Азақстан Республикасындағы кәсіпкерліктің дамуы.
Кәсіпкерлік дегеніміз – белгілі бір істі істей білу. Іс істеу – адамның белсенділігі және іскерлігі. Белсенділік, және іскерлік адамдардың еркін өмір сүру түрі.
Кәсіпкерлік – ежелден келе жатқан адамдардың іскерлік белсенділігі, қабілеті. Ал оның дамуы орта ғасырдан басталады: көпестер, саудагерлер, қол өнері қызметкерлері. Кәсіпкерліктің алғашқы дамуында кәсіпкер құрал жабдықтарға иелік ете отырып, өздері сол кәсіпорында қолдап жұмыс істеген. Бұл тауарлы өндірістің бастапқы жабайы түрі.
Кәсіпкерліктің тамыры ғасырлар тереңіне бойлаған. Дегенмен, нарықтың қажетті атрибуты ретінде ол капитализмнің даму сатысында қалыптасты.
А.Смит кәсіпкерді жекеменшік иесі ретінде, өзінің коммерциялық идеяларын іске асырушы және пайда алушы ретінде сипаттаған.
Қазақстан заңдарында: «кәсіпкерлік - азаматтар мен бірлестіктердің дербес, бастамалық іс-әрекеті», - деп түсіндіріледі және ол пайда түсіруге бағытталып, өзінің мүліктік жауапкершілігінің тәуекелге баруына негізделген.
Кез келген шаруашылық қызметін кәсіпкерлік деуге болмайды, ол тек тәуекелге, бастамашылыққа, кәсіпкерлік ойға, дербестікке, жауапкершілікке, белсенді ізденіске байланысты ғана саналады. Осылардың бәрі бірдей кәсіпкерліктің белгілері боп есептеледі.
Кәсіпкерлікте субъектілер және объектілер бар.
Кәсіпкерліктің субъектілеріне жеке тұлғалар, әр түрлі ассоциялар (акционерлік қоғам, жалдық ұжым, кооперативтер) және мемлекет кіреді.
Кәсіпкерліктің объектілері болып кез-келген шаруашылық іс-әрекеттің түрлері, коммерциялық делдалдық, сауда-саттық, инновациялық, кеңес беруші әрекеттер, құнды қағаздармен жұмыс істеу саналады.
Қызметтің мазмұнына қарай кәсіпкерліктің түрлері ажыратылады.
Өндірістік кәсіпкерлік - бұл тауар және қызметтер, ақпарат, рухани байлық өндірумен байланысты. Өндірістік қызмет бұл жерде негізгісі.
Коммерциялық кәсіпкерлік - өндіріспен байланысы жоқ тек операциялар мен өзара келісім арқылы тауарлар мен қызметтерді қайта сатуға негізделген. Кәсіпкердің пайдасы тауарды сатып алу бағасынан артық бағаға сату арқылы құралады. Егер де бұл операциялар заң жүзінде істелген болса, онда ол спекулятивтік болып саналмайды.
Қаржылық кәсіпкерлік – коммерциялық кәсіпкерліктің бір түрі. Сауда-саттық объектісі болып бұл жерде ақша, валюта, құнды қағаздар есептеледі.
Делдалдық кәсіпкерлік - екі жақтың өзара келісімге ынтасын біріктіретін іс-әрекеттен тұрады. Мұндай қызмет көрсеткені үшін кәсіпкер пайда алады.
Сақтандырушы кәсіпкерлік – бұл қаржылық кәсіпкерліктің ерекше түрі, оның мәні мынада: кәсіпкер алатын сақтандыру жарнасы тек сақтандырылған жағдайдан соң ғана қайтып оралады. Жарнаның қалған бөлігі кәсіпкерлік пайдасын құрайды.
Көріп отырғанымыздай, кәсіпкерліктің барлық түрі пайда түсіруге бағытталған. Бірақ бұл үшін шектеулі ресурстарды қисындастыра білу қажет.
Ресурстардың (қорлар) әртүрлі қисындарын таба білу, жүргізу - кәсіпкер қызметінің негізгі бөлігі.
