Азіргі заманғы Қазақстандағы саяси ой.
Қазiргi дүниенi неғұрлым дұрыс танып, бiлу үшiн және болашақ жақсы өмiрдiң дұрыс жолын таңдай бiлу үшiн адамдар әр уақытта, әр дәуiрде өзiне дейiнгi өткен идеялар мен қағидаларға сүйенген. Өткен тарихты және адамзаттың ұзақ ғасырлық тәжiрибесiн пайдалану тарихи қажеттiлiк болып табылады.
Саяси iлiмдер тарихы әртүрлi көзқарастар мен ойлардың күресi ғана емес, сондай-ақ адамзаттың таңдаулы өкiлдерiнiң мемлекет пен құқықтың даму тарихы, бостандық пен әдiлдiк, заң мен заңдылық, қоғам мен мемлекеттiк құрылыс, адамдардың құқығы мен бостандығы туралы айтқан алдыңғы қатарлы ойлары мен идеяларының жиынтығы.
Ежелгі Шығыстың кұлиеленуші мемлекеттердегі саяси ілімдер: брахманизм және буддизм идеологиясы. Конфуциандық, даосизм, легизм.Саяси iлiмдер алғашқы кезеңде адамдардың мифтiк көзқарастары негiзiнде Ежелгi Шығыста пайда болды. Ежелгi Шығыста саяси ойлар дiни сипатта қалыптасқанымен, онда белгiлi бiр таптың мүддесi мен билiгiн қорғайтын белгiлер мен заң қаталдығы анық сезiлдi.
Ежелгi Үндiстандағы саяси iлiмдерде мифтiк, дiни және брахманизм идеялары үстемдiк жасады. Брахманизм идеясы б.з.д. ІІ мыңжылдықта ВЕДА ескерткiштерiнде кездестi. Веда – бiлiм, кiрiспе деген мағынаны бiлдiредi. Бұл ведаларда адамдар төрт варнаға бөлiндi: брахмандар – Пуруши құдайының аузынан, кшатрийлер – құдай қолынан, вайшийлер – құдай санынан, шудралар – құдай табанынан жаралған деп санады.
Ману заңдарында адамдардың варналарға бөлiнуi және олардың қоғамдағы орны мен әлеуметтiк теңсiздiгi қорғалады. Мұнда брахмандардың жоғары дәрежелi жағдайы мен үстемдiгi, артықшылығы туралы айтылады. Тiптi патшаның өзi брахмандарды құрметтеуi, олардың ақыл-кеңестерiн, талаптарын орындауы тиiс. Заң бойынша патшаның басты мiндетi варна жүйесiн қорғау және оған қарсы келгендердi жазалау. Ману заңы бойынша патша өкiлдiгi шектеулi.
Б.з.д. VI ғасырда Будда (данышпан деген мағынаны бiлдiредi) деген атпен белгiлi болған С. Гаутама Веда iлiмiн сынға алады. Будда дiнi бойынша брахмандардың жоғары дәрежесi мен артықшылығы жоққа шығарылады. Б.з.д. ІІІ ғасырдан бастап буддизмнiң көптеген идеялары әлеуметтiк-саяси маңызға ие болып, мемлекеттiк саясат пен заңдылыққа ықпал ете бастайды. Үндiстанды бiр орталыққа бiрiктiрген Ашока патшаның билiгi тұсында (б.з.д. 268-232жж.) буддизм мемлекеттiк дiнге айналады. Буддизм ықпалы кейiнен Қытай, Жапония, Бирма, Цейлон елдерiне де тарады.
Будда «ең бастысы – адамның атағы мен шыққан тегі емес, адамгершілігі» – деп үйретті. Сонымен бірге, адам өмірінің мәні байлық пен атақ емес, әрқашан шындықты айтып, мейірімділік пен қайырымдылыққа ұмтылуда екенін дәріптеді.
