Iii-тарау. орталыҚ жӘне оҢтҮстік-шыҒыс 3 страница
Ұлттық либерал үкiметi елде ішінара саяси қайта құрулар жүргiздi. 1923 жылы наурызда жаңа конституция қабылданды. Румыния бiртұтас мемлекет болып жарияланды. Барлық азаматтар заң алдында бiрдей құқыққа ие болды. Елде еркiндiк жарияланғанымен, коммунистiк партия және басқа демократиялық күштерге қарсы террор мен реакция күшейдi. Румыния коммунистiк партиясы 1921 жылы 8 мамырда құрылған болатын. Үкiмет профашистiк ұйымдарды қолдап, оларды жұмысшы табына қарсы қойып отырды. Капитализмнiң уақытша тұрақтануы жылдарында еңбекшi халық өз тұрмыс жағдайын жақсарту үшiн күресін жалғастыра берді. 1922–1924 жылдарда Лупен, Ароде, Бухарест, Тимишоар, Браиле қалаларында iрi жұмысшы қозғалыстары болды. 1924 жылы Бессарабияның Татарбунар ауданында шаруалар қозғалысы кең етек алып, кейбiр жерлерде кеңес өкiметiн орнатып, Молдава Кеңес Республикасын құрды. Көтерiлiсшiлердi басу үшiн әскер жiберiп, көтерiлiсті басып, Кеңес республикасын құлатты. 3 мың көтерiлiсшi өлтiрiлiп, Татарбунар ауданы талқандалды.
Румынияда саяси билiк үшiн күрес күшейiп, ұлттық партия мен Царанистiк (шаруалар) партиялары арасында өкiмет үшiн бақталастық кең етек алды. Бiрақ, 1926 жылы екi партия бiрiгiп Ұлттық-Царанистiк партия болып аталды. 1928 жылы парламенттiк сайлауда ұлттық-царанистік партия 77,9% дауыс алып, ұлттық партия басшысы болған Ю.Маиу премьер-министр болып тағайындалды. Жаңа үкiмет жүргізген реформалар нәтижесінде кулактардың жағдайы жақсарды, жаңа жерлер сатып алынып, жерсiз қалған шаруалардың көбi жұмыс iздеп қалаларға кетуге мәжбүр болды. Аз ұлттар румындардың езгісіне түсіп, ұлттық қақтығыстар күшейе түсті. «Ашық есiк» саясаты ұлттық өндiрiске француз, ағылшын және американ капиталының көптеп келуiне жол ашты.
1922–1924 жылдарда Румынияның ұлттық-царанист үкiметi сыртқы саясатта «Кiшi Антанта» ұйымына арқа сүйеді, сол арқылы Францияның беделi өстi. Италия өзiнiң ықпалын нығайту үшiн, Румыниямен келiссөздер жүргiзе бастайды. 1926 жылы мамыр айында Румыния мен Италия арасында «достық және ынтымақтастық» келiсiмiне қол қойылды. Бұл келiсiм «Кiшi Антанта» ұйымының әлсiреуiне жол ашты. Франция болса өз жағынан «Кiшi Антанта» ұйымын нығайту үшiн 1926 жылы маусымда Румыниямен келiсiмге келiп, Бессарабия мәселесiн Румыния пайдасына қалдыруды қолдайды. Бұл келiсiмге Кеңес үкiметi өз қарсылығын бiлдiредi. Екiншi дүниежүзiлiк соғысқа дейiн орталық Еуропада Кеңес елiмен елшiлiк қатынас орнатпаған жалғыз Румыния болды.
Экономикалық дағдарыс жылдарындағы Румыния (1929–1933 жж.). 1927–1928 жылдарда Румынияда дағдарыс басталды. Көмiр, металлургия, тоқыма өнеркәсiп орындарында өнiм шығару қысқарды. Жұмыссыздық тез өстi. 1929 жылы экономикалық дағдарыс кең етек алды. Өнеркәсiптiң көптеген салалары тоқтатылды. Егiс көлемi 30–40% қысқарды. Азықтүлiк жетiспедi. Темiржолдан түскен табыс 30% кемiдi.
