Жетінші: Оразаны бұзбайтын жағдайлар
1 -Ұмытып тамақ жесе, сусын ішсе, жұбайымен төсектік қатынасқа түссе. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من نسي وهو صائم فأكل أو شرب فليتم صومه، فإنما أطعمه اللّه وسقاه)
«Ораза бола тұра ұмытып жеп-ішсе, оразасын толықтырады. Бұл - Аллаһтың оны тамақтандыруы және қандыруы»[929]. Мұндай адамды көруші кісіге оның ораза екенін есіне түсіріп, дереу тоқтатуы қажет. Есіне түсірмеу мәкрүһ тахриман.
2 - Күндізгі ұйқы кезінде шәуеттің бөлінуі. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ثلاثة لا يفطرن الصائم: القيء والحجامة والاحتلام)
«Үш нәрсе оразаны ашпайды: құсу, хижама және күндізгі ұйқыда шәуеттің бөлінуі»[930].
3 -Ойлау немесе қарау нәтижесінде шәует бөлінуі. Сол секілді шәует жұбайын сүйгенде бөлінсе де ораза бұзылмайды. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان النبي صلى اللّه عليه وسلم يقبل ويباشر وهو صائم، وكان أملككم لإِرْبه)
«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) ораза бола тұра сүйетін және аймалайтын. Араларыңда өз қалауына ең ұстамды сол болатын»[931].
4 -Терісін майласа немесе шомылса, ораза ашылмайды.
5 - Сүрме жағу. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(اكتحل رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم وهو صائم)
«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) ораза бола тұра сүрме жағатын»[932]. Сол секілді көзге дәрі тамызу да оразаны бұзбайды.
6 - Хижама жасату. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты: «Үш нәрсе оразаны ашпайды: құсу, хижама және күндізгі ұйқыда шәуеттің бөлінуі»[933]. Сол секілді саусақ басынан және тамырдан қал алдырудың үкімі де осылай.
7 - Еріксіз кірген түтін.
8 -Жолдың шаңы немесе шыбын, маса, шіркей кірсе. Сәресі кезінде қабылдаған дәрі дәмінің өңеште сезілуі.
9 -Ер кісінің мүшесі аузына укол жасалуы немесе дәрі май салынуы имам Әбу Ханифаның жеке көзқарасында оразаны бұзбайды.
10 -Мұрыннан бөлінген шырыш ауыз қуысына түсіп, жұтылса. Әрине, түкіріп тастау мустахап.
11 -Суға малтығанда немесе шомылғанда құлағына байқаусыз су кетсе.
12 - Тістерінің арасына көлемі ұсақ бұршақтан кішкентай, тұрып қалған тамақ қалдығын жұту.
13 - Тіс жұлу. Алайда ішке қан мен дәрі кетпеуі шарт.
14 - Гүлді, жұпарды иіскеу.
15 - Мәсуәкті немесе кәдімгі тіс тазалағышты қолдану. Бірақ пастамен тазалауға болмайды. Өйткені ол сілекейге араласып ішке кетуі әбден мүмкін.
16 -Өз бетінше келген құсық, тіпті ауыз толтырса да, оразаны бұзбайды. Алайда келген құсықты жұтып қойса, бұзылады.
17 - Жүніп күйінде таң атыру оразаны бұзбайды. Бірақ таң намазы үшін ғұсыл құйынуы парыз.
18 - Белгілі бір себеппен ауыз ашуға ниеттеніп, сосын бұл ниетінен қайтса, ораза бұзылмайды.
19 - Естен тану.
Екінші: Уәжіп ораза
Уәжіп ораза үшке бөлінеді:
1 - Бұзып алынған нәпіл оразасының қазасын өтеу.
2 - Бастаған нәпіл оразасын толық ұстау. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:
﴿ وَلَا تُبْطِلُوا أَعْمَالَكُمْ ﴾
«Амалдарыңды жоймаңдар!»[934].
3 -Нәзір иътикафтің[935] оразасын ұстау. Мысалы, кім бір апта бойы мешітте иътикаф жасаймын деп Аллаһ тағалаға ант берсе, оны орындауы және оразасын ұстауы уәжіп болады.
Шінші: Сүннет ораза
Сүннет оразалардың мақсаты мұсылманның Раббысымен байланысын күшейтіп, Оған жақындату. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:
(من صام يوما في سبيل الله باعد الله تعالى وجهه عن النار سبعين خريفا)
«Кім Аллаһ жолында бір күн ораза ұстаса, Аллаһ тағала оның жүзін оттан жетпіс күзге (жылға) алыстатады»[936].
1 - Бір күн ораза, бір күн ауыз ашу. Абдулла ибн Амру, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(أفضل الصيام صوم داود كان يصوم يوما ويفطر يوما)
«Ең абзал ораза - Дәудтің (алайһи ас-салам) оразасы. Ол бір күн ораза ұстайтын және бір күн ауыз ашатын»[937].
2 -Һижра есебі бойынша әр айдың он үшінші, он төртінші және он бесінші күндерін ораза ұстау. Әбу Зарр, Аллаһ тағала оған разы болсын, өзіне Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إذا صمت من الشهر ثلاثة أيام فصم ثالث عشرة و رابع عشرة و خامس عشرة)
«Бір айда үш күн ораза ұстайтын болсаң, он үшінші, он төртінші және он бесінші күндерінде ұста»[938].
3 -Дүйсенбі және бейсенбі оразасы. Усама ибн Зайд, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) дүйсенбі мен бейсенбі күні ораза ұстайтын. Мұның себебі жайында сұралғанда:
(تعرض الأعمال يوم الاثنين والخميس، فأُحبّ أن يعرض عملي وأنا صائم)
«Адамдардың амалдары дүйсенбі мен бейсенбі күндері ұсынылады. Амалымның ораза болған күйде ұсынылуын ұнатамын»-деп жауап береді[939].
4 - Шәууәл айының алты күн оразасы. Әбу Аййуп, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من صام رمضان، ثم أتبعه ستاً من شوال كان كصيام الدهر)
«Кім рамазанды ұстаса, сосын ізінше шәууәлдің алты күнін ораза ұстаса, мұнысы дәуір оразасы болады»[940].
5 -Арафа оразасы. Бұл - ораза қажылықтағы кісілерден басқалар үшін және зүлхижжа айының тоғызында ұсталады. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:
(صيام يوم عرفة أحتسب على اللّه أن يكفر السنة التي قبله والسنة التي بعده)
«Арафа күнгі оразамен Аллаһтан тілейтін сауабым - өткен жыл мен келер жылды (күнәләрін) жууы»[941]. Тағы бір хадисте:
(ما من يوم أكثر من أن يعتق الله فيه من النار من يوم عرفة)
«Аллаһ басқа күндердің ешбіреуінде Арафа күніндегідей етіп, құлдарын оттан құтқармайды»[942].
6 -Зүлхижжа айының Арафа күнінен бұрынғы сегіз күн оразасы. Хафса, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أربع لم يكن يدعهن رسول الله صلى الله عليه وسلم صيام عاشوراء والعشر و ثلاثة أيام من كل شهر و الركعتين قبل الغداة)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) төрт нәрсені тастамайтын: Ашура оразасын, зүлхижжа айының он күнін, әр айдың үш күнін, таң намазы алдындаға екі рәкат сүннетті»[943].
Зүлхижжа айының алғашқы он күнінде, жалпы, істелетін амалдардың сауабы өте ерекше. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ما من أيام العمل الصالح فيهن أحب إلى اللّه من هذه الأيام العشر، فقالوا: يا رسول اللّه ولا الجهاد في سبيل اللّه؟ فقال، ولا الجهاد في سبيل اللّه إلا رجل خرج بنفسه وماله فلم يرجع من ذلك بشيء)
«Бұл күндері істелетін ізгі амалдардан Аллаһ тағалаға сүйкімдірек болатын ешқандай амал жоқ!»-деді.Сахабалар одан: «Әй, Аллаһтың елшісі, ол тіпті Аллаһ жолында күресуден де сүйкімдірек пе?»-деп сұрады. Ол:«Иә, тіпті, Аллаһ жолында күресуден де сүйкімдірек! Алайда, біреу жаны мен малын Аллаһ тағаланың жолында құрбан ету ниетімен аттанып, сосын үйіне одан ешнәрсе оралмаса, әрине, оған тең келер еш амал жоқ»-деді[944].
7 -Ашура оразасы. Бұл ораза мүхаррам айының онында ұсталады. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(قدم النبي صلى الله عليه وسلم فرأى اليهود تصوم عاشوراء فقال: ما هذا؟ قالوا: يوم صالح نجى الله فيه موسى وبني إسرائيل من عدوهم فصامه موسى فقال: أنا أحق بموسى منكم فصامه و أمر بصيامه)
Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Мәдинаға келгенде яһудилердің ашура оразасын ұстап жүргендерін байқайды. Сосын олардан: «Бұларың не үшін?»-деп сұрайды. Олар: «Бұл - игі күн. Аллаһ тағала бұл күні Мұсаны және Исраил ұрпақтарын дұшпандарынан (перғауыннан) құтқарған болатын. Мұса осы күні ораза ұстаған»-дейді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) оларға: «Сендерге қарағанда Мұсаға мен жақынырақпын»-деп, ораза ұстайды және басқаларға да ораза ұстауларын бұйырады[945].
Мүхаррам айының оныншы күнімен қатар тоғызыншы күнін ораза ұстау сүннет. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(لئن بقيت إلى قَابِل لأصومن التاسع)
«Келесі жылы тірі болсам, әлбетте, тоғызыншы күнін де ораза ұстаймын»[946]. Әбу Қатада, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:«Арафа күнгі ораза екі жылды: өткен және келер жылдарды жуады. Ал Ашура күнгі ораза өткен жылды жуады»[947].
8 - Мүхаррам айындағы ораза. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(أفضل الصلاة بعد المكتوبة جوف الليل وأفضل الصيام بعد رمضان شهر الله المحرم)
«Парыз намаздарынан кейін, ең абзал намаз - түнгі (нәпіл) намаз. Рамазаннан кейін, ең абзал ораза - Аллаһтың мүхаррам айы»[948].
9 - Шағбан оразасы. Үмму Салама, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(أن النبي صلى الله عليه وسلم لم يكن يصوم من السنة شهرا تاما إلا شعبان يصل به رمضان)
«Аллаһтың елшісі рамазанмен байланыстырып, бір жылда шағбаннан басқа айда толық ай ораза ұстамайтын»[949].
Ханафи мен мәлики мәзһаптарында бұл оразалардың ішінде Ашура оразасынан басқасының үкімі бекітілмеген сүннет. Бекітілмеген сүннет дегеніміз - пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірде істеп, бірде істемеген іс. Істелуі сауап, істелмеуі мәкруһ емес. Бекітілмеген сүннеттің басқа атаулары: мәндуп, мустахап және әдеп.