Бақылау сұрақтары. 1. Аристотель бойынша мемлекеттік басқару міндеттері қандай ?
1. Аристотель бойынша мемлекеттік басқару міндеттері қандай ?
2. Платонның идеалды мемлетінің белгісі қандай?
3. Ф. Аквинский мемлекеттің қандай басқару формасын қолдады?
4. Н.Макиавелли бойынша халықты бағындыру жолдары қандай?
5. Билікті бөлу принципін кім ұсынды?
6. Дж. Локк мемлекеттің шығу тегі туралы қандай тұжырымды қалыптастырды ?
Әдебиет:
1. История политических и правовых под ред. Несесянца М.1998
2.Мұхамедов М. Саяси-құқықтық ілімдер тарихы А., 2002
3. Булатова А.Н.Исмагамбетова З.Политология А.2007.
3- т а қ ы р ы п
САЯСАТ ҚОҒАМДЫҚ ӨМІР ЖҮЙЕСІНДЕ
1. Саясат ұғымы және оның пайда болуы
2. Саясаттың негізгі түрлері
3. Саясаттың функциялары
«Саясат» термині (грекше politika – мемлекеттік және қоғамдық істер, polis – қала-мемлекет) Аристотельдің «Саясат» атты еңбегінде алғаш зерттеліп, қарастырылған. Сол кездің өзінде саясатты зерттеудің екі басты бағыты қалыптасты: функционалды және құндылықты. Функционалды зерттеу бағыты көбіне саясаттағы мақсат пен соған жету және нәтижесіне көңіл бөледі. Ал құндылықты бағыт сол саясаттың негізінен идеялық құрылым мен адамгершілік критерийлерді іздейді. Саясатты зерттеген әрбір зерттеуші өзінің бағыты бойынша келесі анықтамаларды берген. Біз олардың кейбіреулеріне тоқталайық. Мысалы:
«Саясат мемлекет ішілік немесе мемлекет аралық билікті үлестіруге ықпал ету немесе билікке қатысуға ұмтылысты білдіреді»(М. Вебер)
«Саясат – қоғам ішіндегі құндылықтарды билік арқылы реттеу» (Д. Истон)
«Саясат принциптер күресін жамылған мүдделер күресі. Жеке бастың пайдасы үшін қоғамдық істерді басқару» (А. Бирс)
«Саясат – жоғары мәнде өмір, ал өмір саясат» (О. Шпенглер)
«Саясатты зерттеу – ықпал мен ықпал етушіні зерттеу, басқаша айтқанда, кім не пайда табады, қашан және қалай» (Г. Лассуэл)
«Саясат онымен айналысқан адамдардан ақыл шеберлігін талап етеді; ол тәртіпке мәңгі берілген өзгермейтіндерді білмейді» (Г. Плеханов)
Бұл анықтамалардың әрқайсысы шындыққа негізделген және саяси өмірдің көп қырларын ашып береді, анықтамалардың әртүрлілігі саясаттың көпқырлылығын және күрделі құбылыс екндігін білдіреді.
Саясаттың мәні бірнеше деңгейде жүзеге асырылады:
1. Төменгі деңгейі жергілікті мәселелерді шешуді қарастырады. Саясатты бұл деңгейде жекелеген индивидтер жүргізеді, алайда жекелеген мәселелер жергілікті ассоциациялар арқылы шешіледі.
2. Аймақтық деңгей мемлекеттің араласуын талап етеді. Өз аймағындағы экономикалық дамуға мүдделі топтар мен ассоциациялар саясатты белсене жүргізеді.
3. Ұлттық деңгей саясат теориясында орталық орынға ие болған, бұл мемлекетті ресурстарды үлестірудегі негізгі институт екендігін анықтайды.
4. Халықаралық деңгей, мұнда саяси іс-қимылдың негізгі субъектілері ретінде егемен мемлекеттер қатысады.
Саясаттың негізгі парадигмалары: әлеуметтік, психологиялық, биосаяси, теологиялық және натуралистік парадигмалар. Парадигма-үлгі деген мағына береді.
Отандық саясаттану ғылымы тағдыры өте қиын қалыптасты. ХХ ғасырдың басындағы қоғамда болған ірі-ірі өзгерістер халық зиялыларының елдің саяси болашағы жайлы толғануларына әсер етті. Олар өз еңбектерінде саяси тағдыр, революция, мемлекет, билік мәселелері жайлы ойлар жазды. Кеңес Одағы кезінде саясаттану ғылымымен айналысуға тиым салды. Тек ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап, Қазақстанда саясаттану пән ретінде оқытыла бастады.
Жоғары оқу қоғамдағы ірі салалардың бірі. Студенттер тек қана базалық білімдер жинағын лап қана қоймай, сонымен бірге жаңа білім алуға дағды қалыптастырады. Қоғамның әлеуметтік, мәдени, саяси және құқықтық құндылықтарды меңгереді. Бұл болашақ қоғамның субъектісіне толық тұлға болып қалыптасу үшін мүмкіндік береді. Ал сол жоғары оқуды гуманизациялау мемлекеттік бағдарламада негізгі жолға қойылған.
Студентке саяси білімнің қажеті не деген сұрақ туындайды. Саяси сауатсыз адам қазіргі қоғамда өзіндік пікір қалыптастырып, таңдау жасай алмайды. Көптеген идеялық ұстанымдарға сене беруі мүмкін. Ал саясаттан хабары бар, оның заңдылықтары мен тенденцияларын, қыр-сырын білетін және меңгерген адам демократиялық принциптер мен құндылықтарды жете меңгеріп, оның маңыздылығын түсіне алады және соны орнатуда белсенді іс-әрекет ету жолдарын анықтай алады.