1928–1931 жылдарда қаржы саласындағы дағдарысқа байланысты iрi банк жүйелерi банкроттықа ұшырады. Румыниядағы «Мараморан Бланк және Кә» өз жұмысыын тоқтатты. 1928 жылы үкiмет басына келген ұлттық-царанисттік партия елдi дағдарыстан шығару үшiн шет елдiң қаржы көмегiне сүйенді. Бұл шара Румынияның шет елге тәуелдiлiгiн күшейте түстi. Дағдарыс жылдарында еңбекшi халықтың тұрмыс жағдайы нашарлай түстi. Елде халықтың үкiметке қарсы күресi күн санап көбейе түстi. 1927 жылы ереуiлге – 60 мың адам шықса, 1930 жылы – 120 мың адамға жеттi. 1929 жылы Лупен көмiршiлерiнiң көтерiлiсi кең етек алды. Жұмысшылар 8 сағаттық жұмыс күнiн, жалақыны өсiрудi сұрады. Үкiмет көмiршiлердiң ереуiлiн қарумен басты. 1930 жылдары Бухарест, Буковина, Тимишоар, Галац, Клуже, Констанце қалаларында ереуiлдер жалғасты.
Экономикалық дағдарыс жылдарында үкiметтке сенiмсiздiк күшейiп, бiрнеше рет ауысты. Ұлттық-царанистік үкiмет дағдарыстан шығу үшiн 1930 жылы елден қуылған Фердинанд корольдiң баласы Карлды шақырып, таққа отырғызды. 1930 жылы маусымда Карл II таққа отырды. Ол елдегі монархияшыл реакциялық саяси күштердiң қолдауына сүйендi. Ұлттықцаранистiк үкiметтiң басшысы Маниу бұрынғыша американ, француз және ағылшын заемдарына сүйене отырып, дағдарыстан шығуға талпынды. Шет елдердiң қарызына белшеден батқан Румыния экономикасы оларға бұрынғыдан да тәуелдi бола бердi. 1932 жылы Маиу үкiметi Ұлттар лигасынан көмек сұрады. Бұл шаралардың барлығы экономикалық дағдарыс жылдарындағы еңбекшi халықтың тұрмыс жағдайын жақсарта алмады. Экономикалық дағдарыс жалғаса бердi.
Экономикалық-саяси дағдарыс әлеуметтiк қайшылықты күшейттi. Румынияда Карл II билiгi реакция мен фашистiк күштерге сүйенгендіктен, буржуазиялық-помещиктiк топтар күшейе түстi. 1934 жылы Румыния экономикалық дағдарыстан шыға бастады. Ұлттық монополия мемлекеттiң қолдауымен өндiрiстi дамыта бастады. 1934 жылы өнеркәсiп орындарында өнiм шығару 1,5 есе өстi. Мұнай өндiру 4,8 млн т – 7,3 млн т жеттi. Болат өндiру мен химия өндiрiсi жедел дамып отырды. Ауыл шаруашылығында аграрлық реформа толық аяқталмады.
2,5 млн шаруа жерсiз қалды.
1934–1937 жылдарда ұлттық-либерал партиясының басшысы Г.Татареску үкiмет басына келді. Жаңа либералдық үкiмет фашистiк Германиямен жақындаса бастады. 1935 жылы наурыз айында Румын – Герман келiсiм болды. 1934 жылы маусымда Румыния КСРО елiмен елшiлiк қатынас орнатты. Мұндай саясатты жүргiзуде Румын сыртқы iстер министрi Н.Титулескудiң жеке басының рөлi күштi болды.
1937 жылы желтоқсанда Румынияда парламент сайлауы өттi.
Сайлау мажоритарлық жүйе негiзiнде жүргiзiлдi. Ұлттықлибералдық партия 40% дауыс жинап, парламентте көп орын ала алмады. Бұл елде диктатураның орнауына жол ашты. Сайлаудан кейiн 1938 жылы ақпан айында Карл II жаңа үкiмет құрды. Үкiметтiң құрамына бiрде-бiр саяси партиялар кiрмедi. Үкiмет тiкелей монархқа бағындырылды. Карл II елде жеке билiктi өз қолына алды. Ол Конституцияға өзгерiстер енгiздi. Парламенттiң шешiмiнсiз-ақ заңдарға қол қоя алды. Елде фашистiк ұйымдар өз жұмыстарын қайта жоспарлап, жаңа фашистiк партия құрылды. Ол «Ұлттық өркендеу майданы» деп аталды. Сыртқы саясатта Германияны қолдап, екi ел арасында экономикалық-сауда келiсiмiне қол қойылды. 1939 жылғы наурыз айындағы келiсiм нәтижесінде Румыния экономикасы Германияның шикiзат көзiне айналды.
