Коммерциялық құпияны бұзған үшін жауапкершілік
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1018 бабы ашылмаған ақпараттың заңды иесіне келесілерді талап етуге мүмкіндік береді:
- ақпаратты заңды негізсіз алған, таратқан және қолданған тұлғадан – заңсыз қолдану арқылы келтірген шығындардың орнын толтыруды;
- ақпаратты заңсыз қолданған тұлғадан – оны қолдануды шұғыл түрде тоқтатуды.
Алайда коммерциялық құпиясы ашылған кәсіпкердің жағдайын қиындататын АК 1018 бабымен қарастырылған бірқатар қиындықтар да бар.
Егер ашылмаған ақпаратты заңсыз қолданған тұлға оны ақпаратты таратуға құқығы жоқ, бірақ ақпараттың құпия екенін білмеген және білуге тиіс болмаған адамнан алса (мысалы, жұмыстан шығарылған тұлғадан), онды мұндай тұлға ақпаратты адал жолмен алған болып саналады. Ал ашылған ақпарат иесі ақпаратты адал жолмен алған тұлға ол ақпаратты қолдану заңсыз екені жөнінде хабарлама алғаннан кейін ғана құпия ақпаратты қолданудан келген шығындарды төлеуді талап етуі мүмкін.
Оған қоса, ашылмаған ақпарат болып табылатын мәліметті өз бетімен және заңды түрде алған тұлға ақпарат иесінің құқығына қарамастан бұл мәліметтерді қолдана алады және оның алдында қолданғаны үшін жауап бермейді.
Бөтен коммерциялық құпияны қолданған тұлға мәліметті өз бетімен алғаны немесе оны алу кезінде мұның заңсыз әрекет екенін білмегені жөнінде сендіретіні және заңсыз алу дерегінің дәлелденбеуі үшін күш салатыны белгілі.
Оған қоса коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты заңсыз қолданушыға талап арыз ұсынылғанда ақпарат иесінің әлі алынбаған, құқығы бұзылмаған жағдайда алуы мүмкін болатын табысы туралы айтылады. Жіберіліп алынған мүмкін табыстың көлемін негіздеу және дәлелдеу оңай емес, ал бұл жағдайда ерекше қиынға түседі. Сот кәсіпкердің ақпарат құпия болып қалған жағдайда қанша табыс табуы мүмкін болатыны туралы ұсыныстарына немқұрайлы қарайтын болады, тіпті бұл экономикалық есептеулермен негізделсе де. Нақты шығын құқық бұзушылық құрамына кірмейді.
Заң бойынша алынған құпия ақпаратты жариялауға және қолдануға құқығы жоқ, бірақ оларға кедергі жасау мүмкін болмайтын мемлекеттік органдар мен ведомстволардың шенеуніктеріне қатысты да осы сияқты жағдай болады. Жариялау дерегінің өзін, оған қоса келтірілген шығын көлемін дәлелдеу бұл жағдайда өте қиынға соғады. Ал бюджеттен шығынның орнын толтыруды талап ету мүлдем мүмкін емес.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 200 бабы коммерциялық құпия болып саналатын ақпаратты оның иесінің келісімінсіз жұмыс немесе қызмет бабымен сеніп тапсырған тұлғаның жеке пайда көру мақсатымен заңсыз жариялауы немесе қолдануы арқылы көлемді шығын келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейді. Мұндай әрекеттер үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе еңбекақы көлемінде немесе сотталғанның 2 айдан 5 айға дейінгі мерзім ішіндегі табысы көлемінде айыппұлмен, немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырумен және 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлмен немесе еңбекақы көлемінде немесе 1 ай мерзім ішіндегі басқа табысының көлеміндегі айыппұлмен немесе айыппұлсыз жазаланады. Алайда міндетті шарт ірі көлемдігі шығын келтіру болып табылады, бұл жағдайда азаматқа (соның ішінде жеке кәсіпкерге) айлық есептік көрсеткіштен 100 есе артатын шығын келтірілсе, немесе ұйымға айлық есептік көрсеткіштен 500 есе артатын шығын келсе бұл ірі көлемді шығын болып табылады. Шығын көлемін дәлелдеу коммерциялық құпия болып саналатын мәлімет иесіне жүктеледі, бұл ҚК көрсетілген бабын мүлдем әрекетсіз етеді.
Егер шығын көлемі көрсетілген шектеуден артпаса немесе көлемі белгіленбесе, онда кінәлі тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 158 бабына сәйкес әімшілік жауапқа тартылады, бұл бапқа сәйкес кәсіби немесе қызметтік әрекетпен байланысты белгілі болған коммерциялық құпия болып саналатын мәліметтерді сақтау міндетін оның иесінің келісімінсіз бұзған үшін 50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған.
Қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тарту шығын келтірілген ұйымның, жекеменшік иесінің немесе жеке кәсіпкердің арызы бойынша жүзеге асырылады.
Жұмыс берушінің коммерциялық құпиясын жариялағаны немесе қолданғаны үшін жұмысшылардың тәртіптік жауапкершілікке тартылуы Қазақстан Республикасының «Еңбек туралы» Заңымен қарастырылған.