Солтүстік қазақ мериносы.

Қазақстанның солтүстігінде, солтүстік-шығысында, сондай-ақ Ресейдің Сібір жерінде меринос қой өсіруді көксеген кәсіпкер – помещиктер ертеде де болған. Меринос қойын Шығыс Сібірге әкеліп өсірмекші болған адамдар-декабристер еді. Олар білімді, сол кездегі прогресшіл жандар болғанымен, декабристердің бұл тәжірибесі сәтсіздікке ұшырады. Ағайынды М.А. және Н.А. Бестужевтер сәтсіздіктің себебін қойдың әлжуаздығынан және жергілікті халықтың меринос қойын өсіргісі келмегендігінен деп түсінді. Олар: «Біз 500 меринос қойын сатып алдық, өйткені бізге бөлінген шабындық жерден, оның ішінде 500 ондығын сату үшін артық пішен жинамақшы болдық. Алайда бұл ісіміз жеміссіз болды. Меринос жүнін тіпті қарапайым жергілікті қойдың жүніндегі бағамен де сатып алмады. Жергілікті халық қарапайым қойын “бүлдірмес” үшін мериностың төлін сатып та алмады, өйткені меринос қойы боярлар секілді, оларға жыл бойы үнемі азық беру керек болатын»,–деп жазды.

1902 жылдан бастап Қазақстанның Ертіс бойына әкелінген мериностар да осындай жағдайға ұшыраған сияқты. Статист –экономист Ф. И. Пермин 1904 жылы мұнда 5500 меринос болды деп көрсетті. Онан әрі оларды жаңа жағдайда өсіруге кездескен қиыншылыққа байланысты өсу орнына керісінше жылдам кеми берді.

Жаңа жерде меринос қойының жоғарыда көрсеткендей өсіп өрістемеуінің негізгі себебі – мемлекет тарапынан бұл жұмыс қамқорлыққа алынбады, ғылыми негізде мамандық жетілдіру, жерсіндіру жұмыстары жүргізілмеді, ең бастысы –әкелінген мал жаңа жерге жерсінбей, үйрене алмады. Әкелінген меринос қойлардың туып– өскен жері Солтүстік Кавказда, қысы жұмсақ, небәрі 3-4 айға ғана созылады, ал Ертіс бойында қыс 6-ай және суық, ал жазы өте ыстық, құрғақ, не бәрі 200-240 мм ғана ылғал түседі. Мазай мериносы өз отанында әлжуаз, сүйегі жеңіл, самарқау қозғалатын, азық пен күтімді қалайтын қой. Осындай мал қатаң табиғат жағдайына түскенде жаңа жағдайға үйрене алмай, жағдай алмай ауырып, өнімділігі төмендеп, тіпті өле бастады. Жүнінің шайырлығынан суықта қатып қалып, ауруға душар етті.

Кеңес үкіметі орнаған жылдары помещиктердің ірі қой шаруашылығы мемлекет меншігіне алынып, қойы жаңадан құрылған “Шұңқырсу” (қазіргі Бесқарағай) “Шөптікөл”, “Жайыр”, “Кенжекөл” кеншарларына берілді.

Семейде “Овцезавод” атты бүкілодақтық акционерлік қоғамның бөлімшесі құрылып, оған уездегі бүкіл қой кеңшарлары берілуіне байланысты 1927 жылдан бастап, бұрынғы Павлодар уезінде меринос қойын өсіру жедел дамытыла бастады. Едәуір қаражатқа ие болған бұл қоғам қолда бар кеншарларды кеңейте отырып, жаңарған кеншарлар да ұйымдастырылды. Олар 1927 жылы шет елдерден “Кенжекөл” кеңшарына Рамбулье тұқымының 200 саулығы мен 8 қошқарын әкелді. Бұл жергілікті жердегі мазай мен жаңа кавказ типтегі мериностарды жақсарту үшін жасалған алғашқы қадам еді. 1932 жылы “Шұңқырсу” кеңшары негізінде “Бесқарағай” асыл тұқымды мал кеңшары ұйымдастырылып, оған “Шөптікөл”, “Кенжекөл” т.б. кеңшарлардың таңдаулы мериностарын жинады. Мұнда тұқымдық қасиеті жағынан ең құнды шеттен әкелінген рамбулье саулықтары мен қошқарлары, олардың будандары да жиналды. 1933 жылдың көктемінде “Бесқарағай” кеңшарында 1523 меринос саулығы болды. Олар ұсақ, әр саулықтың салмағы орта есеппен 42,6 кг болды, әрқайсысынан 3,35 кг жүн қырқылды. Жүнінің шайыры мол болғандықтан таза талшық шығымы төмен (33,7-35,3%) болды. Бұл қойларды жақсарту үшін шет елден мол өнімді, ірі рамбулье қой тұқымының саулықтары мен қошқарлары әкелінді. Бірақ, әкелінген Рамбулье қойлары жергілікті климат жағдайына нашар көндікті. Сондықтан әкелінген мериностар ұрпағының табиғатын өзгерту, яғни қойдың жергілікті жағдайға бейімделген жаңа тұқымын шығару керек болды. Ол жұмыс қазақтың мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институтына жүктелді, оны сол кездегі ең ірі маман академик В. А. Бальмонт өзі басқарды.

