Адам - саясаттың жоғары мақсаты. Саясаттың гуманитарлы мәні, демократиялық мазмұны мен адамгершілік сипаты
Саясаттың әлеуметтік негіздері. Саясаттың тарихи типтері. Саясаттағы жалпы, ерекше, жалпыадамзаттық, ұлттық Саясат ұғымы саясаттанудағы басты зерттеу мәселесi. Саясат ұғымы күнделiктi өмiрде, ғылымда әр түрлi тұжырымдалынады. Мәселен, О.Шпенглер «саясат жоғары мәнде өмiр, ал өмiр дегенiмiз саясат» - деп жазады. К.Маркс пiкiрiнше «саясаттың барлық сиқыры мемлекеттiк билiкке таптардың қатынасында». В.И.Ленин «саясат мемлекет iсiне қатысу, мемлекет бағыты, мемлекеттiк қызметтiң формасын, мiндеттерiн, мазмұнын анықтау» - деп есептеген. Белгiлi немiс социологы М.Вебер «саясат билiкке қатынасуға талпынысты немесе билiктi бөлуге ықпалды бiлдiредi, ол мемлекеттер арасында, мемлекеттiң өз iшiнде, адамдар топтары арасында болуы мүмкiн» - деп айтады.
Кейбiр ғалымдар саясатты азаматтық келiсiмге қол жеткiзуге бағытталған қызмет деп есептейдi. Мәселен, Платон «саясат бiрге өмiр сүру өнерi» деген пiкiрдi айтады.
Саясаттану классиктерi Г.Лассуэлл, А.Каплан «Күш және қоғам» атты еңбектерiнде саясат билiктiң қалыптасуы мен көлемiне байланысты деп жазды.
Сонымен, саясат ұғымын мемлекеттi басқару ғылымы, мемлекет мақсаты туралы ғылым, бiрге өмiр сүру өнерi, билiк және оны сақтау үшiн күрес деп түсiнемiз. Мұнда саясатты талдауда екi феномендi есепке алу керек: билiк және мемлекет.
Саясат дегенiмiз қоғамдағы үлкен әлеуметтiк таптар мен топтар, ұлттар мен ұлыстар, олар мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас барысындағы олардың өз мүдделерiн қорғауға, iске асыруға, саяси билiктi жеңiп алуға, сақтап қалуға бағытталған әрекеттер жүйесi. Басқаша айтқанда, саясат ұғымы қоғамның саяси саласындағы барлық құбылыстар мен үрдiстердi, тенденцияларды бейнелейдi. Осы тұрғыдан алғанда, саясатты белгiлi бiр таптың, партияның, мемлекеттiң мүдделерi, мақсат-мiндеттерiнiң мазмұны мен ауқымы көрсетiлген құжаттарының жиынтығы деп айтуға болады.
Саясат қоғам дұрыс өмiр сүруi үшін қажет және сол үшiн өмiрге келген. Сондықтан да саясат қоғамның қажеттi, әрi маңызды элементi болып табылады.
Саясаттың әлеуметтiк тұжырымдау тобы.Саясатты әлеуметтiк тұжырымдаудың мынадай түрлерi бар: экономикалық, стратификациялық, құқықтық.
1. Саясатты экономикалық талдау марксизмде анық байқалады, онда саясатты экономикалық базистiң қондырмасы ретiнде сипаттайды, яғни саясат экономиканың сұранысы мен мүдделерiн жинақтап бейнелеушi. Саясат мұндай жағдайда қоғамдық өмiрдiң арнаулы саласы ретiнде өзiнiң дербестiгiн жояды, тек салыстырмалы шектеулi автономиясын сақтайды. Жалпы ол саяси субьектiлердiң еркiне тәуелдi емес, экономиканың обьективтi заңдарымен анықталынады.
Саясатты экономикалық детерминизм рухында анықтау саясаттың маңызды бiр көздерiн ғана ашып көрсетедi. Ол экономикалық сұраныстардың саясатқа ықпалын анықтап, оның дербестiгiн есепке алмайды. Тарихи тәжiрибе, ең алдымен командалық-әкiмшiлiк социализм 70 жыл бойы саясатқа тек экономика ғана ықпал етiп қоймайтындығын көрсеттi, керiсiнше саясат экономикада үстемдiк жүргiзуi мүмкiн.
Саясат экономикалық заңдарды саналы түрде қолдану формасы болғандықтан саясат экономикаға белсендi ықпал етедi, оны мынадан көруге болады:
1. Саясат экономиканың даму бағытына тура ықпал етуi мүмкiн. Бұл жағдайда халықтың әлеуметтiк-экономикалық жағдайы жақсарып, қоғам прогрессивтi дамуы мүмкiн. Яғни саясат қоғам дамуы мақсатын, оны iске асыру жолдарын анық көрсетедi және оны iске асыру үшiн халықты ұйымдастырады. Экономикалық мәселелерге нақтылы дұрыс саяси мақсаттар мен мiндеттер қойылмайынша бiрде-бiр тап өз билiгiн қолына ала да, ұстап тұра да алмайды, яғни, саясат экономикалық мәселелердi шешудiң құралы болып табылады.
