Басы мен 12ғ. Қазақстанның экономикасы мен мәдениетінің дамуы

Ортағасырдағы Қазақстандағы шаруашылық (VI-XII ғғ.)

Мал шаруашылығы. Мал шаруашылғының 2 түрі:

Көшпелі мал шаруашылығы,

Жартылай көшпелі мал шаруашылығы.

Өсірген негізгі малдары: қой, ешкі, жылқы. Солтүстік Қазақстанда негізгі мал ірі қара (сиыр) болды.

Егін шаруашылығы. VII-VIII ғасырларда Арыс өзенінің жағасында суландыру жүйесі қалыптасты. Ақтөбе су жүйесі мен Весидж суландыру жүйесі осы кезеңге жатады. Егінді суаруға өзен суымен қатар қар суы пайдаланылған. IX-XII ғасырлардағы аса ірі суармалы егіншіліктің орталығы Оңтүстік Қазақстандағы Отырар өңірі болды. Жетісуда Талас өзенінің маңында ұзындығы 100 шақырымға дейін жететін Қалмақ арық деген егіншілікке арналған су арнасы болған. Жалпы егіншілік Оңтүстік Қазақстанда (Сырдария, Арыс), Жетісуда (Іле, Талас) жақсы дамыған. Өсірген дәнді дақылдар: тары, бидай, арпа, сұлы және бау-бақша өнімдері. Егіншілік құралдары: кетпен, орақ, айыр, күрек т. б.

Қолөнер. Орта ғасырларда Қазақстанды мекендеген халықтардың қолөнері жөнінде археологиялық құнды деректер мол. Олар ауыл шаруашылық шикізатын өңдеу арқылы қолөнер түрлерін дамытқан. Мысалы, тоқымашылық, кілем тоқу, ою-өрнек жасау т. б. Орта ғасырларда ыдыстардан құмыра көп жасалған. X-XII ғасырларда қыш ыдыстар пешке күйдіріліп жасалған. Тараз, Отырар қалаларында шыны бұйымдар өндірілген. Орта ғасырлардағы шеберлер мыс, алтын, күміс, қорғасын, темір сияқты металдарды өңдей білген. Қолөнер шеберлері түрлі әшекей бұйымдар мен диірмен, келсап сияқты тұрмыс заттарын да жасаған. Зергерлік өнер XI-XII ғасырларда жақсы дамыды.

Сауда және ақша айналымы.Орта ғасырларда Қазақстанның сауда ісінде «Ұлы Жібек жолының» орны ерекше болды. Бұл жолдың бойында Тараз, Испиджаб, Шаш, Мерке, Құлан, Суяб сияқты қалалар орналасты. Қазақстанның орта ғасырлардағы аса ірі сауда орталықтары – Тараз, Отырар, Сығанақ сияқты қалалар. Қазақстан халықтары негізгі сауданы Орта Азия, Иран, Сібір, Кавказ, Шығыс Түркістан елдерімен жасады. Сауда айналымындағы негізгі заттар: кілем, мата, жылқы, әшекей, қару-жарақ т. б. Қытай елінен Жібек жолы арқылы жібек келіп тұрды. Сауданың дамуы ақша айналымын тудырды. VI-VIII ғасырларда әр тайпаның өз теңгелері болған. Сауда айналымында VII ғасырда ежелгі түрік теңгелері мен соғды теңгелері, VIII ғасырда Бұхара теңгелері мен Ташкент (Шаш) теңгелері, Тараз қаласында түркеш теңгелері, IX-X ғасырларда Самани әулетінің мыс теңгелері, күміс дирхемдері жүрді. XI-XII ғасырларда Тараз, Испиджаб, Шаш, Қашғар, Бұхара қалаларында теңге сарайлары болды. XII-XIII ғасырларда Отырар қаласында мыс дирхемдер шығарылды. Жазба деректерде Тараз бен Суяб қалалары ірі сауда орталықтары болғаны айтылды.

VI-XII ғасырлардағы қалалар

Орта ғасырларда әкімшілік, сауда-экономикалық орталық болған қалалар Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда қалыптасты. Қазақстандағы орта ғасырлардағы қалалардың бірнеше бөліктері болды.

Шахристан – қала билеушілері, ақсүйектер мен діни қызметкерлердің тұрағы.

Рабад – қаланың қолөнершілері мен саудагерлері тұратын бөлігі.