“Бесқарағай” кеншары ұйымдастырылғаннан бастап 1937 жылдың аяғына дейін қой санын көбейтіп, оның сапасын жақсарту үшін көптеген селекциялық мал тұқымын асылдандыру жұмыстары іске асырылды. 1938 жылы 6683 қойдың әрбіреуінен орта есеппен 3,8 кг жүн қырқылды, әр қойдан 1,44 кг таза талшық алынды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңшар ұжымы сан алуан ауыртпалықтарды басынан кешірді. Бұл кезеңде отарларда селекциялық мал тұқымын асылдандыру жұмысы жүргізілмеді, зоотехникалық есеп салақсып кетті, малды азықтандыру мен күтіп-бағу тым нашарлап кетті. Мұның бәрі қойдың өнімділігіне әсерін тигізбей қойған жоқ. 1943 жылы әр қойдан орта есеппен қырқылған жүн 2,5 кг, таза талшық 1,08 кг ғана болды.

1947 жылы Қазақтың мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының Шығыс Қазақстан тәжірибе бекеті “Бесқарағай” кеншарында ғылыми-өндірістік жұмысты қайта жандандырды. 1948-1952 жылдары іріктеліп және таңдалып алынған меринос саулықтарына алтай және аскания кавказ тұқымының қошқарларын өзара шағылыстырды. 1953-1961 жылдары жоғарыдағы өзара шағылыстардан пайда болған ұрпақтардың ішінен керекті типтерін, әсіресе тұқымдық кеңшарларда сұрыптап, оларға ұқыпты жұптау жұмыстары жүргізілді. Нашарлау типтегі саулықтарға өте сапалы типтегі қошқарлар жұпталып отырылды. 1960-1961 жылдары жүнінің сапасын жақсарту үшін, грозный тұқымының қошқарлары тағы да сіңіре будандастыруға пайдаланылды. Бұл жетілдіруден алынған малды бір типтегі қойларды өзара шағылыстырып, зауыттық әдіспен өсірілді. Барлық жұмыстар барысында малдың азықтандыру мен күтіп бағылу жақсы дәрежеде жүрігізілді. Осындай көп жылғы күрделі селекциялық жұмыстардың нәтижесінде жоғары өнімді Бесқарағай мериносы тұқым болып шықты.

Бұл солтүстік Бесқарағай мериносының бір типті – Семей, Павлодар облыстары шаруашылықтарында кеңінен тарады. Бұл қой типінің қошқарының орташа салмағы 80-100 кг, саулықтары 55-60 кг тартады.

Солтүстік қазақ мериносының екінші типі “Сұлукөл” мериносы Қостанай облысының “Сұлукөл” асыл тұқымды кеңшарында шығарылды. Алғашқы уақытта, 1936 жылға дейін жергілікті қой рамбулье тұқымдарының қошқарларымен шағылыстырды. Нәтижесінде биязы жүнді қойға айналдырылған. 1936-1942 жылдар аралығында оның еттілігін арттыру үшін прекос тұқымының қошқарлары пайдаланылды. 1950 жылдан кейін қойдың жүнділік қасиетін жақсарту үшін аскания және ставрополь тұқымдарының қошқарларымен сіңіре будандастырылды. Керекті типтегі қойлар қажетті санға жеткенде, олар өзара шағылыстырылып, сұрыптау, жұптау жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізілуінің нәтижесінде қойдың тұқымдық және өнімдік қасиеттері өсті. Сұлукөл мериностары өздерінің ірілігімен, жүнінің жоғары сапалығымен ерекшелінді. Сақа саулықтары 60-63 кг, қошқарлары 100-110 кг тартады. Негізгі тараған аймақтары Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстанда да бар.

Солтүстік қазақ мериносы –Қазақстандағы ең жоғары өнімді меринос қойы. Аудандастыру жоспарына сәйкес бұл тұқым Павлодар, Семей, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстанда өсіріледі. Қазіргі кезде Солтүстік қазақ мериносының сипаттамасы мынадай. Малдың дене бітімі мықты, денесі ірі, жергілікті жерде жақсы жерсінген. Аталық қошқарлары 100-110 кг, аналықтары 55-60 кг, аталығы 13-15 кг, аналығы 6-7 кг жүн береді. Жүннің таза шығымы 4,8-5,5%, ұзындығы –қошқарларында 9-9,5 см, ал саулықтарында 7,5-8 см. Жүні таза мериносқа жатады, сапасы 64. Жабағысы жабық, ақ, ақ-сары, шайыры бар. Тері қатпарлары қалыпты, мойнында 1-2 қатпар болады. Төлшілдігі 110-120%. 1981 жылдан бері австралиялық мериноспен жақсартылуда.

Наши рекомендации