Олар Шумпетердің ойынша, бес бағытты қамтиды:
1. Жаңа игілікті дайындау немесе ескі игіліктің жаңа сапасын жасау.
2. Өндірістің жаңа әдісін кіргізу.
3. Жаңа сатып өткізу нарығын игеру.
4. Шикізат пен жартылай фабрикаттардың жаңа көзін табу.
5. Өндіріске қажетті қайта құруды жүргізу.
Уақыттың әрбір жаңа кезеңінде жаңа қисындар (комбинациялар) табылуы мүмкін.
Кәсіпкерліктің бұл сапасын Ж.Б.Сей аңғарып да, А.Смит берген анықтаманы толықтырған. Оның ойынша кәсіпкер - өндірістің факторларын қисындастыратын экономикалық агент.
Кәсіпкерлік қызмет меншіктің бір формасымен ғана байланыста болмайды: жеке, коллективті не қоғамдық. Оның әртүрлі варианты мен үйлестірулері бар. Бұдан туатын ой – кәсіпкерлікпен айналысу үшін, қолданылатын капиталдың толық меншік иесі болып керегі жоқ, қарыздыққ, не бөтен капиталды пайдалануға болады. Дегенмен қарыз капиталды белгілі бір пайда мөлшерімен қайтару қажет. Сондықтан оны пайдалану кезінде кәсіпкердің экономикалық тәуекел деңгейі артады.
Тәуекелге бару - кәсіпкерліктің негізгі белгілерінің бірі.
Тәуекел – бұл жоспар мен болжамда айтылғанмен салыстырғандағы шығындалу мүмкіндігі немесе пайданы толық ала алмауы.
Тәуекелдің бірнеше түрі бар: өндірістік, коммерциялық, қаржылық, несиелік және пайыздық.
Тәуекелдің мүмкін деңгейі осы қызметке қатысатын адам санына кері пропорционалды деген ой бар. Дегенмен, тәуекел сақтандырушы кәсіпкерлікпен айналысушы мекемелерде сақтандырылады.
Тәуекелді әртүрлі әдіспен өлшеуге болады:
1. Статистикалық өлшеу - бұрынғы шығындардың статистикасын зерттеп, болашаққа болжам жасайды;
2. Эксперттік - мамандар мен тәжірибелі бизнесмендердің кеңестерін ескереді;
3. Есептік-аналитикалық, математикалық тәсілдерді қолданады.
Кәсіпкерлік жаңашылдықсыз мүмкін емес. Осыған байланысты кәсіпкерлік мінез-құлықтың екі моделін ажыратады: классикалық және инновациялық.
Біріншісінде бизнесмен өзінің қызметін қолында бар ресурстардан (қорлардан) максималды түрде пайда алуға ұмтылады.
Екіншісі - қолда бар ғана емес, басқа да сыртқы ресурстарды қатыстыруға ұмтылу. Өзінің және сыртқы қорларды пайдалана отырып кәсіпкер өз бизнесін дамытудың ең оңтайлы жолын қарастырады.
Кәсіпкерліктің әр түрлі формалары болады. Оларды топтастыру негізі екі белгіден тұрады: меншік формасы және фирманың көлемі.
Меншіктің формасына байланысты кәсіпкерлік мемлекеттік және жеке болып бөлінеді. Ұлттық экономикада бұл екі сектордың салмақ үлесі үнемі қозғалыста: меншікті мемлекеттендіргенде мемлекеттік кәсіпкерліктің шегі кеңейеді, жекешелендіру оны кішірейтеді.
Мемлекеттік кәсіпкерлік көбіне капиталды көп керек етеді әрітұрақты, өйткені үкімет тарапынан қаржылық және ұйымдастырушылық көмекке ие.
Сонда да жеке сектордың мемлекеттік сектордан бірнеше артықшылығы бар:
- пайдалы қызмет саласын таңдауда еркіндікте;
- бизнес көлемінде шектеусіз;
- тұрақты бағамен шектелмеген.
Кәсіпкерліктің үш түрін ажыратады:
- жеке тұлғалық немесе жеке;
- серіктестік немесе жолдастық;
- корпорация (акционерлік қоғам).