Цитадель – қаланың қорғаныс бөлігі, яғни қамал мен бекіністер.

VI-XII ғасырлардағы Қазақстан жеріндегі ірі қалалар: Мерке, Аспара, Суяб, Үзкент, Сауран, Құлан, Талкиіз, Қойлық, Тараз, Отырар, Қарнақ, Ашнас, Баршынкент, Сығанақ, Испиджаб, Весидж, Шауғар, Иасы (Түркістан), Баласағұн, Орда т. б. Археологтар Қазақстан жерінен 60-тан астам қала орнын анықтаған.

Қала әкімшілігі. Орта ғасырлардағы қалалардың көбі тәуелсіз өмір сүрген. Әр қаланың жеке билік жүргізетін билеушілері болған. Билеушілердің титулы әр түрлі, мысалы Кермикент билеушісі – кутеген-лабан, Барысханда – манап, Науакентте – ялан-шах, Семекнада билеуші инал-тегін деп аталған.

Қала халқы. Қалаларда халық біршама қоныстанды. Сонымен қатар қала халқы отырықшыға айналған көшпелілер есебінен көбейіп отырған. Испиджабта 40 мың, Отырарда 16 мың, Таразда 10 мың, Баласағұнда 10 мыңдай адам өмір сүрген (IX-XI ғасырлар)

Испиджаб. Қазіргі Шымкент қаласынан 12 шақырым жерде (Сайрам) орналасқан. Бұл қала V ғасырда аса ірі мәдениет және сауда орталығы болды. Испиджабтың осындай сауда орталығы ретіндегі рөлі X-XII ғасырларда күшейді. XI ғасырда сауда айналымы үшін шығарылатын теңге сарайы Испиджабта орналасқан. Испиджаб IX-X ғасырларда Қарлұқ, Қарахан мемлекеттерінің құрамында болды. Сонымен қатар Испиджаб ірі діни орталық болған.

Тараз. «Ұлы Жібек жолы» бойындағы ортағасырлық ірі қалалардың бірі Тараз болды. Тараз қарахандықтар мен қарлұқтар заманында ерекше гүлденді. Бұл қала Талас деп те аталған. Тараз қаласында Бабаша хатун, Айша бибі, Қарахан кесенелері орналасқан. Тараз қаласы жайында араб саяхатшысы Әл-Макдиси: «Тараз – ірі бекіністі қала, бақтары көп, халқы тығыз, қала сыртында терең ор қазылған, төрт қақпасы және төңірегінде елді мекендері бар. Қаланың орталық бөлігіне кірер қақпа алдында үлкен өзен ағады, өзеннің арғы бетінде де тұрғын үйлер, өзеннен өтер өткелдері бар. Мешіт базар арасына салынған», — деп жазған.

Түркістан (Иасы). Бұл қала алғашында Шауғар деп аталған. Қалада атақты ойшыл, ислам дінінің білгірі Қожа Ахмет Иассауи өмір сүрген (кейіннен Мәуереннахр билеушісі Ақсақ Темір Ахмет Иассауиге VII ғасырда мазар салдырған.) Қаланың Қазақстан мен Орта Азияның діни орталығы ретіндегі беделі өсе берді.

Сығанақ – Сырдария бойында орналасқан ірі сауда орталығы. VII ғасырда Сығанақ қаласы қыпшақтардың саяси орталығы болды.

Баласағұн – ортағасырлық ірі қалалардың бірі. Бұл қала Шу өзенінің бойында орналасқан. Жалпы зерттеулер бойынша Баласағұн қаласы V ғасырда пайда болған. Бір кездері Баласағұн қарлұқтар мен қарақытайлардың астанасы болған. Баласағұнда ұлы ақын, ғалым Махмұд Қашғари еңбек еткен және ақын Жүсіп Баласағұн туған. Баласағұн қаласы Ақтөбе деп аталған.

Жібек жолының пайда болуы.

Жібек жолымен ең алғашқы сауда байланысы б. з. б. III-II ғасырларда жасалған. Бұл сауда жолының Жібек жолы атануында үлкен мән бар. Себебі алғашқы негізгі тауары жібек (Қытай) болған. Сонымен қатар VII ғасырда будда ламасы Сюань-Цзянь Ыстықкөл маңындағы Түрік қағанатының Суяб қаласына келеді. Түрік қағанының оған жібекті сыйға бергені айтылады.

