тарихи тегі мен генетикалық болмысы байқалады. Бұл өз алдына бір әңгіме. Сонымен қатар, бұл сөздің мәні – елдікті сақтаудың жолы ерлік, бойыңдағы бес қару дегенге де келіп саяды. Батырлықтың баяны сезіледі. Бұл сөз біздің де жанымызды жігерге бөлеп, қанымызды қыздырады.

Бірақ «біз семсерден соқа соққан» саясатты ұстана отырып, бейбітшіліктің мызғымас тұғыры – ынтымақ пен бірлікті ту етіп, тағы да Күлтегіннің көк тасынан көкейдегі ойды тап басқан сөзді дауыстай оқимыз: «Жауыңды жеңу бір басқа, жауықпас ету бір басқа».

Қиырдан келген қандастар туралы қысқа қайырып, тұжырым жасағанда тілге тиек болған сөздерді Қазақстан халқы ой-санасында ұстап, ортақ пікір ретінде тұтынса, керегеміз кеңіп, кемеліміз тола береді.

Өнердің өрісі кең

Егер біз мемлекет болып тұрғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халықтың руханиятының бастауларын
түсінгеніміз жөн.

Талантсыз халық болмайды. Демек, талант бар жерде талғам бар. Ал талғамның да тарихы бар. Қай халықтың тарихын алып қарасақ та, оның ғұмырбаяндық жолында өнердің даму, өркендеу белестері көрініп жатады. Туған халқымыздың қадір-қасиетін ерекше бағалағандық па, әлде оның өнер қазынасын жақсы білгендіктен бе, біздің халқымыз дүние жүзіндегі бар халықтың ішіндегі ең таланттысы, ең өнерлісі сияқты болып көрінеді. Жас кезімнен өзім де өнерге жақын болдым. Мектепте жүргенде ән-күйге, әдебиетке өзгелерден гөрі етене бейім болдым деп айтуыма болады. Бұл әдет маған өмір бойы әрі серік, әрі көмекші болды.

Қазақта «жігітке жеті өнер де аз» деген әдемі сөз бар. Рас сөз. Кез келген өнерді меңгерген адам өзгелерден ерекшелеу болып тұрады. Ал көп өнерді меңгерген адам қоғамның құрметінде, халықтың алақанында болады.

Өнерлінің еңсесі биік, бәсі бағалы екенін бала кезден сезініп өстік. Біздің ауыл өнер иелерін аса құрметтейтін. Анам Әлжанның сөз сайыстарда жарқылдап, әзілмен жеңіп, айналасын қалжың мен шуақты күлкіге бөлеп отыратыны әлі күнге жырдай айтылады. Ана сүтімен берілетін осынау игі қасиет адам болмысына ажырағысыз дариды.

Ал мемлекеттің рухани-мәдени дамуы оның болашағына жарқын жол ашады. Мемлекет те – өнердің қолдаушысы. Өйткені, өнердің өрісі кең, өнерлі халықтың өркені ұзақ. Халықтың бай мәдениеті мен әдебиетін, өнері мен ғылымын дамыту, салт-дәстүрін құрметтеу, оны жаңа заман талабына сай өркендетіп отыру – мемлекеттік саясаттың ең маңыздысы. Ендеше, өнер – халықтың сарқылмайтын рухани қазынасы.

Тәуелсіздік алған жылдары халықтың тұрмыс-тірлігінде көптеген қиыншылықтар болды. Көп нәрсе жетпей жатты. Бірақ соған қарамастан, мемлекетіміз азаттықтың алғашқы жылдарынан бастап ел мәдениетіне қолдау көрсетудің сындарлы бағдарламасын жасап, руханияттың шеттеп қалмауына барынша жол ашудың бағытын ұстанды. «Ораза, намаз – тоқтықта» деген сөз бар. Бірақ бұл сөзді уақытша қиындықтан қашудың амалы деп қабылдауға болмайды. Егер өз мақсатыңды жан-жақты түсінсең, қайта қиын кезде қайраттан, тар кезде тәуекел ет. Сонда жан дүниең жарасымын табады.

