Азақстанның 1960 жылдарындағы қоғамдық-саяси жүйесі
60 жылдардың бастап мемлекет Кеңестерді дамыту ісіне басты көңіл бөлді. КОКП-ның XXII съезінде Кеңестердің беделін арттыру туралы мәселе қаралды. Осы кездегі қоғамның саяси жүйесінде елімізде еңбек ететін барлық жүйеден өкілдер құрамына кіретін КСРО Жоғарғы Кеңесінің рөлі артты.
1963 жылы Жоғарғы Кеңес депутаттарының саны 473 болды. Депутаттардың 158-і әйел болды.
Ал Қазақ КСР-нің барлық депутаттар Кеңесінің құрамына 98906 депутат сайланды. Бірақ Жоғарғы Кеңес партия нұсқауы негізінде жұмыс істеді.
Кәсіподақ қызметі де бұл кезде жандана түсті. 1966 жылы кәсіподақ құрамында 4 млн-ға жуық адам болды. 1960 жылы мемлекеттегі рекреациялық қорлар кәсіподақ қарамағына берілді. 1961 жылы ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері кәсіподақтың билігіне көшті. Социалистік жарыстар ұйымдастыру, еңбекшілердің құқықтары мен әлеуметтік жағдайларын реттеу кәсіподақтың міндеті болды. Осындай кең көлемдегі істерді атқару құзырында болған кәсіподақ барлық жағынан партияға бағынышты жағдайда болды.
60 жылдардың ортасында комсомолдың беделі де айтарлықтай болды. 1965 жылы республика жастар ұйымы құрамында 1 млн-ға жуық жастар болса, оның 400000-ға жуығы өнеркәсіп, ауыл шаруашылық, көлік, байланыс жүйелерінде еңбек етті.
1962 жылы Қазақстан комсомолының X съезінде жастар мал шаруашылық саласын қамқорлыққа алды. Сонымен қатар Қазақстанның 8000-ға жуық комсомол жастары екпінді құрылысқа аттанды.
60 жылдардың басына қарай тағдырдың жазуымен ҚХР-да қалып қойған отандастарымыз оралды. Осы жылдары КСРО-ға ҚХР-нан 350000 адам көшіп келген. Оның 200000-ға жуық адамы Қазақстанға қоныс аударған. Қоныс аударғандардың басым көпшілігі қазақтармен қатар өзбектер, орыстар, ұйғырлар, дүнгендер де Қазақстан жеріне қоныс аударды. Қоныс аудару кезеңі 1963 жылы аяқталды.
1964 жылы КОКП Орталық Комитетінің пленумы өтті. Пленум барысында партия және мемлекет басшылары арасында ауыс-түйістер туындады. Ең алдымен Н. С. Хрущев КОКП ОК-ның бірінші хатшысы, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінен босатылды. КОКП ОК-ның бірінші хатшысы болып Л. И. Брежнев сайланды. Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметі А. Н. Косыгинге жүктелді. Бұл пленумда негізгі мәселелер Л. И. Брежнев, А. Н. Шелепин, М. А. Суслов, В. Е. Семчастный, Д. А. Қонаевтың қатысуымен шешілді. М. А. Суслов баяндамасында Н. С. Хрущевті айыптады.
70 жылдардың басында бұрынғыдай социализмнен коммунизмге өту туралы теориялық идея басым болды. Бұл жайлы 1967 жылы қазан төңкерісінің 50 жылдығына арналған сөзінде Л. И. Брежнев мәлімдеді.
1977 жылы 7 қазанда КСРО конституциясы қабылданды. Конституцияда қияли болжамдар көп болды. Коммунизмге өтер жол мәселесі, кемелденген социализм теориясы кең таралды.
1978 жылы 20 сәуірде Қазақ КСР-нің конституциясы қабылданды. Бұл Кеңестік жүйедегі Қазақстанның соңғы конституциясы болды. Бұл конституцияда да демократияны шектеу, адам құқығын елемеу қоғамға жат құбылыстар орын алды. Ұлтаралық қатынастарда да келеңсіз жағдайлар көбейді. Республикада орыс тілі «ұлы тіл» ретінде дәріптеліп, қазақ тіліне немқұрайды қарау кеңейді.