Ұлы Жібек жолы Қытайдан басталып, Римге барып аяқталған. Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батысты байланыстырып, Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияны қақ жарып өтетін керуен жолының жүйесі. Ұзындығы — 7 мың шақырымнан астам. Орта Азия мен Қазақстан территориялары арқылы өтеді.

Қазақстандағы Жібек жолы.

Б. з. б. II ғасырда Ұлы Жібек жолының сауда дипломатиялық басты жолы ретінде аты шығады. Ұлы Жібек жолы Алтай, Памир, Тянь-Шань, Сырдария, Әмудария жерімен өткен. Жібек жолының тармақтары V-VII ғасырларда Жетісу, Оңтүстік Қазақстан жерлерін қамтыған. Жібек жолының бойында Тараз, Баласағұн, Бұхара, Самарқан, Сайрам, Сауран, Отырар, Сығанақ, Мерв, Талхиз, Үргеніш, Испиджаб, Шаш. Весидж, Шауғар т. б. ірі ортағасырлық қалалар орналасқан. Кейіннен XIII-XIV ғасырларда Жібек жолының саяси-экономикалық маңызы артқан.

Жібек жолы бағыты: Хуанхэ өзені – Ұлы Қытай қорғанының батысы – Іле өзені – Ыстықкөл. Бірнеше сауда жолдары қалыптасып, дамыды.

Лазурит жолы: Бадахшан тауы – Иран – Месопатамия – Мысыр – Сирия-Қытай.

Нефрит жолы: Жаркентдария – Шығыс Түркістан – Қытай.

Дала жолы (б. з. б. 1 мыңжылдықтың ортасы).

Жібек жолындағы тауарлар.

Жібек жолының алғашқы негізгі тауары Қытай жібегі болған. Қытай жібегі осы жолмен Батысқа жеткізіліп тұрған. Кейіннен Батыс пен Шығыстың басқа тауарлары тасылған (күміс, алтын, тұлпар, түйе, бүркіт, қаршыға, піл сүйегі, жеміс-жидектер, экзотикалық аңдар т. б.). Жібек алтынмен теңеліп, халықаралық валютаға айналған. Жалақы мен қарызды жібекпен төлеген.

Жібек жолының маңызы.

Жібек жолы Қазақстан мен Орта Азияда мәдени-экономикалық жағдайдың өрлеуіне ықпал етті. Жалпы, Жібек жолымен 2000 жылдан астам уақыт бойы сауда керуендері жүрген. Жібек жолымен шығыстан будда, батыстан христиан діні таралған. Жібек жолы – сауда жолы ғана емес, көшпелі отырықшы халықтар мәдениетінің даму, таралу жолы.

14. Қарахан мемлекеті (942–1210 жж.)

Қарахан қағанаты Шығыс Түркістан, Жетісу, Сырдария, Талас, Шу өңірін құтты қоныс етті. Оның құрылуы 940 жылдан басталады. Қағанаттың орталық астанасы Шу өзені бойындағы Баласағұн, кейінірек Ордакент (Тараз) қаласы. Қарахан мемлекетінің Үзген, Мерке, Құлан сияқты қалаларында ірі алыпсатар алпауыттар мен қолөнершілер мекендеген.

Қарахан әулетінің негізін салушы Сатұқ Боғрахан (915–955жж.) болып есептелінеді. Ол Қарлұқ хандығының іргесін көтеріп, мәртебесін асырушылардың бірі – Білге құл Қадырханның немересі. Сатұқ Тараз және Қашқар қалаларын өзіне қаратып, 942 жылы Баласағұндағы билеушіні құлатып, өзін жоғары қаған деп жариялайды. Мемлекеттің күшеюіне қарлық, шігіл, ягма тайпалары үлкен үлес қосты. Сатұқ өлгеннен кейін билік оның баласы Мұсаға көшті, ол 960 жылы Қарахан мемлекетінің халқын ислам дініне қаратты. Оның астана қаласы Қашғар болды. Сатұқтың екінші баласы Сүлеймен-ілек Баласағұнды иеленді. Кейін бұл өңірді оның ұлы Хасан Боғра-хан мұра етіп алды. Мұса өлген соң, Қарахан жеріндегі жоғарғы қаған атағы оның баласы Әли Арсылан ханға көшті. 990 жылы Қарахан билеушілерінің бірі Хасан (Харун) Боғра хан Исфиджабты бағындырды. Ал 992 жылы қарахандықтар шығыста Хотанды, батыста Бұхараны басып алды. 999 жылы Қарахан билеушісі Әли Арсыланның баласы Насыр Орта Азиядағы Саманилер мемлекетіне соққы берді. Қарахан хандығы ұзақ соғыстардан кейін 1004–1005 жылдары Мәуеренахр жерін түгелдей өзіне қаратты. Осыдан кейін Қарахан мемлекеті XI-ғасырдың 30 жылдары Шығыс және Батыс қағанаты болып екіге бөлінді:

Жетісу және Шығыс Түркістан жері Шығыс қағанатына қарап, оның орталығы әуелі Орда (Баласағұнға жақын), кейін Қашғар қаласы болды.

