Тақырыбы. Кәсіпкерлік: мәні мазмұны мен қалыптасу шарттары
Дәріс.
1.Кәсіпкерліктің мәні мен мазмұны, негізгі функциялары.
2.Кәсіпкерліктің мақсаттары мен міндеттері, белгілері және ұйымдастыру қағидалары.
3.Кәсіпкерліктің объектілері мен субъектілері, жүзеге асыру шарттары.
Сабақтың мақсаты: кәсіпкерліктің мәні мен пайда болу шарттары және даму факторларын, кәсіпкерліктің экономикадағы орны туралы мәліметтер беру. Кәсіпкерліктің негізгі түрлері мен салалары зерттеу. Кәсіпкерліктің негізгі ұйымдастырушылық нысандарын анықтау.
Негізгі терминдер:кәсіпкер, кәсіпкерлік, тәуекел, бизнес, өндіріс, экономикалық белсенділік, экономикалық ресурстар, акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, концерн, ассоциация, консорциум, синдикат, картель
1. Кәсіпкерлік экономикада орталық орынға ие және ол әлеуметтік-экономикалық құбылыс ретінде кең спекторлы қоғамдық қарым-қатынастарды қамтиды.
ҚР «Кәсіпкерлік» Кодексінің (29 қазан 2015 ж.) 2-бабында:
Азаматтардың, оралмандардың және заңды тұлғалардың мүлікті пайдалану, тауарларды өндіру, сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлікке) не шаруашылық жүргізу немесе мемлекеттік кәсіпорынды жедел басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлікке) негізделген дербес, бастамашыл қызметі кәсіпкерлік болып табылады. Кәсіпкерлік қызмет кәсіпкер атынан, оның тәуекел етуімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылады.
Мұнда құқықтық, психологиялық тарихи сәттер көрініс алады. Сондай-ақ кәсіпкерлік әрекет тіршілігіміздің экономикалық жағдайына да қатысты екені анық.
А.Смиттің (Адам Смит, философ; шотландық экономист,) ойы бойынша кәсіпкер сауда-саттық мақсатты жүзеге асыру және пайда түсіру үшін экономикалық тәуекелге баратын меншік иесі болып табылады. Ол өндірісті өзі жоспарлайды, ұйымдастырады және соның нәтижесіне иелік жасайды.
Бүгінгі таңда кәсіпкер деп қажетті құралдары (өзінікі немесе қарызға алған) бар пайдалы жұмысты ұйымдастырушы адамды айтады.
Бұлардың қатарына жататындар: шағын кәсіпорындардың иесі, акционерлік қоғамның басқарушысы, кооперативтің жетекші және шаруашылық бірлестіктерінің менеджерлері (жалдамалы басшы).
Экономикалық әдебиеттерде кәсіпкерлікті ұйымдастырудың үш шарты айтылып жүр:
Біріншіден, кәсіпкерлікпен айналысу дегеніміз - аталған субъектінің (кәсіпкерліктің) шаруашылық әрекет түрін, оны жоспарлау; өнімді өткізуде және таңдауда, т.б. олардың жиынтық бостандығы мен құқықтары болуы керек деген сөз.
Екіншіден, кәсіпкерлікпен айналысатын адамдардың өндіріс құрал-жабдықтарына, өнімге және табысқа иелік құқығы болуы маңызды шарт.
Үшіншіден, өзін-өзін басқару мен шаруашылықты таңдауда бостандықты, инвестициялауды нақты қамтамасыз ететін белгілі бір экономикалық орта және қолайлы жағдай қажет.
Толығырақ айтқанда, белгілі бір кәсіпкерлікпен айналысу үшін — нарықтық бәсекелестік тәртіп бойынша, шаруашылық жүргізуге қолайлы жағдай туғызу.
Кәсіпкер дегеніміз — белсенді, жаңалыққа, оны тез жүзеге асыруға бейімділік танытады; нысаналы нәтижеге жұмыс істейді; іскер адамдар арасында өзін еркін сезінеді; өзіне және серіктестіктеріне қатаң талаппен қарайды; адамдарды басқаруға, оларды әрдайым рухтандырып, іс-қимылдарын үйлестіріп отыруға бейім, икемді адам болып келеді. Кәсіпкердің нарықтық экономиканың басқа агенттерінен айырмашылығы — өзінің экономикалық әрекетінің нәтижесінде пайда түсіре білетіндігі.