Румын – КСРО қарым-қатынасы. Екiншi дүниежүзiлiк соғыстың бiрiншiкезеңiнде екi ел арасында Бессарабия мәселесi шешiмiн таппады. Румын үкiметi КСРО-ның бейбiт жолмен шешу жөнiндегi ұсынысын қабылдамады. 1940 жылы 26 маусымдағы КСРО-ның соңғы ұсынысына, румын жағы 27 маусымда «бессарабия мәселесi» бейбiт жолмен шешуге келiсiм беретiнiн хабарлады. 28 маусым күнi Кеңес армиясының оңтүстiктегi әскерлерi армия генералы Г.К.Жуковтың бұйрығымен Днестр өзенiнен өтiп, Бессарабия мен Солтүстiк Буковина жерiне кiрдi. Румын жағы қарсылық көрсетпедi, оның себебi Германия Румын үкiметiн алдын ала көндiрген болатын. КСРО өзiнiң батыстағы шекарасын 200 шақырымға кеңейттi. Бұған 1939 жылғы тамыздағы кеңес – герман пактiсiндегi жасырын келiсiмнiң тiкелей қатысы болғаны кейiннен белгiлi болып отыр. Бессарабия мен Солтүстiк Буковинаның қайтарылған жер көлемi 5 мың кв. км, халқының саны 4 млн адам. Азат етiлген аудандарда кеңес өкiметi орнады.
1940 жылы 2 тамызда КСРО Жоғарғы Советiнiң жетiншi сессиясы Молдава Совет Республикасының құрылғандығын жариялады. Украин ССР-ының құрамына Солтүстiк Буковина, Хотин, Аккерман және Измаил уездерi Бассарабиямен қоса кiрдi. Бұл жерлерде украиндар көп тұрған болатын. «Бессарабия мәселесi» шешiмiн тапқанымен, Румыния КСРО-ға қарсы саясатын жалғастырып, Германияның одақтасына айналды. 1940 жылы қараша айында Герман – Румын келiсссөздерi жүргiзiлiп, 22 қарашада Румыния үштiк одаққа кiрдi. Фашистiк Германия әскерлерi Румынияға кiргiзiлiп, жаңа соғысқа бiрiгiп дайындала бастады.
Болгария
Болгарияның экономикалық және саяси дамуы.Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыста Болгарияүштiк одақ мемлекеттері жағында соғысты. Болгария өз одақтастары сияқты бұл соғыстан жеңiлiп шықты. Соғыс елдiң экономикасын күйзелiске әкелдi. Болгария соғыс жылдарында Германияны азық-түлiкпен қамтамасыз етіп отырды. Соғыстың ауыртпалығы халықтың мойнына түстi. Өнеркәсiптiң 70%-ы тоқтатылды. Ауыл шаруашылығы күйзелiске ұшырап, егiс көлемi 25–30% қысқарды. Елде қымбатшылық болып, азық-түлiк жетiспедi. 1915–1918 жж. нанның бағасы 4 есе, ет – 5 есе, қант – 3 есеге қымбаттады. Солдаттарға қару-жарақ, азық-түлiк жетiспедi. Соғыстан қажыған солдаттар үйлерiне қайтуды талап етiп, соғыс майдандарында үкіметке қарсы қозғалыс кең етек ала бастады. 1918 жылы 26 қыркүйекте Владай селосындағы болгар солдаттары көтерiлiске шығып, София қаласына бет алды. 29 қыркүйекте Владай көтерiлiсi жеңiлiс тапты. 30 қыркүйекте Болгария соғыстан шықты. 3 қазан күнi Болгария патшасы Фердинад тақтан түсiп, елдiң билiгiн баласы Бориске бердi.