1975 жылы ақын, қоғам қайраткері О. Сүлейменовтың «АзиЯ» кітабы жарық көрді. Бұл кітапта орыстың әдеби жырындағы түркі сөздері туралы кең ғылыми деректер келтірілді.
Келтірілген деректер шовинистерге ұнамады. Оларға бұл кітап орыс ұлтын кемсітушілік болып көрінді. Сондықтан аталған шығарманың тиражын көбейтуге және оны сатуға тыйым салынды.
70. М. С. Горбачев реформасы тұсындағы Қазақстан (1985–1991 жж.)
1985 жылғы наурызда К. У. Черненко қайтыс болғаннан кейін КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы қызметіне М. С. Горбачев сайланды. КОКП Орталық комитетінің сәуір айында болған пленумында әлеуметтік-экономикалық өмірдің мәселелеріне жаңаша қарауға әрекет жасалынды. Пленумда әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету бағыты жарияланды. Бұл серпілісті саяси басшылық дамудың экономикалық қарқынының бәсеңдеуіне жол бермеу және негізгі күштерді осы бағытқа жұмылдыру арқылы жүзеге асығуға тырысты.
Ғылыми-техникалық прогресс негізінде экономиканың құрылымдық қайта құру проблемаларын КОКП Орталық Комитетінің ірі мәжілісінде талқылау жаңа басшылықтың алғашқы қадамы болды. 1986 жылдың ақпанында болған КОКП-ның XXVII съезінде бұл бағыт қолдау тауып, дамытылды.
Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардағы түпкілікті өзгерістер социализмді жетілдірудің құралы, социалистік құрылыстың орасан зор артықшылықтары мен мүмкіндіктерін ашудың шарты деп қаралды.
Сәуір (1985 ж.) пленумы, одан кейінгі пленумдар да, КОКП-ның XXVII съезі де КСРО-ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара алмады және құтқара да алмайтын еді.
Жеделдету бағыты терең ұғынылған ғылыми концепциясыз, айқын да, анық бағдарламасыз жүргізілді. Жеделдету бағытының сәтсіздікке ұшырауының негізгі кінәлілері жекелеген басшы коммунистер болып жариялануы белгілі бір заңдылық тәрізді. Мысалы, Мәскеуде В. В. Гришин, Ленинградта Г. В. Романов, ұлттық республикаларда Д. Қонаев пен Г. Алиев.
Жаңарудағы тежеудің ұшығы әміршіл-әкімшіл жүйенің бұрынғыша сақталуында, оның саяси институттарының тиімсіздігіне, халыққа жаттығында, адамға жақсы еңбек ету негізінен тиімсіз болған, оның экономикалық құрылымдарының өміршең еместігінде жатты. Қоғам дамуының қажеттерінен ғылым да қалып қойды.
Алғашқыда жарияланған мақсаттар мен нақты өмірдің арасындағы күрделі қайшылықтардың нәтижесі 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғаларына жеткізді.
71. Желтоқсан оқиғасы (1986 ж.)
1986 жылғы желтоқсан оқиғасына жылдар бойы қордаланған осындай себептер түрткі болды. Орталықтың өктемдік әрекеттері мен демократиялық принциптері арасындағы қайшылықтар, шовинистік саясат т. б. қалыптасқан жағдайлар наразылықтың негізгі себептері болды.
Наразылық сылтауы.1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитетінің V пленумы болды. Пленумда Қазақстанды көп уақыт бойы басқарған Д. Қонаевты орнынан босатып, мемлекет басшылығына республика халқына бейтаныс Ульяновск облысы партия комиетінің бірінші хатшысы болған Г. В. Колбин тағайындалды. Ел басшылығының ауыстырылуына арналған бұл пленум 18 минутқа ғана созылды. Орталықтың бұл әрекеті барып тұрған саяси қателік және халық мүддесін мүлде елемеушілік болды.
