Азақстан – Тәуелсіз ел!

Шығарма

Егемен еліміздің тәуелсіздігі – ата – бабамыздың асқақ арманынан туындаған, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген ұлы жеңіс. Ежелден еркіндік аңсаған азат халқымыз тәуелсіздігінің жиырма төрт жылын тойламақ. Тәуелсіздік атты қасиетті ұғымның тереңіне үңілсек, ата – бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы мен мұратын, азаттық жолында құрбан болған талай боздақтың ұрпаққа қалдырған аманатын жүрегімізбен бойлаймыз.

Бір мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылдың он алтыншы желтоқсанында Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялады. Қазақ халқы үшін ақ түйенің қарны жарылған мерейлі күннен бері жиырма жылдан аса уақыт өтті. Тарих үшін жиырма жыл көп емес. Ал біздің жас мемлекетіміз үшін бұл жылдар елімізді нығайтуға бағытталған үлкен істерге толы болды. Осы аз уақыт ішінде дүние жүзі Қазақстан елінің тәуелсіздігін мойындады. Еліміз әлемдік қауымдастыққа, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданды. Әр азаматын жігерлендіретін Гимніміз, мақтаныш сезім ұялататын Елтаңбамыз, ерлікке жетелейтін Туымыз, экономикалық дербестігімізді танытатын төл теңгеміз бар. Әлем картасындағы «Қазақстан Республикасы» деген атау еліміздің әр азаматының төл құжаты іспеттес. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде дүние жүзіндегі барлық елдерге түгел дерлік танылды. Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, салт – дәстүрдің, ұлттық сананың тірегі. Тәуелсіздік – орындалған арман.

Қазақ халқы ежелден – ақ үш нәрсені қасиет тұтып өтіпті. Соның бірі Отан мен туған жер екен. Қазақтың біртуар ақыны Қасым Аманжолов:

Бұл даланы анам жаспен суарған,

Яндекс.Директ

Объявление скрыто.

СкрытьНе интересуюсьНадоелоСпамМешает

Бұл далада атам қолға ту алған.

Бұл далада жылап келіп, уанғам,

Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,

Бұл далада өскен жанда жоқ арман

– деп, Отанға деген жүрек тебірінісін жырға қосып жеткізген. Ақын жырлағандай, менің қасиетті Отаным – Қазақстан Республикасы.

Қазақ халқының қат – қабат тарихының басты мазмұны – азаттық үшін күрес. Елдік пен бостандық үшін күресінің байырғы скиф, ғұн, оғыз, сақ, үйсін, қаңлы, қыпшақ замандарынан кешегі шерлі желтоқсанға дейін сан ғасырлық шежіресі бар. Ата – бабаларымыз өзінің жанқиярлық пен табандылық күресінің арқасында бірлік – берекесін сақтап қана қоймай, он бесінші ғасырда Қазақ хандығын құруға дәнекер болды. Тамыры тереңде жатқан, ұлан – ғайыр жерімізге көз алартып, сұқтанғандардан ата – бабаларымыз сол жерді қорғап, ұрпақтарына қалдыру үшін бүкіл ғұмырын сарп етті. Ата қоныс үшін, азаттық үшін небір сұрапыл шайқастар өтті. Дербестік үшін күрескен талай боздақтардың жаны қыршыннан қиылды…

Атамекеніміз бізге ата–бабаларымыздан қалған аманат!

Міне, бүгінде біз болашаққа деген жарқын сеніммен алға қарай нық қадам басып келеміз. Егемендіктің ашық аспаны астында алшаңдай басып, жиырма үш жылды артқа тастадық. Бізді бұл бақытқа жеткізген ата – бабаларымыздың, аяулы арыстарымыздың еркіндік үшін күресте төгілген қаны, солардың жанқиярлық ерлігі!

Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым өмірге, қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім

– деп Жұбан ақын жырлағандай, біз мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымыз! Ежелден аңсаған еркіндіктің туы жоғары, елдігі берік болсын!

Тәуелсіздік - ел бақыты

Д.Тасыбаев,

Байзақ аудандық сотының төрағасы.

Халқымызға ғасырлар бойы арман болған Тәуелсіздік жарияланған күн біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Азаттық аңсаған елдің түпкі мақсатының орындалып, бүгінгі Қазақстан Республикасы өз мемлекеттілігін бұдан 22 жыл бұрын жариялаған болатын. Бұл мереке күнтізбеде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңының 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылдануына байланысты тұрақты түрде аталып өтіледі.

Бізді бұл күнге дейін жеткізген ұмытылмас оқиғалар – елді қорғау жолындағы соғыстар, ұлт-азаттық көтерілістер, халқымыздың қандай да ауыртпалықты көтере білген, жасымайтын асқақ жігерлі рухы, қайтпайтын табандылығы-өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталуға тиіс. Бұл еркіндік сүйгіш, патриоттық дәстүр 16 желтоқсан оқиғаларына дейін жалғасты. Осылайша Тәуелсіздік күнінің оңайлықпен келмегенін білеміз. Елбасымыз өткен дәуірдегі қаһармандық оқиғалардың тізбегін «Ұлы далада бірінен соң бірі толас таппай жүріп жатқан 200-ге тарта көтерілістер эстафетасы, біздің бүгінгі Тәуелсіздігіміздің бастау көздері» деп бағалаған болатын.

Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға бар өмірін сарп еткен хан-сұлтандары мен батырларын халқымыз тарихқа өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар ретінде ардақтап, олардың өлмес рухын ұлт мақтанышы ретінде күні бүгінге дейін жеткізді. Бұл қасиетті шежіре – бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына жастайынан сіңірілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу – бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы болып табылады.

Тәуелсіздігімізді жарияланғаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі, яғни барша жеңісіміз еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр. Еліміздің Тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды. Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін мереке күні алға тағы да берік сеніммен қарап, болашақтың бейбіт өмірі үшін іс-әрекетті жалғастыруымыз керек.

Қоғамдық өмір сабақтары мен Отанымыздың мүддесі қазіргі таңда патриоттық дәстүрге сай жаңа талаптарды қойып отыр. Ата-бабаларымыздың алдында Тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр. Сол мақсатты орындау жолында аянбай күш-жігер жұмсау, басты борыш екенін естен шығармайық дегім келеді.

Наши рекомендации