1918 жылы 17 қазанда Болгарияда ұсақ буржуазиялық үкiмет құрылды. Үкiметтiң құрамына социалистер мен БЗНС (Болгарияның жер, халық одағы) партиясы кiрдi. Елде саяси дағдарыс шиеленiсiп, революциялық ахуал күшейдi. Жаңа үкiмет кейбiр жеңiлдiктер жасауға мәжбүр болды. Бiрiншiден, елде кешiрiм (амнистия) жариялады, екiншiден, 8 сағаттық жұмыс күнiн енгiздi. Бiрақ бұл шаралар елдегi саяси дағдарысты жоя алған жоқ. 1919 жылы наурыз айында Болгар социал-демократиялық (тесняктар) партиясының ХХII съезi болды, бұл съезд партияның атын өзгертiп, Болгар Коммунистiк партиясы деп атады. Оған БКП басшылары Васил Коларов, Георгии Димировтар сайланды. 1919 жылы жаз айларында революция-лық қозғалыстар кең етек алды. БКП басшылық жасап, халықтың арасында беделi өстi. 1919 жылы тамыз айында халық жиналысына (парламент) сайлау өттi. Сайлауда БЗНС ұсақ буржуазия партиясы жеңiске жетсе, екiншi орынды БКП жеңiп алды. Парламентте 47 депутаттық орынға ие болды. Сайлаудан кейiн бiр партиялық БЗНС үкiметi құрылды. Үкiмет басшысы болып БЗНС партиясынан Стамболийский тағайындалды. Болгария монархиялық-буржуазиялық ел болды. Болгар патша-сы Борис орнында қалды. Стамболийский үкiметiнiң iшкi және сыртқы жағдайы өте ауыр еді.
1919 жылы 27 қарашада Нейи-Сюрсенде Антанта елдерi мен Болгария арасында келiсiмге қол қойылды. Нейи келiсiмi бойынша, Болгария Грецияға Фракияны қайтарды, Югославияға 2500 кв км жерi, Кула, Цариброд, Струлищ қалалары берiлдi. Сонымен бiрге, Румыния Добрудж жерiн алды. Болгария 2250 млн франк төлем төлеуге келiстi. Греция, Югославия мен Румынияға 70 мың мал, 50 мың тонна көмiр беруге тиiстi болды. Нейи бiтiмi Болгария үшiн өте ауыр соқты.
1920 жылы наурыз айында Болгарияда парламент сайлауы болды. БЗНС партиясы жеңiске жетiп, А.Стамболийский жеке үкiмет құрды. Елде бiрпартиялық билiк орнады. Стамболийский елде бірталай өзгерiстер жүргiздi. Болгарияда экономикалық даму байқалды. Егiс көлемi өсiп, картофель, қант қызылшасы, темекi өнiмдерi мол өндiрiле бастады. Мал басы өстi. Өнеркәсiп саны артып, капитал шоғырланып, ауыл шаруашылық өнiмдерiн өңдейтiн кәсiпорындар көбейдi. Француз капиталы еркiн кiрдi. Болгария аграрлы ел болып қала бердi. Шаруалар партиясы бола отырып, аграрлық реформа жүргiздi. Iрi жер иелiктерiнiң меншiктерiн тежеп, «жердi кiм өңдесе, жер соныкi» деген принциптi жүргiздi. 1923 жылы мажоритарлық сайлау жүйесiн енгiздi. Сәуiр айында өткен парламент сайлауында БЗНС 87% дауыс алып, парламентке көп депутат өткiздi. Бiрпартиялық жүйе нығая түстi. Парламент арқылы конститутцияға өзгерiс енгiзудi ұсынды. Елде Стамболийскийге қарсы буржуазия мен патша төңiрегiндегi әскери топтар үкiметтiк төңкерiс дайындап жатты. «Халық бiрлiгi» атты фашистiк партия құрылып, мемлекеттiк төңкерiс жасауды қолдады. Саяси дағдарыс жылдарында БЗНС партиясы жалғыз қалып, БКП-ны қолдамады. Әскери топтар мен фашистер бiрiгiп, 1923 жылы маусым айында төңкерiс ұйымдастырды.
Болгариядағы маусым төңкерiсi.1923 жылы 8 маусымнан 9 маусымға қарағантүнi мемлекеттiк төңкерiс жүзеге асты. А.Стамболийский тұтқындалып, үкiмет мекемелерiн басып алды. Мемлекеттiк төңкерiсті фашистiк «Халық бiрлiгі» партиясы, офицерлiк топтар және патша Бористiң өзi қолдады.