4- т а қ ы р ы п
САЯСИ БИЛІК
1. Билік ұғымы, тұжырымдамалары
2. Саяси билік үғымы, негізі, ресурстары, элементтері
1. Билік жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі анықтамалар мен тұжырымдамалар бар. Солардың негізгілеріне қысқаша тоқтала кетейік.
1. Телеологиялық анықтама билікті белгілі бер мақсатқа, белгілеген нәтижеге, қорытындыға жету мүмкіндігі деп түсіндіреді. Мысалы, ағылшын ойшылы Т. Гоббс (1588-1679) билік болашақта игілікке жетудің құралы және өмірдің өзі өле-өлгенше билік үшін үздіксіз ұмтылыс деп жазды.
2. Бихевиористік анықтама бойынша билік деп басқа адамдардың жүріс-тұрысын, өзін-өзі ұстауын өзгерту мүмкіндігіне негізделген іс-әрекеттің ерекше түрі.
3. Инструменталистік анықтама билікті белгілі бір құралдарды, амалдарды (зорлық-зомбылық, күштеу сияқты шараларды) пайдалану, қолдану мүмкіндігі деп біледі. Мәселен, Американың белгілі саясаттанушысы Р. Даль (1915 жылы туған) билік бір адамға екінші адамды өз еркімен жасамайтын іс-әрекетті жасауға мәжбүр ету мүмкіндігін береді дейді.
4. Структуралистік анықтама билікті басқарушы мен бағынушының арасындағы қатынастың ерекше түрі деп ұғады. Олар кейбір адамдарды туғанынан, табиғатынан әміршіл, басқарғысы келіп тұратын болады, ал басқалары көнбіс, көнгіш, басқа біреу өз ырқын билеп, басқарып, жол көрсетіп тұрғанын ұнатады, қалайды дейді. Солардың арасында, олардың ойынша, билік қатынастары туады.
5. Конфликтік анықтама билікті дау-жанжал жағдайында игілікті бөлуді реттейтін мүмкіндік, шиеленісті шешудің құралы деп түсіндіреді.
6. Біраз ғалымдар билікті кең мағынасында басқаларға тигізілетін жалпы ықпал ретінде қарайды.
7. П. Моррис, А, Гидденс сияқтылар, жоғарыдағы көзқараспен келіспей, билікті біреуге немесе бірдеңеге тигізетін жай ғана ықпал, әсер емес, оларды өзгертуге бағытталған іс-әрекет дейді.
8. Америка саясаттанушылары Г. Лассуэл мен А. Каплан «Билік және қоғам» деген кітабында билікті шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі ретінде сипаттайды.
Биліктің объектісі және субъектісі болады. Ол саяси өзгерістерге байланысты ауысып отырады.
2. Әдетте, «билік» деген сөз әр түрлі мағынада қолданылады. Оны ықпал ету бағытына, объектісіне байланысты былай етіп бөледі: ата-аналар билігі, мемлекеттік, экономикалық, саяси, әлеуметтік, құқықтық, әскери, рухани билік және т.б.
Саяси билік бар жерде теңсіздік бар. Мұнда біреулер билік етуге құқыты да, екіншілері оларға бағынуға міндетті. Бұл теңсіздік неден туады?Ол үшін саяси биліктің қарамағында теңсіздікті қамтамасыз ететін әдіс-құралдары бар. Оған жататындар:
1. Экономикалық қор. Қандай саяси билік болмасын оған қаржы-қаражат керек. Ұлттық валюта, алтын қор, материалдық құндылықтар, пайдалы қазба байлықтары және т.б. кіреді. АҚШтың Конституциясында кез келген АҚШ азаматы Президент бола алады деп көрсетілген. Бір тарихтағы президенттердің бірде-бірі кедей отбасынан шықпаған.
2. Әлеуметтік әдіс-құралдар. Үстемдік етіп отырған билік өзін қолдайтын, оның одан әрі өмір сүруіне мүдделі адамдар іздейді. Ондай рөлді ең алдымен оның мәртебелі, абыройлы, жалақысы мол қызметтерді атқаратын, көптеген жеңілдіктермен пайдаланатын қызметкерлері орындайды. Оларға көптеген рөлдер мен статустар беріледі.
3. Күш жұмсау құралдары. Олар мемлекетті қорғайды, ішкі тәртіпті сақтайды, саяси билікті құлатуға әрекет етушілерге мүмкіндік бермейді. Оған жататындар: әскер, полиция, қауіпсіздік органдары, түрме және т,б,
4. Ақпарат құралдары. Қоғамдық пікір тудырып, саяси өмірге ықпал ету жағынан оны төртінші билік деп те атайды. Кейбір саяси қайраткерлер кім теледидарды бақыласа, сол бүкіл әлемді бақылай алады деп санайды. ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры деп тегін айтылмаған.
Саяси биліктің өзіндік қызметтері болады. Оған жататындар: қоғамның саяси жүйесін қалыптастыру; оның саяси өмірін ұйымдастыру (ол мемлекет пен қоғам, таптар мен топтар, ассоциациялар, саяси институттар, мемлекеттік басқару органдары мен аппараттары, партиялар, азаматтар және т.б. арасындағы қатынастарды қамтиды); әр түрлі деңгейдегі қоғам мен мемлекеттің істерін басқару; өкімет органдары, саяси емес процестерге басшылық ету,; саяси және басқа да қатынастарды бақылау және түптеп келгенде, белгілі бір қоғамға сәйкес басқарудың түрін, саяси тәртіпті және мемлекеттік құрылысты, ашық және жабық қоғамды құру, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қорғау; дау-дамай, шиеленістерді ашып, оларға шек қою және дер кезінде шешу; қоғамдық келісімге, мәмілеге келу және т.б.