Ежелгi Қытайқоғамдық-саяси ойында ықпалды ағымның бiрi болған даосизм iлiмi, оның негiзiн салған б.з.д. VI ғасырда өмiр сүрген оқымысты Лао-цзы. Еңбегi «Дао және дэ» деп аталады. Даосизм iлiмi «дао» ұғымына негiзделедi, ол «алғашқы түпкi негiз» деген мағынаны бiлдiредi. Даосизм iлiмi аспан, табиғат, қоғам заңдылықтарын анықтады. Бұл заңдылық жоғары қайырымдылық пен табиғи әдiлдiктi жақтады. Дао iлiмi бойынша барлық адамдар тең. Ол теңсiздiктi, әдiлетсiздiктi, қайыршылықты даодан ауытқу деп санады.
Қытайдың саяси iлiмi тарихында конфуцизм iлiмi маңызды рөл атқарған. Оның негiзiн қалаған б.з.д. 551-479ж. өмiр сүрген қытайлық ойшыл Конфуций болды. Оның көзқарастары шәкiрттерi құрастырған «Лунь юй» (Әңгiмелер мен пiкiрлер) кiтабында жинақталған. Бұл кiтаптағы даналық туралы ойлар өз мәнiн осы уақытқа дейiн жойған жоқ. Ол даналыққа үш түрлi жолмен жетемiз, ең iзгi жол – санамен саралау, ең оңай жол – елiктеу, ең қиын жол – тәжiрибеден тәлiм алу, – деп жазады. Оның негiзгi идеялары:
1 мемлекеттiң патриархалды-патерналистiк концепциясы;
2 аристократиялық билiк концепциясы;
3 қайырымды билiк концепциясы.
Конфуций барлық нәрсе үнемі өзгерісте болады, уақыт тоқтамайды, әрбір нәрсенің басталуы мен аяқталуы болады дейді. «Адамның ісі де солай, бас-аяғынсыз бірде-бір іс жоқ. Оның басталуы мен аяқталуын анық білген адам ақиқатқа жақын тұрады» – деп жазады.
Ежелгі Греция және Ежелгі Римдегі саяси ілімдер: Платон, Аристотель, Полибий, Тит Лукреций Кар.Ежелгi Грецияның саяси iлiмдер тарихында өте бай материалдар жинақталған. Антикалық дәуiр ойшылдары қоғамдық өмiрдi, оның саяси құрылысын талдап, саяси сананы мифтен теорияға ауыстырды. Ежелгi грек ойшылдарының көрнектi өкiлiнiң бiрi – Платон б.з.д. 427-347 жылдары өмiр сүрдi. Ол саяси ойларын «Саясат», «Мемлекет», «Заңдар» атты еңбектерiнде айтты. Мемлекет пен заңдарға деген мұқтаждықты Платон адамдардың өздерiнiң қызығушылықтарын қанағаттандыруға, қоғамдық идеалға жақындауға деген талпынуларымен түсiндiрдi. Платон пiкiрi бойынша мемлекеттiк құрылыстың «дұрыс» және «бұрыс» формалары кездеседi («Мемлекет» деген еңбегінде мемлекеттік құрылыстың бірінші жобасын ұсынды). Мемлекеттiң дұрыс формасы – монархия, аристократия, өйткенi олардың қызметi қоғамды келiсiм мен байлыққа жеткiзедi деп есептедi. Мемлекеттiң бұрыс формасы – тимократия (байлықты иеленуге талпынушы-лардың үстемдiгi), олигархия (азғана ғана бай жауыздардың, қылмысқа жақындардың үстемдiгi), демократия (көпшiлiк билiгi), тирания (бiр адам билiгi). Платон мемлекеттiң дұрыс және бұрыс формаларына iзгiлiктi мемлекеттi қарсы қояды. Оның пiкiр бойынша iзгiлiктi мемлекет мынадай белгiлерге ие болуы тиiс: 1) қорғау құралдарының болуы; 2) қоғам мүшелерiн қажеттi материалдармен жүйелi түрде жабдықтап тұруы; 3) рухани және шығармашылық қызметтiң жоғары деңгейде дамуына жағдайды жасау. Ол мемлекеттегi касталық құрылысты дәрiптейдi. Қоғамдағы адамдарды – философ-билеушiлер, сақшылар, тiкелей өндiрушiлер деп бөледi. Әрбiр сословие өзiнiң қабiлетi келетiн iспен айналысуы керек деп санаған. Бір әлеуметтік қабаттан екіншісіне өтуді жоққа шығарады. Платон саяси iлiмiнде тоталитарлы бағыт анық сезiледi.