Оқиға барысы.1986 жылы 17 желтоқсанда Алматы қаласында республика басшылығының ауыстырылуына қарсылық ретінде жастар толқуы басталды. Мұндай наразылықтар басқа қалаларда да өтті. Наразылықтың басты қозғаушы күші студенттер, жастар болды. Жастар толқуы бейбіт жағдайда Алматы көшелерінде басталды. Жастар шеруі құқық бұзушылық, ұлтшылдық сипаттан алшақ еді. Тек лениндік ұлт саясатының бұрмаланбауы, әр ұлтқа өз басшысын қою керек деген сөз жазылған тақтайлар ұстап жүрді. Бюрократиялық жүйеге үйренген республика басшылары жастар пікірін тыңдағылары келмей, олардың тез тарауын талап етті. Шеруді тарқату мақсатында республика басшылары Алматы горнизоны, басқа да әскери күштер жастар жиналған Брежнев алаңын қошады. Демонстрацияны тоқтату мақсатында КСРО-ның кейбір өңірлерінің ішкі әскер бөлімдері әкелінді.
Осыншама ірі күштер сапер күрегі, үйретілген иттер, су шашатын машиналар, сойылдар т. б. қарулар көмегімен демонстрацияны тоқтатты. Қоғамдық тәртіп сақшылары өрескел қатыгездікке барып, көп адамдардың қаза табуына жол берілді. Республика басшылары бұл жағдайға көз жұма қарады.
Шеруге қатысқандарды тергеу ісі өте қатал, заңсыз жүргізілді. Тергеу камераларына, қаланың сыртына әкетілгендердің саны 8,5 мың болды. Көптеген жастар оқу орындарынан, комсомолдан шығарылды. Оқу орнынан 271 студент, комсомолдан 787 адам шығарылды.
Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ішінен Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхаметжанова сияқты жастар жазықсыз өктем биліктің құрбандары болды. Біраз уақыттан кейін сол кезде айыпталған 99 адамның 46-сы ақталды. 1987 жылғы КОКП Орталық Комитеті Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалады.
Желтоқсан оқиғасы КСРО-ның ыдырауын тездетті. Кейіннен партия желтоқсан оқиғасында жіберілген қателерді мойындады. КОКП ОК-ның желтоқсандағы жастар шеруін қазақ ұлтшылдығы деп кінәлау қате деген қаулы шығарды. КСРО халық депутаттарының I съезінде ақын, қоғам қайраткері М. Шаханов желтоқсандағы орталықтың жүргізген іс-әрекетін қатты сынап, тұңғыш рет мінбеде сөз сөйледі. Бұл желтоқсан шындығын ашудағы алғашқы қадам болды.
72. Қоғамдық-саяси қозғалыстар (1985–1992 жж.)
80 жылдардың аяғына қарай демократиялық процестің жандануына байланысты Қазақ КСР-де қоғамдық ұйымдар құрыла бастады.
1989 жылы Қазақстанда алғашқы болып «Невада-Семей» экологиялық қозғалысы құрылды. Қозғалыстың мақсаты – республика жеріндегі Семей және басқа полигондарды жабу, полигон зардабын шеккен халыққа көмек көрсету. Қозғалыс төрағасы – О. Сүлейменов. Ақын, қоғам қайраткері М. Шахановтың бастамасымен Балқаш және Арал проблемалары бойынша комиетет құрылды. Комиеттің негізгі мақсаты Арал төңірегіндегі экологиялық апатқа өкімет назарын аудару болды.
1990 жылы «Азат» азаматтық қозғалысы құрылды. Басты мақсаты Қазақстанның мемлекеттік егемендігін алу болды.
1991 жылы «Азат» азаматтық қозғалысының партиясы құрылды.
Жастар өздерінің саяси қозғалысы «Алаш» париясын құрды.
1991 жылы Қазақстан социал-демократиялық партиясы құрылды.
1990 жылы ұлтаралық «Единство» қозғалысы құрылды. Қозғалысқа ғылыми-техникалық интеллигенция өкілдері кірді.
Осы кезде «Желтоқсан» партиясы құрылды. Бұл партияның құрамына 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқандар кірді.