Мәуеренахр жерлері – Батыс қағанатына қарап, оның орталығы Үзкент, кейінірек Самарқанд болды.

Қарахан мемлекетінде жоғарғы өкімет билігі хаканның қолында болған. Ол мұрагерлікке қалып отырған. Қарахан феодалдық қоғамының үстем тап өкілдеріне хаканның ұрпақтары тегіндер, ілек хандар, бектер, нәменгерлер, нөкерлер жатқан. Ханға ең жақын адамдардың бірі уәзір болған. Уәзір жоғарғы билеушінің ең жақын көмекшісі және кеңесшісі болып саналды. Хан сарайы, оның басты ордасы мемлекеттік және әкімшілік басқару орталығы болып есептелді. Қарахан мемлекетіндегі аса маңызды әлеуметтік-саяси институт әскери-мұралық жүйе болған. Мемлекет бірнеше үлестерге бөлінді. Олардың бастылары: Тараз, Исфиджаб, Баласағұн. Хан мемлекеттік немесе әскери қызметі үшін феодалдарға жер беріп, сол жердегі халықтан салық жинауға рұқсат еткен. Мұндай жерлер икта, ал оны иеленуші мукта деп аталған. Қарахандардағы жер иеленудің тағы бір көп тараған түрі әскери – үлестік жерлер. Ол әскери қызмет үшін берілген. Қарахан феодалдық қоғамында шаруаларды қанаудың бір түрі – жалға үлестік жер беру орын алған. Араб-парсы деректерінде үлестік жер алған шаруалар мұзарлар немесе барзұгар деп аталған. Үлескер жерден алынған өнімнің денін салық түрінде мемлекетке және жер иелеріне төлеп отырған. Шаруаларды қанаудың екінші бір түрі – коммендация жер иелігі. Оның мәні: әлсіз адам өзінің жер телімін күштінің қамқорлығына береді, ол күшті адам әлсіз адамды басқалардан қорғауға тиіс.

Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстік аудандарын мекендеген қарахандықтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Мал шаруашылығында жылқы өсіру жетекші орын алды. Қарахан мемлекетінің құрамына енген түркі тайпалары отар-отар қой ұстады, сондай-ақ түйе, ешкі, ірі қара өсірді. Отырықшы, жартылай отырықшы түрік тайпаларының біразы егіншілікпен де айналысты. Олар тары және басқа да дәнді дақылдар өсірді, отырықшылар қала мәдениетімен араласып, қала халқын толықтырды. Қалаларда қолөнер кәсібі, әсіресе көзешілік кеңінен дамыды. Олар аңшылықпен де айналысқан. Сондай-ақ Сырдария, Іле, Шу, Талас өзендерінен балық аулау айтарлықтай рөл атқарды.

XI ғасырдың аяғына қарай Қарахан мемлекеті соғыстармен және феодалдық иеліктердің одан әрі бөлшектенуімен байланысты құлдырай түсті. XII ғасырдың 30-шы жылдары Шығыс Қарахан иелігін, Жетісуды және Қазақстанның оңтүстігін шығыстан келген кидандар жаулап алды.

15. Қарақытай мемлекеті (1128–1213 жж.)

Моңғол тілді кидан тайпалары б. з. IV ғасырында Қытайдың солтүстік жағында Маньчжурия мен Уссури аймағын мекендеген.

