Кесте. Кеден баждарының түрлері
Алу әдісі бойынша | Айрықшалықты | Адвалорлық | Құрамдастырылған |
Салық салу объектісі бойынша | Импорттық | Экспорттық | Транзиттік |
Сипаты бойынша | Маусымдық | Демпингке қарсы | Өтемділік |
Шығарылған жері бойынша | Дербес | Конвенциялық | Пұрсаттылықты |
Мөлшерлемелердің тұрпаттары бойынша | Тұрақты | Ауыспалы | - |
Есептеп шығару әдісі бойынша | Атаулы (номиналдық) | Тиімді | - |
1996 жылға дейін Қазақстанда экспорттық баждар жұмыс істеді. Экспорттық кеден баждары Үкімет анықтайтын тізбе бойынша тауарлардың жеке түрлеріне салынды. Экспорттық баждар меншік нысанына және тіркеу орнына қарамастан заңи тұлғалардан, сондай-ақ тауарларды экспортқа шығаратын жеке тұлғалардан өндіріп алынды. Экспорттық баждарды шетелдік валютада экспортерлар төледі және тауарлар мен қызметтер көрсетудің кеден құнына есептеледі. Бартерлік (тауар айырбасы) операциялары бойынша тауарлардың әкетілімі кезінде баждың мөлшерлемесі сақталады. Экспорттық кеден баждары көптеген мемлекеттерде қолданылады және сыртқы сауда айналымының, әлемдік рыноктардағы тауарлар бағасының, олардың бәсекеге жарамдылығының шынайы реттеуіші болып қалуда және жалпы бұл рыноктардың жағдаятына әсер етеді.
Экспорттық кеден баждарының экономикалық мәні – абсолюттік рента. Оны шетелдік сатып алушы төлейді. Экспорттық баждарды кемітіп көрсету немесе күшін жою жағдайындағы абсолюттік рентаны меншіктенуші – өнім өндіруші ішкі бағаларды өсіру арқылы ішкі тұтынушылардың табыстары есебінен төлейді. Экспорттық кеден баждарының төмендетілген деңгейі әлемдік рынокта табиғат ресурстарын ысыраппен өткізуге, ал көтеріңкі деңгейі бұл рынокта ресурстарды өткізудегі қиындықтарға байланысты өндірістің төмендеуіне әкеледі.
Сыртқы сауданы мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру, елдің импорттық саясатын тиімді жүзеге асыру, сыртқы экономикалық қызметтен мемлекеттік бюджеттің кірістерін көбейту мақсатымен Қазақстанда импорттық кеден тарифі енгізілген. Импорттық кеден тарифі қарастырған кеден баждары импорттық тауарлардың кедендік құнына пайызбен белгіленген және теңгемен (Ұлттық банк белгілейтін теңгенің бағамы бойынша кедендік құнды қайта есептей отырып) немесе импортердің таңдауы бойынша еркін айырбасталымды валютамен төленеді.
Тауардың кедендік құны – кеден шекарасын кесіп өткен мезеттегі нақты төленген баға. Оған фактура-шотқа сәйкес тауардың бағасы, сондай-ақ фактура-шотқа көрмеген нақты шығыстар (кеден шекарасын басып өту бекетіне дейін тасымалдау, тиеу, түсіру, қайта тиеу және сақтандыру бойынша шығыстар; комиссиялық, брокерлік және бір қатар басқа шығыстар) кіріктіріледі.
Тауарлардың әр алуан түрлері үшін тариф мөлшерлемелерін белгілеу кезінде сараланған тәсіл қарастырылған: төмен мөлшерлемелер – көпшілік қолды тауарлар үшін және неғұрлым жоғары мөлшерлемелер – болымсыз тауарлар үшін.
Импорттық кеден баждарының жүйесі ұлттық өндірісті шетелдік өнім экспансиясынан қорғайды: отандық тауарлармен бәсекелесетін тауарларға жоғары импорттық баждар, жоқ немесе ел ішінде жеткіліксіз көлемде өндірілетін тауарларға төмен баждар салынады. Бұл қағидат бір мезгілде мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін толтыру жөніндегі мемлекеттің фискалдық мүдделерін қамтамасыз етеді.
Маусымдық кеден баждары тауарлардың әкелімі мен әкетілімін оперативтік басқару үшін қолданылады; бұл баждардың әрекет ету мезгілі төрт айдан аспайды.
Арнаулы кеден баждары мынадай жағдайларда қолданылады:
елге тауарлардың әкелімі осындай немесе оған ұқсас тауарлардың отандық өндірушілеріне зиян шектіретін немесе зиян шектіретін қауіп төндірсе;
бұл елдің мүдделерін бұзатын сыртқы экономикалық байланыстар қатысушыларына қатысты ескерту шарасы ретінде немесе адал емес бәсекені тыю шарасы ретінде;
елдің, оның тараптарының басқа мемлекеттердің мүдделеріне нұқсан келтіретін дискредициялық немесе өзгедей әрекеттеріне жауап шарасы ретінде.
Демпингке қарсы баждар экспорт еліндегі бәсекелестік бағаға қарағанда айтарлықтай неғұрлым төмен бағалар бойынша тауарларды ел аумағына әкелім және мұндай әкелім осындай немесе оған ұқсас тауарлардың отандық өндірушілеріне зиян шектіретін немесе зиян шектіретін қауіп төндірсе қолданылады.
Өтемдік баждар мынадай жағдайларда қолданылады:
тауарлар әкелімі кезінде, оларды өндіру немесе экспорты кезінде демеу қаржы пайдаланылса және мұндай әкелім осындай немесе бәсекелестік тауарлардың отандық өндірішілеріне зиян шектіретін немесе зиян шектіретін қауіп төндірсе;
елдің кеден аумағы шегінен тауарлар әкетілімі кезінде, оларды өндіру кезінде тура немесе жанама түрде демеуқаржы пайдаланылса және егер мұндай әкетілім осы елдің мүдделеріне зиян тигізетін немесе зиян шектіретін қауіп төндірсе.
Қазақстанда кедендік ресімдеу үшін алым алынады.
Қазақстанның кедендік шекарасы арқылы тауарлар алып іткен кезде және оның кеден заңнамасында белгіленген басқа жағдайларда кеден баждарынан басқа кедендік төлемдердің мынадай түрлері төленеді:
1) тауарларды сақтау үшін кедендік алым;
2 ) кедендік ілесіп алып жүру үшін кедендік алым;
3) Қазақстан Республикасы кеден органдарының лицензия беру алымы;
4) кедендік ресімдеу жөніндегі маманның біліктілік аттестатын беру алымы;
5)алдын ала шешім үшін төлемдер және т.б.
Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті кедендік төлемдерді алудың тәртібін анықтайды, ал оның органдары кедендік мағлұмдамаға сәйкес тауарларды кедендік бақылауға ұсынған кезде төлемдерді төлеуді тексереді.
ТМД мемлекетінде өнім жекізілімі үшін кеден баждарын төлеу қолданыстағы заңнамаға және осы елдермен жасасқан үкіметаралық келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
Кеден баждары немесе оның орнына қолданылатын импорт салығы еркін көтерме (сату) бағаның құрамды бөлігі болып табылады (бұлардан басқа баға тауарлардың фактуралық құнын, тауарларды сатып алу және шекараға дейін жеткізу бойынша шығыстарды, сыртқы экономикалық және басқа ұйымдарға сыйақыны кіріктіреді). Бұл ретте импортталатын тауарларға ҚҚС және акциздер салынады. Бұл тауарларға сауда үстемелерін кіріктірумен еркін бөлшек сауда бағалары қалыптасады.