Жері және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жер
111-бап. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс жерi және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жер ұғымы және оның құрамы
1. Осы Кодекстe және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен тиiстi нысаналы мақсат үшiн азаматтар мен заңды тұлғаларға берiлген жер өнеркәсiп, көлiк, байланыс жерi және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жер деп танылады.
2. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс жерiн және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жердi пайдалану ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының арнайы заңдарымен белгiленедi.
112-бап. Өнеркәсiп жерi
1. Өнеркәсiп жерiне өнеркәсiп объектiлерiн орналастыру мен пайдалану үшiн берiлген жер, оның iшiнде олардың санитарлық-қорғау және өзге де аймақтар жатады.
2. Аталған мақсаттарға берiлетiн жер учаскелерiнiң мөлшерi белгiленген тәртiппен бекiтiлген нормаларға немесе жобалау-техникалық құжаттамаларға сәйкес айқындалады, ал жер учаскелерiн бөлiп беру оларды игеру кезектiлiгi ескерiле отырып жүргiзiледi.
113-бап. Көлiк жерi
1. Автомобиль, теңiз, iшкi су, темiр жол, әуе және өзге де көлiк түрі объектiлерiнiң қызметiн қамтамасыз ету және (немесе) оларды пайдалану үшiн берiлген жер көлiк жерi болып танылады.
2. Автомобиль, теңiз, iшкi су, темiр жол, әуе және өзге де көлiк түрi объектiлерiн дамыту, салу және қайта жаңғырту үшiн жағдай жасау мақсатында Қазақстан Республикасының көлiк туралы заңдарында көзделген тәртiппен жердi резервте ұстау жүзеге асырылуы мүмкiн.
2008.05.07 № 66-IV ҚР Заңымен 114-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
114-бап. Темiр жол көлiгiнiң жерi
1. Темiр жол көлiгi қажеттерiне арналған жерге:
1) магистраль жолдарына және солармен технологиялық байланыстағы құрылыстар мен ғимараттарға (темiр жол белдеуi, көпiрлер, тоннельдер, виадуктер, сигналдық жабдықтар, қызметтiк-техникалық үйлер);
2) кiрме жолдарға;
3) энергетика, локомотив, вагон, жол және жүк шаруашылықтары, сумен жабдықтау және канализация құрылыстары, қорғау және бекiту екпелерi, қызметтiк және темiр жол көлiгiне қызмет көрсететiн арнаулы мақсаттағы өзге де объектiлерi бар темiр жол станцияларына (вокзалдарға);
4) темiр жолдарға берiлген белдеулер мен күзет аймақтарына;
2008.05.07 № 66-IV ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) концессия шарттары бойынша темір жолдар мен темір жол көлігінің объектілеріне бөліп берілген жер жатады.
2. Темiр жол көлiгiнiң қажеттерiне арналған жер учаскелері темiр жолдар мен темiр жол станцияларын дамытудың жобалау-техникалық құжаттамасына және бас схемасына сәйкес белгiленген тәртiппен бекiтiлетiн нормативтер бойынша берiледi.
3. Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, сондай-ақ темiр жол көлiгi қажеттерiне арналып бөлiнген белдеуге iргелес жер учаскелерiндегi объектiлердi қауiпсiз пайдалану мақсатында жер пайдаланудың ерекше шарттарымен күзет аймақтары белгiленедi, олардың шегiнде аймақтарды белгiлеу мақсаттарына сай келмейтiн қызмет түрлерi шектеледi немесе оларға тыйым салынады.
4. Темiр жол көлiгiнiң күзет аймақтарына: орманды қорғау белдеулерi, көлiк құрылыстарының, құрылғылары мен басқа да объектiлерiнiң сақталуын, төзiмдiлiгi мен орнықтылығын қамтамасыз ету үшiн қажеттi жер учаскелерi, сондай-ақ темiр жол көлiгiне бөлiнетiн белдеуге iргелес орналасқан, сел қаупi, көшкiн қаупi бар аймақтардағы және басқа да қауiптi әсерлер төнетiн жерлердегi жер учаскелерi кiредi.