1993 жылы Қазақстанның мәдениетіне – әдебиеті мен өнеріне елеулі еңбек сіңірген, Отан руханиятының дамуына кезінде ерен қолтаңба қалдырған, есімдері ел құрметінің баламасындай айтылатын қайраткерлерді қолдау мақсатында жүз адамға Президенттік стипендия тағайындадық. Қаражат жағынан бұл сол кезде жоқтан бар жасаудың көрінісі болатын. Заман қандай қыспаққа алса да, біз осы тізімді жыл сайын, жиырма үш жылдан бері тұрақты түрде жалғастырып келеміз. Қазір де сол кездегі секілді жүз адамға стипендия беріліп жүр. Соның ішінде елге ерекше еңбек сіңірген, руханият тарихында өзіндік қолтаңбасы бар елу қайраткерге Елбасы стипендиясы, ал қазіргі таңда өнер мен әдебиет саласында белсенді еңбек етіп жүрген елу әдебиет пен өнер өкілдеріне Мемлекеттік стипендия берілуде.

Мұның сыртында жыл сайын жас таланттарға берілетін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, ғылымның жас толқынына берілетін арнаулы сыйлықтар, шығармашылық жастарға жыл сайын беріліп келе жатқан атаулы сыйлықтар және бар. Бұларға қосымша жыл сайын елеулі еңбек сіңіріп жүрген осы саланың жас озаттарына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі. Екі жылда бір рет әдебиет пен өнер саласындағы үздік шығармаларға Мемлекеттік сыйлық тағайындалады. Бұл – озық өнерді құрметтеу мен бағалаудың нақты көрінісі.

Осы кезеңде әдебиетте рухани жаңғыру, ұлттық түлеу, халықтық қасиеттер қапысыз бой көрсетті. Әрине, бұл өрлеуден өнердің басқа салалары да қағыс қалған жоқ. Бірақ әдебиет алда жүрді, алдыңғы шептің айбаты да, қайраты да бола білді.

Бізде сахна саңлақтары, әлемдік деңгейге көтерілген опера және балет өнерінің хас шеберлері, күрделі әрі тарихи жанрлар мен мазмұндық жағынан адамгершіл идеяны ұстанған көркем фильмдер бар. Әлемдік көрмелерде өз табынушыларын тапқан бейнелеу және кескіндеме өнерінің өкілдері, тасқа жан бітіріп, темірден түйін түйген саңлақ сәулетшілердің шынайы шығармалары көбеюде. Ұлы Даланы ғасырлар бойы ғажайып сиқырымен, алуан-алуан мектебімен баурап келе жатқан құдіретті ән өнері, ғаламат құбылыс ретінде арғы-бергі жиһангез өнер зерттеушілерін таңғалдырған халық әндері мен күйлері, мың бұралған билері, міне, осынау баға жетпес ұлы байлық бабадан балаға асыл қазына, алтын көмбе болып жалғасып, өркендеп келе жатыр.

Қазақстан – театр өнеріне зор көңіл бөліп отырған мемлекет. Бұл күнде елімізде елуден астам республикалық театр тұрақты жұмыс істеуде. Жыл сайын мәдениет саласына мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған теңге қаржы бөлініп келеді. Барды ұқсату жолындағы ортақ жұмыста бірігіп, жанашырлықпен қимылдасақ – ел мәдениеті ұтады, халқымыздың рухани жаңғыру процесі жаңа биікке көтеріледі.

Біздің тарихымыз поэтикалық шығармаларда неғұрлым көп сомдалды. Аса бай ауыз әдебиетінен, эпостан бастау алып, поэтикалық жанрдың өресіне шыққан қазақ поэзиясы ұлттық болмысты бейнелеудің, халықтық арман-мақсатты көркемдік-идеялық тұрғыдан биік дәрежеде кескіндеудің озық үлгісін көрсетті. Цензураның қатал сүзгісі, коммунистік идеологияның «қырағылығы» кезінде де ретін тауып, жұрт көкейіндегі ойды тап басып танып, астарлап айтқан күйі таратып жеткізудің небір үлгілері де осы кезеңде туды.

Қоғамның демократиялық үрдістерін әуелгі кезде дабыра дау-дамайға, кейіннен сыпыра саяси саудагерлікке салып, одан соң «бара жатқанның балтасына, келе жатқанның кетпеніне» жабысумен сындарлы пікірталастың сынын кетіріп, шырайын бұзған кезі де болды. Бұған да ренжудің жөні жоқ.

