Гербицидтердің мақта егістерінде қолданудың мөлшері мен мерзімдеріне байланысты биологиялық тиімділігі
Негізгі дақылдар суармалы жағдайларда күтіп бапталатын Қазақстанның оңтүстігінің климаты, егістерді тұншықтыратын, жерді тиімсіз пайдалануға алып келетін және де фермерлік шаруашылықтардың экономикасына залал келтіретін арамшөптердің қаулап өсіп кетуіне жағдай жасайды.Ұсынылған агротехникалық іс-шаралардың өзі арамшөптерді, әсіресе отамалы дақылдардың жүйектеріндегі арамшөптерді толық жоюға мүмкіндік бермейтіндігі баршаға мәлім. Мақта қозасының өсіп дамуының бастапқы кезеңінде, жұмыс күшінің жетіспеуінен егістерді арамшөптерден дер кезінде тазартып шығуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан, егіс алқаптарын арамшөптер басу, мақтаның өнімділігінің төмен болуының негізгі себептерінің бірі болып табылады.
Гербицидтерді мақта егістерінде ғылыми негіздерге сүйене отырып қолдану бұл кезеңде үлкен маңызға ие болады.
Аймақтың байырғы суармалы жерлерінде бір жылдық арамшөптермен қатар көпжылдық арамшөптер де едәуір көп таралған. Мақта алқаптарында көп жылдық және бір жылдық арамшөптерді жою немесе ең болмағанда, олардың санын күрт азайту құнарлы жерлердің барынша көп пайдалы әсерін, күтіп-бапталатын дақылдардың өнімділігін айқындайды.
Қазақстанның оңтүстігінің жағдайында мақта егілгеннен кейін топырақтың беткі қабаты жылдам құрғап кетеді, сондықтан тұқым себуге дейін топырақтың қолайлы ылғалдылығы жағдайларында қаптап өскен арамшөптердің өскіндеріне қарсы гербицидтерді қолдану өте қажет.
Қолданылатын гербицидтерге, әдеттегідей жылы қанды жануарлар мен пайдалы фаунаға қауіптілігінің барынша төмен болуы, жоғары биологиялық және экономикалық тиімділік әсерінің жақсы болуы, шығын мөлшерінің салыстырмалы түрде төмен болуы секілді талаптар қойылады.
Зерттеудің бағдарламасы мен әдістемесін құрған кезде, біз көптеген кедергілерге тап болғандығымызды атап өтуіміз керек. «Қазақстан Республикасының аумағында 2003-2012 жылдарға қолдануға рұқсат етілген пестицидтердің (улы химикаттардың) тізімі» мақта егісі алқаптарындағы арамшөптерге қарсы қолданылатын препараттардың бар болғаны 11 ғана атауынан тұрады. Бұған қоса, препараттардың ешқайсысы да, мейлі бір жылдық пен көп жылдық болсын, мейлі дара жарнақты да, қос жарнақты да болсын арамшөптердің кешеніне бірде бір препарат арналмаған. Сонымен қатар, көпжылдық қос жарнақты арамшөптерге қарсы препараттар мүлдем болмағандықтан, арамшөптердің бүкіл жиынтығын жою үшін препараттар қоспасын құрып шығудың мүмкіндігі тумады. 2007-2009 жылдары гектарына 3,0; 5,0 және 7,0 л мөлшеріндегі трефлан 24, э.к. және 4,0; 5,0 л мөлшеріндегі гезагард 500, с.к. топырақ гербицидтері сыналды. Гербицидтерді қолданғаннан кейін, топырақты 5-7 см тереңдікке малалау жүргізілді. Сондай-ақ, дақыл көктеп шыққанға дейін гектарына 3,0; 4,0; 5,0 және 6,0 мөлшерінде қолданылатын стомп, 33% э.к., гектарына 3,0; 4,0 және 5,0 л мөлшерде котолинт, с.к және гектарына 1,3 және 1,6 л мөлшерінде дуал голд 960, э.к. гербицидтері сыналды.
Препараттар қолмен бүркігіш «Автомакстың» көмегімен ендірілді.