Пайда — кәсіпкердің сұранысты қамтамасыз ету мақсатымен шығындалған қаржы мен баға арасындағы айырмашылық. Кәсіпкер— нарықтық байланыстарды қалыптастыратын және дамытатын белсенді тұлға болып табылады. Кәсіпкерлік қажеттілік немесе тапқырлық кәсіпкерлердің бір-бірімен байланысты төрт қызметтері арқылы сипатталады. Олар:
а) кәсіпкер жер, капитал, еңбек ресурстарын біркелкі өзгеріс жөне қызмет процесінде ұштастыру үшін өз тарапынан ынталылық білдіре отырып, оларды өз қолына алады;
б) бизнесті ұйымдастыру мен жүргізу процесінде кәсіпорынның әрекеттік бағытын және оның тиімді жұмыс істеуін анықтайтын негізгі шешімдерді қабылдау үшін міндеттеме алады;
в) жаңашыл, коммерциялық негізінде жаңа өнімдер, жаңа өндірістік технология және тіпті бизнесті ұйымдастырудың жаңа нысандарын енгізуге ынтасы бар адамдар;
г) жоғарыда айтылған кәсіпкердің үш қызметін таңдаудан шығатын қорытынды: ол тәуекелге бел буған адам.
Кәсіпкерлікті менеджменттен және оны басқарушыдан аражігін ажырата білу қажет. Кәсіпкер — бұл меншік иесі, әрі ол шаруашылықпен тікелей араласады. Ол нарыққа өзінің дербес жауапкершілігі арқылы тәуекелге баратын адам. Ал менеджмент -жалпы өндіріс пен тауар айналымын тиімді жүргізу мен пайда табу мақсатында басқару жүйесі мен формаларының, әдістері мен құралдарының жиынтығы болып табылады.
Менеджер — шаруашылықты ұйымдастыру мен басқару жағынан арнайы кәсіптік білімі бар жалдамалы басқарушы, ол өз әрекеттерінде мүліктік жауапкершілікті мойнына алмайды. Кәсіпкер іс-қимылы мен тұрмыс жағдайларына, мінез-құлықтарына қарай екіге бөлінеді: Біріншісі, бұрынғы классикалық кәсіптік шаруашылықтың (кәсіпорын, фирма) қолда бар ішкі ресурстарын тиімді пайдалана отырып, нәтижелі әрекет жасайтын көсіпкерлік. Екіншісі, қазіргі өтпелі кезеңде әрекет жасайтын кәсіпкерлік. Бұл жағдайда кәсіпкер қолда бар пайда көзін емес, әр түрлі мүлікті пайдалану арқылы әрекет жасайды. Демек, кәсіпкерліктің бірінші түрі қолда барға бағытталса, ал оның екінші түрі кәсіпкерлік ұйымдастыру-құқықтық жағынан: жеке дара кәсіпкерлік, компаниялар және серіктестік болып бірнеше түрге бөлінеді.
Кәсіпкерліктің түрлері.
1.Атқаратын міндетіне қарай кәсіпкерліктің мынадай түрлері болады:
· Өндірістік кәсіпкерлік бұл тауар өндіру мен қызмет көрсетумен байланысты кәсіпкерлік.
· Коммерциялық кәсіпкерлік бұл өнім өндірумен байланыссыз тауарлар мен қызметтерді қайта сату бойынша операцияларды жүргізумен ерекшеленетін кәсіпкерлік. Коммерциялық кәсіпкерліктің іс өрісі тауар биржалары мен сауда мекемелері.
· Қаржылық кәсіпкерлік бұл сату, сатып алу объектісі ақша, валюта, құнды қағаздар болып табылатын коммерциялық кәсіпкерліктің түрі. Қаржылық кәсіпкерлікке коммерциялық банктер және қор басқару мәселелері жөнінде көмектер көрсетумен айналысатын кәсіпкерлік.
§ Сақтандыру кәсіпкерлігі бұл белгілі бір жағдайларды сақтандырудан сақтандыру төлемін алу нәтижесінде пайда болатын қаржылық кәсіпкерліктің түрі.
§ Делдалдық кәсіпкерлік бұл белгілі бір мәмілеге мүдделі тараптарды біріктіретін кәсіпкерлік.
2.Меншік түрлері бойынша:
жеке меншік, мемлекеттік, муниципальды, сонымен бірге қоғамдық құрылым меншігі.
3.Меншіктер саны бойынша:
кәсіпкерлік іс жеке адамның немесе коллективтік болуы керек
4. Кәсіпкерлік формасы бойынша екіге бөлінеді:
ұжымдық-құқықтық; ұжымдық-экономикалық.
А. Ұжымдық–құқықтық кәсіпкерліктер.
Олар өз капиталын қосады және әрбір мүше өзінің капиталымен жеке жауап береді.
Б. Кәсіпкерліктің ұжымдық экономикалық формасы:
концерн, ассоциация, консорциум, синдикат, картель.