Жеке тұлғалық кәсіпкерлік деп иесі бір-ақ адам болатын бизнесті айтады. Ол шексіз мүліктік жауапкершілікте бірақ оның капиталы аз, жекетұлғалық кәсіпкерліктің кемшілігі де осында.
Оның артықшылықтары: әрбір жекеменшік иесі бүкіл пайдаға ие, ол өз бетінше кез келген өзгерісті енгізеді. Ол тек кіріс салығын төлейді де корпорация үшін белгіленген салықтан босатылған.
Бұл - ұсақ дүкен, қызметтер саласы кәсіпорындары, заңгер, дәрігерлердің кәсіпқой қызметтерін қамтитын, кең тараған бизнес формасы.
Серіктестік не жолдастық деп екі не одан да көп иесі бар бизнесті айтады. Бұл да кіріс салығымен қамтылады. Серіктестіктің артықшылығы оны тез арада ұйымдастырып, қосымша күшпен, қаражатпен жаңа идея тартуға болады. Кемшіліктеріне дами бастаған іске қаржының тапшылығы, қосымша капитал тартудың қиындығы, фирманың мақсаттарын әрқилы түсіну, табыс пен шығындағы әркімнің үлесін бөлу қиындығы т.б. жатады. Серіктестік формада брокерлік кеңсе, аудиторлық фирма, қызметтер саласы, т.с.с. ұйымдастырылады.
Корпорация деп бірлесіп кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін біріккен адамдар жиынтығын айтады. Корпорацияның меншіктік құқықтары акцияларға бөлінген, оның иелері акция ұстаушылар деп аталады, ал корпорацияның өзі - акционерлік қоғам боп саналады. Корпорацияның табысына корпорация салығы салынады. Қазақстанда кәсіпкерліктің осы формасы кең дамыған.
Корпорация жетістіктеріне мыналар жатады:
- акциялар мен облигацияларды сату арқылы ақша капиталын шексіз түрде тарту;
- басқару функцияларын атқару үшін кәсіпқой мамандарды шақыру;
- корпорация дамуы тұрақты, өйткені бұл қоғамнан біреулердің (акционер) шығуы фирманың жабылуына әсер етпейді.
Бизнесті ұйымдастырудың корпоративтік формасының кемшіліктеріне мыналар жатады:
- корпорацияның акция ұстаушыларына дивиденд ретінде төленетін табысқа екі есе салық салынады: бірінші рет корпорацияның табысының бір бөлігі ретінде, екінші рет акция иесінің жеке табысына. Кіші-гірім корпорация иелеріне мұндай 2 рет салық салу аса ауыр. Сондықтан АҚШ-та заң мұндай фирмаларға S - (Small susiness corporation) корпорация статусын береді, оның мәні корпорация табысы оның иелерінің жеке табысы боп есептеліп, кіріс салығы ғана салынады;
- экономикалық заңсыздықтарға кең мүмкіндіктер бар. Тіпті ешқандай нақты құны болмаса да, акцияларды шығару және сату мүмкіндігі;
- меншік және бақылау функцияларының бөлінуі. Акциялары әртүрлі иелерге тарап кеткен корпорацияларда бұл жағдай жиі кездеседі. Акция иелері максималды дивиденд алғысы келсе, менеджерлер ақшаны айналымға жіберу үшін оны кемітіп бағады.
Қалған кемшіліктер жетістіктердің сыртында көрінбей қалады.
Кәсіпкерліктің көлем белгісіне қарай шағын, орта және ірі бизнестер болып ажыратылады.
Қазіргі Батыс экономикасында шағын бизнес шаруашылықтың ең ірі секторын құрайды, оларда жұмыс істеушілердің жартысынан астамы қамтылған. Шағын бизнестің ең көп тараған үлгісі - франчайзинг жүйесі (franchise – жеңілдік) және венчурлық (venture – тәуекелдік) кәсіпкерліктер.