Гербицидтердің тиімділігі әсіресе өсіп-өнудің бас кезінде, мынадай үш фактормен анықталатындығы белгілі, олар-препараттың химиялық табиғатымен, топырақ қасиетімен және ауа райы жағдайы.
Мақта дақылын еккенге дейін немесе дақылдың өскіні жер бетіне көктеп шықпай, ендіріліген гербицидтердің арамшөптерге әсерін бақылаудағы бірінші есеп өңдеуден 30 күннен кейін мақтаның 2-4 нағыз жапырақ кезеңінде, екінші есеп 60 күн өткеннен кейін гүлдеу кезеңінде және мақтаның вегетациялық кезеңнің соңында үшінші есеп жүргізілді.
Тәжірибелік телімдердің арамшөптермен ластануына жүргізілген есептер арқылы, арамшөптердің саны (I-есеп) наурыз-мамыр айларында жауған жауын-шашынның мөлшеріне байланысты болғандығы анықталды. Мәселен, егер де орташа көпжылдық көрсеткіш жағдайында жауын шашын мөлшері 133 мм болып, 2007 жылы осы кезең ішіндегі жаңбырдың жиынтық мөлшері 108 мм, 2008 жылы 70 және 2009 жылы 188 мм құраған болса, арамшөптердің саны да I есеп жағдайында осы үрдіске сәйкес болды да, тиісінше шаршы метріне 60,3; 55,6 және 69,5 дана болды (И қосымша). Ауа райы жағдайлары да арамшөптердің санының өсіп өнудің соңындағы бақылау бойынша шаршы метріне 34 данаға артқандығын көрсетті.
Кесте 7 - Дақылдың егілуіне дейін қолданылған гербицидтердің мақта егістеріндегі арамшөптерге әсері (2007-2009 жж.)
Нұсқа | Мөлшері, л/га | I – есеп | II – есеп | III – есеп | |||
дана/м2 | *б.т. | дана/м2 | *б.т. | дана/м2 | *б.т. | ||
Бақылау | - | 61,8 | - | 83,5 | - | 95,4 | - |
Трефлан 24, э.к. | 3,0 | 11,1 | 82,1 | 21,3 | 74,5 | 32,6 | 65,8 |
Трефлан 24, э.к. | 5,0 | 9,9 | 84,0 | 19,9 | 76,2 | 30,6 | 67,9 |
Трефлан 24, э.к, | 7,0 | 9,4 | 84,8 | 19,2 | 77,0 | 29,8 | 68,8 |
Гезагард 500, с.к. | 4,0 | 16,6 | 73,2 | 27,2 | 67,4 | 36,0 | 62,3 |
Гезагард 500, с.к. | 5,0 | 12,7 | 79,5 | 23,7 | 71,6 | 31,3 | 67,2 |
Ескерту – *б.т.– бақылаумен салыстырғандағы биологиялық тиімділік, % есебімен |
Тәжірибе барысында байқалатын өзге жалпылама заңдылық - тәжірибелерде зерттелініп келе жатқан барлық гербицидтердің I-ден III-ші есепке дейінгі биологиялық тиімділігінің кемуі болды. Мәселен, бұл көрсеткіш трефлан нұсқасында сәйкесінше 82,1-84,8%; 74,5- 77,0%; 65,8-68,8%-ды құрады.
Гербицидтердің биологиялық тиімділігі препараттардың химиялық табиғатына, яғни әсер етуші затқа байланысты болды. Топырақтық гербицидтердің тиімділіктерінің салыстырмалы түрде төмен болуын біз тек бір жылдық астық тұқымдас және қос жарнақты арамшөптерге ғана таралған әсердің спекторымен түсіндіреміз. Мәселен, трефланның жиын-терім алдындағы есептің нәтижелері бойынша тиімділігі, пайдалану мөлшеріне қарай 68,8%, ал гезагардтікі одан төмендеу – 62,3 - 67,2% болды.