2. Саясат экономикаға керi ықпал етуi мүмкiн. Бұл жағдайда саясат белгiлi бiр дәрежеде, бағытта экономиканың дамуына кедергi жасап отырады. Өйткенi, саясат экономиканың табиғи даму заңдылықтарына қайшы келiп, өндiргiш күштер мен өндiрiстiк қатынастардың арасындағы үйлесiмдiлiк заңын бұзып, олардың арасындағы шиеленiстi күшейте түседi. Мұндай үрдiстер қоғамның экономикалық даму бағытына қарама-қайшы немесе сыңар жақты iстердiң болуына жол бередi, сондай-ақ қоғам дағдарысқа ұшырауы мүмкiн. Оған дәлел бұрынғы Кеңес Одағы тұсындағы дамуымыз. Ол кезде саясаттың экономикаға үстемдiк етуi, оның экономика заңдарымен санаспауы басым болды. Сондықтан көптеген саяси шешiмдер экономикалық жағдайларға қайшы келiп, өз шешiмiн таба алмай жатты. Мысалы, И.Сталиннiң ұжымдастырудағы асығыстығы, Н.Хрущевтың 80 жылдары коммунизмге өту туралы тезистерi, И.Брежневтiң кемелденген социализмдi жариялауы, М.Горбачевтың жеделдету концепциясы т.б. Сонымен өткен тарихи кезеңдерде саясаттың басқа қоғамдық салаларда үстемдiк жүргiзгендiгiн байқадық. Демократиялық қоғамда экономикада нарықтық қатынас үстемдiк етедi. ҚР нарықтық қатынастағы ел болып табылады.
2. Саясатты әлеуметтiк анықтауды» құрамдас бөлiгi стратификациялық дефиниция. Ол саясатты белгiлi бiр қоғамдық топтар, тап, ұлт немесе өз мүддесiн билiк арқылы қанағаттандыруға талпынушы мүдделi топтар бәсекелестiгi ретiнде тұжырымдайды. Егер саясатты таптар арасындағы күрес ретiнде тұжырымдаушы маркстiк дефиниция өз мәнiн жойса, ал мүдделi топтар теориясы өзiнiң ауқымын кеңейттi және әрi олар демократияның плюралистiк концепциясындағы демократиялық мемлекет әр түрлi мүдделi топтардың бәсекелестiгiн реттеушi саясат жүргiзедi, сол арқылы қоғамда тепе-теңдiктi сақтайды деп тұжырымдайды.
3. Саяси iлiмдер тарихында саясаттың құқықтық концепциясы кеңiнен тараған. Олар саясат, мемлекет, құқық, ең алдымен адамның табиғи құқығының өнiмi деп санады. Оған мысал, Спиноза, Т.Гоббс, Ж.Ж.Руссо, Кант өкiлi болып табылатын «қоғамдық келiсiм» теориясы болады. Бұл теорияның негiзгi мәнi саясат әрбiр адам өмiрге келгеннен берiлетiн негiзгi құқықтарды - өмiр сүру, бостандық, жеке меншiктi қорғау деп тұжырымдауы.
Қазiргi заманғы әдебиеттерде саясат теориясының құқықтық тұжырымы керiсiнше берiледi. Олар құқықты саясат өнiмi, оны таратудың негiзгi құралы, тұрақты саяси тәртiп құру тәсiлi деп есептейдi. Құқық тiкелей мемлекетпен жасалынады және саяси ерiк пен мемлекеттiк мақсатқа негiзделiнедi.
4. Саясат идеологиямен де тығыз байланысты. Идеология таптардың ең алдымен экономикалық, әлеуметтiк т.б. мүдделерiнiң теориялық көрiнiсi. Сондықтан да идеология экономикалық-әлеуметтiк т.б. саясаттардың iске асырылуындағы идеялық құрал болып есептелiнедi. Идеологиядан бас тарту саясаттың құнсыздануына алып келеді. Идеология саяси іс әрекеттердің теориялық негізі. Сондықтан идеологиясыз саясат болмайды Сонымен бірге саясат халыққа идеологиялық тәрбие берудегі құрал болып есептелінеді. Өйткені оның қолында қоғамдық саяси теорияны жасау үшін барлық жағдай бар.
Саясатқа бұдан басқа да факторлар ықпал етеді, мәселен, географиялық, демографиялық, мәдени тарихи, ұлттық салт дәстүр, әлеуметтік психология т.б. Себебі олардың әрқайсысы белгілі бір тарихи кезеңде саясатты айқындаушы факторлардың біріне айналуы мүмкін.
Саясатты, сонымен бірге өнер деп қарастыру керек. Өйткені саясаттың объектісі де субъектісі де адам. Сондықтан саясаттың сапасы, деңгейі, тиімділігі, сауаттылығы, әрі қуаттылығы көп жағдайда саясаткердің, ел басшысының, сайып келгенде жеке адамның қабілетіне, мәдениеттілігіне, білімділігіне, тапқырлығына, іскерлігіне тәуелді. Демек, саясаттың дұрыс жүргізілуі саясаткердің қоғамдағы барлық табиғи әлеуметтік мүмкіндіктерді пайдалана білуімен, теориялық негіздер мен принциптерді қолдана алуымен, саяси шешімдерді қабылдауда шығармашылық батылдықты көрсете алуымен және оның қоғамның келешегін болжай алатын логикалық көрегендігіне байланысты.
Саясат қоғамда үлкен өзгертуші, айқындаушы күшке айналуы үшін ол қоғам дамуының негізгі заңдылықтарына сүйенуі қажет. Ол заңдылықтар ғылым арқылы айқындалады. Сондықтан да саясат ғылымға негізделуі керек, яғни саясат ғылыми болуы тиіс. Саясат қоғамдық даму заңдылықтарына негізделінеді.