Франчайзинг – бұлар ірі фирмалардың фабрикалық маркасын пайдаланып, өз іс-әрекетін белгілі аймақта, белгілі салада жүргізу үшін контрактға отырушы ұсақ жеке фирмалар жүйесі. Олардың төмен бағамен сатып алуға, тауарды жеткізуге көмек, несие алуға, қондырғылар алуға жеңілдіктері бар. Мұндай фирмалар ірі компаниялардың өнімін бөлшек саудалаушысы болып келеді. Бұл контракт-келісімдер екі жаққа дай пайдалы: ұсақ фирмалар көмек, несие алса, ірілері ақшаларын үнемдейді және өз көмекшілерінен үнемі төлем алады.
Венчурлық фирма - ғылыми зерттеулер жүргізіп, оларды одан әрі дамытушы және аяқтаушы коммерциялық ұйым. Олар бизнесті жаңа жолға қоюмен жасайды, сондықтан егер жаңа өнім нарық сұранысына жауап бермей жатса, тұтынушының көңілінен шықпаса «жанып та» кетуі мүмкін. Мұның өзі оларға бұл шаруаны қысқа мерзімде жүзеге асыруға итермелейді. Венчурлық кәсіпкерліктің отаны болып АҚШ саналады (екінші дүниежүзілік соғыстан бастап). Қазіргі уақытта олар Қазақстанда да ұйымдастырыла бастады.
Орта бизнестің ролі төменірек. Ол ірі фирмамен де, кіші кәсіпкерлікпен де бәсекелес болғандықтан не ірі фирмаға айналып кетеді, не біржола жоғалып та кету қаупі бар. Тек жекелеген монополист фирмалар ғана (инвалид коляскасын жасаушы, қол сағаттарын жөндеуші, т.с.с. ерекше өнім шығаруға бейімделген) өз орнына ие.
Ірі бизнес өзінің аса беріктігімен анықталады. Оның нарықтағы монополистік жағдайы оған әрі көп, әрі арзан қалың тұтынушыға арналған өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Әр елде өзіндік бизнесті ұйымдастыру құрылымдары бар. Заңдарға байланысты барлық ұйымдар (заңдық тұлға) коммерциялық және коммерциялық емес болып бөлінеді.
Коммерциялықтардың негізгі мақсаты - пайда түсіру. Коммерциялық еместер мұндай мақсатты ұстанбайды.
Коммерциялық фирмалар шаруашылық серіктестік, өндірістік кооператив, мемлекеттік, муниципалдық кәсіпорындар ретінде құрылады.
Шаруашылық серіктестер, өз кезегінде мына формада: толық серіктестік, сенім серіктестігі (коммандиттік), жауапкершілігі шектеулі қоғамдастық, қосымша жауапкершілікті қоғамдастық, ашық не жабық акционерлік қоғам, еншілес не тәуелді т.б. кездеседі.
Коммерциялық емес фирмалар тұтыну кооперативі, қоғамдық не діни ұйымдар, қайырымдылық фондылары болып құрылады.
Кәсіпкерлік қабілеттілік – адамдардың ерекше таланттылығы. Оны түсіну үшін кәсіпкердің төрт функциясын түсіну керек.
1. Кәсіпкер барлық ресурстарды: жер, капитал және еңбекті өнім өндіру процесіне қосу ынтасын өз жауапкершілігіне алады, яғни өндірістің қозғаушы күші, себебі істеген ісі пайда беретініне сенеді.
2. Кәсіпкер өндіріс процесінде барлық негізгі шешімдерді өз қолына алады және фирманың (кәсіпорынынның) іс бағытынайқындайды.
3. Кәсіпкер – бұл жаңашыл, коммерциялық негізде жаңа тауар өндіруді, жаңа технологияны енгізу, бизнесті ұйымдастырудың жаңа формаларын енгізуге аянбай жұмыс істейтін кісі.
4. Кәсіпкер – бұл тәуекелге баратын кісі. Тәуекелге бару үшін істелетін істің егжей –тегжейін айқын талдап, қортындысында не болатынын білген жөн (капитализм совет өкіметі емес, ешкім әншейін көмек көрсетпейді). Кәсіпкер тек қана өз уақыты, еңбегін, іс қабілеттілігін тәуекелге салмайды, сонымен бірге өндіріске кеткен өзінің және өзінің серіктестерінің немесе акционерлердің қаржыларын тәуекелге салады.