Егер де, жылдар бойынша атап көрсететін болсақ (И қосымша), 2007 жылдың I есебінің нәтижелері бойынша, трефлан гектарына 3,0 - 7,0 л мөлшерінде мақта егісінің ластануын 83,4 және 86,3%, ал гезагард гектарына 4,0 – 5,0 л мөлшерде, ластануды 74,5-80,9 %-ға төмендеткен. Екінші есепке қарай гербицидтердің тиімділігі 69,0 %-дан 78,8%-ға төмендеген. Мұнда өзінің тиімділігі бойынша шамалы дәрежеде трефлан гербициді ерекшеленіп тұрады. Бұл үрдіс III-есепте де сақталып тұрды, трефланның тиімділігі 66,9 – 70,6% құраса, гезагардтікі 63,5 – 68,3% құрады.
2008 жыл көктемі құрғақ ауа райымен ерекшеленді. 2007 жылдағыдай, трефлан мен гезагард бір жылдық арамшөптердің дамуын тежеді, алайда бұл көрсеткіш төмендеу болды. I есепте трефланның тиімділігі 80,3 – 83,2% құраса, ал гезагардтың тиімділігі 72,8-78,6% құрады. II және III есеп бойынша препараттардың барлық нұсқалардағы арамшөптерге әсері біршама төмендеп қалды. Егер де екінші есеп бойынша трефланның нұсқасында арамшөптердің жойылуы 72,9-75,3 % құраса, үшінші есепке қарай - 64,1-66,9% құрады. Ал гезагард бойынша екінші есепке қарай тиімділік 66,1-70,5% болса, үшінші есепке қарай ол - 60,9-66,4% құрады.
2009 жылы гербицидтермен өңделгеннен соң бір айдан кейін, ондағы арамшөптердің саны күрт кеміп препараттардың тиімділігі айқындалды. Трефланның нұсқасында тиімділік 88,7-84,9% құраса, гезагардпен өңделген мөлдектерде тиімділік 72,3-79,0% құрады. Осы уақытта гербицидтер ендірілмеген бақылау алқабында арамшөптердің интенсивті дамуы байқалды. Бір жылдық арамшөптердің сабақтарының биіктігі 15-17 см жеткен, ал гербицидтер ендірілген нұсқаларда арамшөптердің биіктігі 5-8 см аспаған. Келтірілген мәліметтерден көрініп тұрғандай, II есепке қарай бақылаудағы 92,7 дана/м2 қарсы, трефлан нұсқасында шаршы метріне 21,3-23,3 дана арамшөп болған, ал гезагардты пайдаланған нұсқаларда шаршы метрге 26,4-30,5 дана арамшөп болған. III-ші есептің нәтижелері бойынша, трефлан мен гезагардтың бір жылдық арамшөптерге әсері 62,5-68,8% шегінде болып, ал арамшөптердің саны шаршы метріне 32,3-38,6 дананы құрады. Сол кезде бақылау нұсқасында шаршы метріне орташа 103,5 арамшөп болған.
Алынған мәліметтерді талдау мынаны көрсетті: трефлан 24, э.к. гербицидін гектарына 5,0 л, ал гезагард 500, с.к. гербицидін гектарына 4,0 л мөлшерінен асыра пайдалану мақта егістерінде мақсатқа лайық емес.
Дақылдардың өскіндері пайда болғанға дейін қолданылған гербицидтердің тиімділігін бағалау мынаны көрсетті: бұл препараттар бір жылдық астық тұқымдас және қос жарнақты арамшөптерге де қарсы қолдануға ұсынылғандықтан трефлан мен гезагардқа тән заңдылықтарға бағынады. Алайда, 3 жылдық тәжірибелік мәліметтер көрсеткендей, Оңтүстің Қазақстан облысы жағдайында гербицидтердің мақтаны егіп болғаннан кейін қатаң түрде өскіндер пайда болғанға дейін пайдалану, егуге дейін пайдаланғанға қарағанда нәтижелі болады. Мәселен, егер де алдыңғы жағдайда гербицидтердің түрлері мен мөлшеріне қарай препараттардың биологиялық тиімділігі бірінші есепте 85,6-91,8% құраса, екінші есепте 73,4-87,0% құрады.
Кесте 8 - Мақта егістеріндегі арамшөптерге қарсы дақылдың өскіндері шықпастан қолданылған гербицидтердің әсері (2007-2009 жж.)