Өйткені, біз әлі ашық қоғам қатынастарына дайын емес едік, жабық қоғамның пердесі сыпырылып түскен тұста текетірестің желінен бойымызды аулақ сала алмай сансырағанымыз да рас. Намысты шектен тыс қамшылаған да кез болды. Бірақ, қалай болғанда да, қоғам жаңа жолдың айырығында игілік пен ізгіліктің сүрлеуін дәл айқындай алды. Бұған дер кезінде бағыт-бағдар сілтеген, халықтық арман-мақсаттың адал нысанасын көрсете алған зиялы қауымның азаматтық ұстанымын ризашылықпен айта жүреміз. Әдебиет пен өнердің абзал миссияларының бірі де осы ғой.

Шындығына келгенде, адамның рухани әлемінің кедейленуі қоғамның рухани болмысының жұтаңдануына алып келеді. Бұл әлеуметтік категорияның артында қоғамның рухани қозғаушы күші болып табылатын болашақ зиялы қауымның күн тәртібінен түспейтін мәселесі тұр. Жаңа тұрпатты мемлекеттік құрылым жасау процесінде бұған ерекше мән беріп, үнемі мемлекеттік назарда ұстап отыруымыз оң нәтижесін берді.

Кеңестік қиранды құрылымнан мұра болып тек қана кетеуі кеткен экономика, кенеуі кепкен тұрмыстық проблемалар ғана қалған жоқ. Сағы сынған сана, жүнжіген рух қалды. Бір кезде мәдениет мәйегі атанған үлкенді-кішілі құрылымдар мен ұжымдар рухани күйзелісті бастан кешіп, сананы тұрмыс билеген кезеңде, мәдениет ошақтары мен өнер ордаларының біразы жабылып та қалды. Қысқа жіп күрмеуге келмей жатса да, ұлттық өнерге, халықтық руханиятқа қол создық.

Мемлекеттің дамуы – рухани әлемінің дамуымен тікелей сабақтас. Адамның эстетикалық және этикалық талғамы қатар өскен жағдайда, елдің де зерде-зейіні толығып, қоғамның моральдық келбеті кемелдене түседі. Қоғамның таза көңілі осы кезде өзінің бойындағы талғамның талапқа толықтай жау­ап беруіне жол ашып, ұлттың өзін өзі тану жағдайы жаңа белестерге көтеріледі. Зиялы қауымның уақыт алдындағы жауапкершілігі артып, мәдениет қайраткерлерінің ар тазалығы мен жан тазалығы алдыңғы орынға шығады. Өнер сонда қанатын кеңге жаяды. Мәдениет саласындағы жалпақшешейлік пен сыбайлас жемқорлық сияқты жаман әдеттер сонда жойылады. Атақты ақын Фариза Оңғарсынқызының: «талантты болу қауіпті, талантсыздардың ішінде» деп жазғаны әркімге осы тұрғыда ой салуы керек.

Халқымыздың қасиетті де қасіретті тарихында ерлік пен елдіктің үлгісін көрсеткен бабаларымыз бен батырлардың бір шоғырының мерейтойлары мен астары сияқты айтулы іс-шаралар еліміздің өнегелі дәстүрін қайта жаңғыртудың ерекше тағылымы болып тарихта қалды. Осылардың бәрінің ұлтқа берер тағылымы орасан зор, барлығы да игі істер. Халықтық осынау тәлімді тірліктің бастаушысының да, қостаушысының да болуы – бірліктің нәтижесі.

Ұлттың өз рухани әлемін жаңа, заманауи сатыға көтерудегі ерекше үлесі мен өзіне етене тән машығы бар, сондықтан да сыбайлас жемқорлықтың өзі, түптеп келгенде, адамның рухани әлемінің жұтаңдануына, адами қасиеттерінің тозуына алып келетіні даусыз. Мәдени-рухани әлем сыбайлас жемқорлықтан тыс, негізгі шеңберден оқшау тұрған жайт болып көрінуі де мүмкін. Бірақ бұл – асығыс пікір.

Біз әдетте, жалпыадамзаттық құндылық деген сөзді жиі қолданамыз. Осыған орайлас жалпыадамзаттық өркениет деген тіркес те тілге оралып жүр. Бірақ осы сөзге терең мән беріп қарасақ, бұлай болуы мүмкін бе? Адамзат дамуы мұндай қосындыны қабылдай алмайтын сыңайлы. Әрине, оның бір-біріне етене қабысып жатқандай көрінетін көршілес сипаттары болуы ғажап емес.