Монархиялық-фашистiк билiк орнады. Жаңа үкiметке «Халық бiрлiгі» партиясының басшысы А.Цанков тағайындалды. Стамболийскийдi қолдаған топтар өте әлсiз болды. БКП мен халық Стамболийскийдi қолдамады. БКП мемлекеттiк төңкерiс арқылы келген үкiметтi, ұсақ буржуазиялық топтарды қолдады. Бiрақ бұл реакциялық буржуазиялық топтар болатын. А.Цанков үкiметi елде қарсыластарына қарсы террор ұйымдастырып, БКП-ның қызметiне тыйым салды.
1923 жылы 5–7 тамызда БКП-ның Орталық комитетiнiң отырысында өздерiнiң тактикалық қателiктерiн мойындап, елде фашизмге қарсы қарулы көтерiлiс ұйымдастыруға шешiм қабылдады. 12 қыркүйекте елде жаппай террор кең етек алды. 2,5 мың коммунист тұтқындалды. БКП халықты көтерiлiске шақырды. 19–20 қыркүйекте Старозаор округiнде антифашистiк қарулы көтерiлiс басталды. Қарулы көтерiлiстi басқару үшiн әскери-революциялық штаб құрылды. Жалпыхалықтық көтерiлiстi В.Коларов, Г.Димитров және Г.Геновтер басқарды.
23 қыркүйекте көтерiлiс Болгарияның Врачан, Видин округтерiн түгел қамтыды. Фердинанд қаласы көтерiлiстiң орталығы болды. Оңтүстiк Болгарияда халық көтерiлiсi кең етек алды. Бiрақ округ ауылдарындағы көтерiлiске қатысқан шаруаларда бiрлiк болған жоқ. Көтерiлiсшiлердi қаладағы жұмысшылар қолдамады.
А.Цанков үкiметi көтерiлiстi басу үшiн жақсы дайындалды. Сондықтан округтердегi аздаған қарулы топтарды бiрiнен соң бiрiн басып отырды. 1923 жылы 30 қыркүйекте Болгариядағы антифашистiк көтерiлiс жеңiлдi. Еуропада Италиядан кейiнгi орнаған фашистiк диктатураға қарсы халық көтерiлiсiн басқарған БКП әлi де тәжiрибесiнiң аздығын көрсеттi. 30-жылдардағы Еуропа елдерiндегi фашизмге қарсы күресте тәжiрибесіздік, бiртұтас жұмысшы майданын құра алмау олардың жеңілуіне әкеліп соқты. Франция мен Испаниядағы фашистiк бүлiкке қарсы күресте «Халық Майданын» құру арқылы ғана жеңiске жете алды. Коммунистiк Интернацио-налды басқарған Г.Димитров 1935 жылы Коминтерннiң VII конгресiнде баяндама жасап, өз қателіктерінен сабақ ала отырып, антифашистiк күштерге Коминтерннiң стратегиясы мен тактикасын белгiлеп бердi.
Капитализмнiң уақытша тұрақтануы кезiндегi Болгария. 1923 жылғы қыркүйек айындағыантифашистiк көтерiлiс жеңiлiс тапқаннан кейiн, Болгарияда буржуазия жеңiске жеттi. Реакциялық топтар солшыл күштерге қарсы террор ұйымдастырып, БКП мен БЗНС партияларын қудалап жеңiске жеттi. 1923 жылы қараша айында өткен «Халық жиналысына» сайлауда буржуазиялық топ Демократиялық бiрлiк партиялары жеңдi. Олар депутаттық орынның 60%-ын қолдарына алды. БКП бар болғаны 8 депутат өткiздi.
Сайлаудан кейiн, 1924 жылы қаңтарда «Мемлекеттi қорғау» туралы заң шығарды. БКП-ның жұмысына тыйым салды. БКПның басшылары В.Комаров, Г.Димитровтар шет елге кеттi. Елде коммунистерге қарсы ақ террор басталды.
Экономика саласында тұрақтылық басталды. Болгар ақшасы левтiң құны өстi. Өндiрiс пен құрылысқа көп көңiл бөлiндi. Өндiрiс пен қаржы салалары жаңа өнеркәсiп орындарын ашып, өндiрiс тауарлары көптеп шығарылды. Темекi монополиясы нығайды. Шетел капиталының үлесi артты. Ауыл шаруашылығында егiс көлемi өстi. Қант қызылшасы мен темекi плантациясында мол өнiм жиналды.