Нұсқа | Мөлшері, л/га | I – есеп | II – есеп | III – есеп | |||
дана/м2 | *б.т. | дана/м2 | *б.т. | дана/м2 | *б.т. | ||
Бақылау | - | 61,8 | - | 83,5 | - | 95,4 | - |
Стомп, 33% э.к. | 3,0 | 8,9 | 85,6 | 16,8 | 79,9 | 25,4 | 73,4 |
Стомп, 33% э.к. | 4,0 | 7,5 | 87,3 | 15,2 | 81,1 | 23,9 | 74,9 |
Стомп, 33% э.к. | 5,0 | 7,7 | 87,6 | 15,6 | 81,3 | 23,6 | 75,3 |
Стомп, 33% э.к. | 6,0 | 7,4 | 88,1 | 15,4 | 81,6 | 23,3 | 75,6 |
Котолинт, к.с. | 3,0 | 7,8 | 87,3 | 14,0 | 83,2 | 20,5 | 78,5 |
Котолинт, к.с. | 4,0 | 6,7 | 89,1 | 11,9 | 85,7 | 17,7 | 81,4 |
Котолинт, к.с. | 5,0 | 6,5 | 89,5 | 11,7 | 86,0 | 17,3 | 81,9 |
Дуал Голд 960, э.к. | 1,3 | 5,3 | 91,5 | 8,9 | 89,4 | 12,3 | 87,1 |
Дуал Голд 960, э.к. | 1,6 | 5,1 | 91,8 | 8,4 | 89,9 | 11,9 | 87,5 |
Ескерту – *б.т.– бақылаумен салыстырғандағы биологиялық тиімділік, % есебімен |
Жұмыстағы 8-ші кестені салыстырмалы түрде талдау мынаны көрсетіп тұр: зерттелініп жатқан үш гербицидтің бірдей әсер ету спектріне қарамастан, әр түрлі әсер етуші заттардың арқасында препараттардың биологиялық тиімділігі елеулі ерекшеленді. Мәселен, әсер етуші заты пендиметалин болып табылатын стомп, 33% э.к. гербициді күрмек тары, көкшіл мысыққұйрық, жасыл мысыққұйрық секілді бір жылдық астық тұқымдас арамшөптерді, қос жарнақтылардан – қызылша гүлтәжіні, жұмыршақты, ақ алабұтаны және қызыл таспа таранды толықтай дерлік жойған.
Бір жылдық астық тұқымдас және қос жарнақты арамшөптерге қарсы арналған флометуронның негізінде жасалған котолинт, с.к. гербициді де қызылша гүлтәжі, ақ алабұта, қара алқа, бақша қараоты, күрмек тары, көкшіл және жасыл-мысыққұйрық арамшөптерін толықтай жойған.
Үш жыл ішінде жүргізілген тәжірибе нәтижесінде барынша жоғары биологиялық тиімділікті дуал голд 960, э.к. гербициді көрсетті. Ол сыналып жатқан басқа гербицидтерге қарағанда, жоғары әсерді құрамындағы С-метолахлордың болуының есебінен көрсетті. Препараттың әсер ету механизмі арамшөптердің өсіп шығу үдерісін тоқтатып тастаудан тұрады. Астық тұқымдас арамшөптерге әсер етуші заттар колеоптеле арқылы енсе, қос жарнақтыларға тұқым жарнағы арқылы, яғни арамшөптердің көктеу кезеңінде, олардың өскіндерінің пайда болуына дейін ене отырып жояды. Мұнымен бірге, дуал голд гербициді гектарына 1,3 л мөлшерінде күрмек тарыны, мысыққұйрық пен гүлтәжінің түрлерін, жұмыршақтың өскіндерін жояды.
Кестені талдау мынаны көрсетті: сыналған препараттардың ішінде ең көп фитоуыттылық әсерге дуал голд ие болып отыр. Мәселен, егерде оның биологиялық тиімділігі I есептен III-ші есепке дейін 4,3-4,4% төмендеп кеткен болса, онда бұл көрсеткіш стомп пен котолинт үшін пайдалану мөлшеріне қарай тиісінше 12,3-12,5%; 8,8-12,5% құрады.