1989 жылы «Әділет» қоғамы құрылды. Қоғамның негізгі мақсаты ұжымдастыру кезіндегі ашаршылық, сталиндік репрессия шындығын ашу болды. Бұдан басқа Қазақстанда «Азамат», «Ақиқат», «Қазақ тілі», «Мұсылмандар әйелдер лигасы» сияқты қоғамдық-саяси қозғалыстар құрылды. 1990 жылы Қазақстанда 100-ден аса қоғамдық-саяси қозғалыс болды. Алматыда ғана 40-қа жуық саяси қозғалыс жұмыс істеді. Бұл кезде Қазақстандағы көптеген қоғамдық-саяси қозғалыстар әлсіз және қалыптасу кезінде болды. «Невада-Семей», «Қазақ тілі» сияқты қоғамдық қозғалыстар біршама мықты, көптеген мүшелері мен белгілі дәрежедегі қаржылық қорлары бар ірі қозғалыстар болды.
1990 жылы Қазақстан коммунистік партиясы құрамында 800000-ға жуық мүше болды. Осы кезден бастап компартияға деген халықтың сенімсіздігі күшейді. Бұл жағдай компартия беделінің түсуіне айтарлықтай әсер етті. 1990 жылы компартия мүшелерінің 42%-ы өз еркімен партия қатарынан шықты. Осы жылы партия мүшелерінің қатары 49000-ға кеміді.
90 жылдардың басына қарай Қазақстанда бұрын патша үкіметінің қолшоқпары жазалаушы күші болған казактар ұйымы пайда болды. 1991 жылы 15 қыркүйекте Орал қаласында казактар патша үкіметіне қызмет етуінің 400 жылдығын мерекелеуге шешім қабылдады. Бұл қазақ халқының ұлттық мүддесімен санаспағандықтың дәлелі. «Азат», «Желтоқсан», «Парасат» қозғалыстары бұл әрекетке ашық түрде қарсы шықты. Жаппай қақтығысқа ұласа жаздаған бұл әрекет жоғарыда аталған қозғалыстар мен құқық қорғау органдарының араласуымен тоқтатылды.
73. Егемендік алудың кезеңдері
1989–1990 жылдары Егемендік туралы Декларацияны КСРО-ның басқа республикалары да қабылдады. Сөйтіп, 74 жыл бойы өмір сүрген Республикалар Одағы ыдырады.
1991 жылдың желтоқсанында Н. Ә. Назарбаев Қазақстандағы «1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау жөнінде» жарлық шығарды, ол бойынша қылмыстық жауапкершілікке, әкімшілік және тәртіп бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылғандар ақталды.
1991 жылғы 8 желтоқсанда Белорусь, РСФСР және Украина республикаларының басшылары Минск қаласында (Беловеж кездесуі) кездесіп, мәлімдеме қабылдады.
1991 жылдың 12 желтоқсанында Ашхабад қаласында Орта Азия республикалары мен Қазақстан басшыларының кездесуі болып өтті.
1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматыда 11 республика өкілдері қатынасқан кездесу болды. Олар тең құқықтық жағдайдағы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылғандығы жөніндегі шартқа қол қойды.
1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет республикада жалпы халықтың қатынасуымен Президент сайлауы өткізілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Н. Назарбаев Президент болып сайланды.
1991 жылғы 10 желтоқсанда Елбасының жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.
1992 жылғы қаңтарда Республиканың Мемлекеттік тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оның ішкі істер әскері құрылды.
1992 жылы 3 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына кірді.
1992 жылы 25 мамырда Достық, ынтымақтастық және өзра көмек туралы шартқа қол қойды.
1992 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасы тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күн еліміздің мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Гимні – дүниеге келген күн ретінде мәңгі есте қалады.
1992 жылы желтоқсанның ортасында қоғам мен халықтар достығын нығайтуда Алматыда Қазақстан халықтарының форумы өтті.
1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев сыртқы саяси бейбітшілік саясатын ұстануды ескере отырып, Лиссабон хаттамасына қол қою арқылы Қазақстан ядролық қарудан еркін аймақ болатындығын мәлімдеді.