1926 жылы реакциялық үкiмет басшысы А.Цанков отставкаға кеттi. Жаңа үкiмет басшысы болып А.Лянчев тағайындалды. Оның алғашқы жүргiзген шараларының бiрi - «мемлекеттi қорғау» заңы арқылы сотталғандарға амнистия жариялады. Буржуазия реакциялық iшкi саясаттан бас тарта бастады. 1928 жылы отандық буржуазия өнеркәсiбiн қолдап, көптеген жеңiлдiктер жасады. Шет елден алған заем арқылы, несие бөлу арқылы ұлттық өндiрiстiң дамуына жағдай жасады. Ауыл шаруашылығының капиталистiк жолмен дамуына көмектестi.
Дүниежүзiлiк экономикалық дағдарыс 1929 жылы Болгарияда да басталды. Ауыл шаруашылығы айтарлықтай күйзелiске душар болды. Ауыл шаруашылығының өндiрген тауарларының бағасы 2 есеге арзандады. Ұсақ шаруалардың жағдайы өте ауыр болды.
Өнеркәсiп өнiмдерiн шығару 40% азайды. Елде жұмыссыздық кең етек алды. Ұсақ және орта өнеркәсiп орындары банкроттыққа ұшырады. Экономикалық дағдарыс әлеуметтiк қайшылықты күшейттi. Халықтың тұрмыс жағдайы төмендеп елде үкiметке қарсы оппозиция күшейдi. «Халық блогы» бiрлiгi құрылды. 1931 жылы халық жиналысына өткен сайлауда оппозициялық «Халық блогы» жеңiске жеттi. Бiрақ жаңа үкiметтің бұрынғы Ляпчев жүргiзген саясаттан айырмашылығы аз болды. Экономикалық дағдарыс тереңдеп, Болгарияда жаңа мемлекеттiк төңкерiс дайындалып жатты.
Монархиялық-фашистiк төңкерiс. 1932 жылы Болгарияда профашистiк «Звено» партиясы құрылып, әскери және монархиямен бiрлесiп, мемлекеттiк төңкерiс ұйымдастырады. Мемлекеттiк төңкерiс 1934 жылы мамыр айының 19-ы күнi жүзеге асты. «Халық блогы» үкiметi құлатылып, оның орнына К.Георгиев басқарған әскери-фашистiк жаңа үкiмет құрылды. Үкiметтiң алғашқы шараларының бiрi - парламенттi таратты. Саяси партиялардың қызметiне тыйым салынды. Әскери адамдарға арқа сүйеген монархия 1935 жылы қаңтарда монархиялық төңкерiс жасады, К.Георгиев үкiметi отставкаға кеттi. Болгарияда монархиялық-фашистiк диктатура орнайды. Үкiметке патша сарайына жақын адам Г.Кюсейванов тағайындалады. Болгария патшасы Бористiң қолдауына сүйенiп, Германия мемлекетiмен достық қатынас орнатады. 1936 жылы қараша айында Борис Германияға барып Гитлермен кездеседi. Болгария мен Германия арасында экономикалық-сауда келiсi-мiне қол қойылады. Немiс капиталы Болгария экономикасының өз
қолдарына алады. Ауыл шаруашылығы дамып, егiс көлемi мен мал саны өседi. Темекiнiң, жемiс-жидектiң егiс көлемi артты. Болгарияда мал етiн өңдейтiн ет комбинаттары мен iрi тоңазытқыштар салынып, еттiң 85% Германияға тасылады. Болгария темекiсiн өңдейтiн темекi фабрикалары салынып, темекi өнiмдерiнiң 90% Германияға жiберiлдi. Болгария Германияның шикiзат өнiмдерiн шығаратын вассалына (тәуелдi) айналды.
1938 жылы екi ел арасындағы жасырын келiсiм бойынша Германия Болгарияға қару-жарақ берiп, әскерлерiн немiс қаруымен жабдықтайды. Германия Болгарияға темiржол вагондарының 100%, жүк таситын автомобильдiң 90%, тыңайтқыштың 100%, паровоздың 80%-ын берiп отырды.
1937 жылы Болгария үкiметi Югославиямен «мәңгiлiк достық» келiсiмiне қол қояды. 1938 жылы шiлде айында Грециямен достық қатынас туралы Самолника келiсiмi болды. Екiншi дүниежүзiлiк соғыстың бiрiншi кезеңiнде Болгария өзiнiң профашистiк саясатын жасырып, бейтараптық саясат ұстайды деп жариялады. 1940 жылы халық жиналысын таратып, елде жаңа үкiметтi Б.Филов басқарады. «Ұлтты қорғау» заңын шығарып ,террорлық саясат басталады.