X ғ. Басында Солтүстік Маньчжурия мен Моңғолияда Киданның Ляо мемлекеті (907–1125) құрылды. Кидандықтар Сұн (960–1279) империясы жерінің бір бөлігін және Селенгі мен Орхондағы Ұйғыр қағанатының жерлерін басып алып мекен етті. Көрші тайпалардың соғыстарына және ішкі талас-тартыстарға байланысты Ляо империясы әлсірей берді. 1125 жылы ол тұңғыс-маньчжур тайпаларының соққысынан бас көтере алмайтындай жеңіліске ұшырады. Осыдан кейін Кидан тайпалары Елюй Дашының басшылығымен батысқа қарай көшіп, олардың саяси ықпалы Жетісу жеріне, Сырдарияның оң жағалауына және басқа аймақтарға тарады. Жергілікті жерлердегі түркі тайпалары кидандарды қарақытайлар деп атады.

1128 жылы Қарахан әулетінен шыққан Баласағұнның билеушісі Арыслан өздеріне қысым жасап, тыныштық бермеген қаңлылар мен қарлұқтарға қарсы күреске қарақытайларды көмекке шақырады. Қарақытайлар көсемі Елюй Даши Баласағұнды басып алып, Жетісуда өз мемлекетін орнатады. Олар қарлұқтарды бағындырып, Шығыс Түркістанды қосып алды. 1137 жылы қарақытайлар Ходжент қаласы жанында Мәуеренахрдың билеушісі Махмудхан әскерін талқандады.

Қарақытайлар Орта Азияға қарай жылжып, Салжұқ сұлтаны Санжарға соққы беріп, 1141 жылы Самарқанд қаласын басып алды. Осыдан кейін Елюй Дашы өзін ең жоғарғы лауазымды атақ гурхан (ұлыхан) деп жариялады. XII ғасырдың 30–40 жылдарында қазіргі Оңтүстік Қазақстанның, Бұқара мен Самарқандты қоса алғанда, Мәуеренахр аймағының жері қарақытай иелігіне кірді. Карахандар әулетін қарақытайлар өз боданына (вассал) айналдырды.

Қарақытайлар Жетісу және Орта Азия жерлерін басып алған кезде, ондағы қалалар мен отырықшы қоныстарды қиратпады. Өйткені олар бұл жерлердегі қалалармен және егіншілік аймақтармен сауда жүргізуге мүдделі болды. Қарақытай мемлекеттік бірлестігінің қалыптасуымен қатар басқарудың патриархаттық-феодалдық принциптері нығая түсті. Мұнда жоғары билікті мұраға қалдыру жүйесінің өзіндік ерекшелігі болды. Мәселен, гурхан өлген жағдайда оның мұрагері болып әйелдері тағайындалу орын алды. Мұның өзі жергілікті мұсылман халқының түсінбеушілігі мен наразылығын туғызды. Қарақытай билеушілері өзі орналасқан қалаларда хан сарайларын, будда ғибадатханаларын салдырды. Қалаларда қолөнер мен сауда дамыды. Көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған аймақтарда егіншілік етек алды. Қарақытай мемлекетінде тұратын түркі халықтарының көпшілігі ислам дінін қабылдады, сонымен бірге онда будда дініне сенушілер де, христиандық несториан дінін ұстанушылар да кездесті.

Елюй Дашы 1143 жылы қайтыс болды. Баласы Иле жас болғандықтан хандықты Елюй Дашының әйелі Табұян басқарды. Жеті жылдан соң Дашидың ұлы Иле әкесінің тағына отырып, 1150–1164 жж. гурхан болды. Ол қайтыс болған соң, қарындасы Бұсұған таққа отырып, 1164–1177 жж. билік жүргізді. Оның хандығының соңғы кезінде Бұсұған өлтірілді. Оның орнына Иленің баласы Жилугу гурхан болды. Жилугу өзінің билігін 1213 жылға дейін жүргізді.

Қарақытай шонжарларының басқаруы халықты үлкен ауыртпалыққа ұшыратты, олардың қысым жасауы, салықтар жинау кезіндегі шамадан тыс талаптары бұқараның наразылығын туғызды. Нәтижесінде Қарақытай мемлекеті әлсіреп, Орта Азияда басып алған жерлерінен айырыла бастады. 1198 жылы Ауған аймағынан шыққан гурид билеушілері қарақытайларға күйрете соққы берді. 1210 жылы Хорезмшахы Мұхаммед Тараз қаласының жанында қарақытайларға күйрете соққы берді. Бұл жағдайды Жетісу жеріне көшіп келген наймандар пайдаланды. 1213 жылы қарақытайлардың Жетісудағы иеліктері наймандардың қолбасшысы Күшліктің қолына көшті. Сөйтіп, Қарақытай мемлекеті ыдырап тарады.

Наши рекомендации