Леуметтанудың функциялары

Әрбір ғылымның атқаратын қызметі қоғамның күнделікті өмірімен өзара әрекеті және байланыстарының сан қырлылығын көрсетеді. Мұнда қоғамның сол ғылымның нақты танымдық немесе түрлендіруші әрекеттеріне деген сұранысы қамтылады. Әлеуметтанудың қоғам өмірімен байланысының алуан түрлілігі, қоғамдық мақсаты бірінші кезекте оның ерекше әлеуметтік ғылым ретінде атқаратын қызметімен айқындалады. Әлеуметтану әлеуметтік шынайылықты зерделей отырып, біріншіден, әлеуметтік шынайылық туралы білімді қалыптастырумен, әлеуметтік дамудың процестерін сипаттаумен, түсіндірумен және ұғынумен, әлеуметтанудың тұжырымдамалық аппаратын, әлеуметтану зерттеуінің әдістемесі мен әдістерін жасаумен байланысты ғылыми проблемаларды шешеді. Екіншіден, әлеуметтік шынайылықты түрлендірумен, әлеуметтік процестерге жоспарлы түрде, мақсат көздей отырып, ықпал етудің жолдары мен құралдарын талдаумен байланысты проблемаларды зерделейді. Осы екі қырын ескере отырып, неғұрлым маңызды міндет ретінде танымдық (дескриптивтік және диагностикалық міндеттер) және тәжірибелік (болжамдық, әлеуметтік жобалау мен құрастыру және басқару) міндеттерін бөліп қарауға болады.

Танымдық функция, ең алдымен, әлеуметтік даму заңдылықтарын зерттеумен, әр түрлі әлеуметтік құбылыстар мен процестердің өзгеру үрдістерімен байланысты.

Теориялық-танымдық функцияны жүзеге асыру әлеуметтануға қоғамның мәні, оның құрылымы, заңдылықтары, негізгі бағыттары мен үрдістері, жолдары, оның қызмет атқаруының және дамуының нысандары мен тетіктері туралы білімді кеңейтуге және нақтылауға мүмкіндік береді. Ғылыми әлеуметтану білімі теориялық әлеуметтанудың ішкі жетілуінің негізінде де, танымның объектісі - әлеуметтік шынайылықтың қарқынды дамуының нәтижесінде де байиды. Әлеуметтанудың танымдық функциясы барлық деңгейде жүзеге асырылады. Адамзат қоғамының әлеуметтік дамуының заңдылықтары мен келешегін ашып көрсететін арнайы әлеуметтану теорияларының маңызы ерекше. Әлеуметтану теориялары қазіргі заманғы күрделі проблемаларға ғылыми жауаптар береді, дүниені әлеуметтік түрлендірудің шынайы жолдары мен әдістерін көрсетеді.

Әлеуметтік теориялармен тығыз байланыста дамитын эмпирикалық әлеуметтік зерттеулер де әлеуметтік дамудың заңдылықтарын ғылыми танып-білуге белсене ат салысады. Олар қоғам өмірінің жекелеген салаларының жаңа фактілері мен өзгеру үрдістерін айқындау жолымен әлеуметтік шынайылық туралы жаңа эмпирикалық мәліметтердің өсуін қамтамасыз етеді, ол тұтас әлеуметтік дамуды түсінуге және түсіндіруге қажетті алғышарт болады. Бұл рөлді қоғамдық өмірдің нақты құбылыстары мен процестері туралы орасан ақпараттарды тұжырымдайтын зерттеулер атқарады. Жаңа ілімдердің өсуі де ірі ауқымдағы өзгерістер мен заңдылықтарды зерделеумен байланысты емес тар өрісті эмпирикалық зерттеулер барысындағы объективті әлеуметтік ақпарат есебінен жүзеге асады. Әдетте бұл ақпарат объективті және субъективті көрсеткіштермен баяндалады. Алғашқысы статистика мәліметтерін толықтырады және нақтылайды, ал екіншісі әр түрлі әлеуметтік топтардың емеуріндері, қызметінің себептері, мақсаттары туралы ақпаратты білдіреді. Мұндай зерттеулердің танымдық маңызы қоғамдық өмірдегі адам факторының рөлін ашып көрсететіндігінде, бұқаралық әлеуметтік процестердің субъективті жақтарына назар аударуында. Бұл осы салада дамудың объективті үрдістерінің бірдей болмайтындығының және олардың әр түрлі әлеуметтік топтардың санасындағы субъективті бейнеленуінің нәтижесін білдіретін әлеуметтік проблеманың бар екендігін белгілеуге мүмкіндік береді.