Өткізілген II-ші есептер гербицидтердің, әсіресе котолинт пен дуал голдтың тиімді әсерінің ұзаққа созылатындығын көрсетті. Котолинтті қолданудан арамшөптердің саны II-ші есепке қарай 83,2-86,0%-ға төмендеген. Біршама төмен нәтижені - 79,9-81,6% стомп препараты көрсетті.
Егерде гербицидтердің әсерін жылдар бойынша сипаттап шықсақ (К қосымша), онда 2007 жылы өткізілген біздің тәжірибелерімізде дақыл көктеуге дейін қолданылған стомп гербициді гектарына 3,0-6,0 л мөлшерде I-ші есеп кезінде арамшөптердің санын 87,0-89,2% төмендетті. Қолайлы көктем котолинт, с.к. нұсқасында гектарына 3,0-5,0 л мөлшерде 88,4-90,3%, дуал голд 960, э.к. нұсқасында гектарына 1,3-1,6 л мөлшерінде 92,6-92,9% жоғары тиімділіке қол жеткізуге септігін тигізді. Бүркуден кейінгі 60-шы күні жүргізілген II-ші есептеулер гербицидтердің, әсіресе котолинт, с.к. пен дуал голдтың 960, э.к. әсерінің ұзақтығын көрсетті. Котолинттті қолданудан арамшөптердің саны III-ші есептеуге қарай 80,1-82,7%-ға, ал дуал голдты 960, э.к. қолданудан 87,9-88,5% төмендеді. Бұл мерзімге біршама тиімсіз стомп, 33% э.к. гербициді болып оның арамшөптерге әсері 75,0-76,9% құрады.
2008 жылы жүргізілген I есепте жоғары тиімділік котолинт, с.к. гербицидін гектарына 3,0-5,0 л мөлшерде қолданғанда және дуал голдты 960, э.к. гектарына 1,3-1,6 л мөлшерде қолданғанғанда байқалды. Стомп, 33% э.к. гербициді гектарына 3,0-6,0 л мөлшерінде пайдалану тиімсіздеу болды. Мәселен, осы препаратты әр гектарына 3,0 л мөлшерінде қолданғанда арамшөптердің басуының төмендеуі бар болғаны 84,2% болды. Стомптың, 33% э.к. әсерінің ұзақтығы котолинт, с.к. пен дуал голдтан 960, э.к. келесі II-ші және III-ші есептерде де қалып қойды. Жалпы алғанда,өскін шыққанға дейінгі ендірілетін гербицидтердің тиімділігі 2008 жылы 2007 жылмен салыстырғанда шамамен 2,2-5,1% төмен болды. Бұл құбылысты біз 2008 жылдың құрғақ көктемімен байланыстырамыз.
2009 жылы топырақ гербицидтері арасында бұрынғыдан да жоғары биологиялық тиімділікке стомпқа, 33% э.к. қарағанда бұрынғысынша котолинт пен дуал голд ие болды. Мәселен III-ші есептің нәтижелері бойынша, гербицидтердің қолдану мөлшеріне қарай стомп арамшөптерге 73,5-75,6% әсер етсе, котолинт 78,5-81,8%, ал дуал голд 87,1-87,5% әсер еткен.
Эксперименталдық мәліметтерді салыстырмалы түрде талдау мынаны көрсетті: Оңтүстік Қазақстан облысы ашық сұр топырақ жағдайында, мақта егістерінде бір жылдық астық тұқымдас және қос жарнақты арамшөптерге қарсы оңтайлысы мақта қозасының өскіндері пайда болғанға дейін стомпты, 33% э.к., пен котолинт, с.к. гербицидтерінің гектарына 4,0 л және дуал голд 960, э.к. гербицидінің гектарына 1,3 л мөлшерлері тиімді болып табылады.
Жоғарыда келтірілгендерді қорыта келе, дақылдың өскіні шыққанға дейін стомпты, 33% э.к., котолинт, с.к. және дуал голд 960, э.к. гербицидтерін қолдану, бір жылдық арамшөптердің санын мақтаны өсірудің ең жауапты кезеңінде едәуір төмендетуге және осылайша мақта алқабын арамшөптерден тазартылған күйінде сақтап қалуға мүмкіндік беретіндігін атап көрсетуіміз керек.