Халық та өзге халықтардан үйренеді. Оған дау жоқ. Бірақ қазіргі заманда өзара тіндесіп, тарихи сүрлеуінен айырылып бара жатқан өгей тынысты өнердің өзегінде ұлттық рух жатпаса, ол бәрібір ұлтымыздың ұлы қазынасына толық қосыла алмайды. Халқымыздың: «Өнерді үйрен де, жирен» деуінде, сірә, үлкен мағына бар. Үлгіліні үйрену қажет, бірақ жаманды жанымызға жапсырудан сақ болғанға не жетсін?!

Өнер – ұлттың рухани келбеті. Мемлекеттің мәртебесі мен мерейінің шынайы көрінісі. Өнерлі халықтың өркені де баянды. «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз бертінде пайда болғанмен, оның арғы болмысы тарихи бастаулардан тіл тартып, халқымыздың қазынасын, мәуелі мәдениетіміздің қайнарын қапысыз танытады. Әуесқойлық пен кәсіби өнердің аражігін байқап қарасақ, ол халқымыздың сан ғасырлық сүзгісінен өткен байлығын біріктіріп, оны жаңа заманға сай жаңғыртудың тың нәтижесін аңғартады.

Өнерде жүрген жас өрен, өр бол, бірақ кең бол. Ең бастысы, кіршіксіз таза бол. Өнерге өзімшілдік те, күндестік те қауіпті. Жаның жайдары, жарасымың ибалы болсын. Өнердегі бәсекелестік іштарлық пен қызғаншақтыққа бой алдырмасын. Мұндай дерттің де өнер саласында кездесіп қалатыны шындық. Озсаң – өнеріңмен оз, талантыңмен таныл, дарыныңмен даралан. Құр еліктеу мен сергелдең солықтаудан сақ бол. Бір данышпанның «Біреудің ізімен жүрген ешқашан оның алдына шыға алмайды» деген де сөзін оқығаным бар. Яғни, өзгенікіне өзеуреме, өз жолыңды тап та, одан адаспа. Өз халқыңның өнерін кие тұт, өз еліңнің мәдениетін мақтан ет. «Өнерпаз болсаң – өр бол» деген ұлы қаламгеріміз Мұхтар Әуезов. Өрлік те – ерліктің бір түрі. Бірақ бұл ақылға жүгінген, талантқа бой ұсынған өрлік болуы шарт.

Өзгеден өнеріңмен озасың. Біздің халқымыз – талайдан озған, тарихтан тұлғалы сыбағасын алған жұрт.

Ұлы Даласын ән мен күйге бөлеген, рухын ән мен күймен көтерген, аруағының өзін айбынды әнұранмен шақырған елдің ұрпағымыз. Ендеше, өр бол деген сөзді жүрекке түйсек, өрісіміз кеңейіп, өнегеміз молая түспек. Өнердің киесі де, иесі де – туған халқың. Ұлттық мәдениеттің ұлы мектебінен өмір бойы дәріс ал, жақсысын жаныңа тұт. Іздеуден жалықпа.

Ұлттық мәдениетімізге қамқор болу, оның болмыс-бітімін сақтау – халықтығымызға сын.

Оған қызмет ету – мемлекеттігімізге сын.

Ұлықтау – елдігімізге сын.

Өмір тарихын өнерімен де жазған еліміздің ертеңіне өнегелі өнер қызмет ететін болады.

Отбасы – отан тірегі

Отбасында адам бойындағы қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен
басталады.

«Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» деп жазған еді кезінде Бауыржан Момышұлы. Бұл – жай ғана сөз тіркесі емес. Зор мағыналы салмағы бар, жанға жылу, қанға қызу беретін сөз.

Отбасы құндылығы қай кезде де, қай елде де мемлекеттік саясаттың жанды жері болып келген және бола береді. Әрбір отбасы мен мемлекеттің құрылымдары ұқсас деуге болады. Оның да өз басшысы, тұрмыстық-қаражаттық саясаты, рухани-мәдени, әлеуметтік-психологиялық жоспарлары бар. Біз тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап бұл мәселеге жете мән бердік. Бұл саясат халықтың өсімі, бала тәрбиесі, отбасын құрудың және оны сақтаудың идеологиясын қалыптастырып, демографиялық саясаттың негізгі тірегіне айналды.

