Шегірткелерге қарсы жүргізілетін агротехникалық және химиялық күрес шаралары.
Турақанаттылар тобы. Қазақстанда шегірткелердің 270-тен астам түрлері тіршілік етеді, олардың арасында 15-20 түрі астық, техникалық, көкөніс дақылдарының және жайылымдық пен шабындықтардың қауіпті зиянкесі болып табылады.Ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтіретін көп қоректі зиянкестердің түрлері Brachicera – қысқа мұрттылар отряд тармағына, Acrididae - нағыз шегірткелер тұқымдасына, Dolichocera – ұзын мұрттылар отряд тармағына, Grylotalpidae – бұзаубас тұқымдасына, Tettigoniidae - шекшек тұқымдасына, Gryllidae - шілделік (қара шегіртке) тұқымдасына жатады. Зиянды шегірткелер. Қазақстанның солтүстігінде таралғандары: итальяндық прус – Calliptamus italicus italicus L. айқышты кішкене саяқ шегіртке – Dociostаurus brevicolis Ev., ақжолақты – Chortippus albomarginatus D.G., айқышты – Pararcyptera microptera F.- W. , қоңырқанатты - Stauroderes scalaris F.- W. саяқ шегірткелер, атбасар саяқ шегірткеcі – Dociostаurus kraussi Ingen. және басқалар.
Азиялық шегіртке - Locusta migratoria migratoria L. тұрақты қоныстары Қазақстанның оңтүстік жартысындағы қамыс пен құрақ өсетін жерлер, ол стациялардан олар басқа алыс аймақтарға тарала алады.
Мароккалық шегіртке - Dociostaurus maroccanus Thunb. Қазақстанның оңтүстігінде таралған (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары). Азиялық, мароккалық, итальяндық шегірткелер, ал анда - санда тұрандық және шөл далалық шегірткелер кезеңдік өзгерістерге ұшырайды. Олардың үйірленуі кезінде бір шаршы метрде жүз және одан да көп дернәсілдері болады. Үйірлі шегірткелердің сандары көбейген кезде, алғашқыда дернәсілдердің жиынтығы (кулиги), кейін олардан шегіртке табындары пайда болады.
|
Күресу шаралары. Зиянды шегірткелердің дернәсілдеріне қарсы күресу шараларды олардың сандарына бақылау жасаудың нәтижесіне қарап жүргізеді. Алдын алу шараларының маңыздысы ерте көктемде шегірткелер табылған егістік танаптарды біз тұмсықты, немесе дискілі тырмалармен, ал көпжылдық шөптерді тісті, немесе біз тұмсықты тырмалармен өңдеу. Сонымен бірге танап аралықтарын, танаппен шектесетін тың және егін егілмейтін жерлерді де өңдеу қажет. Егін алқаптары маңында жою шаралары инсектицидтермен «Тізім...» бойынша (Қосымшаны қараңыз-адонис, димилин, номолт, геркулес, кинмикс, суми-альфа, децис және т.б.) саяқ шегірткелердің дернәсілдер саны 8-10 дана/м2, ал үйірлі шегірткелердің дернәсілдер саны 5 және одан да көп дана/м2 болғанда жүргізіледі. Дернәсілдерді есепке алу жұмыстарын таңертеңгілікте немесе кешкілікте маршрутпен жүріп 100м сайын әрқайсысы 1 м2 алаңқайда көзбен шолып жүргізеді немесе рамканың көмегімен әрбір секірген шегірткені есептеп, кейін 1м2 қанша болатындықтарын анықтайды.
Егер бір стацияны мекендеген шегірткелердің түрі көп болса, жұмыртқалардан әр мезгілде шықса және жастары әр түрлі болған жағдайда ұзақ уақыт әсер ететін инсектицидтерді пайдаланған дұрыс. Химиялық өңдеу жұмыстары дернәсілдер қанаттанғанға дейін жүргізілсе тиімділігі жоғары болады. Әрбір нақты жағдайға байланысты жаппай, бөгеттік өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Бөгет мақсатымен өңдегенде дәрі шашылатын жердің жалпақтығы 40-100 м шамасында болуы тиіс.