Сөйтіп, әлеуметтік процесс субъект туралы іргелі білімдерге сүйене отырып әлеуметтік құбылыстың нақты ахуалының табиғаты, оның түрленуі және сол құбылыстың дамуының шынайы нәтижелері туралы білім жинақтайды. Яғни, бұл жағдайда танымдық функция дескриптивтік (сипаттаушылық) және диагностикалық рөлдерін қоса атқарады.

Тәжірибелік функцияәлеуметтанудың әр түрлі әлеуметтік процестерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі тәжірибелік ұсынымдар мен ұсыныстар жасауға ат салысуымен айқындалады.

Әлеуметтанудың тәжірибелік функциясы оның танымдық функциясымен тығыз байланысты. Әлеуметтанулық зерттеулер қоғамның түрлі салаларының даму заңдылықтарын ашып көрсете отырып, әлеуметтік процестерге пәрменді әлеуметтік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті нақты ақпарат береді. Әлеуметтанудың тәжірибелік функциялары ең алдымен қоғамның болашақ дамуына қатысты ғылыми негізделген болжамдар ұсынатындығынан көрініс табады. Әлеуметтану шынайылықтың сапасы мен мәні, сондай-ақ осы шынайылықтың қызмет атқаруы мен даму заңдарын білу негізінде қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болжам жасай алады. Әлеуметтік құбылыстар туралы сөз болғанда болжам жасаудың маңызы зор, өйткені ол белгілі бір өзгерістердің қажеттігін ғана емес, сол өзгерістерді жүзеге асырудың мүмкіндіктерін де көрсетіп береді. Әлеуметтану бұл жағдайда бір жағынан зерделенетін қоғам дамуының жалпы негіздерін, оның жалпы келешегін білуге, екінші жағынан жеке әлеуметтік субъектінің нақты мүмкіндіктерін білуге сүйенеді.

Әлеуметтанудың болжамдық функциясы қоғамның әрбір әлеуметтік бөлімшесінің ғылыми негізделген даму келешегін саналы түрде жүзеге асыру шарттарын жасауға деген сұранысының көрінісі болып табылады. Әлеуметтік болжам адамдардың санасы мен олардың қызметіне болжамның кері әсерін ескеруге тиіс, ол оның “өз-өзінен жүзеге асуына” (немесе “өз-өзінен күйреуіне”) әкеп соғуы мүмкін. Болжаудың бұл ерекшелігі ғылыми болжамды басқарушы ықпалдарды, сондай-ақ олардың сапалық өзгерістерін ескере отырып, процестердің ықтимал нысандары мен көріністерін, жүзеге асырылу қарқынын сипаттайтын дамудың нұсқалары, баламалары түрінде жасауды талап етеді. Болжам жасау әлеуметтік жобалау мен құрастыруды жүзеге асыруға арналған база болып табылады.

Әлеуметтік жобалау - болашақ объектінің өлшем жүйесін немесе бар объектінің сапалық жаңа күйін ғылыми негіздеп құрастыру. Әлеуметтік жобалау жаңа әлеуметтік проблемаларды шешудің әр түрлі нұсқалары жасалынған кезде мақсатты көздей отырып, қызмет етудің құрамдас бөліктерінің бірі ретінде пайдаланылады және басқарудың маңызды элементі ретіндегі нысаны болады. Әлеуметтанудың басқару функциясы - нақты қоғамдық проблемаларды шешу жөнінде ұсыныстар жасау.

Сонымен, әлеуметтанудың қолданбалы функциясы оның әлеуметтік өмірдің: тұтас қоғам мен шағын фирмалар және отбасына дейінгі тәжірибелік проблемалары мен міндеттерін шешуге атсалысуын білдіреді. Бұған қолданбалы оқу пәндері арнайы бағытталған, бірақ бұл процеске әлеуметтану білімінің басқа да деңгейлері мен қабаттары жұмылдырылған. Мұндай атсалысудың бірнеше нысандары бар: қолданбалы зерттеу; әлеуметтану сараптамасы; әлеуметтанулық кеңес беру; стратегиялық әлеуметтанулық талдау. Сонымен қатар әлеуметтану оқулықтары, кітаптары, мақалалары, баяндамалары, дәрістері оған қызығушылық танытатын кез келген азамат үшін қажет. Ол халықтың әлеуметтану сауаттылығына, азаматтық мәдениетін көтеруге мүмкіндік туғызады.