Фашистiк жастар ұйымы құрылады. Германияға жұмысшылар жiберiлiп, соғысты жақындата түсуге көмектеседi. Елдiң экономикасы толықтай соғысқа дайындалды.
1941 жылы наурыз айының 1-і күнi Вена қаласында Болгария «үштiк одаққа» кiру туралы келiсiмге қол қояды. Фашистiк Германия әскерлерi Болгария жерiне кiргiзiлiп, Югославия мен Грецияны жаулап алу плацдармына айналдырады. Болгария мен Германия бiрiгiп, Македония мен Францияны жаулап алады. Монархиялық фашистiк Болгария үкiметi және патша Борис Германияның одақтасына айналып, 1941 жылы маусымда Германия Кеңес одағына соғыс ашқанда, Болгария антисоветтiк саясатын жалғастырды. 1944 жылы 5 қыркүйекте КСРО Болгарияға соғыс жариялап, Кеңес Армиясы Болгарияны азат еттi.
Югославия (1918-1939 жж.)
Серб, Хорват және Словен корольдiгiнiң құрылуы. 1915 жылы Корф аралында Югослав(СХС)жерiндегi халықтар бiрiгуi үшiн және бiртұтас мемлекет болып құрылуы үшiн декларация қабылдайды. Ұлт-азаттық қозғалыстың барысында, Антанта мемлекеттерiнiң қолдауымен 1918 жылы Женева қаласында мемлекеттi бiрiктiруге декларация қабыладанады. Оған Серб, Хорват, Словен буржуазиясы қол қояды. 1918 жылы 1 желтоқсанда Белград қаласында Серб, Хорват, Словен корольдiгi құрылады. Корф декларациясының негiзiнде Балқан түбегiнде буржуазиялық, демократиялық мемлекет құрылады. Жер көлемi 248 мың кв км, халқының саны 12 млн адам болды. 1919 жылғы Версаль бiтiмi негiзiнгде СХС корольдiгiнiң Истрия жерi - Триест қаласы, Долмат аралы Италияға берiлдi. Задар (Зара) қаласы Италияның протектораты болады.
СХС корольдiгi ауыл шаруашылықты ел болатын. Бiрiншi дүние жүзiлiк соғыста Австро–Венгрия жаулап алғаннан кейiн, экономикалық дамуы күйзелiп, артта қалған еді. СХС корольдiгi көп ұлтты мемлекет болды. Халықтың 39% - сербтер, 24% - хорваттар, 9% – словендер, 2% – черногорлар, 26% – македондар мен албандардан құрылатын. Серб, черногорлар мен македондар – православие, хорват пен словендер – католик, Босняктар мен Герцеговина, Косово-Метохиялар – мұсылман діндерін ұстанады. Серб буржуазиясы СХС корольдiгiнде өздерiнiң үстемдiгiн орнатты. Елде серб буржуазиясы шовинистiк ұлтшылдық саясат жүргiздi. Олар «Ұлы Сербия» мемлекетін құру үшiн күрестi. СХС корольдiгi Қарагеоргиев династиясынан бастау алып, сербтер корольдiкте басшылық рөл атқарды.
СХС корольдiгiн серб радикал партиясының басшысы Пашич басқарды. Серб, Хорват, Словен королi Александр таққа отырды. 1920 жылы СХС корольдiгiнде 100-ден аса жалпы ереуiлдiк қозғалыс болып, оған 30 мыңдай жұмысшы қатысты. Пашич үкiметi 1919 жылы 27 ақпанда аграрлық реформа жүргiздi. Реформа помещиктiк жер иеленушіліктi азайтып, жердi шаруаларға үлестiрдi. 500 гектардан артық жер конфискацияланды. Словен, Хорват және Воеводинде бұрынғы австро-венгер помещиктерiнiң жерi тартып алынды. Ұсақ шаруашылықты жер иеленушілер саны көбейдi. Аграрлық реформа өте ұзаққа созылып, аяқталмады. Қандай дегенiмен реформа шаруалардың жағдайын жақсартуға себебiн тигiздi.