Азақстан Тәуелсіздік жолында. «Қазақ КСР-нің Егемендігі туралы Декларация» (1990 ж.).
80-жж. ақырында Кеңес мемлекеті ыдырай бастады. Халық депутаттары бірінші съезінің өзінде-ақ және партиялық форумдарда егемендік, экономикалық, дербестік, орталық пен федерацияның мүшелері арасында өкілеттікті бөлісу, жаңа Одақтық шарттар жасасу идеялары талқылана бастады. Демократиялық қайта құрылыстардың және ұлттық сананың ояну процестерінің дамуы, уақиғалардың даму барысы партиялық және мемлекеттік басшылық тарапынан осыған сай орталық пен одақтас республикалардың қарым-қатынасын үйлестіретін шаралар қолдануды талап етті.
Жаңа шындық жағдайды есепке ала отырып , Одақты қайта құру идеясы кеңінен қолдау тапты және ол «төменнен» - автономиялық және одақтас республикалардан көтерілді. Қазақ КСР-да республиканы өзін-өзі басқару, өзін-өзі қаржыландыру концепциясы жасалды, онда Қазақстан территориясындағы табиғи байлықтар мен өндіріс құрал-жабдықтарына, оның ішінде өнеркәсіптін негізгі болып табылатын салалық кәсіпорындарына республиканың меншіктік құқы дәлелденді, республиканың егемендігін саяси және экономикалық салада нақты түрде қамтамасыз ету қажеттігі туралы батыл мәлімденді. Қоғамды жаңғыртуға бағытталғанқозғалысты Н.Ә.Назарбаев басқарды, ол әрдайым аса күрделі проблемалардың шешімін демократиялық жолмен табуға тырысады. Оңшыл және солшыл радикализмге қарама-қарсы Н.Ә.Назарбаев табанды, демократиялық реформалар жүргізу және әлеуметтік прогресс, барлық қазақстандықтардың теңдігіне негізделген ұлтаралық ынтымақты сақтау, мемлекеттік саясаттың түбегейлі принципі ретінде саяси тұрақтылықты сақтауға баса көңіл бөлу саясатын жүргізіп келеді.
Қоғамдық демократияландыруда халық депутаттары Кеңесінің заң шығару қызметі маңызды рөль атқарды. Бұл салада ол екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі (1990 ж. сәуірден) жетекші орын алды. 1990-1991 жж. қабылданған республика заңдарында әрбір адамның мұқият зерттеліп жасалған, құқықтық және әділеттік процедуралар арқылы заң жүзінде бекітілген бостандықтары мен қасиеттерін көрсетуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге көңіл бөлінді. Қалыптасқан шындық жағдайдың талаптарына сай республика заңдарын жаңарту құқықтық мемлекет құру жолындағы елеулі қадам болды. Заңдар Қазақстанның саяси және экономикалық егемендігін іс жүзінде нығайтуға, демократия жолына бүкіл саналы күштерді топтастыруға тиіс еді. Олар азаматтардың құқықтарын едәуір кеңейтті, республиканы мекендейтін барлық ұлттар адамдарының талап-тілегіне жауап беретін болды. Республика парламентінің қазақ тіліне мемлекеттік тіл дәрежесін берген «Қазақ КСР-нің тіл туралы» заңын қабылдауы уақиға болды.
Елдегі мемлекеттік өкімет билігі жүйесі мен экономиканың шұғыл күйреуі жағдайында Қазақстанда саяси және экономикалық өмірді тұрақтандыруға көмектесетін президенттік басқарудың енгізілуі заңды еді. 1990 ж 24 сәуірде республика Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-нің Президенті лауазымын белгіледі, перламент сессиясында жасырын дауыс беру нәтижесінде оған Н.Ә.Назарбаев сайланды. Президенттің Семей полигонында ядролық сынаққа тиым салу, Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен оларға теңестірілген азаматтарға әлеуметтк көмек көрсету шаралары туралы жарлықтары Қазақстанда демократиялық қайта құрылыстар жүргізудің өзіндік бір белесі болды. Республика Жоғарғы Кеңесінің төралқасы 1986 ж. 17-18 желтоқсанда Алматыда болған уақығаға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөнінде арнаулы комиссия құрды.
1990 ж. 25 қазанда республика Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Егемендік алу Қазақстанда жалпы демократиялық процестердің барысын шапшандатты, мұның өзі елдегі болып жатқан уақиғалармен тығыз байланысты еді.1991 ж. ортасында-ақ Қазақстан басқа республикалармен бірге іс жүзінде орталыққа оппозицияда болды. Қазақстанның бастамасы бойынша Белорусиямен, Украинамен, Ресеймен және басқа республикалармен бір-бірінің егемендігін, қалыптасқан шекараларды, орнатылып жатқан өзара пайдалы экономикалық байланыстарды мойындау туралы екі жақты келісімдер жасалды.1990 ж. төрт республика – Ресей, Украина, Белоруссия және Қазақстан егеменді мемлекеттер одағын құру туралы инициатива жасады, Новоогарев келісімін талдап жасау жөніндегі бірлескен жұмыс басталды.
1991 ж. тамыздағы уақиға бұл жұмысты үзіп жіберді, КСРО-ның күйреуін және бұрынғы одақтас республикалардың, оның ішінде Қазақстанның егемендік алуын шапшандатты. ҚОКП оның бір бөлігі Қазақстан Компартиясы тарихи аренадан кетті.