Аристотель (б.з.д. 384-322ж.ж.) саяси iлiмi «Саясат», «Афиналық полития», «Этика», «Риторика» деген еңбектерiнде жинақталған. Ол саясатқа кең мағына бере отырып, мемлекет - табиғи дамудың өнiмi және пайда болуы жағынан отбасы мен қауымдастыққа ұқсас деп санаған. Бiрақ, мемлекет қарым-қатынастың жоғарғы формасы. Мемлекетке адамдар белгiлi бiр игiлiкке жету үшiн бiрiгедi. Ол да мемлекеттi «дұрыс» және «бұрыс» формаларға бөлдi. Дұрыс түрiне монархияны, аристократия мен политияны жатқызды. Ал, тирания, олигархия мен демократия мемлекеттiң бұрыс түрi деп санады. Мемлекеттiң дұрыс түрiнде әкiмдер халық, ел пайдасын ойлайды, билiк қоғамға қызмет етедi. Ал, бұрыс түрiнде олар өздерiнiң бас пайдаларын ойлайтын көрiнедi. Мемлекеттің ең дұрыс формасы полития деп санады. Полития жалпының мүддесі үшін көпшілік билік құруы. Ұлы ойшыл саяси басқаруда адам емес заң басқарғанын дұрыс көрдi. Себебi, әкiм қаншалықты жақсы болғанымен сезiмге, ашу-ызаға берiлмей қоймайды, ал заң болса байсалдылығын, парасаттылығын жоймайды. Сонымен, ежелгi грек ойшылдары мемлекеттiк құрылыстың әртүрлi формаларын, мемлекет iсiне азаматтардың қатысуын талдап ғана қойған жоқ. Сонымен бiрге, олардың идеялары саяси iлiмнiң әрi қарай дамуына жағдай жасады.
Батыс Еуропа мен Шығыстық Араб елдеріндегі саяси ілімдер (орта ғасырлар): А. Блаженный, Ф.Аквинский. Саяси iлiмдер тарихында орта ғасыр ойшылдарының еңбектерi мен идеяларының маңызы зор. Олар феодалдық қоғамдық-экономикалық құрылыспен тығыз байланысты. Әрi олардың саяси тұжырымдары дiни сипатта болды.
Солардың бiрi, А. Августин (354-430 ж.ж.) христиан философиясының негiзгi қағидаларын дәрiптеп уағыздаған. Ол «Құдай қала туралы» атты еңбегiнде саяси ой-пiкiрлерiн бiлдiрдi. А. Августин барлық әлеуметтiк, мемлекеттiк, құқықтық ұйымдар мен заңдар адам күнәсiнiң нәтижесi деп санады. Себебi, оның ойынша адамдарға баста екi жолмен өмiр сүруге мүмкiндiк берiлген. Бiрi құдай жолымен, екiншiсi адам жолымен. Бiрiншiнi қалағандар құдаймен мәңгiлiк патшалық құрып бақытты өмiр сүрсе, екiншiлер жын-шайтандармен бiрiгiп азапқа түседi.
Ф. Аквинский(1224-1274 ж.ж.) «Құдайшылдықтың жиынтығы» деген еңбегiнде саяси билiктiң үш элементiн: мәнiн, формасын және қолдана бiлудi ажыратып көрсеттi. Сонымен бiрге, ол өз еңбектерi арқылы арнайы заң теориясын жасады. Заңды мәңгiлiк, дiни, табиғи және оң деп бөлiп көрсеттi. Құдай жауыздық емес, қайырымдылықтың себебi. Сондықтан билiктi құрайтынның барлығы мейiрiмдiлiктен тұрады деп санаған. Ф. Аквинский монархияны қолдады, себебi ол заңға сүйенедi деп есептеген.