Күзет аймақтары жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай белгiленуi мүмкiн.
115-бап. Автомобиль көлiгiнiң жерi
1. Автомобиль көлiгi қажеттерiне арналған жерге:
1) автомобиль жолдарына, олардың конструкциялық элементтерi мен жол ғимараттарына және олармен технологиялық байланысқан құрылыстар және ғимараттарға;
2) автовокзалдар мен автостанцияларды, автомобиль көлiгiнiң басқа объектiлерiн және жер бетi мен жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта жаңғырту, жөндеу, дамыту үшiн қажетті жол шаруашылығы объектiлерiн орналастыру үшін;
3) автомобиль жолдарына бөлiнетiн белдеулердi белгiлеу үшiн бөлiнiп берiлген жер жатады.
2. Автомобиль көлiгiнiң қажеттерi үшiн бөлiп берiлетiн белдеуге арналған жер учаскелерi жолдың санатына байланысты және жобалау құжаттамасына сәйкес белгiленген нормалардың негiзiнде берiледi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және автомобиль жолдарын пайдалануға жағдай жасау үшiн жолда жүру қауiпсiздiгi талаптары ескерiле отырып, оларды пайдаланудың ерекше режимi белгiленiп, ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарына бөлiнетiн белдеулерге екi жағынан iргелес жатқан жер учаскелерi түрiнде жол бойындағы белдеулер жасалады. Аталған жерлер жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнен және жер пайдаланушылардан алып қоюға жатпайды.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
4. Жол бойындағы белдеулерде және ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарына бөлiп берiлген белдеулерде, жол қызметi объектiлерi мен жол сервисi объектiлерiн қоспағанда, күрделi ғимараттар құрылысына тыйым салынады.
116-бап. Теңiз және iшкi су көлiгiнiң жерi
Теңiз және iшкi су көлiгiнiң қажеттерiне арналған жерге теңiз және өзен порттарын, айлақтар, пристаньдар, гидротехникалық ғимараттар, жер бетi және жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта жаңғырту, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi басқа объектiлердi және теңiз және iшкi су көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер жатады.
117-бап. Әуе көлiгiнiң жерi
Әуе көлiгiнiң қажеттерiне арналған жерге әуежайлар, әуеайлақтар, аэровокзалдар, ұшып көтерiлу-қону белдеулерiн және жер бетi мен жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта құру, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi басқа да жер үстiндегi объектiлердi және әуе көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер, сондай-ақ олардың күзет аймақтары жатады.
Күзет аймақтары жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай белгiленуi мүмкiн.
118-бап. Құбыр тасымалы көлiгiнiң жерi
Құбыр тасымалы көлiгiнiң қажеттерiне арналған жерге су құбырын, газ құбырын, мұнай құбырын және жер бетi мен жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта жаңғырту, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi объектiлердi және құбыр жүргiзу көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер жатады. Аталған жерге шекарасы белгiленген тәртiппен бекiтiлген құрылыс нормалары мен ережелерiнiң, магистральды құбырларды күзету ережелерiнiң және басқа нормативтiк құжаттардың негiзiнде анықталатын, жер учаскелерiн пайдаланудың ерекше шарттары бap магистральды құбырларды күзету аймақтары да жатады.
Күзет аймақтары жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай белгiленуi мүмкiн.
119-бап. Байланыс және энергетика жерi
1. Байланыс, радио хабарларын тарату, теледидар, ақпарат қажеттерiне арналған жерге тиiстi инфрақұрылымдардың объектiлерiн орналастыру, байланыстың кабель, радиореле және әуе желiлерi, соның iшiнде жер астындағы желiлер үшiн бөлiнiп берiлген жер, сондай-ақ олардың күзет аймақтары жатады.
2. Энергетика жерiне:
2009.04.07 № 166-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) су электр станцияларын, атом станцияларын, жылу станцияларын және олардың құрылыстары мен объектілеріне қызмет көрсететін басқа да электр станцияларын, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінорналастыру;
2) электр таратудың әуе желiлерiн, электр таратудың кабель желiлерiнiң жер бетiндегi құрылыстарын, шағын станцияларды, тарату пункттерiн, энергетиканың басқа да құрылыстары мен объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер учаскелерi жатады.
Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және энергетика мен байланыс объектiлерiн пайдалануға жағдай жасау үшiн, белгiленген тәртiппен бекiтiлген құрылыс нормалары мен ережелерi, электр желiлерi мен байланыс желiлерiн қорғау ережелерi және басқа да нормативтiк құжаттардың негiзiнде электр желiлерi мен байланыс желiлерiн күзету аймақтары белгiленуi мүмкiн.
2007 ж. 19 желтоқсандағы № 11-ІV ҚР Заңымен 120- бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
120-бап. Қорғаныс қажеттерiне арналған жер
1. Қарулы Күштердiң әскери бөлiмдерiн, әскери полигондарын, әскери-оқу орындары мен өзге де ұйымдарын , басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды, және қорғаныс пен қауiпсiздiк саласындағы мiндеттердi атқаратын олардың объектілері мен ғимараттарын орналастыру және тұрақты қызметi үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi берген жер учаскелерi қорғаныс қажеттерiне арналған жер деп танылады.
2. Қорғаныс қажеттерiне байланысты жаттығулар мен басқа да iс-шаралар жүргiзу үшiн жердi уақытша пайдалану қажет болған жағдайда жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнен және жердi пайдаланушылардан жер учаскелерi алып қойылмайды.
Осы жердi пайдалану iздестiру жұмыстарын жүргiзу үшiн, сондай-ақ ерекше шарттармен пайдаланылатын аймақтар үшiн белгiленген тәртiпке орай жүзеге асырылады.
Жер учаскелерiн аталған мақсаттарда пайдалануға рұқсатты облыстық атқарушы орган бередi.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қорғауды және күзетудi қамтамасыз ету мақсатында инженерлiк-техникалық құрылыстар мен қоршауларды, шекара белгiлерiн, шекарадағы орман жолдарын, коммуникацияларды, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өту пункттерiн жайғастыру мен күтiп-ұстау үшiн жер учаскелерi берiледi.
4. Аудандық атқарушы органдар әскери бөлiмдермен келiсiм бойынша, қорғаныс қажеттерiне берiлген жерден ауыл шаруашылығына пайдалану үшiн жеке және заңды тұлғаларға жекелеген жер учаскелерiн уақытша жер пайдалануға бере алады.
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 121-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
121-бап. Жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтары
1. Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және өнеркәсiп, көлiк объектiлерi мен өзге де объектiлердi пайдалану үшiн қажеттi жағдайлар жасау мақсатында аймақтар белгiленедi, аймақтарды белгiлеу мақсаттарына сай келмейтiн қызмет түрлерiне олардың шегiнде шек қойылады немесе тыйым салынады.
2. Жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтарына:
1) өнеркәсiп орындарының санитарлық-қорғау аймақтары;
2) темiр жол мен автомобиль жолдарына бөлiнiп берiлген белдеуге iргелес жатқан, сел-көшкiн қаупi бар және орманды қорғау аймақтары;
3) бас саға құрылыстарын қорғау аймақтары;
4) әуеайлақ маңындағы белдеулер;
5) магистральды құбыр жолдарының, байланыс, радио және электр желiлерiнiң күзет аймақтары;
6) су күзету аймақтары;
7) әскери полигондардың аумағы жатады.
3. Ерекше шарттармен пайдаланылатын аймақтарға енгiзiлген жер сол жерлерде арнаулы белгiлермен көрсетiледi. Бас саға құрылыстарын күзету аймағының бiрiншi белдеуiн қоспағанда, аталған жерлер жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алынып қойылмайды.
4. Аталған аймақтардың шекарасы мен олардағы жердi пайдалану режимiн нормаларға және жобалау-техникалық құжаттамаға сәйкес меншiкке немесе жер пайдалануға жердi беру туралы шешiм қабылдаған орган айқындайды.
13-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері,