Азақстан Республикасының әлеуметтік жаңғыруы.
Лекция № 6
- ҚР-дағы әлеуметтік жаңғыртудың стратегиялық бағдарламалары мен әлеуметтік мемлекетті құру.
- Мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттары мен қағидаттары. Халықтың әлеуметтік жағдайын көтерудің өзекті мәселелері.
1.Адам дүниеге келгеннен бастап, өзіне қажетті әрі мемлекет тарапынан қамтамасыз етілуі тиіс құқықтар мен бостандықтарға ие және Қазақстан Республикасы Конституциясында осыған үлкен әрі маңызды назар аударылған. Әркімнің өзінің жеке басының бостандығы заң жүзінде қорғалған. Заң бойынша адамның жеке басының қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, мемлекет тарапынан кепілдіктер беріледі, оларды іске асыру үшін қажетті шаралар қабылданады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады» деп белгіленген.
Яғни, Қазақстан Республикасы өзін:
1) демократиялық, яғни демократия сипаттары мен қағидаттары бар;
2) зайырлы, яғни дін мен мемлекеттің арасы ажыратылған;
3) құқықтық, яғни құқықтық мемлекеттің бірден бір белгісі - биліктің үш тармағы дараланған;
4) сондай-ақ әлеуметтік, яғни адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының басымдылығы қағидаты орын алған мемлекет ретінде жариялайды.
Осы аталғандарды қорыта келе, «оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп бекіткен.
Аталғандардың бізге маңыздысы болып отырғаны, Қазақстан Республикасының әлеуметтік мемлекет болуы, сонымен қатар, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына шек қойылмауы немесе шектелмеуі. Оның мән-мағынасын түсіну үшін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мынадай түрдегі түсініктеме береді:
«Конституцияның 1-бабының 1-тармағы, «Қазақстан Республикасы өзiн ...әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады; ...», - деп жариялайды. Конституцияның I-бөлiмiнің бұл жалпы ережесi, Қазақстан, мемлекеттің мүмкiншiлiгiне қарай отырып, өзiнің азаматтарына игiлiктi өмiр сүру үшiн жағдай жасау және жеке адамның еркiн дамуы арқылы әлеуметтiк теңсiздiктi жұмсартуға мiндеттеме алатын мемлекет ретiнде дамуға ниет танытады дегендi бiлдiредi. Бұл ереже Негiзгi Заңның мынадай: азаматтардың жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға, тынығу, заңмен белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндерiне, жыл сайынғы ақылы демалысқа құқығы (24-бап); жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айрылған жағдайда ең төменгi жалақы мен зейнетақының мөлшерiне, әлеуметтiк қамсыздандырылуға кепiлдiк берiлуi және ерiктi әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасаудың және қайырымдылықтың көтермеленуi (28-бап); азаматтардың денсаулық сақтауға, заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмек көлемiн тегiн алуға құқығы (29-бап); тегiн орта бiлiм алуға, конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiлуi (30-бап); адамның өмiр сүруi мен Денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны мемлекеттiк қорғау (31-бап); отбасын, ана мен әке және баланы мемлекеттiк қорғау (27-бап); мемлекеттің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасауы, тұрғын үйді заңмен белгiленген нормаларға сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорларынан азаматтардың шама-шарқы көтеретiн ақыға беруi (25-бап), сияқты әртүрлi нормаларында ашылады»(«Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001 жылғы 21 желтоқсан № 18/2 қаулысы).
Осыдан шығатыны, «әлеуметтік» деген термин бұл мемлекеттің өзiнің азаматтарына игiлiктi өмiр сүру үшiн жағдай жасауы және жеке адамның еркiн дамуы арқылы әлеуметтiк теңсiздiктi жұмсартуға мiндеттеме алуы.
Сондай-ақ, «орнықтырады» деген сөзге мынадай түсініктеме беріледі:
«Конституцияның 1-бабы 1-тармағының талданып отырған ережесiнде «өзiн орнықтырады» деген тiркес қолданылған, ол әлеуметтiк мемлекет ретiнде Қазақстан дамуының ырғақтылығын көрсетедi, оған сөзсiздiк және әлеуметтендiру процесiне бағытталғандық сипат бередi. Республиканың өзiн әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтыруы, сондай-ақ Қазақстан қоғамында әлеуметтiк әрiптестiк пен оң қарсыластық дамуын көздейдi» («Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағын ресми түсiндiру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001 жылғы 21 желтоқсан № 18/2 қаулысы).
Cөйтіп, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – барлық байлығын, ішкі мүліктерін ұстанып отырған саяси және экономикалық қағидаларын ел тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға, білім алуға керек мүмкіндік жасауға, денсаулық сақтау жүйесін жоғары деңгейде қалыптастыруға жұмсап отырған мемлекет.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей әлеуметтің мемлекеттің негізгі функцияларына жатады:
1) әлеуметтік қамсыздандыру, ол өндірістегі материалдық игілік – жасына, жынысына, денсаулық, т.б. жағдайына қарамастан қоғамның барлық мүшесіне тиісті болуы керек. 2)азаматтардың білім және денсаулық сақтау мүмкіндіктерін қамтамасыз ету;
3) әлеуметтік қорғау. Оның пайда болуы, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатының деңгейіне мемлекет жауапкершілігінің қалыптасуына байланысты.
4)әлеуметтік теңсіздікті бәсеңдету. Оны жүзеге асыру – барлық адамдардың бірдей әлеуметтік қолдау табу атрибутының пайда болғанынан бастап мүмкін болды.
5) еңбекпен қамтамасыз ету. Германияда Веймар Республикасы кезінде мемлекеттік функция ретінде пайда болған және Ф. Рузвельттің «Жаңа курс» саясатында маңызды рөл атқарған бұл функция тек қана екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, шын мәнінде, мемлекеттің ажырамас қызмет бөлігіне айналған.
6) әлеуметтік қызмет көрсету. Бұл ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында әлеуметтік мемлекеттің жаңа сапасы ретінде көрінеді және оның дамуының ең жоғары деңгейдегі қозғалысын білдіреді. Іс жүзіне келсек, бұл функцияның пайда болуын мемлекеттің индивидті жаппай басып-жаншу күйінен, әрбір адамның мүддесіне бағындырылған және қоғамға қызмет көрсететін мемлекетке өту деп қарастыру жөн болады. Бұл функция әлеуметтік мемлекеттің барлық атрибуттар жүйесіне сүйене отырып, азаматтық қоғам механизмі арқылы тікелей іске асырылады. Ал азаматтық қоғам, сайып келгенде, әлеуметтік мемлекеттің базалық функциясы болып табылады.
7)мемлекеттік саясат жүргізу. Бұл функция әлеуметтік мемлекет дамуындағы жаңа құбылыс. Ол интеграциялау негізінде әлеуметтік мемлекеттің механизмі арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік саясатты жүргізу құрылымдағы өзгерістерге, олардың материалдық және рухани қажеттіліктерінің қанағаттандырылуына байланысты топтар арасындағы қоғам мен оның мүшелерінің өзара арақатынасына қатысты мемлекеттің жалпы саясатының ажырамас бөлігі болып табылады. Сонымен, мемлекеттің әлеуметтік саясаты – ынтымақтастық принциптерін жеке жауапкершілік принциптерімен толықтыруды, оларды біріктіруді ұсынады.
Қазақстан Республикасында жүргізіліп отырған реформалардың негізгі мақсаттарының бірі - әлеуметтік мемлекет құру.
Енді ҚР-дағы әлеуметтік жаңғыртудың стратегиялық бағдарламалары мен әлеуметтік мемлекетті құру шараларына тоқталайық:
1. «Қазақстан - 2030 Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» (1997 жылдың 10 қазан) стратегиялық бағдарламасындағы жеті басымдықтың 4-шісі«Қазақстан Азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты. Барлық қазақстандықтардың өмiр сүру жағдайларын, денсаулығын, білiмi мен мүмкiндiктерiн ұдайы жақсарту, экологиялық ортаны жақсарту» деп аталады және онда «Экономикалық iлгерiлеу бiздiң азаматтарымыздың игiлiгiне өздiгiнен кепiлдiк бере алмайды. Гүлденген экономика жағдайында-ақ өз денсаулығын дұрыс күтпеуiнiң және қоршаған ортаның ластануы салдарынан науқас адамдардың саны жылдан-жылға өсiп отырғанын көзге елестету қиын емес. Қоғамымызды құруымызға қарай азаматтарымыздың өз өмiрiнiң аяғына дейiн сау болуы және оларды қоршаған табиғи ортаның таза болуы үшiн күш салу керек. Бұл мақсатты iске асырудағы бiздiң стратегиямыз мынадай құрамдас бөлiктерден тұрады:
Ауруды болдырмау және салауатты өмiр салтын ынталандыру. Мемлекеттiң, бiр жағынан, ауруды болдырмау, екiншi жағынан, салауатты өмiр салтын ынталандыру жөнiндегi қадамдары халықтың денсаулығына әсер ететiн маңызды фактор екенiн әлемдiк тәжiрибе көрсетiп отыр. Аурулардың алдын алу дегенiмiз таза су мен кенеулi асты пайдалануды, тазарту жүйелерiнiң болуын, қоршаған ортаны ластайтын және экологиялық зиян келтiретiн объектiлердi қысқартуды, басқа да қауiптi факторларды төмендету жөнiндегi осыған ұқсас шараларды бiлдiредi.
Салауатты өмiр салтын ынталандыру әрқайсымыздың дене тәрбиесiмен айналысуымызға, дұрыс тамақтануымызға, есiрткiлердi, темекi мен алкогольдi тұтынуды қойып, тазалық пен санитария шараларын сақтауымызға және т.с.с. бағытталған.
Салауатты өмiр салты мен дұрыс тамақтануды, тазалық пен санитария ережелерiн насихаттайтын пәрмендi ақпараттық iс-шаралар жүргiзiлуi қажет. Ол мыналарды қамтуға тиiс:
Нашақорлық пен наркобизнеске қарсы күрес. Есiрткiнi әкелу мен таратуға қолданылатын жазаны қатайту және осыған байланысты бiрқатар елдердегiдей, оның iшiнде Малайзия мен Сингапурдегiдей өлiм жазасын енгiзу керек пе деген мәселенi қоғамның талқысына шығару керек. Шылым шегу терең ойластырылып, асыра сiлтеушiлiкке ұрынбай, бiртiндеп қоғамдық орындардан ығыстырылуы қажет. Мұны басқаларға үлгi болу үшiн мемлекеттiк үйлер мен мекемелерден бастау керек. Жалпы, адамдар нелiктен өз денсаулықтарын құртып, оны улайтындарға төзiммен қарауға тиiс? Мен барлықтарыңызды шылым шегушiлерге ымырасыз болуға шақырамын.
Қоғамдық сана мен мораль алкогольге барынша қарсы болуға тиiс. Өнеркәсiбi дамыған елдерде iшiмдiктi пайдаланушылар мен темекi тартушылардың саны кеми түсуде, өйткенi кәсiпкерлiк - денсаулығы мықты жандардың үлесi. Өмiр салтын терiс әдеттерден спортқа көшiру тиiмдi жолдардың бiрi болып табылады.
Әйел мен баланың денсаулығын жақсарту. Ана мен баланың денсаулығын қорғау бiздiң мемлекетiмiздiң, денсаулық сақтау органдарының, жұртшылықтың тiкелей назарында болуға тиiс.
Тамақтануды, қоршаған орта мен экологияның тазалығын жақсарту.
Экологиялық нашар ахуал бүгiнде адам өлiмiнiң 20 процентiне себеп болып отыр, ал кейбiр аймақтарда жағдай мұнан да қиын. Отандастарымыздың үштен бiрi сапасыз ауыз-суды пайдаланады. Жеткiлiктi және дұрыс тамақтанбау да терiс демографиялық салдарға әкеп соғады.
Сондықтан бiздiң әрқайсымыз тамақтану мен ауызсуға ерекше көңiл бөлуге тиiспiз.
2. 2010 жылғы, 29 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық –жаңа экономикалық өрлеу –Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясы көрсетілді. Оның 4-ші тармағы «Адам – елдің басты байлығы» деп аталынып, «елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байланысты» делінді және мына мәселелерге көңіл бөлінді:
Білім беру
1)2020 жылға қарай қалалық, сол секілді ауылдық жерлердегі барлық балалар мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтылатын болады. “Балапан” арнайы бағдарламасын әзірленуі тиіс.
2)2020 жылға қарай орта білім беруде 12 жылдық оқыту моделінің табысты жұмыс істеуі қажет.
3) Кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, қатаң түрде экономиканың қажеттіліктерімен өзара байланыстырылуы керек.
4) Жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс. Елдегі жоо-лар әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне енуге ұмтылулары керек.
Білім беру саласында Астана қаласында құрылып жатқан бірегей оқу орындары – “Жаңа Халықаралық Университет”, “Арнаулы Қор” және қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп жатқан “Интеллектуалдық мектептер” секілді жобалар ерекше басымдыққа ие болмақ.