1993 жылы 28 қаңтарда Республика Жоғары Кеңесі құқықтық мемлекет құрудың ірге тасы, оның мемлекеттілігінің, тәуелсіздігін қамтамасыз етудің, экономикалық, мәдени және ғылыми-техникалық прогресс жолымен алға баса беруінің кепілі болып табылатын тәуелсіз Қазақстан Конституциясын қабылдады.
1993 жылдың аяғы Қазақстанда кеңестердің жаппай өзін-өзі таратуымен ерекшеленді. Өзін-өзі тарату жайлы алғаш рет Алматыдағы Алатау аудандық кеңестері мәлімдеді. Қараша айының аяғында 100-ге жуық, оның ішінде Алматы қалалық және облыстық кеңестері өздерінің таратылғанын мәлімдеді. Желтоқсанның 8-күні Алматы қаласында Республика Жоғарғы Кеңесі XI сессиясының II кезеңі өз жұмысын бастады.
1994 жылы 7 наурызда Қазақстан Республикасындағы сайлау жөніндегі жаңа кодекске сәйкес Жоғарғы Кеңеске сайлау өтті. Бұл сайлаудың ерекшелігі сол, салыстырмалы көпшіліктің мажоритарлық жүйесі депутаттыққа кандидаттарды Президенттің ұсыну тәжірибесімен бірге қолданылды. 1995 жылғы сәуірдегі Қазақстан Республикасының Конституциялық соты «1994 жылғы 7 наурызда сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің легитимді еместігі (заңсыздығы) жөніндегі» қаулы қабылдады. Осы қаулы бойынша қызметі 1993 жылғы Конституцияға негізделген XIII шақырылымның Жоғарғы Кеңесі өзінің өкілеттігін тоқтатты.
1994 жыл 6 шілде – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кезекті жалпы отырысында Президенттің астананы Ақмолаға көшіру туралы ұсынысы мақұлданды.
1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Оған қатысқан адамдардың 90%-ы біздің мемлекетіміздің жаңа Ата заңын жақтап дауыс берді.
1997 жыл – Н. Ә. Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысы» атты кітабы жарыққа шықты. Республика Президенті Жарлығымен жалпы ұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланды. Қазақстан 60тан астам халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданған.
1998 жыл – Халық бірлігі мен ұлттық тарихы жылы деп атап өтілді. Тарих жылы тұтастай алғанда 23 ірі-ірі ғылыми форумдардың өткізілуімен ерекшеленді.
1999 жыл – Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы деп жарияланды. Осымен байланысты өткен ғасырлардан жеткен орасан зор мәдени-тарихи мұраны сақтап, оны жинақтап жаңа ғасырдың игілігіне айналдыру міндеті қойылды.
1999 жыл 10 қаңтар – Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Президенті болып қайтадан сайланды.
2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы деп жарияланды. Бұл жылы мәдениет мекемелерін дамытуға, олардың материалдық базасын нығайтуға бағытталған едәуір жұмыстар атқарылды. Мәдениетті қолдау жылының шарықтау шегі Түркістан қаласының 1500 жылдық тойын тойлаумен сабақтас келді.
2002 жыл халықтың денсаулығын сақтау және оның деңгейін көтеру мақсатында Президенттің жарлығымен Денсаулық жылы деп жарияланды. Денсаулық жылының аясында ауылдағы көптеген медициналық мекемелер ғимараттары жөндеуден өтті. 4,2 миллион ауыл тұрғындары тексеруден өткізіліп, 36 пайызға жуық науқас есепке алынды. Ауруларға қарсы адамдарды егумен қамту 97 пайызға жетті. Денсаулық жылы шеңберінде 12–18 жасқа дейінгі бір миллион 690 мың оқушыға медициналық тексеру жүргізілді. 2002 жылдың ерекшелігі жеке Денсаулық сақтау министрлігі, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және Фармация комитеті құрылды.
23 қазанда Түркістан қаласында қазақтардың Бүкілдүниежүзілік екінші құрылтайы болып өтті.
2004 жыл желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Парламент сайлауы өтті.
2005 жылғы 4 желтоқсанда ҚР Президентінің кезекті сайлауы өтті. Сайлау қорытындысы бойынша ең көп дауыс алған Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып жеті жыл мерзімге қайта сайланды.