Біріншіден, отбасылық құндылықтарды, отбасы және неке институтын нығайту мәселелері қоғамның моральдық-этикалық, рухани-имани байлығын дамытудың, саламатты да салауатты өмір салтын ұстанудың негізгі қағидаттары қоғам дамуына сай қалыптастырылып, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына өтудің сатысын орнықтыруда. Өйткені, жердегі өркениеттің бүкіл хронологиясы – кез келген қоғамның негізі ретіндегі Адамзаттық Отбасының ұлы тарихы.

Екіншіден, отбасы – өте ұлы құндылық. Талай ғасырдан бері әрбір отбасы – қоғамдағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан адамгершіл қасиеттердің, ұлттық салт-дәстүрлердің сақтаушысы.

Үшіншіден, отбасы – өз халқыңа, оның мәдениеті мен тұрмысына деген сүйіспеншіліктің сарқылмас қайнар көзі. Сондай-ақ, ХХІ ғасырда жаһандану дәуірі отбасы мен бақытты неке құндылықтарын дамытудың негізі қалыптасқан мектебіне айналуға тиіс.

2011 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 17-ші сессиясында елімізде отбасы дәстүрін сақтап, оны дамыту, Отбасы күнін белгілеу туралы ұсыныстар айтылып, осы мәселе бойынша бізде жаңа мейрам пайда болды. Ол – жыл сайын жұртымыздың жанын шуаққа бөлеп жететін «Отбасы күні». Біріккен Ұлттар Ұйымы шешіміне сәйкес және бізбен тағдыры, салт-дәстүрі ұқсас елдер тәжірибесін ескеріп, Қазақстан Республикасындағы «Отбасы күні» – «День семьи» мерекесін қыркүйектің екінші жексенбісіне белгіледік. Бұл халық тарапынан кең қолдауға ие болды.

«Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдау барысында бұл мәселеге жете көңіл бөлдік. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Демек, ол біздің ортақ отбасымыз. Осы стратегияда ана мен баланы қорғаудың мәселесіне жан-жақты тоқтала келіп, ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек екенін басты нысана етіп алдық. Олар – болашақтағы адал жар, асыл ана, шаңырақтың шырақшылары. Батыс мәдениетін талғамсыз «тоғытудың» салдарынан жастарымыздың бойындағы ұлттық ибалық, ұяңдық, кішіпейілділік, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу тәрізді әдемі қасиеттер әрін жоғалтпаса екен деймін.

Өмір сүру оңай ма? Әсіресе, қазіргідей қым-қуыт заманда. Әрине, қиын. Бірақ әр қиындықтың бір қайтуы, әр сәтсіздіктің бір бақытты шағы болады демеуші ме еді үлкендер?

Жаман халық жоқ, жаман әдет бар. Жаман әдет жұқпалы. Ол жүрекке түсетін жегі құрт. Оңы мен солын танып үлгермеген, ерсі нәрселерге еліктеуге бейім тұратын аңғал жастарды адасудан сақтандырудың шараларын мемлекет біржақты шеше алмайды. Бұл – жұрт болып жұмылып, халық болып қолдап, бірлесе жұмыс жасаудың нәтижесінде жүзеге асатын мәселе. Тәрбие – тал бесіктен бас­талып, адамның өмір бойы үйренетін, тәлімімен сіңіретін адами қасиеттерінің халықтық мектебі.

ХІ ғасырда ғұмыр кешкен бағзы бабамыз Жүсіп Баласағұни өзінің «Құтты білік» атты тарихи еңбегінде: «Егер әке ұлына немесе қызына тиісінше көңіл бөлмей, олардың мінез-құлқы нашар болса, оған баланың кінәсі жоқ, оған кінәлі – әкесі» деп жазыпты. Данышпанның дәрісті сөзінде бұрыстық жоқ. Нағыз шындығының өзі – солай. Бұл – әке мен ана тәрбиесінің маңызы мен мәнін ашатын ой. Өкінішке қарай, қазір бала тәрбиесімен айналысатын ата-аналардың кейбіреулерінің өзіне тәрбие жетпейді. Жаман бала қайдан шығады деген сұрақтың да жауабын осы жерден табуға болады. Халықтық педагогиканың жаһандану жағдайындағы топан селіндей ақпараттан өзіне керегін тауып алуы да оңай емес.

