АзаҚстан республикасыныҢ Үкіметі су ресурстарын басҚару жӨніндегі мемлекеттік баҒдарламаны Қолдады
2013 жылдың 24 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметов бейнеселекторлық режимде аймақ басшыларының қатысуымен Үкімет отырысын өткізді.
Отырыс барысында ҚР қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, сондай-ақ, еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі Жалпы ұлттық жоспарына сәйкес әзірленген 2014-2040 жылдарға арналған Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасын ұсынды.
«Су ресурстарын басқару бағдарламасын әзірлеу Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамасында да қарастырылған. Бұл құжатта су саласын реформалау мәселелеріне бір тарау арналған»,- деді Н. Қаппаров.
Министр 2040 жылға дейін шет елдерден келетін судың азаюы мен ауыл шаруашылығында суды пайдалану үлесінің өсуінен Қазақстанда су тапшылығы 12,2 млрд. кубометрді құрауы мүмкін екендігі туралы мәлімдеді.
Осы орайда Н. Қаппаров бұл мәселенің ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылса, шешімін табатындығын жеткізді.
Ауыл шаруашылығы – судың негізгі тұтынушысы. 2012 жылы оның үлесі 84 пайызды құрап, су шығыны 66 пайыз құрады. Ылғалды үнемдеу технологияларын енгізу, және суару жүйелерін жетілдіру тапшылықтың 43 пайызын, немесе жылына 5,3 млрд. кубометр жабуға мүмкіндік береді.
Тағы 3,4 млрд. кубометр суды тасымалдау, тарату және сақтау инфрақұрылымын жетілдіру есебінен жабылады. коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру және өндірісте суды үнемдеу технологияларын енгізу есебінен 7% немесе жылына 0,8 млрд. кубометр үнемдеуге мүмкіндік бар.
Қалған 2,7 миллиард кубометр суды бассейндер арасында тарату, сондай-ақ ылғалды көп қажет ететін дақылдарды өсіруден бас тарту есебінен жабуға болады. Қосымша қажет су көлемін жер асты көздерінен алуға болады.
2040 жылы Қазақстандағы суға сұраныс 56 пайызға өсіп, 25 млрд. кубометрді құрайды. Қазіргі сұраныс көлемі – 16 млрд. кубометр.
Егер, еліміздегі халық саны 20,8 млн болса, су тұтыну көлемі 35 % ұлғайып, қалалық тұрғындар үлесі қазіргі 53%-дан 73% дейін өседі.
Өндіріс жылына 4 пайызға өскен жағдайда, су тұтыну көлемі 35 пайызға ұлғаймақ.
2040 жылға дейін ауыл шаруашылығында сауармалы алқап ауданы 2,1 млн. га дейін кеңейсе, су тұтыну жылына 1,6% өсіп отырады.
Бағдарлама инфрақұрылымды жетілдіру, суды үнемдеу және оны тиімді пайдалану есебінен су тапшылығын төмендету шараларын ұсынады.
Ауыл шаруашылығындағы суару жүйелерін жетілдіру есебінен шығынды 66 пайыздан 27 пайызға дейін қысқарту жылына 11 миллиард кубометр суды үнемдеуге мүмкіндік туғызады. Өнеркәсіптегі шығын 40-тан 19 пайызға дейін қысқарса, жылына 1 миллиард кубометрге дейін үнемдеуге болады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы су шығыны 58-ден 19 пайызға қысқарса, жылына 300 млн. кубометр су үнемделеді.
Біздің елімізде 40 пайыз магистралдық және 38 пайыз тарату каналдарының жағдайы нашар. 2040 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы сумен қамту және тартуға 3,6 трлн. теңге инвестиция бағыттау қарастырылған. Бұл «Ақ бұлақ» бағдараламысының бюджетінде 2020 жылға дейін 912 млрд. теңгеге қосымша инвестициялар.
Аталған инвестициялар Қазақстанның халқының 2040 жылға дейінгі өсімін ескеріп есептелген. Жаңа сумен қамту және тазарту инфрақұрылымының құрылысы 3,2 трлн. теңге инвестицияны талап етеді.
Ауыз су сапасына қатысты. Еліміздегі 88 су айдындарының тек 13-і ғана «таза» деп табылды. Бағдарламада республика бойынша су айдандарын тазалау және санациясы бойынша іс-шаралар кешенін қарастырылған. Ауыз су және ағынды сулар сапасының стандарттары қайта қарастырылады.
Енді суды үнемдеуге ынталандырудың экономикалық жолдары туралы.
Үкімет тарифтерді құру жүйесін реформалауға көп көңіл боледі. Алайда, су саласында тарифтер бағамы сумен қамтуға кеткен шығыннан өте төмен. Бұл салаға инвестиция тартуды қиындатып, инфрақұрылымды басқару тиімділігін көтермейді. Өнеркәсіптегі суды тазарту және ауыл шаруашылығындағы су тарифтері өте төмен деңгейде.
Қазақстандық тарифтердің деңгейі өнеркәсіптік және коммуналдық шаруашылықтағы халықаралық стандарттардан кейін қалған. Ауыл шаруашылығында қолданыстағы тарифтердің деңгейі стандаттардан едәуір төмен – кубометр судың халықаралық орташа бағасы 17,5 цент болса, бізде – 1 цент.
Сала гидротехника бағытындағы қажетті кадрлармен қамтылмаған. Су инспекцияларына қажетті деңгейде қаржы бөлінбейді.
Бағдарламада ұсынылған су саласындағы мәселелерді шешу жолдары туралы қысқаша.
2040 жылға дейін су секторын жетілдіруге 8,2 трлн. теңге капиталдық инвестициялар бағытталады, оның ішінде 5,4 трлн. теңге республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен, қалғаны – жекеменшік инвестициялар және халықаралық даму институттарының тарапынан несиелік қаржы.
Судың инфрақұрылымын жаңарту шығындарын жабу және тиімді су тұтынуды ынталандыру үшін тұтынушылардың барлық санаттары үшін тарифтер деңгейі кезең-кезеңмен өсіріледі.
Су секторындағы ұлттық басымдықтар бойынша ұсыныстарды әзірлеу үшін Ведомствоаралық кеңесті құрылады.
Бассейндік инспекциялардың функциялары мен құзыреттері кеңейтіледі.
Мамандар даярлайтын су факультетін немесе институтын ашу ұсынылады.
Бағдарлама магистралдық және тарату инфрақұрылымдарын басқару бойынша екі ұлттық компанияны құру ұсынады.
Жаңа басқарудың жүйесі бойынша мемлекеттік су саясатын анықтау және трансшекаралық келіссөздермен министрлік айналысып, комитет бақылау-инспекциялық қызметтерді атқаратын болады.
Ұлттық компаниялар республикалық деңгейдегі су шаруашылығы нысандарын, сондай-ақ, ТКШ саласындағы өңірлік тарату желілерін салып, басқарумен айналысады.
Бағдарлама жобасы талқыланғаннан кейін дауыс беру рәсімі өткізіліп, нәтижесінде Үкімет мүшелері Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны бірауыздан қолдады.