Әлеуметтанудың қоғамдық дамуға ықпалы кең және сан қырлы. Қазіргі жағдайда әлеуметтану ғылымының рөлі мен маңызы артып келеді. Маңызды және шұғыл әлеуметтік-саяси өзгерістер бүгінгі таңда көптеген елдерде, соның ішінде біздің елімізде жүріп жатыр. Қоғамды реформалау жағдайында тұтас организм ретіндегі қоғамның дамуы мен қызмет атқаруының үрдістері мен заңдылықтарын мұқият зерделеу және пайдалану ерекше өзекті, теориялық және тәжірибелік тұрғыдан маңызды, бұл ең алдымен әлеуметтанумен байланысты. Біздің қоғамның және өзге қоғамдардың дамуының қазіргі кезеңі қоғамдық өмірдің әлеуметтік факторлары мен әлеуметтік саласының рөлі мен маңызы арта түскенінің бұлтартпас дәлелі. Әлеуметтік факторлар мен реформалардың әлеуметтік салдарларының рөлі мен маңызын елемеудің немесе байыпты түрде жете бағаламаудың жалпы қоғамдағы және оның жекелеген салаларындағы реформалардың сәтті жүруіне нақты қатер төндіретінін өмір айқын дәлелдеп отыр. Қоғамдық өмірдің өзі, оның түрленуі әлеуметтанудың алдына жаңа әлеуметтік проблемалар мен міндеттер қояды, ескі проблемаларды жаңаша ұсынады және сол арқылы осы ғылымның дамуын шындап ынталандырады. Әлеуметтанулық зерттеулер мен әлеуметтану ғылымының жетістіктері айқын және ол қоғамның дамуына игі ықпал жасай алады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Социология. Основы общей теории: Учебное пособие / Под ред. Г.В.Осипова, Л.Н.Москвичева. - М.: «Аспект-Пресс», 1998.

2. Ядов В.А. Социологическое исследование: методология, программа, методы.- Самара: Изд-во «Самарский университет», 1995. – С. 6.

3. Ядов В.А. Социологическое исследование: методология, программа, методы.- Самара, Изд-во «Самарский университет», 1995. – С. 6.

4. Цит. по: Маркович Д. Общая социология: Учебник для вузов. – Ростов-на-Дону: Изд-во Ростовского университета, 1993. – С. 36

5. Социология: Учебное пособие. – М.: Изд-во «Знание», 1995. – С. 7.

6. Ядов В.А. Социологическое исследование: методология, программа, методы.- Самара. Изд-во «Самарский университет», 1995. С. 19-20.

7. Фролов С.С. Социология: Учебник для высших учебных заведений. – М.: Издательская корпорация «Логос», 1998. - С.23.

8. Волков Ю.Г., Нечипуренко В.Н., Попов А.В., Самыгин С.И. Социология. Курс лекций: Учебное пособие. – Ростов-на-Дону, 1999. – С.12.

9. Кравченко А.И. Социология: Учебное пособие для студентов высших заведений. – Екатеринбург: Деловая книга, 1998. – С.22.

10. Тощенко Ж.Т. Социология жизни как концепция исследования социальной реальности // Социологические исследования. – 2000. – №2. – С. 12.

11. Ядов В.А. Социологическое исследование: методология, программа, методы.- Самара: Изд-во «Самарский университет», 1995.- С.14.

12. Социология. Основы общей теории: Учебное пособие / Под ред. Г.В.Осипова, Л.Н.Москвичева. - М.: «Аспект-Пресс», 1998. – С. 85-95.

13. Маркович Д. Общая социология: Учебник для вузов. - Ростов-на-Дону: Издательство Ростовского университета, 1993. – С. 46-47.

14. Фролов С.С. Социология: Учебник для высших учебных заведений. – М.: Издательская корпорация «Логос», 1998. - С. 41

15. Социология: Учебное пособие. – М.: Знание, 1995. – С.272.

Наши рекомендации