Мұның негізі талғамға келіп тіреледі. Эстетикалық талғам мен этикалық талғам тең түсіп, тілектес пейілге айналмаса, арты өкінішке ұласып жатады. Қазақта айтылмаған сөз қалмаған ғой. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келер» деген де сөз бар. Тәрбиенің баста кеткен қателігінен кейін өсіп шығатын бітеу жарасы – қазіргі қарияларымыздың наласы. Аға буын мен қазіргі ұрпақ арасындағы замандар ауысуы жағдайындағы «рухани қақтығыстар» өркениеттер қақтығысына апаратын бір жол сияқты. Сақ болатын жол. Аңдап басып, ақылға салатын жол.

Халқымыздың болашағы да, еліміздің көркі де – қыз бала. Олар – қадірлі қазынамыз. Олар – болашақ анамыз. Кең мағынада алып қарасақ, тіпті, ұлт анасы. Ал ананы сыйлаудың ең жоғары адами үлгісін Мұхаммед Пайғамбарымыз айтып кеткенін және өзінің өнегелі ісімен қапысыз дәлелдеп өткенін күллі мұсылман дүниесі жақсы біледі. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» дейтініміз де содан.

Жер бетіндегі тіршілікті жалғастырушы, өмірді ұзартушы, ұрпақ ұластырушы – ана деген сөзде үлкен әрі аса маңызды философия жатыр. Біз осы мәңгілік тұжырымнан сабақ алып, отбасының, Отанымыздың тірегі, жақсылықтың тілегі – Аналарымызға өмір бойы адал қызмет жасауымыз қажет. Ана – отбасының тірегі, ал отбасы – Отанымыздың жүрегі.

Отбасына деген құрмет қаншалықты зор болса, оған артылатын міндет одан да орасан. «Отбасы – Отанның тірегі» дегенде қаншалықты мол мағына жатқанынан-ақ осыны аңғарар едік.

Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Бұл – Ұлы Даланың ұлағатты педагогикасы мен дана бабаларымыздың ұрпақ тәрбиесіне мейлінше мән бергенінің айнасы.

Біз бүгінде, қит етсе тәрбиешілер мен мұғалім­дерді, отбасы мен ортаны, одан асып қоғамды кінәлауға бейімделіп барамыз. Тегінде, тәрбие мәселесін әркім өзінен бастауға тиіс. Демек, әрқайсымыз бүгінгі және болашақ ұрпаққа бағдар беретін пікір-пайымымызды айтып, жеке іс-әрекетімізбен үлгі-өнеге көрсетуіміз керек. Сонда ғана жұртымыз жаһанданудың жұмырына жұтылып кетпей, қазақы қалпымызды, дәнекерлі дәстүр-салтымызды сақтай алады. Сөйтіп, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтардан, кісілік пен кішілік қасиеттерден қол үзіп қалмайды.

Келешектің күн тәртібі күрделене бермек. Оған тәлім-тәрбиесі ата-баба өсиеттеріне сай қалыптасқан, денсаулығы мықты, намыс-жігері мен қажыр-қайраты кемелденген, білім-білігі заман талабына лайықты жан-жақты жетілген ұл-қыздарымыз ғана қасқая қарсы тұра алады. Сондай ұрпақ қана ұлтымыздың ұпайын түгендеп, халқымыздың еңселі ертеңін нұрландыратын болады. Ондай сапалы да саналы буынға біз жалғыз Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстанның тағдырын еш алаңсыз сеніп тапсыра аламыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталсақ, осының бәрі – ордаға айналар отбасының орасан зор мерейі мен мәртебелі міндеті. Өйткені, отбасы – Отан құндылығының қайнар көзі.

Ұлы дала ұлағаттары (5-бөлім)

(Ұлы дала ұлағаттары: Екінші бөлім)

(Ұлы дала ұлағаттары: Үшінші бөлім)

(Ұлы дала ұлағаттары: Төртінші бөлім)

(Ұлы дала ұлағаттары: Бесінші бөлім)

(Ұлы дала ұлағаттары: Алтыншы бөлім)

Наши рекомендации