Арамшөптерді жою үшін, отау немесе мүмкіндігінше қатараралық өңдеулерді жүргізумен үйлесуі тиіс гербицидтермен қайта өңдеу жүргізу қажет. Мұндай жағдайда өсімдіктерге жылдам әсер ететін заттар көбірек тиімді болуы тиіс. Біздің тарапымыздан, 2007-2009 жылдары әртүрлі гербицидтердің, оларды өскіндер пайда болғаннан кейін қолданудың салыстырмалы тиімділігі зерттелген болатын. Тәжірибелер Оңтүстің Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында орналасқан Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе танаптарында жүргізілді.
2007-2009 жж. ұсақ телімді тәжірибелердің негізі қаланды. Тәжірибеде пантера, 4% к.э. 0,75; 1,0 және 1,5 л/га мөлшерінде, арамо, 4,5% к.э. 1,0; 1,5 және 2,0 л/га мөлшерінде және фюзилад форте 150, к.э. гербицидтері 0,75; 1,0 және 1,5 л/га мөлшерлерінде (Қ қосымша), мақтаның М-4005 сортына сыналды.
Тәжірибеде сыналатын астық тұқымдастарға қарсы қолданылатын гербицидтер де тек химиялық негізбен ыдырады. Пантера, арома мен фюзилад фортенің әсер етуші заттары тиісінше хизалофоп-п-тефурил; тепралоксидим және флуазифоп-п-бутил болды, олар бір жылдық та көп жылдық та, астық тұқымдас арамшөптерді жояды.
Сондықтан осы препараттардың биологиялық тиімділігі де салыстырмалы түрде айтарлықтай жоғары болған жоқ, және де гербицидтердің түрлеріне қарай, жиын-терім алдындағы есептің нәтижесі бойынша 71,3 – 80,1% құрады (9-кесте).
Кесте 9 – Мақта егістерінің арамшөптеріне қарсы дақылдың өскіндері шыққан соң қолданылған гербицидтердің әсері (2007-2009 жж.)
Нұсқалар | Мөлшері, л/га | I – есеп | II – есеп | III – есеп | ||
дана/м2 | дана/м2 | *б.т. | дана/м2 | *б.т. | ||
Бақылау | - | 61,8 | 83,5 | - | 95,4 | - |
Пантера, 4% э.к. | 0,75 | 62,3 | 21,2 | 74,6 | 27,3 | 71,3 |
Пантера, 4% э.к. | 1,0 | 62,2 | 19,6 | 76,5 | 25,7 | 73,1 |
Пантера, 4% э.к. | 1,5 | 61,8 | 19,2 | 77,0 | 25,0 | 73,8 |
Арамо, 4,5% э.к. | 1,0 | 62,1 | 18,0 | 78,5 | 23,4 | 75,5 |
Арамо, 4,5% э.к. | 1,5 | 62,4 | 17,5 | 79,1 | 22,5 | 76,4 |
Арамо, 4,5% э.к. | 2,0 | 62,7 | 17,0 | 79,6 | 22,1 | 76,8 |
Фюзилад форте 150, э.к. | 0,75 | 61,6 | 16,4 | 80,4 | 16,9 | 77,3 |
Фюзилад форте 150, э.к. | 1,0 | 62,1 | 14,9 | 82,1 | 19,6 | 79,4 |
Фюзилад форте 150, э.к. | 1,5 | 62,6 | 14,4 | 82,8 | 19,0 | 80,1 |
Ескерту – *б.т.– бақылаумен салыстырғандағы биологиялық тиімділік, % есебімен |
Пантера гербицидін мақта қозасының өскіндері пайда болғаннан кейін құрғақ, белсеңді түрде өсіп келе жатқан (эксперимент жағдайында өте маңызды болып табылатын) температуралық қолайсыздықты сезінбей келе жатқан арамшөптерді бүрку арқылы қолданылды. Пантера арамшөптердің жапырақтарымен сіңірілетін және өсімдіктің барлық ұлпаларына тарайтын жүйелі препарат болып табылады. Гербицид астық тұқымдас арамшөптердің жас өркендерінің өсу нүктелері мен тамыр сабақтарында жылдам жинақталады. Тәжірибе жағдайында препараттың әр гектарға 1,0 л пайдалану бір жылдық арамшөптерді (күрмек тары, мысыққұйрықтың түрлері) толықтай және көп жылдық астық тұқымдас арамшөптердің (кәдімгі қамыс, құмай, салалы қара шойыр және жатаған бидайық) өзгерген өркендері мен тамыр сабақтардан өсіп шығуын екінші есепте 76,5 үшінші есепте -73,1%-ға жоюға мүмкіндік берді.
9-кестедегі мәліметтерді талдау мынаны көрсетеді: арамо гербициді биологиялық тиімділігі жағынан пантера гербицидінен асып түседі. Мәселен, егер де ластанудың жиын-терімнен бұрынғы нәтижелері бойынша, пантераны қолдану мөлшеріне қарай тиімділігі 71,3-73,3% құраған болса, арамоны қолданған кезде бұл көрсеткіш 75,5-76,8% артты. Бұл асып түсуге-арамоның көкшіл мысыққұйрық, жасыл мысыққұйрық, күрмек тары, жатаған бидайық және кәдімгі қамыс секілді арамшөптерге әсер етуінің артықша тиімділігінің есебінен қол жеткізілді.
Арамоның биологиялық тиімділігін салыстыру, мақта егісіндегі бір жылдық және көп жылдық астық тұқымдас арамшөптерге қарсы оңтайлы мөлшер - пантера, 4% к.э. гербицидінің гектарына 1,0 л мөлшер болып табылатындығы туралы қорытынды жасауға болады.
|
Фюзилад форте 150, э.к. гербициді - бұл күрмек тарыға, мысыққұйрықтардың түрлеріне, қарасұлыға, жатаған бидайыққа, құмайға, салалы қара шайырға фитоулағыштық әсерді тиімді көрсететін жүйелі препарат (23-сурет). Бұл гербицидтің артықшылығы – оның құрамында суланатын ұнтақ бар.
Тоғызыншы кестенің мәліметтері, астық тұқымдас арамшөптерге қарсы гербицидтердің арасында тәжірибедегі ең жоғарғы тиімділікке фюзилад форте ие екендігін көрсетеді. Ол III-ші есептің нәтижелері бойынша, қолдану мөлшеріне қарай орташа есеппен үш жылдың ішінде 77,3-80,1% құрады. Мақта егістеріндегі бір жылдық және көп жылдық астық тұқымдас арамшөптерге қарсы оңтайлы мөлшер, эксперимент жағдайында 1,0 л/га болып табылды.
Көз мөлшермен бақылау мынаны көрсетті: мақта егістерін гербицидпен өңдеп болғаннан 2-3 күннен кейін-ақ арамшөптер мәдени өсімдіктерге сыртқы ортаның жағдайлары үшін бәсекелес болудан қалады. Гербицидпен өңделгеннен соң 5 күннен кейін арамшөптердегі түйіндер мен нүктелер қоңырлана бастайды, ал жапырақтары жылдам қызара бастайды. Арамшөптер тәжірибе жағдайында 13-15 күннің ішінде толықтай жойылды (18-сурет).
|
Пантера, 4% к.э., арамо, 4,5% к.э. және фюзилад форте 150, к.э. гербицидтерін үш жыл бойы сынау, олардың аса жоғары тиімділігіне көбірек мөлшерде қолданылған жағдайда қол жеткізуге болатындығын көрсетті. Алайда, препараттардың барынша аз және қолайлы мөлшерлері де тиімді болғандығын, олардың үлкен мөлшерлерден болмашы дәрежеде ғана қалып отыратындығын атап өтуіміз керек.
Келтірілген мәліметтерден көрініп тұрғандай, гербицидтерді мақта егістерінде оның өсіп-өну кезінде қолдану бір жылдық және көп жылдық арамшөптердің санын едәуір төмендетуге мүмкіндік береді, бұл соңында еңбек және қаржылай шығындардың қысқаруына алып келеді.